Асанәлі Әшімов: Имандылық жүректен басталуы керек

Асанәлі Әшімов: Имандылық жүректен басталуы керек

Асанәлі Әшімов:  Имандылық жүректен  басталуы керек
ашық дереккөзі
1176
Ол – Кеңес Одағының және Қазақстанның халық әртісі, Кеңес Одағының және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мемлекетаралық «Достастық жұлдыздары» сыйлығының лауреаты, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының, «Отан», «Құрмет» ордендерінің, ЮНЕСКО-ның әлем киносы алдындағы еңбегі үшін берілген «Алтын қыран» орденінің иегері. Бұл – оның басты-басты деген атақтары мен лауазымдарын елеп-екшеп, ықшамдап алғанымыз. Әйтпесе тізбекті әрі қарай жалғасақ, тауыса алмаспыз. Қазаққа оның атақ-даңқын айтып жатудың қажеті де жоқ. Есіміне тегін, түп-тұқиянын қосарламай айтсаң да, ол кім демейді ешкім. Өйткені оның атының өзі аңыз: Асанәлі! Бір кісінің тағдыр-талайына ғана емес, бүтін бір халықтың руханиятына, өрелі өнеріне анықтауыш бола алатын, бір кезеңнің емес, тұтас бір дәуірдің шежіресін шертетін бұл есімді қазақтың еңбектеген баласынан, еңкейген шалына дейін біледі десек, артық айттың, асылық қылдың деп сөкпейді ешкім. Себебі қазақтың оған деген құрметі, өнеріне деген қошеметі қашан да ерек. Көзі тірісінде аңызға айналған актер биыл 80-нің сеңгіріне шығып отыр. Мерейлі той қарсаңында ол туралы айтылар әңгіме, жазылар лепес те толастамасы анық. Әріптестері мен үзеңгілестері әдемі естеліктерін ақтарып, ізін басқан шәкірттері ұлағатты ұстазға ақ тілегін арнауда. Алайда көзі қарақты оқырман ақпарат құралдарынан оның өзін, сөзін іздейді. Десе де, сұхбаттасқысы кеп, театр маңын айналшықтап жүрген журналистің бәрімен жеке-жеке тілдесуге Асанәлі ағамыздың уақыты да, физикалық мүмкіндігі де жетпейді.  Театрдағы жауапты қызмет, мерейтой қарсаңындағы қарбалас бар – онсыз да уақыты қат кісіні мазалауды құп көрмедік. Сондықтан біз оның 80 жасқа дейін көрген-түйгенін, айтар өсиеті мен ұрпаққа аманат етер өнегесін әр жылдарда баспасөз бетінде жарық көрген сұхбаттарынан іздедік. Сарғайған парақтарды ақтарып отырып, өнер тарланының он, тіпті жиырма жыл бұрын айтқандары күні бүгінге дейін өзектілігін жоймағанын ұқтық. Қай кезеңде де құндылығы кемімейтін үзік ойларын қойын дәптерімізге түртіп алдық. Сол олжаны оқырман назарына  ұсынып отырмыз.   

Елді текті өнер басқарады

Театр таланттардың үндестігінен құралады. Рас, режиссер көп нәрсені жасайды. Бірақ актер да өз рөлінің авторы болуы тиіс. Сонда ғана керемет бейне туады. Кез келген кейіпкердің рөлін ойнағанда оның өмір сүрген заманын елестетіп, ойын сезіне білу маңызды. Мысалы, актер Абайдың рөлін ойнағанда онымен бірге тамақ ішіп, өзімен тілдесіп көрмегендіктен, ақын өмір сүрген заман туралы көп оқуы тиіс, ақынның өлеңдерін оқи отырып, оның ішкі жан дүниесін, ойын түсінуі керек. Егер актер өзі сомдайтын кейіпкердің тек сыртқы бейнесін, жүрісін аудырмай салса, бұл – қоқибайлық. Егер дарынды адамға тән басты қасиет не десе, мен намысқойлық дер едім. Намыссызды наданға теңеуге болады. Намыспен қаруланған актер ғана ұлттық өнердің мүддесін, мұратын көздейді. Талантты биіктететін намыс екінің бірінде жоқ. Абайдың өзі «Бәсеке неге озасың деп күндеуің болмасын, өзіңді өзің қамшылауың болсын» дейді. Патриоттықтың негізі – намыс.

