384
Аңқау елге арамза көп
Аңқау елге арамза көп
«Гарант 24 Ломбард», «ЕЅТАТЕ Ломбард», «Выгодный займ». Соңғы күндері осы үш компанияның атағы жер жарып тұр. Аңқау жұрттың сеніміне кіріп, 5 миллиард 411 миллион теңгеге жуық қаржысын қолды қылғандардың «серкесі» шетел асып кеткен. Маңдай термен тапқан ақшасын қайтарып беруді талап етіп, аталған компаниялардың әр аймақтағы кеңселерін басып алған салымшылар алаяқтардың үстінен 3 мыңнан астам шағым түскен. Қаржылық пирамидаға ұқсас компаниялар өткен жылдан бері 42 мың адаммен келісімшарт жасап үлгеріпті.
Қой терісін жамылған «бөрілер»
Мемлекеттік кірістер департаментінің ресми порталында «Гарант 24 Ломбард» ЖШС ломбард және өзге де несиелік қызмет көрсетуші ретінде тіркелген. Қаржылық ұйым әділет органдарында 2018 жылы 26 маусымда есепке алынып, еліміздің 13 өңірінде бір жыл сегіз ай бойы жұмыс істеген. «ЕЅТАТЕ Ломбард» пен «Выгодный займ» компаниялары да дәл осындай мерзімде қызмет етіп, ел тұрғындарының мүлкін жымқырып келген. Polisia.kz сайтының хабарлауынша, азаматтардың мүлкі мен ақшалай қаражатын алу схемасы кеңселерді жайластыру, қызметкерлер штатын жинау және кәсіпорындардың жалған директорларын тағайындап, өңірлік өкілдіктер ашу әрекеттері арқылы жүзеге асырылған. Салымшылардың қатарын арттыра түсу үшін қазақстандық эстрада және спорт жұлдыздарының қатысуымен кең жарнамалық науқан жүргізген. WhatsApp мессенджерінде ЖШС басшылары чат құрып, оған барлық салымшыларды қосқан. Аталған ЖШС азаматтардан жылжымалы және жылжымайтын мүлікті жоғары құны бойынша бөліп-бөліп сатып алған, кейіннен 3-5 ай ішінде клиенттерге мәміле сомасының бір бөлігін төлеген, ал осы уақытта қабылданған мүлікті үшінші тұлғаларға нарықтық құнынан төмен бағаға сатқан. Бұдан бөлек, аталған компаниялар өз клиенттерінен депозит ретінде ай сайынғы сомадан 30 пайыздан 40 пайызға дейін сыйақы төлеуге уәде бере отырып, салымдар қабылдаған. Барлық ақшалай қаражат бас офиске құйылып отырыпты. 15 ақпанда серіктестіктердің басшылары өз қызметін бір уақытта тоқтатып, жиналған ақшамен бой тасалағанда ғана салымшылар алданғанын біліп, сан соғып қалды. 19 ақпан күні «Гарант 24 Ломбард» ЖШС құрылтайшысы, 1993 жылы туған Аслан Мырзабеков WhatsApp чатында салымшыларға «Мен сендердің ақшаларыңды қайтармаймын. Сенімдерің үшін рақмет! Тегін ақша әуесқойлары! Бәріңіз сау болыңыздар!» деген хабарлама қалдырыпты. Сол күні әр аймақтардағы ішкі істер органдарына азаматтар өз мүліктері мен қаражаттарын заңсыз иеленуге байланысты шағым түсіре бастады. ІІМ Тергеу департаментінің және аймақтық полиция департаменттерінің қызметкерлерінен тез арада жедел-тергеу тобы құрылды. Бүкіл республика бойынша компания кеңселерінде тінту жүргізіліп, бірлескен қызмет туралы шарттар, бухгалтерлік құжаттама, ноутбуктер, оргтехникалар, зергерлік және басқа да бұйымдар алынды. Алынған құжаттарға сүйенсек, компаниялар 42 мыңнан астам адаммен шарт жасасқан. Алдын ала деректер бойынша келтірілген шығын мөлшері 5 миллиард 411 миллион теңгеге бағаланып отыр.9 күдікті мемлекетаралық іздеуде
ӘӘМ Тергеу департаменті аталған фактілер бойынша 190 (алаяқтық) және 217-бап (қаржы пирамидасы) негізінде 22 қылмыстық іс тіркелгенін, 13 адам қамауға алынғанын хабарлады. Атап айтқанда, қаржылық ұйымдардың Алматы, Атырау, Тараз, Павлодар, Қарағанды, Ақтау және Батыс Қазақстан облысындағы филиал директорлары тұтқындалды. Құқық қорғау органдары күдіктілердің үстінен Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-тармағы, яғни «алаяқтық» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Ал елдің қаржысын алып, шетел асып кеткен «Гарант 24 Ломбард» компаниясының иесі Аслан Мырзабековке және оның 8 серіктесіне мемлекетаралық іздеу