Асанәлі Әшімов қоғамдық қор ашты
Асанәлі Әшімов қоғамдық қор ашты
26 сәуір – «TÚRKISTAN» weekly. "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мемлекеттік бағдарламасы аясында "Асанәлі Әшімовтің өнер мен мәдениетті қолдау қоры" қоғамдық қорының ресми ашылуы болып өтті. Бұл маңызды іс-шараға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысып, қоғамдық қордың қанатын кеңге жаюына тілектестік білдірді.
Мәдениет және спорт министрлігі хабарлағандай, "Асанәлі Әшімовтің өнер мен мәдениетті қолдау қоры" республиканың өңірлерінде, оның ішінде Алматы қаласында бірқатар ұйымдастыру шарасын жүзеге асыруға ұйытқы болып жатыр. Қордың мақсаты – елдегі мәдениет пен өнерді дамытып, жас дарын иелеріне қолдау көрсету және қоғамның аса көрнекті қайраткерлерінің еңбегін дәріптеп, сақтау. Сонымен қатар, қоғамдық қор алдағы уақытта Алматы қаласында "Асанәлі орталығын" салып, "Асанәлі театры", "Асанәлі музейі", "Асанәлі актерлік мектебі" ашуды жоспарлап отыр. Қор атынан Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының үздік деп танылған студентіне бір жылдық шәкіртақы тағайындалады. Тағы оқыңыз: Асанәлі Әшімов: Имандылық жүректен басталуы керек Бұдан бөлек, "Асанәлі Әшімовтің өнер мен мәдениетті қолдау қоры" Қазақстанда өткізілетін 5 кинофестиваль және театр фестивалінің "Ең үздік ер адам" номинациясы бойынша жүлдегерлерін марапаттауды дәстүрге айналдырмақ. Қордың құрылтайшылары – "Арна Group" құрылтайшысы Мейіржан Оразбаев, "Kusto Group" құрылтайшысы Еркін Тәтішев, "Катэк" ЖШС-нің президенті Құндыз Нупов. Қоғамдық қордың төрайымы – Бағдат Әшімова. Қордың директоры – Динара Әбсалық. Қоғамдық қордың ақылдастар алқасының мүшелері – Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров пен ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман. Асанәлі Әшімовтің жаңа кітабы Қоғамдық қордың ашылу рәсімінде Асанәлі Әшімұлының "Менің жанрым – күнделік" атты жаңа кітабының тұсаукесері болды. "Асанәлі Әшімұлы студент кезден бастап күнделік жазуды дағдыға айналдырған. Өкінішке қарай, сол кездегі жазып жүрген оншақты дәптері қолды болып кеткен. Әлемге әйгілі актердің соңғы 50 жылға жуық жазған күнделіктері бүгінде бірнеше рет жеке кітап болып жарыққа шығып, оқырман сұранысын арттырып келеді", - деп атап өтті ведомство. Оқырманға жол тартқан жаңа кітапта сол күнделіктердің соңғы 7 жылдағы жазбасы мен толық нұсқасы жарияланған екен. Қоғамдық қордың ашылу салтанатында Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Асанәлі Әшімұлы жаңа құрылған қоғамдық қорға ақ батасын беріп, ақ жол тіледі. Ел мәдениетіндегі айтулы жиынға Қазақстанның Еңбек ері Олжас Сүлейменов бастаған ел ағалары, өнер майталмандары бас қосты. "Асанәлі Әшімовтің өнер мен мәдениетті қолдау қоры" осындай тың бастамамен жұмысын бастап кетті.