660
Қазақ баспасөзіне құрмет
Қазақ баспасөзіне құрмет
Қазақ хандығының қазығы қағылған қасиетті Әулиеата өңірі бірнеше күн қатарынан думанды дүбірге бөленді. Алғашқы кезекте Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толуы атап өтілсе, кейіннен Жамбыл облыстық Aq jol газетінің ғасырлық белесі сән-салтанатымен тойланды. Енді рет-ретімен баяндасақ.
Шындықтың шырақшысы атанған Шерағаның есімі мен еңбегін дәріптеуге Жамбыл жұртшылығы жан-жақты дайындықпен келді. Облыс көлеміндегі бірнеше мектепке, Тараз қаласындағы Баспасөз үйіне, Халықаралық Тараз инновациялық институтына қайраткердің есімі берілді. Аталған оқу ордасының бас ғимаратының алдынан еңселі ескерткіші бой көтерді. Тағылымды той тағзым ету шарасымен басталды. Еңселі ескерткішті облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, танымал қайраткер Амалбек Тшанов, академик Ғарифолла Есім ашты. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. «Ақиқаттың алдаспаны, намыстың наркескені» атанған ардақты Шерағаң саналы ғұмырын ұлт руханиятының дамуына арнаған қарымды қаламгер, қайраткер тұлға еді.
Сөз зергері Шерхан Мұртаза журналистикада тұтас бір буынды тәрбиелеп, таланттарға жол ашқан, өзіндік мектебін қалыптастырған қазақ баспасөзінің мәуелі бәйтерегі болды. Абыройлы азамат ретінде биік мінберлерде елдік мәселелерді көтеріп, ұлт мүддесі жолында аянбай күресті.
Жазушының қаламынан туған құнды туындылар уақытпен бірге жасап, өскелең ұрпақтың жадында жаңғыра берері анық. Оның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды» деп жазылған Президенттің құттықтауында.
Өз сөзінде қаламгер Нұрлан Оразалин, қоғам қайраткері Амалбек Тшанов, филология ғылымдарының докторы Жанғара Дәдебаев және өзге де азаматтар Шерхан Мұртазаның тұлғалық, қаламгерлік, қайраткерлік болмысына тоқталды. Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгереева Шерағаңның рухына арнап өлең оқыса, ақын, жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов көпшілікке батасын берді. Ескерткіштің ашылу салтанатынан соң көпшілік жазушы рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Шерағаңның
рухын ұлықтаған жиын
Іс-шара «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі көрме павильонында «Шерхантаным: қазіргі қазақ әдебиеті мен қазақ баспасөзінің даму тенденциялары» атты ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты. Басқосуға ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, түрлі жоғары оқу орнының профессорлары мен оқытушылары, зиялы қауым өкілдері қатысты. Алдымен жазушының өмірі және шығармашылығына қатысты көрме көпшілік назарына ұсынылды.
Жиында алғашқы болып құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жазушының рухани мол мұрасы мен құнды туындылары бүгінгі ұрпағының рухын көтеріп, еліміздің баянды болашағына қызмет ете беретінін атап өтті.
– Екі мың жылдан астам тарихы бар Әулиеата жері – қазақтың маңдайына біткен жұлдыздарды дүниеге алып келген тарихи мекен, текті өңір. Мәселен, Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев, Бауыржан Момышұлы, қазақ руханиятының биік шыңына айналған Шерхан Мұртаза ағаларымыз – күллі қазақтың мақтанышына айналған тұлғаларымыз. Шерағаңның есімі «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде орналасқан руханият және тарихтану орталығына, Баспасөз үйіне, төрт мектеп пен Халықаралық Тараз инновациялық институтына берілген. Облыс орталығындағы көшелердің біріне де жазушының есімі берілетін болады, – деген Нұржан Нұржігітов конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Бұдан соң Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі сөз алып, жазушының өмірі және шығармашылық жолы халыққа аянбай қызмет етудің үлгісі екенін атап өтті.
– Халық жазушысы, тұтас ұрпақтың ұстазы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық тойы өзінің туған топырағы, алтын бесігі Тараз жерінде тойлануы – заңдылық. Мемлекет басшысы арнайы жолдаған құттықтау хатында Шерағаңды қазақ баспасөзінің мәуелі бәйтерегі, намыстың наркескені, шындықтың шырақшысы деп бағалады. Сонымен қатар Дархан Қуандықұлы Премьер-
Министрдің де ыстық ықыласын жеткізді.
– Қазақ баспасөзінің қалыптасуы мен өрлеуі жайында сөз қозғағанда біз Шерхан Мұртаза жайлы айтамыз. Шерхан Мұртаза ел руханиятының дамуына зор үлес қосты. Еліміздің саяси және қоғамдық өміріне белсене араласып, мемлекет мүддесі үшін қызмет етті, – деді Д.Қыдырәлі.
Сондай-ақ конференцияда Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың, Ғылым және жоғары білім министрі Нұрбек Саясаттың құттықтау хаттары оқылды.
Өз кезегінде мемлекет және қоғам қайраткерлері Өмірбек Байгелді, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Уәлихан Қалижан, Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың профессоры Ғарифолла Есім, Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, жазушы, публицист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әмірхан Меңдеке, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, М.Әуезов атындағы Түркістан облыстық өңірлік университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Дария Қожамжарова, белгілі ақын, көсемсөз шебері және аудармашы Мейірхан Ақдәулетұлы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлы, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова, ақын Ақұштап Бақтыгереева, облыстық мәслихаттың депутаты, филология ғылымдарының докторы Ерболат Саурықов сөз сөйлеп, Шерхан Мұртазаның сан қырлы қызметі, елдің саяси және қоғамдық өміріндегі түбегейлі өзгерістерге атсалысуы, әдебиет пен журналистиканың дамуына қосқан зор үлесі туралы жан-жақты тоқталды.
Конференция барысында Халық жазушысының 5 томдық шығармалар жинағы мен оның «Ауылды, сені сағынам...» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Талаптыдағы той
Тараз төрінде басталған торқалы той қаламгердің өзі туып-өскен қасиетті Тәңіртаудың етегіндегі Мыңбұлақ жайлауында орналасқан Талапты ауылында жалғасты. Онда алдымен аталған ауылдағы Шерағаның өзі тұрған үйі әдеби-мемориалды музей болып салтанатты түрде ашылды.
Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев Ш.Мұртазаның балалық кезі мен білім алған шағы, студенттік жылдары, журналистика және жазушылық қызметі, саяси қызметке араласуы, жұмыс кабинеті мен инсталяциясы орналасқан әдеби-мемориалдық үйді республиканың түкпір-түкпірінен келген қонақтарға кеңінен таныстырды. Жұртшылық әдеби-мемориалды музей үйдің кіреберіс қақпасынан бастап, алаңшаға дейін «Шынның жүзі – Шераға» атты фотокөрмеге көз жүгіртті. Сондай-ақ Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған көрме де көпшілік көңілінен шықты. Өз кезегінде қадірменді қонақтар бұл үй болашақта өскелең ұрпаққа ұлт руханиятын насихаттайтын орталық ретінде қызмет ететініне сенім білдірді.
Бүкіл ғұмырын ұлттық мәдениет пен әдебиеттің дамуына арнап, кейінгі ұрпаққа рухани бай мұра қалдырған қаламгердің 90 жылдық мерейтойы барысында жұртшылық ашық алаңдағы сахнада А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры ұсынған Шерхан Мұртазаның өмірі жайлы «Шер-хан» спектаклінің үзіндісін тамашалады. Сахналық көрініс барысында Ш.Мұртаза рөлін Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жүніс Әлімбеков, ал бала Шерханды Жорабек Төлеген сомдады.
Бұдан кейін облыс әкімі Нұржан Нұржігітов сөз алып, Шерхан Мұртаза есімінің ел жадында жатталғанына жарты ғасырдың шамасы болғанын, осы уақыт аралығында әдебиет пен журналистикаға небір таланттар келіп қосылғанын, олардың арасында Шерағаның шоқтығы биіктеп, жұлдызы еш көмескіленбей, қайта бұрынғыдан да жарқырап, әр жүрекке нұр құя түскенін тілге тиек етті. Жұлдызы биік Жуалы жері талай тау тұлға азаматтар мен дүлдүлдерді дүниеге әкелген қасиетті мекен екенін, Шерхан Мұртаза осы қасиетті топырақта өмірге келіп, ақиқаттың алдаспанына айналған тұлғалардың бірі әрі бірегейі бола білгенін айтар ойына тұздық етті.
– Бүгінде қолына қалам ұстап жүрген қарымды журналистің көбі «Шерхан ағамыздың шекпенінен шыққан шәкіртпіз» деп мақтанатыны ақиқат. Мұның айғағы – жақсылар мен жайсаңдардың басын қосқан алып тұлғаның бүгінгі мерейтойы.
Шерхан Мұртаза «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің, «Жалын» журналының редакторы, «Қазақстан» телерадио компаниясының төрағасы сияқты аса жауапты қызметтер атқара жүріп, қоғам үшін аса маңызды тақырыптарды қозғады. «Қызыл жебе» романы арқылы қысқа ғұмырында ұлты үшін үлкен істер тындырған көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловты елімен қайта қауыштырды. Өзі айтқан, бүгінде халық арасында мәтелге айналған, оқырманды ойға жетелеп, өмірлік сабақ беретін «Бір кем дүниесі» халқының мәңгілік қазынасына айналды.
«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп хакім Абай айтқандай, соңына өлмейтін сөз, ұмытылмас із қалдырған Шерағаның қаламгерлік, қайраткерлік тұлғасы ел жүрегінде мәңгі сақталып, туындылары мәңгілік рухани азық болатыны сөзсіз, – деген Нұржан Молдиярұлы Шерағаңның мұрасын дәріптеу, ұлттық поэзиямызды насихаттау, ата дәстүр рухын ұлықтау мақсатында облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «ШЫННЫҢ ЖҮЗІ – ШЕРАҒА» атты республикалық ақындар мүшәйрасы мен «Ақиқаттың ақ туы» атты респубикалық қаламгерлер байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Марапаттау барысында бас-аяғы 12 ақын-жазушы диплом және алғысхат пен бағалы сыйлықтарға ие болды.
Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына келген белгілі қоғам қайраткерлері, мәдениет және өнер майталмандары мен қаламгерлердің ішінде сөз алғандар ақиқаттың алдаспанына айналған Халық жазушысының туған жеріне ұлы тұлға туралы ар алдындағы адал сөзін айтуға келгенін аңғартты. Мәселен, зиялы қауымның ішінде алғашқылардың бірі болып сахнаға көтерілген Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов бата беріп, ел-жұрттың тек шындық, елдік-ұлттық, рухани-парасат биігінен көрінуін тіледі.
– Мен осы ауданда туып-өстім. Сегіз айлығымда әкем өмірден өткен екен. Есімді біліп қалған кезде көрші тұрған бір үйде әкесі баласын сабап жатқан жайтты көріп, жылағаным бар. Сонда шешем: «Сен неге жылап жатсың, ол сені емес, өз баласын ұрып жатқан жоқ па?!» деп маған таңдана қарады. Сонда мен өзімді ұратын әке жоқ екенін айтып көзіме жас алған едім. Бірақ осы Жуалы жұрты менің әкем де, шешем де болды. Осы жерде Баукеңдей батыр, Шерхандай шындық іздеген батыл тұлғалар өмірге келді. Біз осындай тұлғалармен бақыттымыз, осындай тұлғалармен мақтанамыз.
Қайбір жылы Астана қаласында Бауыржан Момышұлының еңселі ескерткіші орнатылды. Жыл сайын желтоқсан айында сол ескерткішке барып, гүл шоқтарын қоюды дәстүрге айналдырғанмын. Бірақ Баукеңнің ескерткіші елордада жалғызсырап тұр, маңайында басқа ешкімнің ескерткіші жоқ. Сол үшін оның қасына Шерхан Мұртазаның ескерткішін орнатсақ деген ұсынысым бар, – деді Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев.
Бұдан кейінгі сөзді академик, мемлекеттік сыйлықтың иегері Оразалы Сәбден алып, Парламент Мәжілісінің екі бірдей шақырылымында Ш.Мұртазамен әріптес болғанын, ұлт мүддесі таласқа түскенде аз ғана топ қарсылық білдірсе, оларға Ш.Мұртаза бас болғанын, Парламенттің таратылуына Шерағаның шындығы себеп болғанын тілге тиек етті. Qazaqstan dauiri ЖШС бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының құрметті азаматы Сәуле Мешітбайқызы журналистика саласына өте кеш келгенін, әрдайым Шерхан Мұртазадан ағасы ретінде ақыл-кеңес алып тұрғанын айтты.
Іс-шара барысында «Жай отынан жаратылған намысы» атты облыстық ақындар айтысы жеңімпаздарының жұптық сайысы мен айтулы өнер жұлдыздары концерттік бағдарламасы жұртшылық назарына ұсыныл-
ды.
Ғасырлық тарихы бар
басылым
Осылайша, жоғары деңгейде өткен тағылымды той ертеңінен ауқымды баспасөз мерекесіне ұласты. Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында өткен Жамбыл облыстық Aq jol газетінің 100 жылдық мерейтойына жиналған көпшіліктің қарасы қалың болды. Әуелі меймандар еңселі ғимараттың фойесінде өңірлік басылымның 100 жылдық тарихын қамтыған «Ғасыр шежіресі» кітабының тұсаукесеріне қатысып, аталмыш газеттің фототілшісі Ағаділ Рысмаханның «Таспада қалған тарих» атты фотокөрмесін тамашалады.
Газеттің кешегісі мен бүгінін жан-жақты қамтыған «Ғасыр шежіресі» атты салтанатты жиын басылымның өткенінен қалған естеліктерден әзірленген бейнероликті көрсетумен басталды.
