315
Әлемді алаңдатқан ахуал
Әлемді алаңдатқан ахуал
АҚШ пен Иран арасындағы ахуал ушығып барады. Күллі әлемнің назарын аудартқан жанжалдың соңы жақсылықпен аяқталмайтыны анық байқалады. Күні кеше Ирактағы АҚШ базасына қанатты және баллистикалық зымырандармен соққы берілді. Пентагон өкілдері бұл соққының Иран тарапынан жасалғанына сенімді, Иран да мұны жоққа шығарған жоқ. Иран Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф соққыны өздерін қорғау мақсатында жасалған әрекет деп бағалайтынын жеткізді.
Генерал өлімі жағдайды ушықтырды
2020 жылдың алғашқы күні АҚШ үшін жақсы жаңалықпен басталмады. Ирактағы АҚШ елшілігіне шабуыл жасалып, 20-ға жуық адам зардап шекті. Бұл хабар бірден бүкіл әлемдік ақпарат құралдарында тарай жөнелді. Ал АҚШ шабуылдың жауапсыз қалмайтынын бірден қадап айтты. Бірақ елшілік маңындағы қақтығыстың туындауына Американың өз әрекеті себеп болып отыр. Оған дейін АҚШ Сириядағы ирандық нысандарға әуеден соққы берген-ді. Вашингтонның мұндай әрекетіне наразылық білдірушілер АҚШ елшілігінің жанында от жағып, тас лақтырып, оны басып алуға тырысқан. Өз кезегінде елшіліктің қауіпсіздік күштері мен жергілікті полиция шерушілерге көз жасаурататын газ қолданды. Бір айта кетерлігі, қақтығыс кезінде елшілікте қызметкерлер болмаған. Олар оқиғаға дейін Бағдадтан кетіп қалыпты. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп мұның өтеуі оңай болмайтынын ашық ескертті. Ақ үй басшысы бұл шабуылды Иранның ұйымдастырғанына сенімді екенін бірден айтты. «Мұндай әрекет Иранға жақсылық әкелмейді. Бұл ұзаққа созыла қоймас. Мен шиеленісті емес, бейбітшілікті қалаймын. Ирандықтар да бейбіт өмірді қалайды деп ойлаймын», – деді Дональд Трамп. Трамп «бейбітшілікті қалаймын» деп мәлімдегеннен кейін Пентагон шұғыл түрде Таяу Шығысқа 750 әскери сарбазын аттандыратынын мәлімдеді. Трамптың айыптауын естіген Иран тарапы да бұғып қалған жоқ. Иранның рухани жетекшісі аятолла Али Хаменеи өздерінің соғысты қаламайтынын, алайда кез келген мемлекеттің жаушылық әрекетіне соққы беруге дайын екенін анық аңғартты. Сонымен, екі елдің де ортақ мәмілеге келмейтіні анық аңғарыла бастады. Оның үстіне, Пентагон жөнелткен әскерилер Бағдадтағы халықаралық әуежайға ракета жаудырды. Соның салдарынан әуежай жанында тұрған екі көлік жарылып, 8 адам қаза тапты. Қаза тапқандардың қатарында Иран генералы Касим Сулеймани де бар еді. Міне, дәл осы жерден жанжал одан ары күрделеніп, оқиға күрт шиеленісіп кетті. Сарапшылар генерал Касем Сулейманидің өлімі ірі аймақтық қақтығысқа әкеліп, үшінші дүниежүзілік соғысқа себепші болуы мүмкін екенін айтуда. Айта кетейік, Сулеймани Ислам революциясы сақшыларының корпусы «Кудс» арнайы бөлімінің басшысы қызметін атқарды. Ал Ислам революциясы сақшыларының корпусы – Иран армиясының ресми бөлігі. Осы қайғылы оқиғадан кейін АҚШ Иран генералының өліміне қатысты жауапкершілікті өз мойнына алды. Пентагонның мәлімдеуінше, шабуыл АҚШ президенті Дональд Трамптың бұйрығымен жасалған. Трамптың да үнсіз жатпайтыны бесенеден белгілі. «АҚШ әскерилері Иранның арнайы жасақ қолбасшысы Касем Сулейманиді соғысты бастау үшін емес, тоқтату үшін өлтірді» деп мәлімдеді Дональд Трамп. Ақ үй басшысы «ирандық генерал америкалықтарға қарсы көптеген лаңкестік ұйымдастырған» дей келе, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өзге де шараларды қолға алуға дайын екенін жеткізді. Мұны естіген Иран Сулейманидің өлімі үшін АҚШ-тан кек алатынын ашық түрде мәлімдеді. Иран Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зарифтің айтуынша, АҚШ-тың бұл әрекеті халықаралық құқыққа қайшы. «Иран Американың бұл шабуылына кез келген уақытта жауап беруге құқылы. Біз АҚШ-тың қитұрқы бопсалау әрекетіне жығылғымыз келмейді. Америка бұл қадам арқылы үлкен қателік жасады. Трамптың саясаты АҚШ азаматтарының өміріне қауіп төндіреді», – деді Мохаммад Джавад Зариф. Ал Иран халқы ел астанасы – Тегеранда генерал қазасына байланысты ереуілге шығып, АҚШ туларын өртеді. Тіпті, генералмен қоштасу рәсімінде Иран халқы Трамптың басын алған адамға 80 млн доллар сыйақы жинап беретінін айтты. Иран генералының өлімі үшін Вашингтонды аяп қалмайтыны анық сезіле бастады. Мұны Трамп та жақсы түсінгендей. Тегеранның ресми мәлімдемесін естігеннен кейін Ақ үй басшысы әлеуметтік желіде жазба қалдырды. Президент Дональд Трамп Twitter-дегі парақшасында Тегеран Касем Сулеймани үшін кек алатын болса, Иранның ондаған нысанына күшті соққы беретінін айтып сес көрсетті. Оның айтуынша, америкалық күштер Иранның 52 нысанын белгілеп қойған. Бұл санның көп жылдар бұрынғы тарихпен байланысты екенін атап өтті. Осылайша Трамп 1979 жылғы Тегерандағы дағдарысты еске салды. Ол кезде Ирандағы көтерілісшілер Тегерандағы АҚШ елшілігін басып алып, 52 америкалықты 1 жылдан астам тұтқында ұстаған болатын. Алайда президент Дональд Трамптың саясатын барлық америкалықтар қолдап жатқан жоқ. Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты АҚШ-тың көп қаласында наразылық шаралары өтіп жатыр. Акцияға қатысушылар «Иранмен соғысқа жол жоқ» деп ұрандатуда. Вашингтонда да ондаған адам Ақ үй алдына жиналып, мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырды. Оқиға күрделене бастағасын АҚШ қарап отырмай, Бағдадтағы елшіліктің қауіпсіздігін күшейтуге кірісті. Сөйтіп, Таяу Шығысқа тағы 3 мың сарбазын аттандырды. Вашингтон Ирак қарулы күштерін дайындауды да уақытша тоқтатты. Сондай-ақ Ирактағы америкалық жұмысшыларды тез арада бұл мемлекеттен кетуге шақырды. Мемлекеттік департаменттің үндеуінен кейін Басрада жұмыс істеп жатқан америкалық мұнайшылар Иракты тастап кете бастаған. Ал ресми Бағдад АҚШ-пен қарым-қатынасты қайта қарауы мүмкін. Себебі АҚШ елде әскери операция жүргізіп, екі жақты уағдаластықты бұзды деп отыр.Иран кек алуға кірісті
