Қазақстан хоккей құрамасы әлем чемпионатының екінші дивизионында топ жарды

/
Қазақстан хоккей құрамасы әлем чемпионатының екінші дивизионында топ жарды
Қазақстан хоккей федерациясы

Қазақстанның ерлер хоккей құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының IA дивизионында қатарынан төртінші жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Польшаның Сосновец қаласында өтіп жатқан турнирдің төртінші турында Қазақстан құрамасы Украина командасымен кездесті. Негізгі уақыт 4:4 есебімен тең аяқталды.

Қазақстан құрамасы сапынан шайбаларды Всеволод Логвин (13-минут), Кирилл Ляпунов (31), Роман Старченко (33) және Батырлан Мұратов (52) соқты. Ал Украина құрамасында Андрей Денискин (21), Игорь Мережко (34), Александр Пересунько (40) және Евгений Фадеев (51) мергендігімен көзге түсті.

3х3 форматындағы овертаймда жеңімпаз анықталмаған соң, матч буллиттер сериясына ұласты.

Бес буллиттің екеуін қазақстандық хоккейшілер сәтті орындаса, украиналықтар бір ғана мүмкіндігін пайдаланды. Нәтижесінде Талғат Жайлауов жаттықтыратын Қазақстан құрамасы 5:4 есебімен жеңіске жетті.

Матчтың үздік ойыншысы болып Всеволод Логвин танылды. Ол бір шайба соғып қана қоймай, нәтижелі пас беріп, буллитті де сәтті орындады.

Осы жеңістен кейін Қазақстан құрамасы 11 ұпай жинап, турнир аяқталуына бір тур қалғанда бірінші орынды мерзімінен бұрын қамтамасыз етті. Осылайша команда 2027 жылы әлем чемпионатының элиталық дивизионына қайта оралады.

Қазір Украина құрамасы жеті ұпаймен екінші орында тұр. Олар қосымша көрсеткіштер бойынша Франциядан алда келеді. Сонымен қатар Польша құрамасының да элитаға шығуға мүмкіндігі сақталып отыр.

Қазақстан құрамасы турнирдегі соңғы матчын 8 мамыр күні Францияға қарсы өткізеді. Кездесу Астана уақытымен 15:30-да басталады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары