Nur Otan-да электронды қызмет көрсету мәселелері қаралды

Nur Otan-да электронды қызмет көрсету мәселелері қаралды

Nur Otan-да электронды қызмет көрсету мәселелері қаралды
ашық дереккөзі
50182
Мемлекеттік органдардың қызметтерін цифрландыру және азаматтарға көрсетілетін онлайн форматтағы қызметтер мәселесі «Nur Otan» партиясы жанындағы Азаматтық қоғамды және мемлекеттік басқаруды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес отырысында қаралды, деп жазды turkystan.kz.
Жиын барысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов Жол картасында 2021 жылға көзделген негізгі 4 көрсеткіш бойынша барлық іс-шараның жүзеге асқанын алға тартты. Тіпті, кейбір индикаторлар асыра орындалған.
«Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің 92%-ы электронды түрде көрсетілді. Азаматтардың электрондық қызметтерді өз бетінше алу көрсеткіші 2018 жылғы 31 миллионнан 2021 жылы 63 миллионға дейін өсті. ХҚКО, egov, egov mobile және банктердің қосымшалары арқылы да мемлекеттік қызметтер көрсету арналарын ұлғайту жұмысы жүргізілуде. Азаматтардың барлық мемлекеттік қызметтерді бір терезеден алу мүмкіндігін қамтамасыз ету осы жылы 92%-ға, ХҚКО-ын азаматтарға онлайн-кеңес беруге қайта бағдарлау 20%-ға орындау көзделсе, бұл жоспар сәйкесінше 96 және 22%-ға артығымен орындалды», - деді вице-министр.
Оның айтуынша, азаматтарға мемлекеттік органдарға өз өтініштерін электронды түрде жолдауға мүмкіндік беретін «e-Otinish» ақпараттық жүйесі қазіргі таңда барлық мемлекеттік органдарда енгізіліп, тәжірибеден өткізілуде. Сонымен қатар, әлеуметтік салада төлемдердің 14 түрі проактивті форматта іске асырылды. Мәселен, тууды тіркеу бойынша қызмет 3 жылдан бері проактивті түрде көрсетіледі. Яғни, азаматтар үйден шықпай-ақ SMS хабарлама арқылы туу туралы куәлікті рәсімдей алады. Жыл соңына дейін жерлеуге арналған біржолғы төлемді де проактивті тағайындауды іске асыру көзделіп отыр.
Саладағы жаңалықтардың бірі – «еgov mobile» мобильдік қосымшасындағы «Цифрлық құжаттар» қызметі. Бұл қызмет азаматтарға қағаз жүзіндегі баламасының орнына сандық құжаттарды ұсынуға мүмкіндік береді. Бүгінде цифрлық құжаттарды пайдаланушылар саны – 5 985 431.
Кеңес мүшесі Майра Айсина жыл сайын 20 миллионға дейін қызмет көрсететін аталған сала халықтың талқысы мен сынына ең көп ұшырайтынын алға тартты. Ол мәселесін шешу үшін тұрғындардың әлі де талай мекеменің табалдырығын тоздырып, ұзынсонар кезекте тұратынын, мұның соңы түрлі жанжалға ұласып жататынын жасырмады.
«Бұл проблеманы шешу Цифрлық даму министрлігінің құзырына кіретін қызмет көрсету саласын ғана тұрақты дамытумен шектелмегені жөн. Ең бастысы, қызметтерді электронды түрде ұсынуға қатысты барлық мемлекеттік органдардың қарым-қатынасын өзгерту қажет. Өйткені олардың ақпараттық жүйелерінің тиімділігі көңіл көншітпейді. Бүгінде мемлекеттік секторда 400 ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Әрқайсысының дерек базасы үлкен. Бірақ сапасы өте төмен. Деректерді қолмен енгізуге байланысты көптеген қате жіберілген және жүйелердің көпшілігі сол деректерді қайталайды. Сондықтан бұл жерде біртұтас құрылымдық тәсіл қажет. Әрине, бүгінде ол бар, бірақ мемлекеттік органдар тарапынан мүдделілік жоқ», - деді М.Айсина.
Кеңесте қызмет көрсетудің белгіленген мерзімін сақтамау, мерзімін өткізіп алу, одан бас тарту сияқты көптеген кемшіліктер де мемлекеттік органдардың кінәсінен орын алатыны айтылды. Мәселен, өткен жылы бес мемлекеттік орган: Ішкі істер, Еңбек, Білім, Индустрия министрліктері мен жергілікті атқарушы органдардың қызмет көрсету мерзімін өткізіп алу көрсеткіші 99,2%-ды құраған. Ал қызмет көрсетудің белгіленген мерзімін сақтамау көбіне-көп техникалық ақауға байланысты орын алса, өткен жылы 9 мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінде 243 сағатқа іркіліс болған. Қызмет көрсетуден бас тарту көрсеткіші де 90%-дан асады.
Осы орайда, партиялықтар ақпараттық жүйелер арқылы мемлекеттік қызметті барлық мемлекеттік орган көрсеткенімен, олардың ешқайсысы деректердің өзектілігі, іркілістер, қателер үшін жауапкершілік алмайтынына назар аударды. Яғни, ақпараттық жүйелерде сапасыз қызмет көрсеткені үшін мемлекеттік органдардың жауапкершілігі нақты бекітілмеген. Ал сол кезде ақпараттық жүйелердің жұмысына, оны жетілдіруге қазынадан миллиардтаған қаражат бөлінеді.
«Сондықтан орталық және жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін заңнамалық тұрғыда арттыру қажет. Цифрлық даму министрлігіне барлық қызмет көрсетушілердің ақпараттық жүйелерінің жұмыс қабілетін бақылау функциясын берген жөн», - деді М.Айсина.
Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым «Азаматтарға арналған үкімет» МК қызметкерлері жалақысының төмендігі, олардың түрлі әлеуметтік бағдарламалардың игілігін көре алмай отырғанын алға тартып, вице-министрден осы бағытта ведомствоның қолға алған істері туралы сұрады. Цифрлық даму вице-министрі Әсет Тұрысов министрлік қызметкерлерді ынталандыру үшін жұмысын жақсы атқарғандарды қаржылай көтермелеу шараларын жоспарлап отырғанын жеткізді.
«Матрица.кz» медиа-тобының жетекшісі Серік Мәмбетов электронды қызметтер туралы жұртшылықты кеңінен хабардар ету туралы ұсынысын айтты. Себебі, көптеген мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алуға болатынын екінің бірі біле бермейді.
Жиын соңында сала қызметкерлерін әлеуметтік қамсыздандыру, кадр тапшылығы мәселесін шешу, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру және жоғары стандарттарға сай қызмет көрсету бағыттарында Цифрлық даму министрлігіне өз ұсыныстарын жолдау ұсынылды.

Серіктес жаңалықтары