21 Қараша, 21:18 308 0 Көлік Túrkistan Gazeti

Балалар қауіпсіздігі тағы сөз болды

Кеше өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында еліміздегі мектептерді инспекторлармен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету талап етілді. Бұл туралы депутат Ирина Унжакова бастама көтеріп, Премьер-министр Асқар Маминнің атына депутаттық сауал да жолдады. 

Халық қалаулысы Ирина Унжакованың айтуынша, көп жағдайда инспекторлар мектепте емес, жиындар мен түрлі шараларда жүреді. Тіпті, депутат мектеп инспекторларының өз қызметінде ұзақ тұрақтамайтынын да тілге тиек етті. «Олардың жиі ауысуы салдарынан балалар да, мұғалімдер де мектеп инспекторының түрін есте сақтап үлгермейді. Ішкі істер министрлігі  мәліметінше, қазіргі кезде мектеп инспекторларымен жасақталмау деңгейі 2 000 бірлікті құрап отыр», – деді депутат.

Сонымен қатар Ирина Унжакова балалардың мектептерде тиісті деңгейде қорғалмайтынын сөз етті. Оған апта басында Таразда орын алған оқиға себеп. Айта кетейік, Тараз қаласындағы №6 мектептің 7-сынып оқушысын білім ордасының әжетханасында зорлап кеткен еді. «Тараздағы трагедия мектептегі бейнебақылау жүйесінің тиімсіздігін көрсетті. Ресми жаңалықтарда аталған ер адам мониторларда бір сағат бойы көрініп тұрғаны хабарланды. Алайда оған ешкім назар аудармаған. Жалпы, білім беру ұйымдарында балалардың өмірі мен қауіпсіздігіне мектеп мекемесінде жұмыс істейтін барлық адам жауапты, оның ішінде мектеп инспекторлары да бар», – деп атап өтті ол.

Маңызды мәселелерді жіпке тізген депутат кешенді әрі жүйелі шараларды қабылдау туралы ұсыныс білдірді. Әсіресе, барлық мектепті ғимарат ішіндегі әжетханамен қамтамасыз ету, бейнебақылау жүйесін интеграциялау жұмыстарын жеделдету қажеттігі ескертілді. Сондай-ақ мектеп инспекторларымен толықтай қамтамасыз ету, бейтаныс адамдардың білім беру мекемесінің аумағына кіруін шектеу бойынша қатаң тәртіп енгізу ұсынылды.

 

Соңғы жаңалықтар