Азаттықтың алтын бесігі

Азаттықтың алтын бесігі

Азаттықтың алтын бесігі
ашық дереккөзі
50201
Алматы – еліміздің ғылым, білім, мәдени, экономикалық, қаржылық және индустриялық орталығы. Қазақстандықтар екі миллионға жуық адам тұратын мұндай орталықтың тыныс-тіршілігі мен бет-бейнесіне үнемі назар аударып жүретіні айтпаса да түсінікті. Қазақстан Президенті жанындағы Ор­та­лық коммуникациялар қыз­метінде «Мем­ле­кет басшысының Жолдауы ая­сындағы өңір­дің дамуы туралы» тақы­ры­бында өткен кездесуде Алматыда биыл атқарылған ау­қымды жұмыстар жайын баяндаған шаһар бас­шысы Бақытжан Са­ғынтаев биыл әлемді дендеген індет жа­ғымсыз салдар әкелсе де, өт­кен жыл қала үшін жемісті болғанын мә­лімдеді. Қала әкімінің айтуынша, алдағы жыл­ға әзір­ленген жоспарлы жұмыс та кең кө­лемді. Күн тәртібінде экономиканы тұрақ­тандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу ар­қылы ха­лықтың әл-ауқатын көтеру, биз­нес бас­тамаларға қолдау көрсету, баспана мен жол мәселесі сынды шұғыл шешім табуы тиіс өзекті істер көп. Қала басшысы Ал­матының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы қысқаша баяндап, тілшілер сауа­лына да толыққанды жауап берді.

Экономикада өсім бар

Мегаполис әкімі Б.Сағынтаевтың ха­бар­лауынша, өнеркәсіп, байланыс, құрылыс са­­лаларында экономикалық өсім сақталған. Мы­салы, өнеркәсіп 4,3 пайызға, құрылыс 11,8 пайызға, пайдалануға берілетін баспана құрылыс 3,6 пайызға, байланыс қызметтері 8 пайызға өсті. Жыл қорытындысы бойынша Алматыда құны 176,2 млрд теңге болатын 90 инвес­ти­ция­лық жоба іске асырылған. Келесі жылы 7,3 мың жаңа жұмыс орны ашылады. «Дағдарысқа қарсы шараларды қабыл­дау нәтижесінде қала экономикасы тұрақ­тан­дырылды. Осылайша, қала эпидемиядан кейін­гі кезде тез қалпына келтіру әлеуетін сақ­тайды», – деп атап өтті Б.Сағынтаев. Инвесторлардың жоғары белсенділігі – Алматы инвестицияның халықаралық ор­талығы болып қалатынын растайды. 3 жел­тоқсанда онлайн форматта өткен ин­вес­тициялық форумның нәтижелері бойын­ша 1,5 трлн теңге сомасына 55 мемо­ран­дум жасалды.

Көрсеткіштер көңіл қуантады

Биыл Алматыда 77,6 мың жаңа, соның ішін­де 36,9 мың тұрақты жұмыс орны құрылған. Жыл соңына дейін 453 жұ­мыс орнын құру арқылы 17,3 млрд теңгеге 6 жобаны іске қосу жоспарлануда. Бизнесті қаржылай қолдауға 12,2 млрд теңге бөлінді. Қарыздар 7 жыл­ға дейінгі мерзімге жылдық 6 пайыз және 2 пайыз мөлшерлемелері бойынша 500 млн теңгеге дейінгі сомаға беріледі. Бүгінде 8,3 млрд теңгенің 84 жобасы қаржылан­ды­рылды.

Тұрақтандыру қорларының қызметі бақылауда

Қала әкімі Б.Сағынтаев кездесуде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бағаның өсуін ұстап тұру әкімдік жұ­мысының басты бағыттарының бірі еке­нін атап өтті. «Жедел шаралар пакеті дереу қабыл­дан­ды. Азық-түліктік тұрақтандыру қорын то­лықтыру үшін жергілікті бюджеттен 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді», – деді Б. Сағынтаев. Сондай-ақ Тұрақтандыру қорында 8 млн дәрілік препараттан тұратын азай­­тыл­май­тын қор құрылды. Жеке қор­ға­ныш құрал­дарының екі айлық қоры жа­сақ­талған. Қалада 1 млн дана  медици­налық бет­перделер өндірісі жолға қойылды.

Алматы пандемияның жаңа толқынына дайын

Қазіргі уақытта қалада сыйымдылығы 7 011 төсек-орынға есептелген 23 ко­видті стационар дайындалды. Пандемия ке­зінде Алматыда үш жаңа инфекциялық ста­ционар салынды: 2 модульді клиника жә­не РВ-90 госпиталі. Сонымен қатар жеке ин­вестициялар есебінен екі клиника қайта құрылды. Өткен жылы мекемелерді меди­ци­на­лық жабдықтармен жарақтандыру­ды жаңғыртудың үш жылдық бағдарламасы қабылданды. Биыл 74 стационар мен кли­ника үшін 4 197 бірлік құрал-жабдық сатып алын­ды. Сонымен қатар осы жылда 35 жаңа же­дел жәрдем көлігі сатып алынса, 2021 жыл­дың басында тағы 50 көлік алынбақ. Тәулігіне жасалатын 14 мыңнан астам ПТР-зерттеулерін 22 мыңға дейін жет­кізуге мүмкіндік бар. Қалалық стацио­нар­лар үшін тікелей қолжетімді КТ, МРТ, рент­ген суреттердің бірыңғай банкі де құ­рыл­ған. Алматының медицина қызметкерлері «ковид жұқтырған науқастармен жұ­мыс істеген медицина қызметкерлері» 14 млрд. теңге үстемеақы алды.

