НЕ ІСТЕУІМІЗ КЕРЕК?!
НЕ ІСТЕУІМІЗ КЕРЕК?!
Абайдың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссия назарына! «Ұлы Абайдың ізімен» экспедициясынан кейін туған ой Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы ақын Абайдың 175 жылдық мерейтойын кеңінен атап өту туралы Жарлыққа қол қойғаннан соң, қоғамда Абайды тануға, танытуға деген құлшыныс артты. Сондай бір ұмтылысты іс – «Ұлы Абайдың ізімен» ғылыми-танымдық, рухани сапар экспедициясы.
Экспедицияны ұйымдастырған Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен «Руханият» орталығы. Тамыз айының 16-19 аралығында жүзеге асқан экспедицияға «Руханият» орталығының басшысы, жас алаштанушы Ержан Еңсебай жетекшілік етті. Ғылыми-танымдық рухани сапар құрамында белгілі тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсәмет, филология ғылымдарының кандидаты, «Алаш» институтының директоры Сұлтан Хан Жүсіп, филология ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры Сағымбай Жұмағұл, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Қарагөз Тілеш, абайтанушы, ақын Алмахан Мұхаметқалиқызы, белгілі Алаш суретшісі Алмас Сырғабай, жас ғалым Заңғар Кәрімхан және басқа да азаматтар болды. Экспедиция Нұр-Сұлтан қаласынан бастау алып, Қарқаралы-Абыралы-Қайнар-Қарауыл-Жидебай-Ақшоқы-Бөрілі-Күшікбай кезеңі – Семей бағытында жүріп өтті. Экспедиция барысында әрбір елді мекенде кездесу ұйымдастырып, жергілікті халықпен кездесіп, пікірлесіп отырдық. Ауылдағы халықтың ой-пікірін, мұң-зарын естіп, нешеме күн ауыр ойды арқалап жүрген едік. Міне, осы мақаламызда сол халықтың, көптің ықылас-тілегін қосуды жөн санадық. Қарқаралы мен Абыралыны, Қайнарды жалғап жатқан күре жолдың күрделі жөндеу көрмегені қай заман екен?! Қос өкпеңді қолыңа ұстап, «шыда, жаным, шыда!» деп отыратын азапты жол адамды әбден тығырыққа тіреп, зәресін ұшырады. Ең бірінші мәселе осы – жол, қатынас тауқыметі. Көлік логистика жүйесі дамымайынша, туристік саламыз алға жылжымайды. Абайдың рухына тағзым етуші оның жүрген жерлерімен жүріп өтуі үшін де сапалы сервисті қажет етеді. Көршілес өзбек ағайындар Әлішер Науаидың туған жерімен-ақ турист біткенді Самарқан мен Бұқара, Хиуа, Науаиға тамсантып отыр. Жолы да, көлік-транспорт қатынасы да, тіпті қонақ үй, дүкен, асхана мен дәретхана сервисі де келушіге қолайлы жасалған. Олжалы жерде үлесімізден қағылып, шетқақпай көріп жүрсек, сол жол, сервис мәселесін шеше алмай жүрген енжарлығымыздан.
Екінші зор мәселе – Абай хәкім туған топырақтың бүгінгі әлеуметтік хал-ахуалы. Қасиетті Қайнар, Қарауыл, Абыралы ауылдарында түтін саны азайған, тұрғындар жұмыссыздықтың салдарынан қалаға үдере көшуге үйренген. Абыралы кезінде аты шыққан белгілі аудан болса, Қайнар сол ауданның орталығы ретінде көрікті бір мамыражай ауыл болатын. Бүгінде сол Қайнардың да, Абыралының да сиқы қашып, ажары тайып, базары тарқапты. Оның үстіне бұл ауыл Семей қаласына қарасты ауыл. Ел-жұрт құжат жасау үшін 300 шақырымдық жол тауқыметін тартып, Семейге барады екен. Тұрғындар тұрмыстық әбігерге түскен сайын қажып жүргені бет-әлпеттерінен анық байқалады. Абай хәкімнің мерейтойы аясында Шәкәрім қажының нағашы жұрты болған Абыралы өңіріне оң көзбен қарап, қайтадан аудан ретінде ашуға шешім шықса, ауылдағы аз ғана елдің жүзіне қуаныш ұялап, келешекке деген үміттері артар ма еді., Үшінші мәселе – данышпан тұлға мәңгілік тыныс тапқан Жидебайдағы «Құнанбай құдығына» белгітас орнатып, құдықты тазалап, қалпына келтіру. Жидебайдың басындағы қонақ үй, асхана кешені қызметінің дамуын да ойластыру