244
Теңгенің «теңселуінен» коронавирустың үрейі басым
Теңгенің «теңселуінен» коронавирустың үрейі басым
Коронавирус індетінің жаһанды жайлауы және ОПЕК+ қатысушыларының сәтсіз келіссөздері салдарынан апта басында әлемдік мұнай бағасы шамамен 30 пайызға арзандап, баррелі 31 долларға дейін төмендеді. Бұл – соңғы 30 жылдағы құлдыраудың ең жоғары деңгейі. Әлемдегі бұл ахуалдан кейін экспортының басым бөлігін мұнай өнімдері құрайтын Қазақстанда доллар бағасы күрт қымбаттап кетті. Ел экономикасын әлемдік экономикадағы тұрақсыздық салқынынан қорғау үшін дүйсенбі күні Мемлекет басшысы шұғыл кеңес өткізіп, Үкіметке халық алдындағы әлеуметтік міндеттерді толық орындауды және дағдарысқа қарсы жоспар түзетін жедел штаб құруды тапсырды.
Жыл басынан бері коронавирус дертінің ушығуы әлемдегі энергия тұтыну көлемін төмендетті. Бұл өз кезегінде мұнай бағасының арзандауына әкеліп соқты. 6 наурызда Венада бас қосқан ОПЕК + альянсының мүшелері өндіріс көлемін одан әрі азайту жөнінде келісімге келіп, жаһандағы нарықтық жағдайды тұрақтандырады деген үміт болған. Алайда келіссөз нәтижесі жұрт күткендей болмады. Тараптар ортақ мәмілеге келе алмай, бұрын қабылданған барлық міндеттемелерді орындаудан бас тартты.
Блумбергтің дерегінше, 1 сәуірде Сауд Арабиясы шикізат өндірісін тәулігіне 10 млн баррельге дейін, қажет болған жағдайда 12 млн-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Эр-Рияд та өз тұтынушыларына бұрын-соңды болмаған жеңілдіктер ұсынып, қара алтын өндірісін шектемейтінін аңғартты. Мамандар мұнай бағасының күрт төмендеуіне осы фактор себеп болғанын алға тартады.
Қара алтын құны құлдырағаннан кейін 9 наурызда еліміздің валюта айырбастау пункттерінде доллар күрт қымбаттап кетті. Нұр-Сұлтан мен Алматының айырбастау пункттерінде АҚШ валютасының бағамы 400 теңгеге дейін жетті. Сейсенбіде қазақстандық қор биржасындағы таңғы сауда нәтижесінде доллардың аралық бағамы 393,5 теңге көлемінде болды. 6 наурызда шетелдік валютаның бағамы 382,05 теңге болғанын ескерсек, доллар 11,5 теңгеге қымбаттап отыр. Осы орайда, ұлттық валютаның айырбастау бағамын ұстап тұру мақсатында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9,25%-тен 12-ге дейін көтергенін айта кеткен жөн.
Сейсенбідегі Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин зейнетақы мен жәрдемақы өз уақытында және толық төленетінін, жаңа жұмыс орындары ашылатынын мәлімдеді. Ал Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, Қаржы министрі Әлихан Смайылов теңге бағамына байланысты зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмекке индекстелетінін айтты.
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Үкіметтегі брифингте азық-түлік, басқа да тауарлар бағасына қатысты пікір білдірді. Ведомство басшысының пайымынша, Қазақстанда сатылатын азық-түліктің басым бөлігі – жергілікті өнім болғандықтан, доллар бағамы отандық тауарлардың бағасына әсер етпеуі тиіс. Алайда, министр бағаны өзгертуге қатысты сөз байласулар тауарлар бағасына әсер етуі мүмкін екенін жоққа шығармады. Р.Дәленов мұндай бағаны көтермелеу әрекеттерінің жолы кесілетініне уәде берді. Басында кәсіпкерге ескерту жасалады, ал егер бағалардың жасанды жолмен көтермеленуі тоқтатылмаса, қатаң тексеріс жүргізілмек. Десе де, министр валюта бағамының құбылуы шеттен келетін техника, электронды техника және дәрі-дәрмек құнына әсер ететінін жоққа шығармайды.
Сондай-ақ Руслан Дәленов жағдай тұрақталмаған жағдайда Ұлттық қор қаражаты көмекке келетінін жеткізді. Министрдің айтуынша, Ұлттық қорда қазір 27 триллион теңге бар, мемлекет жыл сайын шамамен оның 2,7 триллион теңгесін пайдаланады.
Нұрлан СЕЙДІН, саясаттанушы:
Теңге құнсызданды деп байбалам салу қисынсыз
– Әлем қазір күрделі жағдайда. Бір жағынан коронавирус үрейлендіріп тұрса, екінші жағынан геосаяси қақтығыстардың қауіп-қатері бар. Оған мұнай нарығындағы ахуалды қосыңыз. Біз жабық мемлекет емеспіз, сол себепті мұның бәрі біздің елге де әсер етері сөзсіз. Қытай мен Қазақтан арасында сауда айналымы өте жоғары деңгейде. Екі ел арасындағы шекара бекеттерінің уақытша жабылуы, аспанасты еліндегі ірі кәсіпорындарда жұмыстың тоқтауы бізге біраз қиындықтар алып келетіні анық. Екіншіден, Қазақстан мұнай өндіруші ел болғандықтан әрі бюджет кірісінің негізгі бөлігі қара алтын саудасынан түсетіндіктен әлемдік мұнай бағасының құлдырауы ел экономикасына ықпал ететіні белгілі. Үкімет тарапынан шұғыл іс-әрекеттер атқарылып жатыр. Дағдарыс бүгін пайда болған жоқ. 2009 жылдан бері жалғасып, бірде бәсеңдеп, бірде күшейіп келеді. Бұл бағытта мемлекеттің арнайы бағдарламалары әзірленген. Сол бағдарламалар дұрыс жүзеге асырылып, қолға алынған шұғыл әрекеттер нәтижесін берсе, еліміз жаһандық экономикадағы тұрақсыздықтың салқынын сезе қоймайды деп ойлаймын. Теңге құнсызданды деп байбалам салу қисынсыз болар. Жаңа жылдан кейін АҚШ долларының құны шамамен 380 теңгенің айналасында тұрақтағаны рас. Алайда өткен жылы негізінен 390 теңгенің көлемінде болды. Ұлттық нарық та, халық та соған бейімделген. Бюджетті бекіткенде де сол бағам ескерілген. Демек, 1 доллардың 393-395 теңгеге жетуі біз үшін дағдарысты жағдай емес. Мұнай өндіруші мемлекеттердің қай-қайсысы үшін де қара алтын құнының құлдырауы тиімсіз. Сондықтан мұнай алпауыттары өзара келісімге келіп, әлемдік нарықтағы жағдай реттеледі деп сенеміз. Қара алтын бағасы өсіп, барреліне 50 долларға дейін көтеріледі деген болжам бар. Осы болжам расталса, уақытша тұрақсыздық экономикамызға қысым, халқымызға ауыртпалық түсір-мейді.