жарияланды. Әзірге олардың ізіне түсу мүмкін болмағанымен, Мырзабековтің халыққа жолдаған видеоүндеуі желіні шарлап жүр. Бейнематериалда іздеудегі азамат салымшыларға ақшасын қайтарып беру үшін Қазақстаннан кетіп қалғанын айтады. Оның сөзінше, құқық қорғау органдарында өзіне қатысты арыз-шағымның көптігіне байланысты ол елге оралған бетте қамауға алынып, халықтың ақшасын қайтару мүмкіндігінен айырылады. Осылайша ақталған алаяқ қашқын болсам халыққа видеоүндеу жолдамас едім дегенді алға тартады. «Жауып тастағаннан (абақтыға-ред) қорықпаймын. Сіздердің ақшаларыңызды қайтара алмаудан қорқамын. Егер қашып кететін ниетім болса, видео жолдамас едім. Мен үнемі сіздермен байланыста отырдым, қалаларда кездесіп те тұрдым. Қызметкерлерім де жалдамалы, олар да нәпақа табу үшін жүрген адамдар. Қазір елге оралсам, мені жауып тастайды. Егер арыз аз болса немесе мүлде болмаса, Қазақстанға оралып, азаматтарға ақшасын қайтарамын», – дейді жұртты алдауды жалғастырғысы келген «Гарант 24 Ломбард» ЖШС басшысы.Жарнама жасағандар да жауапқа тартылады
Қаржы пирамидаларынан ел тұрғындарының аузы әбден күйген. Өзгенің есебінен баюды көздейтіндердің қитұрқылығы осы күнге дейін талай рет әшкереленді. Әйтсе де, қазақстандықтар алаяқтарға жем болуды, қаржы пирамидаларына ақша салуды қояр емес. Әлеуметтанушылар мұны азаматтардың қаржылық сауатының төмендігімен байланыстырады. Өз қаржысын дұрыс пайдалана білмейтіндер әккілерге тез алданады. Оның үстіне, қоғамда оңай олжаға кенелуге, жан ауыртпай табыс табуға ұмтылыс көбейген. Тағы бір себеп – ел тұрғындарының жарнамаға сенгіштігі. Алаяқтардың жарнамаға халық алдында жүрген танымал тұлғаларды тарта білуі салымшылар санын арттыра түскен. Әнші Айқын Төлепберген, белгілі актерлер, ағайынды Асылхан және Артур Төлеповтер, ережесіз жекпе-жек шебері Қуат Хамит, Instagram-да 1,6 млн жазылманы бар атақты вайнер Мейіржан Төребаевтар жарнамасын жасап, мақтауын асырса, халық сенбей қайтсін? Алайда шу шыққан күні өнер иелері әлеуметтік желіде халықтан кешірім сұрап, өздері де алданғанын айтып ақталды. Салған ақшаларын қайтару үшін олар да ішкі істер органдарына арызданған көрінеді. Әлеуметтік желілерде, БАҚ беттерінде өткір пікірлерімен көзге түсіп жүретін әнші Меруерт Түсіпбаева жұртты қаржы пирамидаларына қаржы салуға үгіттеген әртістердің халықтан кешірім сұрауы жеткіліксіз деп есептейді. Ол алаяқтарға жарнама жасағандар заң бойынша жауапкершілікке тартылуын талап етті. «Айқын, Асылхан, вайнер Мейіржан туралы айтар болсақ, олардың «ұят болды» дей салғаны ақталуға жатпайды. Оларда да жауапкершілік болуы керек. Олардың ішінде актер Төлепов (Асылхан Төлепов- автор) те жүр, ол 13 млн теңге құйды ма, құймады ма, білмеймін. Бірақ осылай жарнама жасадыңдар ма, халықты сол іске тарттыңдар ма, елдің адасуына себепкер болдыңдар ма, сауаты жете бермейтін қарапайым адамдардың адасуына түрткі болдыңдар ма, онда заң жүзінде жауап беріңдер! Заңда алаяқтық, адастыру деген сияқты баптар бар. Сол тармақтар бойынша іс қозғалуы керек деп ойлаймын», – деді Меруерт Түсіпбаева Azattyq Rýhy агенттігіне берген сұхбатында. Ал Мәжілістің экс-депутаты, Ұлттық тұтынушылар лигасының төрағасы Светлана Романовская халықты адасуға итермелеген Instagram жұлдыздарының аккаунтын бұғаттауды ұсынды. Оның айтуынша, миллионнан астам жазылушысы бар танымал адамдар өз аккаунттарында жарияланатын жарнаманы тексермейді. Нәтижесінде, желіде синтетикалық есірткі де, қаржылық пирамидалар да жарнамалануда. «Адамдарды адастырмас үшін желі жұлдыздары не жариялағалы жатқанын тексеруі қажет еді. Олар ақшаны алған да, жазылушыларын пысқырмаған. Бұл жағдайда оларды да алданғандар қатарына қосып, ақтап алудың қажеті жоқ. Олар қомақты ақша