***

Режиссердің айтқанына әркез бас шұлғи беретін актер шахмат ойынындағы пешкамен тең. Актер өз рөлінің авторы болмай, кейіпкер жасауы мүмкін емес. Актерға тағылар мін де, айтылар сын да көп, өнерпаз болып ғұмыр кешу оңай емес. Өнердегі қазақтың азаматтарына айтарым, тәңірі сыйлаған дарынды өз орнымен пайдалана білмесек, келешектің алдында кешірілмес күнәға қаламыз. Өйткені халыққа сенің атақ-даңқ, дақпыртың керек емес, елді текті өнер басқарады. Өзіңді өзің жиі сынамасаң, қажет болса отқа да, суға да түспесең, жақсы актер болу мүмкін емес.

***

Жалпы өнерде ғана емес қай саланы алсаң да, кездейсоқ келіп қалған адамдар болады, тіпті кейбірі үлкен атақ-дәрежеге қол жеткізіп жатады, бірақ оның өнері мен таланты шектеулі. Ал туабітті талантты адам талантты болып өмірге келген соң қай салаға барса да, сол саладан академик болып шығады. Бригадирлікке кездейсоқ келіп, жұмыс істеп кетуге болады, ал актер, дәрігер деген мамандықтар кездейсоқтықты кешірмейді.

***

Актер тазалықты, шындықты кішкентай баладан үйрену керек. Бала құмда ойнағанда қолындағы затты машина етіп ойнайды. Өзі соған сенеді. Актер де бала сияқты қолындағы нәрсесіне шын сену керек. Өзгені де сендіру керек. Өзі шын сенсе, көрермен де сенеді. Ал адалдықты иттен үйрену керек. Ит иесін өмірі сатпайды. Иесі оған қандай қамқорлық көрсетсе, ит те оған сондай адал болады. Талай премьерлер итін тастап, ұшақпен ұшып кеткен. Солар бір жыл әуежайда жүріпті. Тағы бір мысал. Қиыр Шығыстың бір шетінен біреу көшпек болыпты. Алып жүруге қиын болып, мысығын қалдырып кетіпті. Мыңдаған шақырым асып кеткен. Өзен-суы, теңіз-мұхиты, орман-тоғайы бар... Бір жылдан кейін мысық иесінің үйін тауып, есігін тырнап тұр дейді. Көрдің бе, адалдығын?

***

Менің теориям бойынша, жақсы актерлер ұзақ өмір сүреді, өйткені олардың өз өміріне қоса сахнадағы екінші өмірі бар. Рөлің жағымды болса да, жағымсыз болса да, образға кіріп, ынты-шынтыңмен ойнасаң денсаулығың үшін пайдалы, өмір сүруге құштарлығың оянып, шабыттанасың. Актерлерге айтарым, өміріңді ұзартқың келсе, берілген рөлді жақсылап ойна, жұмысыңа әрқашан ынтамен, ыждағатпен қара.

***

Образ – сен үшін іштен шыққан жылан.  

Қарт адам абыройдан  ажырамауы керек

Мен өнердің адамымын. Менің алаңым, тұғырым, мінберім – сахна. Бар ойымды, өнерімді халық қолдаса, қол соқса, маған одан артық сыйлықтың керегі жоқ. Шапалақтың да бірнеше түрі бар. Баяғыда Петерборда Качалов деген артист көшеде келе жатқанда, адамдар тұра қалып қол соғады екен. Итальяндық Маниани қайтыс болып, көшеде алып бара жатқанда, жұрт тұра қалып оған қол соққан. Бұл – үлкен сый, құрмет. Өлгенде де сені осылай шығарып салып жатса, бұдан артық бақыт жоқ. Бұл ештеңемен бағаланбайтын нәрсе.

