551
Атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш қабылдана бастады
Атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш қабылдана бастады
Елордада халықты әлеуметтік көмекпен қамтамасыз ету мақсатында азаматтардың өтініштерін қабылдау басталды. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Құжаттарды қабылдау Алматы, Байқоңыр, Есіл, Сарыарқа аудандарының әкімдіктерінде, Халықты жұмыспен қамту орталығында, «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында жүргізіледі. Азаматтарды қабылдау жүйесі алфавиттік тәртіппен өтуде. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек өтініш берілген айынан бастап тағайындалатын болады. Мысалы, өтініш 20 қаңтарда немесе айдың соңғы күнінде тапсырылса, онда төлем толық ай бойы төленеді. Құжат тапсырушы азаматтар өзімен бірге толтырылған өтініш пен сәйкестендіру үшін жеке куәліктерін ұсыну қажет. Сондай-ақ АӘК-ті тағайындау үшін тұрғылықты жеріңізде тұрақты немесе кемінде 6 ай уақытша тіркеу болу керек. Естеріңізге салсақ, атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері бұрынғыдай отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісі мен отбасының әр мүшесі үшін күнкөріс деңгейінің (КД) 70 пайыз арасындағы айырмашылықты құрайды (2020 жылдың 1-ші тоқсанына КД – 34 654 теңге, кедейлік шегі – 22 258 теңге).
2019 жылдың тоғыз айында елордада атаулы әлеуметтік көмек 7 303 отбасыға немесе 36 515 адамға 2,6 млрд теңге сомасында төленген болатын. 2018 жылмен салыстырғанда алушылар саны 7,9 есе өсті (2018 жылы 924 отбасы және 4 601 адам). Ал бір адамға атаулы әлеуметтік көмектің орташа мөлшері 6 848 теңгеден 16 446 теңгеге дейін, яғни 2,5 есе өсті.
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпы мүгедектік бойынша әлеуметтік төлем топқа байланысты 32 431-59 872 теңге аралығында төленеді. Төрт немесе одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған және күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасыларға әлеуметтік жәрдемақы табыс көлемінен тыс беріледі: төрт бала үшін – 42 496 теңге, бес балаға – 53 127 теңге, алты балаға – 63 757 теңге, жеті және одан да көп балалар үшін – 74 388 теңге төленеді.
Асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы адам санына байланысты 26 818 теңгеден 65 797 теңгеге дейін болады. Ата-анасынан айырылған балалардың әрқайсысына 36 796 теңгеден беріледі. Бала тууына байланысты берілетін біржолғы жәрдемақы: бірінші, екінші және үшінші балаға 100 776 теңгеге дейін, ал төртінші бала үшін 167 076 теңгеге дейін беріледі. Жұмыс істемейтін әйелдерге бір жасқа дейінгі бала күтімі үшін ай сайын бірінші балаға – 15 276 теңге, екінші балаға – 18 061 теңге, үшінші балаға – 20 819 теңге, төртінші балаға 23 603 теңге жәрдемақы беріледі. «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқалары бар немесе бұрын «Батыр ана» атағына ие болған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға ай сайын 16 973 теңге мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған анасына немесе әкесіне, асырап алушысына, қамқоршысына 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап кәмелетке толғанша 43 657 теңге беріледі. Осындай мөлшердегі жәрдемақы бірінші топтағы мүгедек баланы күту бойынша да төленеді.
Жалпы алғанда, 2020 жылы көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 177,6 млрд теңге бөлу көзделген. Бұл жәрдемақыны 346,8 мың отбасы алатын болады.
Арайлым БИМЕНДИЕВА