50251
Айдос САРЫМ: Жер мәселесі – әділеттіліктің мәселесі
Айдос САРЫМ: Жер мәселесі – әділеттіліктің мәселесі
Елімізде мал жайылымына арналған жердің шамамен 36 пайызы ғана пайдаланылып, қалған 64 пайызы бос жатыр. Алайда жайылым тапшылығы әр өңірде кездесетін өзекті мәселеге айналды. Бұған жерді заңсыз иелену, дұрыс игермеу, тағы басқа заңбұзушылықтар себеп болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы мәселеге тоқталып, Үкіметке бос жатқан жерді ауыл тұрғындарына қолжетімді етуді тапсырған болатын. Осыдан кейін «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы маңызды міндетті орындауға кірісіп, жыл соңына дейін заңсыз берілген және бос жатқан үш миллион гектардан астам жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Комиссия мүшелері еліміздің әр өңірін аралап, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдаған болатын. Осы орайда Мәжіліс депутаты, «Жер аманаты» комиссиясының мүшесі Айдос Сарыммен сұхбаттасып, жер мәселесінің жай-жапсарын сұраған едік.
– «Жер аманаты» комиссиясы осы уақытқа дейін атқарған жұмысының қорытындысын шығарды. Комиссия Президент тапсырмасын толығымен орындай алды ма?
– Барша мемлекеттік органдардың, «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясының, Бас прокуратураның біріккен жұмысының нәтижесінде Президент тапсырмасы артығымен орындалды деп айтуға болады. Еліміз бойынша мемлекет меншігіне қайтарылған 5 миллион гектар жердің 3 миллион гектардан астамы «Жер аманаты» комиссиясының араласуымен іске асты. Бұл – жақсы көрсеткіш. Жұмыс ары қарай жалғаса береді.
Жер мәселесі – әділеттіліктің мәселесі. Ауылда тұрып жатқан азаматтар үшін бұл өзекті. Олардың «жайылымымыз бар» деп еңбектеніп, еркін мал жайып жүргені жақсы емес пе?! «Өз жерімде тұрып, малымды бағып, егінімді егіп жатырмын» деп сеніммен айтса дейміз. Партия Төрағасы комиссияның кеңейтілген отырысында ендігі мәселе аймақтарда мониторинг жұмыстарын жүргізу, осы салаға белсенді азаматтарды тарта отырып, мемлекет меншігіне қайтарылған жерді халықтың игілігіне беріп, дұрыс бөлу керек екенін баса айтты. Осы орайда ауыл, аудан әкімдеріне біраз салмақ салып, жұмысын қадағалап отыру керек. Қоғамдық тұрғыдан бақылау жүргізіп отырған жөн. Сонда ғана біз жекешеленген, кезінде заңсыз берілген, пайдаланылмай бос жатқан жерлерді дұрыс бөле аламыз.
– «Жер дауы – ел дауы» демекші, бұл салада күрмеуі қиын мәселе көп. Комиссия жерге қатысты заңсыздықтарды жою үшін қандай бастамаларды қолға алады?
– Жерге қатысты күрделі мәселе көп. Соның бірі – жердің тозып кетуі. Жердің құнарлылығын сақтап қалуымыз керек. Тыңайтқыштарды көп пайдаланғаннан кейбір егіндіктер сорланып жатыр. Заңдылықтардың сақталмауы осыған алып келді. Тозған жерді қалпына келтіру біраз уақытты талап ететіні белгілі. Ауылдың, ауданның ішінде жұмысты дұрыс жүргізу қажет. Одан кейінгі мәселе ауыл айланасындағы периметрлерді айқындау. Қанша жер жайылымға, қоғамның игілігіне беріледі? Осыны анықтап алу қажет. Оған ешкім аузын салып, тісін батырмауы керек. Халыққа берілетін жердің картасы сызылып, жұмыс ашық, айқын жүруі керек.
«Жер аманаты» комиссиясының жиынында мемлекет меншігіне өткен жерді бөлу жұмыстары қоғамға, жұртқа, жер іздеп жүрген кәсіпкерлерге ашық түрде жариялануы тиіс екені айтылып, нақты тапсырма берілді. Алдағы кезек күттірмейтін жұмыстың бірі – осы. Жердің құнарлылығын зерттеп, қандай мақсатта пайдалануға болатынын анықтап алғаннан кейін қоғамды қатыстыра отырып, жерді дұрыстап бөлу қажет. Ең бастысы, қолынан іс келетін, соған инвестиция сала алатын азаматтарды тартқан жөн. Атқарылған жұмыс аз емес, енді қолға алатын шаруа одан да көп. Менің ойымша, «Жер аманаты» комиссиясының жұмысын халықтық қозғалысқа айналдыру қажет.