алды. Демек, өзіне сенген қаншама адамның арбауға түскені үшін жауап берулері қажет. Кімнің жазылушыларының арасында алданғандар көп болса, сол азаматтардың аккаунтын бұғаттау керек деп ойлаймын. Сонда бұдан былай адамдарды ақымақ қылғанды доғарады», – дейді Романовская. Қоғам белсенділерінің осындай наразылығынан кейін кеше Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов қаржы пирамидаларын жарнамалаған эстрада және спорт жұлдыздарының әрекетіне қатысты түсінік берді. «Жақын арада қаржы пирамидаларының жарнамалық қызметіне қатысқан эстрада жұлдыздарынан жауап алынады. Жалған ақпарат тарату, қаржылық пирамидаларды жарнамалағаны үшін заңнама бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, оны тергеу барысында тексереміз. Шоу-бизнес өкілдері қылмыстық әрекеттерді, қылмыстық ұйымдарды жарнамалап отырғанын нақты білуі тиіс. Бұл ұйымдар біздің азаматтардың ақшасын жымқыру үшін құрылған», – деді департамент басшысы. Бұл оқиға халыққа да, әлеуметтік желіде жарнама арқылы табысын еселеп отырған танымал азаматтарға да сабақ болары анық. Оңай олжа жайлы естісе, соңғы тиынын санап беруге даяр тұратындар тағы да сан соғып қалмауы үшін ел тұрғындарының қаржылық һәм құқықтық сауатын арттыруға күш салынуы қажет. Желіде жарнама жасау мәдениетінің де сын көтермейтініне көзіміз жетіп отыр. Мінімізді түзеу, жоғымызды түгендеу үшін міндетті түрде шу көтерілуін, жаға жыртылуын, кісі өлуін күтетініміз өкінішті...Асхат САДЫРБАЙ, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, журналист:
Ақша үшін көптің сенімін жыға салуға болмайды
– Әлеуметтік желіні белсенді пайдаланатын танымал адамдардың көбі өз оқырмандары алдындағы жауапкершілікті сезінбейді. Елдің сеніміне, үлкен аудиторияға ие болып отырғандықтан желіде жарияланатын жарнаманы әбден тексеріп алған жөн. Заңгерлермен келісіп, ақ-қарасын айыруы қажет. Төлейтін ақысына қызығып, көптің сенімін жыға салуға болмайды. Маған да Instagram-да тауарын, қызметін жарнамалап беруімді өтініп, түрлі адамдар хабарласады. Қомақты қаржы ұсынса да, өзім тексеріп көрмеген, пайдалы екеніне көзім жетпеген дүниені жұртқа жарнамалаған емеспін. Өйткені қаншама адамның көз жасына қалғым келмейді. Жарнама атаулының барлығы қатаң бақылауға алынуы керек. Желіде өткізілетін заңсыз лотореялар, қауіпті жарнамалар, күмәнді тауарлар мен қызметтер – бәрін құзырлы органдар тексеруі қажет. Әйтпесе, интернет-алаяқтардың, қаржы пирамидаларының құрбаны болған адамдардың саны арта бермек. Динара БОЛАТ, психолог, блогер:Әр адам өз шешіміне жауапкершілік алып үйренуі қажет
– Жуырда өткізген онлайн сабағымда ішкі мәдениеті жоғары адам біреудің шешуші сәтте тәуекелге баруына, шешім қабылдауына ықпал етпейтіні туралы атап өттім. Соңғы кезде әлеуметтік желідегі халықтың жұлдыздардың жарнамасына алданып ақша салулары мысал. Қаржылық сауаттылық, ақша жинау туралы мен жиі айтатын болғандықтан әлеуметтік желіде: «Қай банкте жинаған дұрыс, айтып жібересіз бе?» деп көп сұрайды. Ешқандай банкті ұсына алмаймын. Білмегендіктен емес. Өзім салмағандықтан емес. Өзгенің мұндай шешуші кезеңіне жауапты болғым келмейді. Ертең банк құласа, кінәлі Динара болып шығады. Ешкім ешкімге соңғы шешіммен көмектеспеуі керек. Ылғи өзіңізге ғана тиесілі шешім деймін. Ажырас/ ажыраспа. Баланы ту/тума. Мына адамға тұрмысқа шық/ шықпа. Біз біреудің шешіміне араласпай үйренуіміз керек. Ал әр адам өз шешіміне жауапкершілік алып, қателесіп, қателеспей үйренуі керек. Тіпті, сіз сол банкке барып ақша салып, алданып қалсаңыз да біреуге сенген өзіңіз кінәлі. Оның жауапкершілігін өзіңіз ғана көтеріп үйрену қажет. Қысқасы, біреу біреудің шешіміне араласпаса, ал қалғаны өз шешіміне өзі жауап берсе ізгі қоғамға бір табан жақындаған боламыз.