Тұрақты тіркеу қандастарға көп кедергі

Тұрақты тіркеу қандастарға көп кедергі

Тұрақты тіркеу қандастарға көп кедергі
ашық дереккөзі
463
Тарихи Отанына оралған әр этникалық қазаққа 5 күн ішінде «орал-ман куәлігі» беріледі. Әлбетте, бұл елде қалғысы келген, азаматтық алғысы келген қандастарға ғана табысталады. Ал келіп-кетіп жүретіндер «оралман куәлігіне» тапсырмайды. Қандастардың елде жүріп-тұру үшін жан-жақты құжаттандыру тетіктері қарастырылған. Қазақстан азаматтығын немесе ықтиярхат алу үшін міндетті түрде тұрғылықты мекенжайға тіркелуі қажет. Бұл туралы қолданыстағы заңда нақты көрсетілген. Азаматтық алу үшін тапсырылатын құжаттардың тізімі біршама қысқарғанымен, тұрақты тіркеу мәселесі әлі шешімін таппай келеді. Үкіметтің арнайы қаулысымен бекітілген алты түрлі медициналық анықтама алудың машақатын қоспағанда тұрақты тіркеуге отыру үшін қандастар көптеген сергелдеңге түседі. Көші-қон заңында уақытша тіркеуге тұру, бейімделу, ықпалдастыру деген тармақтары бар. Бірақ бұл заң толыққанды жүзеге асып жатқан жоқ. Өйткені қейбір өңірлерде мұндай бір жылға берілетін әлеуметтік жатақханалар болғанымен, бірақ бұл еліміздің барлық өңірінде қарастырылмаған. Ал тұрақты тіркеуге тұрғызу үшін ең кемі 90 мың теңге та­лап етеді. Бұл бір адамға ғана. Көпбалалы отбасылар үшін үл­кен шығын. Алайда бұл қаржыдан мемлекетке бір тиын да түс­пейді. Тек делдалдардың қалтасы қампаяды. Тұрақты тіркеуге тұрып, тізімдегі анықтамаларды әкелген соң, екі ай ішінде ықтиярхат шығады. Одан кейін тағы да 3-4 құ­жаттың тізімі беріледі. Ол құжаттарды жинап, фотоға түсіп, аза­маттыққа тапсырады. Өткізілген құжаттар дұрыс болса, аза­маттық алты ай ішінде шығады. Өйткені 6 ай бойы тиісті ме­кемелердің тексеруінен өтеді. Мұның бәрін есептей келгенде көп уақыт пен қаражатты қажет етеді. Жаңа көшіп келген қан­дастар үшін бұл мәселе тиімсіз. Сондықтан да бұл түйткілді оң­тайлы шешу үшін не істеу қажет? Осыған орай, «Отандастар қоры» және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйым­дастыруымен шетелден қоныс аударған қандастарға Қа­зақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу және ыхтиярхат алу қа­ғидаларын нақтылап түсіндіру мақсатында «Қандастарымыздың Қа­зақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу және ыхтиярхат мә­селесі» атты онлайн конференция өтті. Алқалы жиынға Қандастарды ақпараттық қолдау орта­лы­ғы­ның үйлестірушісі Болат Зауыт, облыстардағы қордың фронт-офис өкілдері және де Нұр-Сұлтан қалалық Полиция де­пар­таментінің Көші-қон қызметі басқармасының аға инс­пекторы, полиция майоры Жанар Жақыпова арнайы қатысты. Жиын барысында қандастарды ақпараттық қолдау ор­та­лы­ғының үйлестірушісі Болат Зауыт «Қандастарымыздың тұрақ­ты тіркеуге тұру негізінде туындайтын мәселелер» туралы ег­жей-тегжейлі баяндап берді. – 1997 жылы Халықтың көші-қоны туралы заңы қабыл­дан­ғаннан бері 4 рет өзгертулер мен толықтырулар енігізілді. Десе де, қандастар үшін бюрократиялық кедергілер көп, – деді Қан­дастарды ақпараттық қолдау орталығының үйлестірушісі Бо­лат Зауытұлы. Өз кезегінде Көші-қон қызметі басқармасының аға инс­пекторы, полиция майоры Жанар Ерланқызы қордаланған мә­селелерге заң аясында жауап беріп, болашақта дайындалып жат­қан «Бір терезе» қағидасы тақырыбында сөз қозғады. – Бұрын естеріңізде болса, қандастар алғаш елге келген жылдары оларды тұрақты тіркеуге тұрғызатын жатақханалар болды. Қазір ондай жатақханалар жоқ деуге де болады. Сон­дық­тан ол кезде қандастарға тұрақты тіркеуге тұру қиын емес еді. Бәлкім, осындай бір жеңілдік қажет. Біз қандастарға көр­сетіл­ген заң аясында ғана қызмет көрсетеміз, – деді Көші-қон қыз­меті басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Жанар Жақыпова. Сонымен қатар  видеоконференцияға қатысушылар «қан­дастарды арнайы бір мекемеге уақытша (азаматтық алғанша) тір­кеуге болар еді. Мәселен, шетелден жаңа көшіп келген қан­дастар Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына тіркесе» де­ген ұсыныстар айтылды. Әзірге бұл жайында Қоғамдық бір­лестік тарапынан жауап жоқ. Алайда қандастардың тұрақты тір­кеуге тұру негізінде туындайтын мәселелерді зерделей кел­генде Көші-қон заңындағы көрсетілген талаптар өзгертілмей ештеңе өнбейтіні анық. Сондықтан бұл түйткіл Парламентте талқыланып, заңға толыққанды өзгеріс енгізуді қажет етеді.

Серіктес жаңалықтары