51 жылдан бері кран тізгіндеп жүрген ана

51 жылдан бері кран тізгіндеп жүрген ана

51 жылдан бері кран тізгіндеп жүрген ана
ашық дереккөзі
51786
«Адал еңбек адамды қанаттан­ды­рады» деген сөз Шәрбан Тай­ши­ко­ваға арналғандай. Олай дейтініміз, 51 жыл­дан бері ауыр жүк көтеретін кран кө­лігін тізгіндеген ана бүгінде жасы жет­піске таяса да, алға ұмтылып, алып техниканы әлі де жүргізіп жүр. Мұ­ның сыры істеген ісіңнен қуаныш таба білуде шығар, бәлкім. Қалай де­сек те, көпбалалы ананың еңбекпен өріл­ген өмірі кімді болсын, бейжай қал­дырмайды. Кейіпкерімізбен кешкі уа­қытта сөйлесуге тура келді. Өйткені күн­діз Шымкенттегі темір-бетон өнім­дерін шығаратын зауыттағы қай­на­ған жұмыстың белортасында жүретін кран жүргізушісінің осы кезде ғана қолы босайтын.  width=Шәрбан апа кішкентайынан көлік жүр­гізуге қызыққанымен, кран айдаймын деп ойламапты. «Түсімде ылғи машина алып, соны жөндеп жүретінмін», – дейді кү­ліп. Оқуға құжат тапсырған сәті өз ал­ды­на бір қызық хикая. «Мұғалім болайын деп педагогикалық институтқа оқуға тапсырып едім, түсе ал­мадым. Зертханашылар даярлайтын училище бар еді. Соған тапсырмақшы бо­лып, мекенжайын алып, бара жат­қан­мын. Екі училище қатар тұр екен. Жазуына қара­май, бірінші тұрғанына кіріп кетіппін. Кірсем, қабылдау комиссиясында орыс әйел отыр. Құжаттарымды өткізіп, сұра­сам, «Бізде зертханашы деген жоқ. Кейінгі тұр­ған училищеде» деді. Ары қарай «Бізде қыз­дарға мынадай мамандықтар бар» деп, тоқ­тамай түсіндіріп жатыр. Кран дегенді өмірі естімегенмін, көрмеппін де. Негізі, Кен­тауда бар ғой, соған зер салмаппыз. Кіш­­кентай қала еді. Содан «Құжаттарымды бе­ріңіз, тапсырмаймын» деп айтқым келді. Бірақ соны орысша жеткізе алмадым. Ақы­ры, құжаттарым сол жерде қалды», – дейді Шәрбан апа. Сонымен, қыркүйекте оқу бастала­ды. Шәр­бан апа кран машинисі мамандығы бойын­ша білім алуға келеді. Бір топта он төрт қыз, он төрт бала оқиды. Он төрт қыздың ішінен төртеуі ғана қа­зақ­тың қаракөздері еді. Ал он төрт ұлдың оны қазақ, төртеуі орыс болатын. Оқуды бітір­геннен кейін Шәрбан ападан басқа қазақ қыздары өзге мамандыққа ауысып ке­теді. Өйткені бұл істі алып жүру қыз ба­лаға оңай емес еді. Ал ол бұл салаға кез­дей­соқ келсе де, мамандығына адалдық та­нытып, әрбір ісін абыроймен атқарып ке­леді. Бүгінде 69 жастағы Шәрбан апа ең ал­ғаш кран рөліне отырған кезін ерекше те­біреніспен еске алады. Үйдің қасындағы қыр­ға шығуға қорқатын қыз үшін бұл шы­нында жүрек толқытатын сәт еді. Ол кез­де небәрі 17 жаста болатын.  