Әлеумет әлеуетін арттыру – күн тәртібінде

Оңтүстік астанадағы мектептерде оқу­шылардың шекті мөлшерден артық болуы – басты мәселенің бірі. Бұл түйт­кілді шешу үшін қала басшысы 2022 жыл­ға дейін мектептерді жеделдетіп салу туралы арнайы бағдарлама қабылдады. 2021 жылдың соңына дейін қосымша 30 мың­нан астам оқушының білім алуына мүм­кіндік жасау және орын тапшылығын 80 пайызға төмендету жоспарлануда. Балабақшалардағы орын тапшылығы да өз алдына күрмеуі қиын мәселе. Алай­да бұл бағытта да кешенді шаралар қа­былданып жатыр. 2022 жылға қарай бала­бақшалардағы кезек 70 пайызға қысқарады деп жоспарлануда. Биыл 3 мемлекеттік ба­лабақша пайдалануға берілді, мектеп жа­сына дейінгі 95 жеке балабақша ашылды. Бү­гінгі күні қалада 823 балабақша бар. Оның 77 пайызы – жекеменшік. Ал балабақ­ша кезегінде 3 жастан 6 жасқа дейін 21 мың бала, 1 жастан 6 жасқа дейін 45 мың бала тұр. Сонымен қатар 2021 жылы жергілікті бюджет есебінен барлық мектеп ста­диондарын жаңарту жоспарланып жатыр. Мем­лекеттік-жекеменшік әріптестік аясын­да 12 мектеп стадионы, ал 2021 жылы алты спорттық-сауықтыру кешені салынады. Көпбалалы аналарға қолдау көрсету мақсатында өңірлік «Бақытты от­басы» орталықтарының базасында «Іскер Ана» бағдарламасы іске асырылуда. Мұнда оларды «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлік бағытта оқытады. Биыл көпбалалы отбасылардан 888 адам 555 мың теңгеге дейін грант ал­ған. Сонымен қатар 406 млн теңге сома­сына 203 көпбалалы ана 5 млн теңгеге дейін­г­і грантты иеленді. Мүгедек жандарды әлеуметтендіру және жұмысқа орналастыру мақ­сатында алғаш рет Ten Qogam әлеуметтік қол­дау орталығының ашылуы да қала бас­шылығының әлеуметтік әлсіз топтармен бел­сенді жұмысының жемісі. Орталық мү­гедек адамдарға және олардың отба­сы­лары­на ақпараттық, консультациялық, заңгерлік жә­не психологиялық қолдау көрсетеді.

Тұрғындар талабы толық ескерілді

Бүгінгі күні қала тұрғындарының 99 пайызы газбен қамтамасыз етілген. Аз қамтылған және көпбалалы отба­сы­ларға, сондай-ақ мүгедек ба­ла­ларды тәрбиелеп отырғандарға газ жаб­дықтарын алу және монтаждау жұ­мыс­тарына кеткен шығындарды 100 пайыз мөл­шерінде өтеу үшін әлеуметтік көмек көрсетіледі. 1 қара­шадағы жағдай бойынша 31 меншік иесіне 5,5 млн теңге көмек көр­сетілді. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту аясында биыл 300 ша­қы­рым­ға жуық су құбырлары мен кәріз же­лі­лері тартылды. Нәтижесінде «Жаңа Ал­ма­ты» ықшамаудандарының 50 мың тұрғыны сумен қамтудың орталықтандырылған жүйесіне қосылған. 2021 жылдың соңына дейін қалған Ал­ма­лы, Әуезов, Бостандық, Медеу ауданда­рын­дағы 601 көшені жарықтандыру жос­пар­лануда. Осылайша, Алматы қаласын 100 пайыз жарықтандыру жоспарланып отыр. Бүгінде Алматыдағы қылмыс деңгейі де едәуір төмендеген. Атап айтқанда, қылмыс­тар саны 47,5 пайызға азайған, ал қыл­мысты ашу 11,6 пайызға (29,2 пайыздан 40,8 пайызға дейін) өскен.

Баспаналы болудың жаңа тетіктері іске қосылды

Баспана мәселесі – қала тұрғын­дары­ның басты проблемасы. Десек те, атал­ған түйіткілді мәселенің де түйіні ше­шілуде. 2020 жылдың соңына дейін Ал­ма­тыда 2 млн 396 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі – бұл 22 626 пәтер, 2 062 жеке тұрғын үй. Оның ішінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 206 пәтер қолданысқа беріледі. «7-20-25» жеңілдетілген ипотекалық не­сиелендіру бағдарламасын жүзеге асыру да жалғасуда, осы арқылы 76,5 млрд теңге со­масына 5 605 пәтер алу мақұлданды. Биыл Алматы әкімдігі білім және ғы­лым, БАҚ, әлеуметтік қызмет көрсету сала­ларын­да қызмет ететін 35 жасқа дейінгі жастарға ар­налған «Алматы жастары» атты жеңілде­тіл­ген ипотекалық несиелендіретін жеке бағдарламасын іске қосты. Жыл соңына дейін қаланың бар­лығы 1 мың жас тұрғын баспаналы бо­лады деп күтілуде. Бұл да Алматыға арман қуып келетін жастарға берілетін таптырмас мүмкіндіктің бірі болмақ. Жылды жемісті аяқтаған алма­ты­лықтардың алдында әлі де іске асатын ірі жобалар тұр. Келер жылдың еншісінде тұрған бұл жауапты жұмыста қала тұрғындарының бірлігі мен белсенділігі маңызды.  

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары