358
"Елім дейтін спортшыларды қамап жатырмыз": Бақтияр Артаев биліктегілерге үндеу жолдады
"Елім дейтін спортшыларды қамап жатырмыз": Бақтияр Артаев биліктегілерге үндеу жолдады
Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек сіңірген спорт шебері Бақтияр Артаев желіде бейнеүндеу жасап, шартты түрде 6 айға қамауға алынған спортшы Қуат Хамитовке қолдау көрсетті.
Еске салсақ, өткен жылы дезинфекция жасаушылар «халықты улап жатыр» деп мәлімдеп, оларды ұрып-соғуға үндеген аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов Қылмыстық кодекстің 272-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін айыпталған еді. Жуырда Алмалы аудандық соты Хамитовқа 6 айға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарды.
Боксшы Бақтияр Артаев Instagram желісінде бейнеүндеу жариялап, Қуат Хамитовқа мұндай жаза берілуін құптамайтынын айтты.
Кешеден бері интернет желісін шулатып жатқан ақпарат - Қуат Хамитовтың алты айға сотталғаны. Осыған байланысты Қуат бауырыммен хабарластым. Мән-жайды білдім. Осы тұрғыда менің азаматтық позициям: ол менің бауырым, спортшы болғандықтан мен бұл жағдайда үндемей қалуым мүмкін емес. Біз демократиялық және зайырлы мемлекет болғаннан кейін өзінің ойын ашық жеткізе білу керек. Егер елім деген әр азаматымызды қамай берсек, еліміздің болашағы не болмақ? Сондықтан мен бұл шешім дұрыс емес деп есептеймін. Керісінше, осындай елім дейтін спортшылар бар кезде оларды барынша қолдап, ел атын шығаруына атсалысудың орнына біз өкінішке қарай оларды қамап жатырмыз. Осы тұрғыда бір-ақ нәрсе айтқым келеді. Мен мемлекет басшылығында отырған кісілерден әділ болып, осындай батырларымызды қолдауларыңызды сұраймын. Ал Қуат сияқты бауырларыма аман болыңдар, әрқашан ел атын шығара беріңдер. Біз сендермен бірге боламыз, – деді Бақтияр Артаев.