width=«Басында онша ұнамады, несін жа­сы­райын. Кранның құрылысын, қызметін жат­тап алып оқыдық. Содан практикаға төрт-бес айға жіберетін болды. Көбін Шым­кенттегі мекемелерге жіберді. Айлық тө­ленетін. Мен практикадан Кентауда өт­кім келетінін айттым. «Ол жаққа барсаң, еш­теңе төленбейді» деді. Мен үшін айлық маңыз­ды болмады. Үйімді сағынған шы­ғар­мын. Ағам институтта оқитын, әпкем тұр­мыста. Анамның қасына бару керек бол­ды. Әкемнің қайтқанына екі жыл бол­ған. Сөйтіп, Кентауға бардым. Мұнаралы кран жүргізетін құрылысқа жіберді. Бірін­ші күні біраз қобалжыдым. Кранға алғаш шы­ғуым. Төбеге көтеріліп, кран рөліне отыр­ғанда қуанышымда шек болмады. Бірін­ші күні тек қарап тұрдым. Кран жүр­гізушісі орыс әйел екен. Ертесіне кел­ге­нім­де «Бұлай қарап тұра берсең үйренбейсің, отыр мына жерге» деп, қалай жасау керегін көрсетті. Айтқанын істедім. Ал жұмыс­шы­лар «Өзің отыр, анау жас, жай істеп жатыр» деп айқайлап жатыр. Ал әйел айтқанынан қайтпай, «Жоқ, бұл үйрену керек» деп тұрып алды. Бір күн қасымда тұрды да, ер­те­сіне жұмысқа келмеді. Сөйтсем, кіш­кен­тай баласы бар екен. Ауырып қалыпты. Содан амал жоқ, жұмысшылар менің істе­геніме көнді», – дейді Шәрбан апа күліп. Сол жерде төрт ай практикадан өт­кен­нен кейін қорқынышы да басы­лады. Ары қарай оқуын жалғастырып, ой­­да­ғыдай тәмамдайды. Бітірген соң Кен­таудағы комбинатқа жолдама алып, те­мір-бетон зауытына барады. Ағаш өң­дейтін цехта мұнаралы кран айдайды. Жа­нындағы есік-терезе шығаратын цехқа учи­лищеден практиканттар келген бола­тын. Сол жерде бір бала станокқа саусағын ке­сіп алған соң комиссия келіп, он сегізге тол­мағандардың бәрін жұмыстан шы­ғарады. Жұмысқа жаңадан кіріскен жас қыз­меткер Шәрбан Тайшикованың он сегіз­ге толуына бір жарым айдай уақыт бар. Осыдан кейін ол он сегізге толғанша дайын болған есік-терезелерге бояу жағып жүреді. Кран жүргізу әйел адам түгілі, ер адам­­­ның өзіне оңай жұмыс емес. Бұл істі шебер меңгерген Шәрбан апа Кен­тау­дағы құрылыс материалдары ком­би­на­ты­нан кейін Шымкентке келіп, осы салада та­лай жыл тер төгіп, еңбек етеді. Манап Өте­баев атындағы колледждің, бірнеше тұр­ғын үйдің құрылыс жұмыстарына қа­ты­с­ады. Қазір Шымкент қаласындағы те­мір-бетон өнімдерін шығаратын зауыт­та жұмыс істейді. Бұл жерде еңбек етіп жат­қанына 18 жыл болыпты. Екі ауысым­мен жұмыс істейді. Жұмыс таңғы 9-да бас­талып, кешкі сағат 5-терде аяқталады.  width=«Зауытқа келгенімде жасым 50-ден асып кеткен еді, сонда да жұмысқа алды. Қа­зір де жасыңыз жетпіске таяды деп шет­тетпейді. Керісінше, «үйде отырғанда не іс­тейсіз, мүмкіндік болса жұмыс істей беріңіз» деп айтады. Осындай құрмет көр­сетіп жатқанына ризамын. Былтыр да ел-жұрттан ұят шығар, қояйын деп ой­ладым. Бірақ жұмысқа келсем, ауыр­ға­ным­ды ұмытып кетемін. Уақыттың қалай өт­ке­нін білмей қаласың, қызық әрі пайдалы өте­ді. Зауытта кран жүргізуші үш адамбыз. Қа­сымдағы