Салықтың біраз бөлігі жергілікті жерлерге беріліп жатыр. Алдағы уақытта жердің бағасын, кадастр құнын, мөлшерлемелерді халықтың өзі анықтайтын болады. Қазір партия үлкен жұмыс бастап кетті. Ол – «Ауыл аманаты» деп аталатын жоба. Мұның мақсаты – ауыл әкімдері мен әкімнің қасына көмекші болатын азаматтарды қажетті компетенцияларға үйрету. «Қандай нәрсеге назар аудару керек?», «Бірінші атқарылатын жұмыс қайсы?» деген сұрақтарға нақты жауап іздеу. Жалпы, ауылда тұрып жатқан азаматтардың көзін ашып, ауыл, аудан өміріне белсенді араласуға ықпал ету.
Ауылда ешкім ештеңені жасыра алмайды. Кез келген ауылға барсаңыз, сізге қай жердің иесі кім екенін, оның қазір қайда жүргенін ешқандай картасыз-ақ тізбектеп тұрып айтып береді. Ауыл тұрғындары өзінің болашағына немқұрайды қарамай, жер мәселесіне араласып, белсенді азаматтарды алға шығаруы қажет. Судың да сұрауы бар, жердің де сұрауы болуы керек қой. Әрине, әкімдерге ұнай бермейтін сұрақтар болуы мүмкін. Бірақ тұрғындар одан тартынбай, «Мына жер неге бос жатыр?», «Мына жерге неге мал жайылмайды?», «Бағасы неге осындай?» деген көкейдегі сауалын, өзін мазалайтын дүниені әкімнен тікелей сұрауы қажет. Оларды белсенді субъектіге, жер мәселесінің белсенді мүшесіне айналдыру қажет. Әрине, бұл бірден нәтиже бере салатын жұмыс емес. Өйткені ауыл шаруашылығы ұзақмерзімді инвестицияны қажет етеді. Сондықтан ауылдарда тұрып жатқан жұрттың компетенциясы өсуі керек.
Белсенді азаматтарды мониторинг топтарына да тарту керек деп есептеймін. Ойлап қараңыз, Қазақстан бойынша 230 ғана жер инспекторы бар. Әлем бойыша жер көлемі жөнінен тоғызыншы орындағы елміз. Менің ойымша, өңірлерді аралап, жер жағдайын, құнарлылығын тексеріп отыруға 230 адамның мүмкіндігі жетпейді. Әрине, қазір технология дамып жатқан заман. Космомониторинг, цифрландыру жүйесі деген бар. Дегенмен жер жағдайын, жердің сапасын сол өңірде тұрып жатқан адамдар да жақсы біледі. Сондықтан қоғамның өзі осы мәселеде белсенділік танытуы қажет екенін тағы да айтқым келеді. Жергілікті жер инспекторлары, әкімдер, Ауыл шаруашылығы басқармалары жұдырықтай жұмылып жұмыс істесе, жаңа Қазақстанды құрудағы бағыт-бағдарымыз айқындалып, діттеген мақсатымызға жетеміз.
Заңдық тұрғыдан біраз өзгеріс болады. Қазір аграрлық комитеттің қарауында жатыр. Мұның бәрі жер мәселесін тиімді шешу үшін, болып жатқан қателіктер қайталанбас үшін жасалып жатыр.
– Жер мәселесінде әкімдіктер тарапынан заңсыздыққа жол берілгені анықталды. Әкімдер туған-туыстарына жерді заңсыз жолмен бөліп берген жағдай қайталанбас үшін қандай шара қолдану керек деп ойлайсыз?
– 2021 жылға дейін жерді әкімнің өзі бөліп беріп, заң талаптарының, санитарлық нормалардың, инвестициялық жобалардың орындалуын өзі қадағалайтын еді. Яғни, бір қолымен берсе, екінші қолымен тексеретін. Қазір осы қайшылық жойылды деп айтуға болады. Жер мәселесі бойынша операторымыз – Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы Жер ресурстарын пайдалану жөніндегі арнайы комитет. Одан кейін жер инспекторлары бар. Көп мәселе жергілікті жерде шешіледі ғой. Осындай қайшылықтар болмас үшін бұл мәселеге қоғам белсенділері атсалысуы қажет. «Мына жерді неге беріп отырмыз?», «Бұл кәсіпкердің қандай жобасы бар?», «Не істеп отыр?» деп сұрай алады. Бұл туралы «Жер «аманаты» комиссиясының жиынында да айтылды.
Жер мәселесінде заңсыздыққа жол берілген жағдайлар кездескені рас. Осыған байланысты Бас прокуратура қанша адам ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны жөнінде мәлімет береді. Болып жатқан әділетсіздікті, жерді жасырын түрде өзінің туысқандарына беруді тоқтатуға, жердің дұрыс бөлінуіне халықтың өзі де ықпал ете алады. Белсенді, ауыл шаруашылығынан хабары бар, қолынан іс келетін азаматтар комиссияға кіріп, ұсынысын айтып, жанашырлық танытса, заңсыздық азаяды. Мысалы, бір Қарағанды облысының өзінде миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Мұны кезінде ірі кәсіпорындар алған, бірақ пайдаланбай босқа ұстап отырған. Енді осындай жағдайға жол беруге болмайды.