Ал Иранның Ирактағы АҚШ-тың әл-Асад әскери базасына соққы беруі жағдайды одан ары ушықтыра түсті. CNN мәліметінше, базадағы ақпарат көздері кем дегенде 13 зымыранның дәл тигенін растады, бұған дейін Иран аумағынан кем дегенде 30 зымыран ұшырылғаны туралы хабарланған. Сонымен бірге америкалық агенттік АҚШ әскерилері зардап шекпегенін атап өткен еді. Бірақ соңғы деректер америкалық базада 80 адамның қаза тапқанын көрсетіп отыр. Өз кезегінде Ақ үйдің баспасөз хатшысы Стефани Гришамның мәлімдеуінше, Дональд Трамп болған оқиғадан хабардар. Президент аймақтағы жағдайды жіті бақылауда ұстап отыр екен. Соған қарамастан Ақ үй басшысы Дональд Трамп бұл оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасамады. Трамп тек әлеуметтік желіде ғана жазба қалдырды. «Қазір шығын көлемі есептеліп жатыр. Әзірге бәрі жақсы. Біздің әскер әлемдегі ең озық қарумен жарақталғаны сөзсіз», – деді Дональд Трамп. Иран билігі өзінің ядролық бағдарламасын шектеуге қатысты халықаралық келісім талаптарын бұдан былай орындамайтынын мәлімдеген болатын. Ислам республикасы енді уран байыту көлемі мен ядролық зерттеулер саласындағы шектеулерден бас тартпақ. Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуы әлем елдеріне де әсерін тигізбей қоймасы анық. Оның алғашқысы мұнай бағасына байланысты. Иран генералы Касем Сулейманидің өлімі туралы жаңалықтан кейін әлемде мұнай бағасы қымбаттады. Әуелі Brent маркалы мұнайдың наурыз айындағы фьючерстері 3,42 процентке қымбаттап, баррелі үшін 68,34 долларға жетті. Ал WTI маркалы мұнайдың ақпандағы фьючерстері 3,13 процентке қымбаттап, бір баррелі үшін 63,03 долларға тұрақтады.Ұшақ апаты һәм Иран шабуылы: байланыс бар ма?
Күллі әлем АҚШ әскери базасына жасалған шабуылды сөз қылып отырғанда, Ираннан тағы бір қаралы хабар жетті. Бортында 176 жолаушысы бар украиналық Boeing-737 лайнері Тегеран әуежайы маңында апатқа ұшырады. Ұшақ әуежайдан ұшып шыға салысымен құлаған. Алғашқы деректер лайнердің апатқа ұшырауына техникалық ақаулардың себеп болғанын көрсетті. Әуежай өкілдерінің мәлімдеуінше, ұшақ апатына қозғалтқыштың жанып кетуі себеп болған. Әзірге ұшақ апатының АҚШ базасына жасалған шабуылмен байланысының бар-жоғы анықталмады. Өкініштісі, ұшақ бортындағы жолаушылардың бәрі бірдей қаза тапты. Осы қайғылы жағдайдан кейін Singapore Airlines, China Airlines және Malaysia Airlines әуе компаниялары Иранның әуе кеңістігін пайдаланудан бас тартты. Ресми мәлімдеме жасаған Singapore Airlines оқиғаны жіті бақылауда ұстап отырғандарын айтып, қажет болған жағдайда ұшақ бағыттарына тиісті өзгерістер енгізетіндерін жеткізді. Ал Тайваньнің ең ірі әуе тасымалдаушы компаниясы саналатын China Airlines Ирак пен Иран әуе кеңістігімен ұшпайтындарын мәлімдеді. Бұған қоса, АҚШ-тың федералды авиация әкімшілігі де америкалық әуе тасымалдаушы компанияларына Иран мен Ирак және Парсы мен Оман шығанақтары үстімен ұшуға тыйым салды. Қалай десек те, Таяу Шығыстағы ахуал бүгін-ертең тұрақтамайтын түрі бар. Әлем жұртшылығын алаңдатқан АҚШ пен Иран арасындағы шиеленістің соңы немен тынары да беймәлім.