MV Hondius кемесінде анықталған хантавирус індетінен кейін Франция азаматының ПТР-тесті оң нәтиже көрсетті. Бұл туралы Францияның денсаулық сақтау министрі Стефани Рист мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz BFMTV-ге сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, әйел адам круиздік лайнерде болған, кеше Францияға оралған. Түнде оның жағдайы нашарлап, хантавирусқа тапсырған тесті оң нәтиже берген.
Қазір науқас жұқпалы ауруларға мамандандырылған ауруханаға жатқызылған.
Бұл – Франциядағы хантавирус жұқтырудың алғашқы жағдайы. Ел билігі әйелмен байланыста болған 22 адамды анықтады. Франция үкіметінің өкілі Мод Брежон инфекцияның таралуына жол бермеу үшін барынша қатаң шаралар қабылданып жатқанын айтты.
Сонымен қатар ол тұрғындарды дүрбелеңге бой алдырмауға шақырды.
Бұған дейін MV Hondius кемесінен түсірілген Францияның бес азаматы мінген ұшақ Париж маңындағы Ле-Бурже әуежайына қонған еді. Олардың төртеуінің ПТР-тесті теріс нәтиже көрсеткен.
Айта кетейік, қауіпті хантавирус індеті Аргентинадан Кабо-Вердеге бағыт алған Нидерландтың MV Hondius круиздік лайнерінде тіркелген. ДДСҰ жеті адамның вирус жұқтырғанын растады, оның үшеуі қайтыс болған.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, Испанияда, Тристан-да-Кунья архипелагында, сондай-ақ АҚШ азаматы арасында да хантавирус жұқтыру жағдайлары анықталған. Польшада бір адам осы вирусқа күдікпен санитарлық бақылауға алынған.