ШҚО-да жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзған 1,3 мыңнан астам азамат анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Шығыс Қазақстан облысы — шекаралас өңір, сондықтан бұл аймақта көші-қон қауіпсіздігі мәселелері әрдайым жіті назарды талап етеді. Көші-қон қызметінің қызметкерлері шетелдік азаматтардың елде болу ережелері мен қабылдаушы тараптардың талаптарын сақтауына жүйелі түрде бақылау жасайды.
Тексеру жұмыстары барысында келу мерзімін бұзу, тиісті құжаттарсыз заңсыз еңбек қызметімен айналысу, сондай-ақ қабылдаушы тараптың міндеттерін орындамау деректері анықталады. Бұл бағытта рейдтер ұйымдастырылып, ақпараттық жүйе мүмкіндіктері қолданылады және басқа да мемлекеттік органдармен тығыз байланыс орнатылған.
Жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзған 709 шетел азаматы мен 648 Қазақстан Республикасынын азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Облыстың шекаралас аудандарында 64 шетелдік пен ҚР-ның 95 азаматы тарапынан заң бұзушылықтар тіркелді.
Сонымен қатар профилактика жұмыстары маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Көші-қон қызметінің мамандары заң бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында жұмыс берушілермен, қабылдаушы тараптармен және тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
— Көші-қон заңнамасын сақтау — әрбір азаматтың міндеті. Құжаттарды уақтылы рәсімдеу және белгіленген талаптарды орындау өңіріміздегі тәртіп пен қауіпсіздіктің кепілі, — деп атап өтті полицейлер.