"Жалғыз әрі ақымақ болып барамыз": ғалым қыруар қаржыға ЖИ-ді оқытудан бас тартты

/
"Жалғыз әрі ақымақ болып барамыз": ғалым қыруар қаржыға ЖИ-ді оқытудан бас тартты
сурет: Кармоди Грей / © Dooitze de Jong/Socires

Британиялық философ әрі теолог Кармоди Грей Claude чат-ботын жасаған Anthropic компаниясының ынтымақтастық туралы ұсынысын қабыл алмады. Нидерландтағы Радбауд университетінің профессоры мұндай шешімге академиялық тәуелсіздігін сақтау үшін келгенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Anthropic Грейді Сан-Францискода өтетін жабық кездесуге шақырған. Компания «даналық дәстүрлерімен зерттеу серіктестігін» орнатып, философтар мен дінтанушылардың көмегі арқылы жасанды интеллект жүйелерінің моральдық бағытын қалыптастырғысы келген. Алайда философ кездесу компания аумағында, оның талаптары мен күн тәртібі бойынша өтетініне алаңдаған. Бірнеше әріптесімен кеңескеннен кейін ұсыныстан бас тартқан. Оның сөзінше, мәселе тұрақты қызмет немесе жоғары жалақыда емес.

Грей Anthropic өкілдеріне балама ретінде пікірталасты BBC алаңында ашық өткізуді ұсынған. Бірақ компания бұл ұсынысты қабылдамапты. Философтың пікірінше, жасанды интеллект туралы қоғамдық талқылау технологиялық компаниялардың өздері белгілеген сұрақтармен шектелмеуі керек.

«Олар Claude саналы ма, оның мінезі бар ма немесе ол азап шеге ала ма деген мәселелерді талқылағысы келеді. Ал мен ЖИ-ді адамға ұқсату қаншалықты дұрыс деген сұрақтан бастаған болар едім», – дейді ол.

Ғалымның пайымдауынша, басты мәселе жасанды интеллектінің табиғатында емес, оның адамдарға және қоршаған ортаға қалай әсер ететінінде жатыр. Ол ЖИ билікті санаулы компанияның қолына шоғырландырып, жауапкершілік шекарасын бұлыңғыр етеді, адамды технологияға тәуелді қылып, жалғыздықты күшейтуі мүмкін деп есептейді.

Грей чат-боттарды өте сирек, көбіне аударма жасау үшін ғана қолданады. Ол ЖИ-ге тапсырмаларды жиі берген сайын адамның ойлау, іздену және өзгелермен қарым-қатынас жасау қабілеті әлсірейді деп санайды.

«Егер робот сіздің орныңыздан тұруыңызды қажет етпей, барлық жұмысты атқарса, дене қабілетіңіз біртіндеп жоғалады. Жасанды интеллектіні қолданудың көптеген түрі миымыз бен қарым-қатынас жасау дағдыларымызға дәл осылай әсер етеді. Біз барған сайын жалғыз қалып, ойлау қабілетімізді жоғалтып барамыз», – деді философ EL PAÍS басылымына берген сұхбатында.

Оның пікірінше, ЖИ туралы пікірталастың өзегінде технологияның мүмкіндігі емес, адамның қадір-қасиеті, тәуелсіздігі мен шынайы қарым-қатынас тұруға тиіс.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар