– Ол уақытта хабардың барлығын дерлік сіздер оқыдыңыздар. Дикторларға қандай талап қойылатын еді?
– Иә, бұрын қандай хабар болсын, бәрін біз, дикторлар оқитынбыз. Қазір журналистер шығады ғой. Ол кездегі талап басқа болды, көрермен, тыңдаушы қауымға тек жақсы жаңалықтарды жеткізетінбіз. Күніне алты сағат емес, өмірімнің бәрі радиода өтті. Қандай хабар оқымадым десейші?! Жанры әртүрлі шығарма оқыдық: сатира, өлең, ертегі, жаңалық. Өз ісімді жақсы көргеннен ғой, жұмыста жүргенде бәрін ұмытамын. Мәтіннің ішіне қалай кіріп кеткенімді білмейтін едім. Сөздің төркінін түсініп, жеткізе білу – Жаратушының сыйлаған қабілеті. Мысалы, ақын, жазушыларды біреу сүйреп отырғандай болады. Оны өздері білмей жатады. Мысалы, кейбір ақындар сөз іздеуі мүмкін. Ал енді бірі сөз іздемейді. Өзімен-өзі құйылып келе береді. Бұл да сондай өнер дер едім. Мәтін оқығанда құлағыма сыбырлап отырғандай болады.
Ол уақытта тамақ табу да оңай болмады. Отбасым, екі балам бар, үлкен кісілермен тұрдым. Әнуарбек Байжанбаев «халық «Сауық оқысын» деп, үнемі сені сұрайды» деп айтатын. Арасында үйге жүгіріп барып келемін. Қарбалас тірлікпен жүріп қалай оқығанымды асықпай тыңдауға, қарауға қатты көңіл бөлмеппін. Сөйтсем, жаман оқымаған екенмін. Құдайға шүкір, азды-көпті еңбегіміз еленіп, 1995 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі», радионың 100 жылдығында «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Қазір бұл атақ бүкіл сала қызметкерлеріне беріліп жатыр. Жалпы, өзім ештеңе сұраған емеспін, орден, медаль беріп жатады. Кеңес заманында алған «Құрмет белгісі» орденім де бар. Жақында 78-ге келемін. «Жасым ұлғайған шақта оның пайдасы бар ма?» деп ойлаймын. Тікелей өзіме айтпаса да, сезесің ғой, қызғанышпен қарап, «Біз де солай еңбек еттік қой» дейтін адам табылады. Атақ алғанның ауруханаға тіркелуге, қаралуға көмегі бола ма деп ойлаған едім. Өкінішке қарай, көмектеспейді екен. Бұрын даусымызды тыңдаған адамдар көрген жерде сыйлап, құрмет көрсетіп, көтермелеп жатады. Соған риза боламын. Диктор үшін бұл – үлкен бақыт.
– Бір сұхбатыңызда «Әйел ретінде аса бақытты болдым деп айта алмаймын» деген екенсіз.
– Енді күні-түні радиода жүрдім. Денсаулықты күтпеппіз, бүйрегім ауырады екен, қан қысымым жоғары. Өзім нәзік, кішкентай едім. Күйеуге шыққаннан кейін екі жылдан кейін, жиырма жеті жасымда босандым. Тұңғыш баламмен бірге тоғыз ай бойы ауруханадан шықпадым ғой. Ол кездің жастарын сіздермен салыстыруға болмайды. Сіздер бәрін білесіздер. Ал біз аңғалдау болыппыз (күліп). Абысыным гинеколог-дәрігер болатын. Ол ауруханаға келгенде босанып жатқан әйелдерді көрсетеді. Өзім эмоцияға жақын адаммын, анадан кейін ұйықтай алмай қалатын едім. Сосын ауру болып туған балалар болады. Ұлымның аяғы сынып, өмірімнің бәрі сол баланы емдетумен өтті. Жұмыс, сосын баланы емдету. Алматыда бірнеше рет операция жасады. Ресейге де апардық. Жолдасым екеуіміз кезекпен барып, тамақ тасимыз. Ол уақытта қазіргідей дөңгелегі бар шабадан да жоқ. Баланың ауырғаны қиын екен. Соның бәрі оңай болмады. Қазір ойласам, жастықпен білінбеген екен.
Отбасында он бір бала болдық, қазір бәріміз бармыз, Құдайға шүкір. Жездем Жоғарғы сот төрағасының орынбасары, Алаш қайраткерлерін ақтаған кісі еді. Сол үйде өскенімді жаңа айттым. Апам марқұм – әкемнің жалғыз қарындасы, әкем екеуі жетім өскен. Қанша дегенмен қыз бала бауырмал болады екен. Сосын ғой, жалғыз ағасының қызын оқытуға көмектескені. Ол кісі бәрімізді оқытты. Менен басқа бауырларым интернатта тұрды.