Конкурс комиссияларына да қоғам өкілдері араласуы тиіс. Жекелеген контактілерді азайту керек. Әкімге мәселені ашық айту қажет. Конкурсты электронды түрде өткізген тиімді. Сонда субъективті факторды азайтамыз. Құжаттарыңды уақытылы жинасаң, инвестициялық жобаңды берсең, конкурсқа қатысу қиын болмауы керек. Бәрі ашық көрініп тұрады. Мысалы, үлкен жер учаскесі бар дейік. Оған 2-3 адам таласады. Бәрін көріп отыру қажет. «Мынаның ұсынысы әлдеқайда ұтымды. Салықты да көбірек төлейін деп отыр. Шетелден асылтұқымды мал, агроөнімдер алып келеді. Осының ұсынысы дұрыс» деген нақты қағида болуы тиіс.
– Ұлан-ғайыр жерде тұрғанымызбен, жайылымға жарымай келеміз. Бұл мәселені қалай шешуге болады?
– Иә, ауылдағы өткір мәселесін бірі – жайылым тапшылығы. Шаруалар малын қай жаққа жаятынын білмей дал болып жатыр. Себебі жерді жекешелендіру кезінде талай адам жайылымға иелік етіп алды. Жайылымдық жерлерге қатысты Мәжілісте арнайы заң қабылданды. Енді оның іске асырылу мәселесі бар. Жерді қайтаруда түрлі механизм қарастырылған. Оның ішінде прокуратураның мүмкіндіктері бар. Осы орайда аймақтық құқық қорғау органдары белсенді жұмыс істеп жатыр. Мұның барлығы арнайы кодексте қарастырылған. Бірақ бұл жерде мәселе айыппұл салумен шектелмейді, бастысы жұрттың жылдар бойы қордаланған мәселесін шешу керек
Әкімнің белсендігі үлкен рөл ойнайды. Бірақ кезінде аудан әкімдері жерді бөлген уақытта ірі шонжарлар, кәсіпкерлер жерді алған. Соларға тісі бата алмайтын әкімдер болады. Ал сол әкімді мәжбүрлейтін, әділеттілікке бастайтын жергілікті халық болуы тиіс. Талап ете білу керек. Жаңа айтқанымдай, ауылдық жерлердің көбі кезінде жекешеленіп кеткен, жалға берілген. Әр ауылдың аумағы әртүрлі. Халықтың санына, қолындағы малына қарай әкімдіктер әр өңірдің картасын жасауы тиіс. Ол жерлерді қоғамның игілігіне пайдалануымыз керек. Жайылымның көлемі анықталып, қағазға түсуі қажет.
Қазір ауыл әкімдерін халықтың өзі сайлайтын жағдайға да жеттік. Өткен жылы 800 әкімді, биыл да біразын сайладық. Тұрғындардың өзі сайлаған әкімге сөзі өтпесе, басқа кімге өтеді? Енді алда біраз аудан әкімі сайланады. Бұл – биліктің жауапкершілігін арттыруға бағытталған қадам.
– Жерді өз еркімен қайтарып жатқандардың қатары көп. Бұған қандай фактор әсер етуі мүмкін?
– Бұл – 2021 жылы жер комиссиясы қабылдаған заңдардың нәтижесі. Жерді пайдаланбай, бос ұстап отыруды заң жүзінде тиімсіз етіп қойдық. Салығы жыл сайын өсе береді. Енді ойлап қараңыз, кім артық ақшасын игерілмей жатқан жер үшін төлегісі келеді? Сондықтан салық инспекциясы, прокуратура, партия белсенділері осындай азаматтарға қысым жасап жатыр. «Жігіттер, мына жерлеріңіз бос жатыр. Ештеңе істеп жатқан жоқсыздар. Босқа салық төлегенше, өз еріктеріңізбен қайтарыңыздар» деп. Сотпен де алуға да болады, прокуратураның да белгілі бір мүмкіндігі бар. Бірақ бұл – ұзақ жол. Бір мезетте шешіле салмайды. Бірнеше сот отырысы болып, дәлелдер ұсынылады.
Жерді игермей отырған азаматтардың салығы бүгінде 15-20 есеге көбейді. Жаңа айтқанымдай, жерді жай иеленіп отыру қазір тиімсіз болып барады. Кәсіп ашып, егіндікті қолға алайын, мал бағайын деген азаматтарға беретін жер қажет. Ауыл тұрғындары бұл жағдайдан шет қалмай, игерілмей жатқан жерді көрсе, сол жерге ауыл әкімімен бірге барып, көрсетуі керек. Заңға сәйкес жеңілдетілген тәртіппен ол жерлерді қайтаруға мүмкіндік бар.
Жер туралы әңгіме пайда болған кезде кейбіреулер бес-алты жыл бойы бармай, енді тіршілік істеп жатқанын көрсеткісі келіп, трактормен жыртқандай болады. Мұның бәрін космомониторинг жүйесі, цифрлық технология арқылы көріп отыруға болады. Егер шын пайдаланайын деп жатса, жер инспекторлары, прокуратура өкілдері анық-қанығына тез көз жеткізе алады.
– Әңгімеңізге рақмет!