әріптестерімнің бірі – әйел, екін­шісі – ер адам адам, 56 жаста. Өзімнің есіл-дертім жұмыс болып тұрады. «Ертең ананы істеу керек, плитаны шығарып, құю керек» деп ойлап отырамын. Әлі де шамам кел­се, жұмысымды тоқтатқым келмейді. Біз­дің жұмыс ауыр ғой. Бәрі кранмен іс­те­леді. Әкелген бетонды қалыпқа құямыз. Кейін қалыптан алып, жүк машинасына тиеп, құрылысқа жібереміз», – дейді кран жүргізушісі. Бетон заттар ауыр. Бірақ өте нәзік. Абай­ламасаң, сынып қалуы мүмкін. Сындырып алсаң, ешкімге керек болмай қа­лады. Ал оның ішінде қаншама материал бар. Бетонды қойғанда асты тегіс болуы ке­рек. Сол үшін кран жүргізушісіне жүкте­ле­тін жауапкершілік зор. Алған затты еш­теңеге тигізбей апарып қою барынша мұқият болуды, ұқыптылықты талап етеді. Қорықсаң, сасқалақтап, не істегеніңді біл­мей қалуың мүмкін. Сондықтан өзіңе се­німді болу маңызды. Сырттағылар мұның бәрін бақылап тұрады. Әріптесі Мария Әділбекқызы Шәр­бан Тайшикованың ерік-жігері мық­ты, еңбекқор жан екенін айтады. Еке-у­і­нің бірге жұмыс істегеніне 10 жыл бо­лыпты.  width=«Мен зауытқа жұмысқа келгенде Шәр­бан апай зейнетке шыққан. Көпбалалы ана болған соң ерте шыққан ғой. 59 жаста еді. Бірақ олай ойламайсың. Қазірге дейін бірге жұ­мыс істеп келе жатырмыз. Қимылы шап­­­­шаң, шаршауды білмейді. Адамдармен тез тіл табысады, бәрінің көңілін таба біле­тін жан. Маған ұнайтын қасиеті – адам ба­ласын алаламайды. Үлкенмен де, кіші­мен де сөйлесіп, қажет кезде ақылын ай­тады. Түсінбесе, ұрысып та алатыны бар. Жұ­­мысына адал. Үйінен шыққан кезде үй­дің мәселесін сол жерде қалдырып ке­теді. Жұмысқа келгенде ешқандай проб­ле­ма туралы айтпайды. Бар ойы тек жұмыста. Кран айдағанына биыл 51 жыл болыпты. Жұмыс істегеніне қарап таңғаламын. Ол кісіден бес жас кішімін. Мен де зейнеттемін. Зертханада жұмыс істеп жатырмын. Шәр­бан апайға «Қасыңызда көбірек жүре бе­рейік­ші, сіздің бойыңыздағы күш-қуат, жа­ғ­ымды энергия бізде жұға берсін» деп ай­тамыз. Денсаулық болмаса, бәрі бекер ғой. Сондықтан бұл Жаратушының берген сыйы деп ойлаймын», – дейді әріптесі Мария Әділбекқызы. Шәрбан Тайшикова – алты бала­ның анасы, күміс алқа иегері. Бү­гінде Құдай қосқан жолдасымен бірге не­мере, шөбере сүйіп отыр. Қыздары мұ­ғалімдік жолды таңдаған, саудамен ай­налысатыны да бар. Ал ұлы менеджер бо­лып жұмыс істейді. «Балаларым жолымды қуып, кран айдауға құлшынбады», – дейді кейіпкеріміз. Ең бастысы, олардың аман­ды­ғын тілейді. Жастарға да айтары бар. «Талаптанып, алдына мақсат қойған адам дегеніне жетеді. Адам еңбекпен шың­да­лады. Қимылдаған денсаулыққа да пай­да­лы. Сондықтан еңбектен қашпау керек, ең бастысы мұратың айқын болсын», – дей­ді Шәрбан Тайшикова.  

Серіктес жаңалықтары