Жолдасым Мәрлен Қамбаровтың өмірден өткеніне біраз уақыт болды. Политехникалық институтты бітірген. Әкесі министр, ал енем үй шаруасындағы әйел еді. Бір үйде бес бала өскен: үш бала, екі қыз. Жолдасым ұлдың кішісі болатын.
– Қалай танысқандарыңыз есіңізде ме?
– Көрші тұрдық. Жалпы, орысша сөйлейтін отбасы болатын. Үйінде үлкен шешесі мен енем, үлкендер ғана қазақша сөйлейді. Ағалары үйленіп, жолдасымның бойдақ жүрген кезі болатын. Екі үй жақын тұрамыз. Оның апасы сөмке асынып келе жатады. Сондайда мен кездесіп қалып, «Апа, мен апарып берейін» деп, екінші қабаттағы үйіне жеткізіп саламын. Көріп қалғанда көмектесіп жүремін, оған қазақша сөйлейтінім ұнайды екен. Содан апа үйіне барып, мені мақтап, «Осы Биғайшаның сіңлісі, Сауық деген қандай тамаша қыз. Қазақша сөйлейді. Үнемі көмектеседі, тәрбиелі» деп айтады екен. Бірақ «Жастар өздері білер» деп, ұлдарына «Осыны ал, көр» деп айтуға ыңғайсызданған ғой. Бірақ үлкен кісілердің сөзін құлағы шалып жүрген жолдасым кейін киноға шақырды. Мен орыс тілін білмеймін, ал ол орысша оқыған. Осыған қарамастан екеуіміз жақсы тіл табысып кеттік. Жолдасым кейін қазақша жақсы үйреніп, мақалдатып сөйлейтін болды. Сөйтіп, «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» деп, үй болған жайымыз бар.
Жолдасым әзілге жақын адам еді. Бір нәрсені тарс еткізіп айта салатын. Әкесі комсомолдан бастап партия жұмыстарын істеген. Туған жері Көкшетауға зейнетке шыққаннан кейін ғана барды. Еліміздің әр өңірінде қызмет атқарған. Мысалы, жолдасым Ақтөбеде туса, тағы бір баласы Атырауда, енді бірі Талдықорғанда дүниеге келген.
Отбасымыз туралы айтар болсам, екі ұлымыз өмірге келді. Үлкен ұлым әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің физика факультетін ағылшын тілінде бітіріп, кейін Лондонда білім алды. Қазір университетте ағылшын тілінен сабақ беріп жүр. Ағылшын тілінде кітап жазған, Forbes журналына үнемі шығып тұрады. Ал қолымдағы ұлым – заңгер.
– Үлкен жиындарда аракідік бой көрсетіп қаласыз. Жалпы, қазір теледидар көресіз бе, дикторларға көңіліңіз тола ма?
– Жақында «Үркер» сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау салтанатты іс-шарасына қатысып, бәрімен кездесіп, арқа-жарқа болып қалдым. Ардагер деп шақырып тұрады, рақмет. Ондай іс-шараларға қуана барып тұрамын. Дулат Исабеков «Еңбек Ері» атағын алды ғой. Ол кісімен университетте бірге оқығанмын. Кеше бір жігіт хабарласып, «Хабар түсіреміз, студент кезінде қандай болғанын айтып беріңізші» дейді. Енді соған дайындалып жатырмын.
Ал дикторларға келетін болсақ, оқыған дүниені түсіну бір бөлек, оған сену керек. Өзің не айтып, не қойғаныңа өзің сенбесең, көңілің басқа жақта болса, мәтінде айтылған ойды жеткізе алмайсың. Сосын мінез керек. Жалпы, маған жаттап айтқан ұнамайды. Оны да дұрыс жаттамайтындар бар ғой. Соны көріп, қынжыласың. Қазақтың сөздері күрделі, соны бұзбай айту керек. Айтатын басты сөз болады, соған мән берген жөн. Сосын, әрине диктор үшін сезімталдық, шынайылық маңызды. Эфирге шығып жүргендердің қатесін көріп қоямын. Әдемі адам, әдемі қыз. Мағынасы керемет нәрсе айтып жатыр. Бірақ оны жаттап алып, «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей жай айтып тұр. Айтып тұрған нәрсең жан дүниеңнен шығуы керек, әйтпесе, бәрі бекер.
– Арманыңыз бар ма?
– Адамда арман таусылған ба? Жан-жағыма ауыртпалығымды түсірмей, өз аяғыммен жүріп, өз қолыммен тамағымды ішіп, бес уақыт намазымды оқып, ешкімге қиындық артпай өткен адамдардың ізімен кетсем деймін. Екі ұл ғой менде, қыз жоқ. Екі балама адал сүт емген, қазақы тәрбие көрген, ақылы бар, ерін сыйлай алатын, жақын-жуығын түсіне алатын қыз кездессе екен деп армандаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