Өңірде «Таблиғи жамағат» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) діни-экстремистік ұйымының идеясын насихаттаушылар әлі де бар, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы жүргізген кешенді жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде соңғы екі жылда «Таблиғи жамағат» ұйымының идеясын насихаттады деген күдікпен екі адам ұсталған.
– Бір тұлғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 405-бабының 2-бөлігі бойынша сот үкімі шығып, ол 2 жыл мерзімге миссионерлік сипаттағы діни қызметпен айналысу құқығынан айырылып, 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасына тартылды. Екінші күдіктіге қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жолданды, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар 5 азаматтың тұрғылықты мекенжайларында тінту жұмыстары жүргізіліп, Қазақстан аумағында таратуға, сақтауға және басып шығаруға тыйым салынған 130 дана діни әдебиет пен кассета тәркіленіп, сараптамаға жіберілді. Аталған тұлғалар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 453-бабының 1-бөлігімен жауапкершілікке тартылмақ.
– Жыл басынан бері «Таблиғи жамағат» және «Иақын Инкар» (екеуіне де Қазақстанда тыйым салынған) радикалды-экстремистік ұйымдарының жақтаушыларымен «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету қоғамдық қорының теолог мамандары бірлесіп, профилактикалық әңгімелесулер тұрақты түрде жүргізіліп келеді, – деді ведомстводан.