керек секілді. Бұл топыраққа алыс-жақыннан тәу етіп келушілер көп болған сайын, тұрмыстық қызмет көрсетуге деген сұраныс та көбейеді. Төртінші мәселе – Ақшоқыдағы Құнанбай қажы және оның ұрпақтарының мәңгілік тыныс тапқан қорымын қоршап, белгітас орнату және осы маңға музей кешенін (комплекс) салу. Бұл музейде Құнанбай Өскенбайұлының саяси, қайраткерлік тұлғасына, өскен ортасы мен ата тегіне, ұрпақтарына, аға сұлтандық қоғамдық-саяси қызметіне орай жасақталған экспозиция болуы керек. Және де бұл музей республикалық Абайдың «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығының филиалы ретінде жұмыс істеуі тиіс. Абайды тану үшін әуелі Құнанбай қажыны толық танып, білуіміз шарт. Бесінші мәселе – Абайдың шығармаларын шет тілдеріне аудару мәселесі. Семейде өткен көпшілікпен кездесу барысында белгілі жазушы Медеу Сәрсеке, жазушы, аудармашы Мұрат Сұлтанбековтер ақын шығармаларының орыс тіліне аударылған нұсқаларындағы кемшіліктер мен олқылықтарды сынап, атап көрсетті. Рас, кемеңгер баба шығармаларының орыс тіліне аударылған нұсқаларын көріп, біз де жағамызды ұстағанбыз. Бүгінгі таңда, Құдайға шүкір, ана тілімен қатар әлемнің тілдерін еркін меңгерген өз бауырларымыз бар, солардың аударуына мүмкіндік жасау керек сияқты. Сонымен қатар, Абай хәкімнің өмірі туралы көркем фильм түсіруге, абайтанушы-ғалымдардың кітаптарын шығаруға қолдау көрсетуін сұраймыз. Совет үкіметі жетпіс жылдан астам уақыт Құнанбай, Абай әулетімен күресті. Ұлылар туған құт мекенді атом бомбасының полигонына айналдырды. Жерінің құнарлы топырағын жойқын қарумен күлге, елін міскін, мүгедекке айналдырды. Абайдың кіндігінен тараған асыл тұқым, саналы ұрпақ бай-құлақ деген желеумен итжеккенге айдалды, сотталды, ең ақырында атылып, тұс-тұсқа шашырап кетті. Абай – ұлтымыздың рухани уызы еді, соны сезген советтік билік ұстаз Абайдың айналасындағы есімдерді өшірді, мұраларын өртеді. Бүгінгі Тәуелсіздік таңы атқанда, сол Абай жаққан шырақты ешқашан сөндірмеу үшін көп болып жұмыла қызмет етуге және елордасынан Абай ғылыми-әдеби орталығын ашып, ғылыми кадрлық мамандар тобын жасақтап, сондай-ақ оны іргелі зерттеу институтына айналдыруға міндеттіміз. Бұл – күнтәртібіндегі ең өзекті мәселе.
Хош. Сонымен, бұл көз көрген келеңсіздіктер туралы ой еді. Заманында Алаштың астанасы болған Семей шаһары да жүдеп, күңгірттеніп тұрғаны өтірік емес! Семей облыс статусынан айырылған соң, Өскеменге телміріп қалды. Хәкім туған жердің беделін көтеріп, аймақтың экономикалық және әлеуметтік, рухани-мәдени өмірін жандандыру үшін Абай есімін облыс атына беріп, Семейге облыс орталығы мәртебесі қайтарылса игі еді. Егер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бас ақынның мерейтойы шеңберінде Семейдің әлеуетін көтеру үшін осындай игілікті шешімге жол ашар болса, ел жадында ұзақ уақыт сақталатын ұлы өзгеріс болары сөзсіз. Және бұл саяси қадам – өңірдің демографиялық өсіміне, ұрпақтардың емін-еркін өсуіне мүмкіндік береді. Ер дананың тойына әзірлік үстінде туған ойлардың бір парасы – осы. Сөз соңында айтарымыз: жалпы Абайды тану мұрат па?! Егер, Абай хәкімді тану мұрат болса, онда оны «науқандық тұлға», «даталық тұлға» ретінде емес, керісінше, Ұлы Дала елінің болмысы мен бітімі ретінде бағалауға, тануға міндетті болайық! Абайды тек мерейтойы жақындаған сәттерде ғана емес, күнделікті құрметтеуге үйренейік! Сосын Абайды тану мұрат қана емес, оны түсіне білуге, сөзін ұғынуға жүрекпен қызмет етейік!
Елдос ТОҚТАРБАЙ,
жазушы-зерттеуші,
«Ұлы Абайдың ізімен...» экспедициясының мүшесі