Салтанатты сәтте облыс әкімі Нұржан Нұржігітов барша жамбылдықты құттықтап, ізгі тілегін арнады.
– Облыс баспасөзінің киелі шаңырағы Aq jol газетінің алғашқы нөмірі жарық көргеніне 100 жыл толған мерейтойы бәрімізге ортақ. Бұл – қазақ баспасөзінің мерейлі мерекесі. Бұл мереке қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Кезінде Шерағаң осы берекелі ұжымға ақ батасын беріп: «Aq jol газетін республикадағы ең айбынды, халыққа қадірлі газеттің бірі деп білеміз. Лайым, сол абырой аласармасын, қаламгерлердің де, оқырмандардың да құрметіне бөлене берсін!» деп жүрекжарды тілегін арнаған болатын.
Шынында, Aq jol газетінің мерейтойы бір өңірдің ғана емес, қазақ баспасөзінің мерейлі белесі. Бұл газет – еліміздегі ең байырғы басылымдардың бірі. Оның ел өміріндегі тарихи рөлі зор. Жарық көргеніне 1 ғасыр болған басылым тұтас ұлттың тарихы мен тәуелсіз мемлекетті қалыптастыру кезеңін талмай жазып, өткен 100 жылдықтың шежіресіне айналып отыр. Ұлттық мүдденің ұраншысына айналып, тәуелсіздіктің тұғырын нығайтуға белсене атсалысты. Қандай заман, қандай кезең болса да баспасөз ұлттың үні, рухтың жыры болып қала беретіні анық. Басылым өзінің өткір де батыл мақалаларымен егемен елдің еңсесін тіктеді. Бүгінде уақыт талабына сай бұл газет жаңаша түрленіп, заман ағымына сай дамып келеді. Яғни, ғасырлық тойын жаңа жетістіктермен, толайым табыстармен қарсы алып отыр, – деген аймақ басшысы, газеттің ардагері Тұрсынхан Толқынбайұлына «Қазақстанның құрметті журналисі» атағын және бірқатар қызметкерге облыс әкімінің алғысхатын тапсырды.
Сонымен қатар Aq jol газетінің 100 жылдығына орай жарияланған «Aq jol газеті: Қазақ баспасөзінің бүгіні мен ертеңі» атты республикалық конкурстың жүлдегерлерін облыс әкімінің арнайы жүлдесімен марапаттады.
Мерейтойға алыстан арнайы келген меймандар – Парламент Сенатының депутаты Абдалы Нұралиев және Парламент Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай, Мейрамбек Төлепберген, Жанарбек Әшімжан, Гүлдара Нұрымова да ізгі тілектерін білдіріп, мерейтоймен құттықтады.
Тарихы тым тереңде жатқан Aq jol-дың мерейлі жасымен республикалық «Egemen Qazaqstan» газеті» АҚ басқарма төрағасы Дихан Қамзабекұлы, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли құттықтап, ардагер журналист Махамбетәлі Дүйсебаевқа, Aq jol газеті бас редакторының орынбасары Фариза Әбдікерімоваға және AR-AI газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбекке «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін табыстады. «Айқын-Литер» ЖШС бас лиректоры Ысқақ Егемберді мен халықаралық túrkistan газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы қуанышқа ортақтасып, «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы А.Ораловтың атынан алғысхат табыс етті.
Салтанатты жиынды қорытындылаған Aulieata-media жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Оралхан Дәуіт қуанышты бөлісіп келген барша жұртшылыққа ұжым атынан ризашылығын жеткізді.
– Біз мерейтойды ас ішіп, аяқ босататын құр басқосу етпей, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі-өнеге боларлықтай, артында мағыналы із қаларлықтай шаралармен ұйымдастыруды көздедік. Сол мақсатпен басылымның ғасыр тойын жыл басынан түрлі іс-шарамен бастаған болатынбыз. Осы жұмысымызға қолдау көрсеткен облыс басшылығына айтар алғысымыз зор. Газеттің тойы – халықтың тойы. Себеб басылым осынау 100 жылдық тарихында талай тар жол, тайғақ кешу өткелдерінен өтті. Уақыт ағымымен заман қалай өзгерсе де Aq jol өзінің ақ жолынан тайған жоқ. Бүгінгідей техника дамыған, жаңашыл заманда да өз оқырмандарының талабынан табылып, талғамына сай болуға жан-жақты ізденісте. Яғни, Aq jol-дың алар асуы әлі алда. Баршаңызға Aq jol-дың жасын берсін! Әрдайым жолдарыңыз ақ болсын! Aq jol-мен бірге болыңыздар, – деді Оралхан Әбдірашұлы.
Басылымның мерейтойында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары ән-бимен шашу шашты.
Тұрсынбек Темірланұлы, Жамбыл облысы