27 Ақпан 2020, 09:10 1285 0 Әдебиет "Түркістан" газетінің авторлары

Хакімнің жиырма бесінші қара СӨЗІ және БІЗ

Абайдың қара сөздеріндегі тіл білу, білім алу жайын жан-жақты қозғаған мына бір жолдарға назар аударайық. Ұлы ойшыл былай дейді:  «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі – олар дүниенің тілін білді... Сен оның тілін білсең, көкірек-көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағуасына кіреді... Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі».

Бұлар – ойшыл ақынның сонау XIX ғасырда жазғандарынан. Ғақы­лия­сындағы 25-ші сөзден алынған үзік­тер. Осы жолдардың «Орыстың тілі – дүниенің кілті» деп қысқа тұжы­рым­далған нұсқасы кешегі Совет за­ма­нында бағдаршам іспеттеніп, бар­шамыздың санамызда жарқырап жанып тұрғаны белгілі. Оны тәуелсіздік дәуірі басталғалы, әсіресе қазіргі таңда да ұмытқан емеспіз. Әйтсе де,  бұл тұ­жырымды бүгінгі 21-ші ғасырда кей­де кейбір саясаткерлеріміз есімізге салып қояды. Соған қарап, ұлы Абай өсиет­терін осынау азаматтарымыз тым біржақты түсінген екен-ау деген ойға еріксіз жығыласың...

Көңіл күй көгін отаршылдық бұл­ты қымтап тұрған кезеңдегі аталған пайымдарында (25-ші қара сөзінде) ұлы ойшыл Абай атамыз баланы орыс­ша оқытуды керек етудің шартын да айтқан. «Әуелі мал табу керек» деген. Онысын: «Қарны аш кісінің көңі­лінде ақыл, бойында ар, ғылымға құ­марлық қайдан тұрсын?»  деп дәйек­теген.  «Малдың тапшылығы» тойып та­мақ ішіп, еңсені көтеріп жүруге мүм­кіндік бермейтіні өз алдына, «ағайын­ның араздығына уа әртүрлі бә­леге, ұрлық, зорлық, қулық, сұмдық се­кілді нәрселерге үйірлендіруге себеп болатұғын» пәлекет екенін де  атап көр­сеткен. Еңбектеніп «мал тапса – қарын тояды». Содан соң білім іздейді, «білім түгіл, өнер керек» екенін тү­сіне­ді. «Соны үйренейін, не балама үйре­тейін» деген жақсы ойға кетеді. Бірақ мойындау керек, «жақсы ойға» құла­ғанның бәрінің бірдей ниеті таза бола бермейді. Ақын дәл аңғарған: «Ләкин осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен тағы қазақты аңдысам екен дейді». Яғни шаласауат, пәреқор тілмәш қа­тарының көбейгеніне наразылық біл­діреді. Шешімді түрде: «Жоқ, – дейді, – олай ниет [ету] керек емес». Орыс­ша оқуды қазақ үстінен һарамдықпен оңай пайда табу көзіне айналдырма дейді.

Ақынның сол заманда орысша оқыған қазаққа берген кеңесі мынандай: «Малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, [барша қазаққа] соны үйретейік!». «Орысша оқыған­дар­дың жәрдемімен орыстың озық жұмыс тәсілдерін тү­сініп көргендер және оларды үйренушілер кө­бейсе» дейді данышпан ақын, сонда «ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз қорлығына көнбес едік». Міне, қараңғы халық арасында өмір сүрген Абай ойшылдың арманы:  қазаққа ұлық болып келгенде импер-ияда ба­р заңды белінен басып, өз дегенін қа­лауын­ша жасай беретін отаршыл орыстың озбыр­лы­ғына бас шұлғи бермеу, «ұлықсыған орысқа» емес, баршаға ортақ заңға ғана бағыну. Ал бұл үшін орыстың тілін білу қажет. Орыстың тілін «қазақ­қа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, жұрт қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек». Осындай пайым­дарын тарқата келе, ақын ойын былай ше­гендейді: «Турасын ойлағанда, балаңа қатын әпер­ме, енші берме, барыңды салсаң да, орыстың ғы­лымын үйрет! Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма!»

Жақсы өсиет, жақсы тілек. Өнер-білімі, тұрмысы озық орыстың тілін біл деген өсиет­ті ұлы Абайдың өзі айтқанын кім білмеуші еді? Алайда соны  қазір мемлекеттік тілді қабыл алғысы келмегендердің кез келгені есіне түсіре қояды деп кім ойлаған? Олардың ең сауаты артып кеткендері мұны өздері ұнатпайтын «ұлт­шылдардың» бетіне басатыны да көрініп қалып жүр. Ондайлардың ұлы ойшыл осы өсиетінде орыс тілін үйренудегі мақсаттың маңызды жағын ескерте кеткенін де ұмыт қалдырмағаны жөн. Орыстың тілін отаршылдардың заңын біліп, озбырлығынан қорғану үшін және өз жұртын ел қатарына қосу үшін үйрену керек деген ақын шартына мән бере қарау ләзім. Жиырма бесінші сөздегі пікірлер мен ойлардың, айтылған ұсы­ныс­тардың отарлық қамыт киіп жүрген XIX ға­сыр қазағына арналғанын ойдан шығармаған дұрыс.

Ұлы Абай айтқан өсиет отаршыл өкіметтің іс-әрекетімен сол шақта тамаша ұштасып кетті. Патша үкіметі бұратаналарды мемлекеттік тілді білуге  баулуды көздейтін арнайы оқу орындарын қазақ арасында ашып беріп жатқан. Сөйтіп XIX ғасырдың соңғы ширегінде Түркістан өлкесінде ашылған орыс-тузем мектептері, XX ғасырдың басынан Дала өлкесінде көптеп ашыла бастаған орыс-қазақ мектептері Империя әкім­шілігінің басқару жүйесіндегі елеулі тетікке айналған-ды. Бұл мектептер арқылы бір жағынан  өлкелерді империяның халық ағарту жүйесіне қосу, екінші жағынан  қазақтардың діни белсенділігіне тежеу салу көзделді. 25-ші қара сөзінде Абай: «Дінге де жақсы білгендік керек. Жорғалықпенен көңілін алсам екен деген надан әке-шешесін, ағайын-жұртын, дінін, адамшылығын жауырыннан бір қаққанға сатады. Тек майордың күлгені керек деп, к... ашылса да, қам жемейді», – деген-тін. Отар әкімдері («майор») алдында мүләйімсіп қалатын жағымпаздардың осы бір келеңсіз қа­сиетін патша әкімшілігінің қызметшілері жіті аңғара білген. Екі өлкені де терең зерттей келе, қазақтарды орыс тілін оқуға бейім, дінге сонша­лықты қатты емес деп тапқан. Сөйткен де, әкімшілік ісін жүргізуге көмекшілер дайындау үшін, қазақтың ұлдарын мемлекет мектептеріне тартқан. Болашақ қазақ отбасыларында орыс мәдениеті еркін орын алуын ерте бастан қам­тамасыз ету үшін, ертең ана болуға тиіс қазақтың қызын да мемлекет мектептерінде оқытуды бастаған. Бұратаналарды біртіндеп шоқындыру жобасын да жасаған. Осындай және басқа да жолдармен империя идеологтары орыс тілін сананы жаңарту тілі, модернизация тілі ретінде кең қолданысқа енгізіп, қазақтарды аккультурациялауды, яғни орыс мәдениетіне жақындата түсуді мақсат етті. Бұл шынтуайтында, өлкені орыстандырудың, түптеп келгенде ассимиляция­лаудың алғашқы басқышы болатын.

Абай осы біз тілге тиек етіп отырған ға­қы­лиясын жұрттың сауаты шамалы XIX ғасыр қазағына айтқан еді. Патша заманында ашылған орыс-қазақ мектептеріндегі шәкірттерді ынталандыратын мақтау грамоталарында қазақтың ұлы ағартушылары Абай, Ыбырай, Шо­қан суреттері бейнеленетін. Одан кейінгі, әсіресе Совет заманындағы өзгерістер орыс тіліне сұра­нысты арттыра түскендіктен, билеушілеріміз әрдайым ұлы Абай өсиетін ту ететін. Кезінде патша өкіметінің орыс тілін өзге ұлт пен ұлыс өкілдеріне күштеп үйрету саясатын Ленин қатты сынаған еді. Орыс тілін орыс еместерге зорлық­пен таңудың дұрыс еместігін айтқан. «Тегі бө­тендерге орыс тілін үйрету үшін бар болғаны мұқ­таждық туғызу жеткілікті, ал ақымақ үкі­меттің соған ақылы жетпей тұр» деген-ді. Билікке келгеннен кейін большевизм тап солай етті, жер-жерде орыс тілінсіз күн көру мүмкін болмайтын жағдай жасады. Үш дүркін жүрген алапат аштық нәубетінен селдіреп, одан, тың көтеру желеуімен жері жаңаша отарланғандықтан ұлттық азшылық деңгейіне түсіп қалған қазақ халқының арасына, дұрысында, ішіндегі тәуір жерлерге қоныстанған еуропалық жұрттың тілін үйренуді өмірдің өзі талап еткен. Советтік дәуір­дің «коммунизмге орыс тілімен бару» ұраны, тегеурінді идеологиялық жұмыстар нәтижесі ретінде орыс тілін «достық тілі», «екінші ана тілі» деп тану, турасын айтқанда, қазақтың туған тілі­нің, ана тілінің қолданыс аясын мүлдем шектеді. Оны қоғамдық-саяси өмірден іс жүзінде ысырып тастады. Баяғы патша идеологтары мен саясаткерлері көздеген мақсатқа – империя тұр­ғын­дарын бір тілде сөйлетуге, этникалық келбеті бөлек болғанмен, жанын құдды орыс мұжы­ғындай бір тұрпатты етуге жетіп те қалғандай ахуал орнады. Совет заманында кең қолданылған формула («түрі – ұлттық, мазмұны – социалистік») сананы қырнап, біртекті күйге түсіруді көздеді, тек қана орыс тілін мүлтіксіз меңгеріп, әлдебір еңбегімен танылғандарды  «интернационалист»  атандырды. Кейбір  орыстілді қалам­гер­лер қыза-қыза өздерін «мәдениеттерді жақын­дастырудың аванпостындағы жауынгерлерміз» деп сезінді, тәуелсіздікке дейін мақтанышпен солай айтып та жүрді.  Халықтың біраз бөлігі – түрі қазақ болғанмен, жаны орыс, тілден мақұ­рым, іс жүзінде орысқа сіңіскен, ассимиляция­лан­ған, басым бөлігі – екі тілді, оның көпшілігі орыс­шыл болатын. Осындай жағдайда тәуел­сіз­дікке жеттік.

Тәуелсіздік келгенде, орысшылдардың сол шақтағы парламентте басым болуы салда­рынан, Совет Одағы дәуірінде Қазақ Республикасы атанған советтік социалистік мемлекетіміздің атауындағы осы екі идеологиялық құрамдас бө­лікті  – «Советтік Социалистік» деген сөздерді алып тастап, ел атауын «Қазақ Республикасы» деп қалдыру жайындағы ұсынысқа орыстар мен орыс­тілділер жан-тәндерімен қарсы болып, қа­зір­гі аталымға тоқтады. Өзіміздің орыстіл­ділері­міздің әсіре белсенділігінен алғашқы тіл туралы заң қабылданған шақтағы бастама – үкіметтің билік буындарын біртіндеп мемлекеттік тілде жұмыс істеуге кіргізу кестесі құрдымға кетті. Содан бері «тілді дамыту керек» деген жасанды ұранмен, советтік қыспаққа қарамастан әлде­қашан дамыған тілдің қолданыс өрісін кеңей­тудің орнына, іс жүзінде қолдап шектеу жүріп келеді. Отыз жыл бойы мемлекеттік тілді білуге қажеттілік, мұқтаждық жасалған жоқ. Егер біздің білім беру саласын басқаратын министрлігіміз орыс мектептерінде мемлекеттік тілді шынымен дұрыс оқытып жүрген болса, отыз жыл ішінде тілдік мәселе бұлтартпасыз шешілген болар еді. Әрәдік көрініс беріп қалатын іргеміздегі, ара­мыздағы тілді менсінбеу (турасын айтқанда мемлекет құрушы қазақты менсінбеу) мысалдары, тиісінше түрлі шиеленіс туғызатын оқиғалар орын алмас еді. Тым болмаса, түрлі буындағы мемлекеттік аппараттар мен бюджеттен қар­жыландырылатын мекемелер мемлекеттік тіл­де жұмыс атқарса, сол орайда көпшілікке қызмет ететін аудармашы, тілмәш қызметтері кең жолға қойылса, қазақ тіліне де, тиісінше қазақ халқына да құрмет артқан болар еді. Өткен замандағы орыстандыру саясатының құрбандары екендігін сезінсе, орыстілді азаматтар тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге белсене атсалысар еді. Әлі де кеш емес, көп соза бермей, солай етуге тиіс. Отар заманда орыс тіліне байланысты айтылған Абай өсиеті қазіргі тәуелсіз елде қазақ мүддесі тұрғы­сынан  қаралу керегін  өмірдің өзі көрсетіп отыр.  Орыстың тілін жете меңгергендердің «қазаққа күзетші» болуға ұмтылатын, «ел болып, жұрт білгенді біліп, жұрт қатарына қосылудың» сара жолына түскен елінің қорғаны болуға тырысатын кезі әлдеқашан келген. Ұлы ойшылдың қара сөздеріндегі 25-ші тарау осындай ойларға жетеледі...

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ

Соңғы жаңалықтар