***

Адам өсек, өтірігімен көпке бармайды. Қарт адам абыройдан ажырамауы керек. Мені халық кинода сомдаған кейіпкерлерім арқылы сүйді, басына көтерді. Енді сол жұрттың ықыласын жоғалтпауым, құлдырамауым керек. Менің бір замандасым оң жамбасына келмейтін жеңіл-желпі рөлдерге, жарнамаларға талғамай түсе берді. Өз басым қандай ақша төлесе де жарнамаға түспеймін. Егер түсетін болсам, менің аузым үлкен. «40-60 мың доллар төлейміз» деп шақырғандар бар. Ешқашан абыройды ақшаға шаққан емеспін. Барсам қалтамда ақшам молайғанымен, халық алдындағы дәрежем төмендеп кетер еді. Қазақта той-домалақ көп қой, барған жеріңде білгеніңді, көргеніңді айтып жүрсең, халық саған қарап бой түзейді. Құрметтейді. Барлығы өзіңе байланысты. Жарнамаға түсіп жан баққандардан гөрі маған деген ықылас бөлек. Олардікі бейшаралық! Өзінен-өзі келеді. Мен кейде жігіттерге айтамын: «Ақшаны қумаңдар, ақша сендерді қусын. Дұрыс тірлік жасап жүрсең, өзі келеді». Ол шын мәнінде солай. Мен оны өзімнің тәжірибемнен білем. Ақшаны қуып, бәлен жерден осындай қаржы алам десең, оның да берекесі болмайды. Жұмысыңның да берекесі болмайды. Одан да берекелі жұмыс жаса. Менде бизнес жоқ. Қолымнан келмейді. Менің бизнесім – абыройым. Кез келген жерден бір нәрсе сұрасам, қолымды қақпайды. Ол – абырой. Мешіт салдым, жартысын жігіттер көтерді. Үй салдым, жартысын жігіттер көтерді. Ол – абырой. Оған жету үшін көп еңбектенесің. Дарыныңды саудаламай, жотаң бүкірейгенше жұмыс істейсің. Ал қартайғанда қазымыр болмау керек. Аузыңа келгенді оттай беретін болсаң, жастар қадірлемейді. Үлкеннің сөзін айтып, жөн сілтесең, сыйлы боласың. Міне, әдемі қартаю деген – осы.

***

Ақсақал деген қандай ортада болмасын, төмен түспеуі керек. Мәселен, Президент Назарбаев маған өз қолымен хат жазып: «Өнердің шыңынан бір түскен жоқсыз. Түспеңіз!» деп баға берді. Мен оның алдында ешуақытта өзімді төмен санап, жалтақтап-жалпылдаған жоқпын. Өзімді дұрыс ұстадым. Бұл басшыны сыйламағандық емес. Билік халықпен, бұқара арасынан шыққан тұлғалармен санасады, таниды. Бәрін «жағдайымызды түзесек» деп жағымпазданып жүргендер бүлдіреді. Қайраткерлеріміз бастық алдында не айтып, не қойғандарын білмей қалады. Егер, біз олай істесек ханнан да, қарадан да, киелі өнерден де қадір кетеді ғой.  

Кино – тарих емес,  кино – өнер

Қазақтың киносы өзінің саясатынан, экономикасынан, халықтың мәдениетінен асып кете алмайды. Өнерге деген халықтың деңгейі жоғары деп ойлайсың ба, олай емес, халық арзан күлкіге құмар. Халықтың мәдениеті өскен кезде ғана кинода даму болады.

        ***

Бұл кезең өзі экшн жанрының өркендеген, киноның азған-тозған, пах-пухқа құрылған уақыты болды. Америка одан баяғыда өтіп кетті. Біздің жастардың бүгінгі талғамы да осы болып тұр. Оларды кинотеатрға алып барып «Қыз Жібекті» көрсетші, біраздан соң залдан шығып кетеді. Оған басы жоқ, аяғы жоқ фильмдерді көрсетсек отыра береді.

***

Франция, Англия, Италия өзінің дәстүрін тастамай, бұзбай киноның классикалық үлгісін көрсетіп отыр. Бұларда біздегідей экшн-мекшн дегендер жоқ десе де болады. Бізде еліктеп-солықтаушылық көп. Телеарналардың барлығы Мәскеудің телеарналарының көшірмесі ғана. Толған қайталау ғана.

***

Жалпы, біздің халық, қарапайымы болсын, мейлі интеллигенциясы болсын, киноға тарих ретінде қарайды. Ол дұрыс емес. Кино – өнер.

***

Көп режиссерлер қайдағы бір шеттің фильмдерінен сюжет, композиция ұрлайды. Арзан идеяның сорпасы татымайды ғой. Адамның жүрегіне қонбайтын дүниелер. Образ, адамның тағдыры туралы түсірілген сом туындылар жоқ. Мәселен, Шоқан туралы киноның діңгегі, алтын қазығы қазақтың дара перзентінің тағдыры. Сонысымен қадірлі. «Қыз Жібекте» жеке тағдыр мен ұлт тағдыры қатар өрілген, «Атаманның ақыры» чекист Шадияров арқылы танымал. Қазіргілердің дені жалпылама. Кейбір киноларды мүлдем түсінбейсің. Кино түсірер алдында «Не туралы? Бұл арқылы не айтқың келеді?» деген сұрақтар тұру керек алдымен.  width=

        ***

Өткен ғасырды түбегейлі жамандайтындар шықты. Сол Кеңес Одағының тұсында, біздің театр, кино, тұтас өнеріміз жанданды. Жеке адамдардың тағдыры туралы, соғыс, өмір, шаруашылық туралы картиналар жарық көрді. Идеологияға қызмет етті соның бәрі. Ал, қазір шығып жатқан телесериалдар түкке тұрмайтын диалогтар, шетелге еліктеуден көз ашпай кетті. Мән жоқ. Мазмұн жоқ. Көрерменге түк бермейді. Қанша елікте, сен француз бола алмайсың, қазақ болып қаласың. Тіпті, бізді құртып жүргені, қазақ болғанына намыстанатындар шықты. Бұл дегеніңіз надандық, түп тамырына балта шапқандық. Өзінің тарихын, тілін білмей жатып мәдениетті болғысы, өзгеге үйреткісі келеді. Ондай адамдарды суқаным сүймейді. Батыстан оқып келген жастар солардың мәдениетін қазаққа бейімдеудің орнына қоғамда жік туғызып жүр. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі кино, телеарналардағы бағдарламалардың бәрі – көшірме. Бұндай өнімді көрген көрермен, ертеңгі ұрпақ та «көшірмеге» айналады.

***

Кинода аяғына шейін шығатын жалғасқан қызыл сызық болу керек. Бастауы бар, көтерілетін, түсетін жері бар. Аяғына жеткенше сол сызықтан шықпау керек. Ал қазіргі фильмдердің, әсіресе, сериалдардың не басы, не аяғы жоқ. Кез келген жерінен көрсең, түсінікті. Өйткені бөлек-бөлек, кібіртік-кібіртік. Сондықтан, кино да Абай айтқандай «теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» дегенге сай келеді. Сонда ғана шығарма көріледі, ұнайды.

***

Кино тартымды, жоғары эстетикалы, талғамды болуы керек. Мен сондай киноны жақсы көрем. Кейбір кинода балшық, лас, көзге қораш көріністер байқалады. «Қыз Жібектен» тамақ ішкен не лай-батпақ сияқты сүреңсіз сахна көрдіңдер ме? Киноны көріп отырып жағымсыз әсер алсаң, ол өнер емес. Ал кино – ең алдымен өнер. Ойсыз өнер – өлік. Өмір болуы мүмкін, бірақ өнер аз. Мысалы, тракторист жайында қызық кино жасау – өте қиын. Ол туралы комедия жасауға болады. Өзі май-май, бірақ біреуге ғашық болады. Сондай ситуацияға құрылса, қызық болады. Ал жерді жыртып келе жатқан көріністі актерден гөрі трактористің өзі жақсы ойнайды. Ол – өмір. Негізі өмір сүріп жатқан адамдардың бәрі – актер. Шекспирдің айтқанындай: «Бұл өмір – сахна». Адам да – актер.

***

Кадр-мамандардың тарихқа үңілуінде кемшілік басым. Америкадан киногерлер келді. Олар таңғалып, «Сіздерде кино жанрындағы материалдарыңыз мол екен, біз қызғанышпен қараймыз, бізде материалдар бітті, таусылды» дейді. Міне, көрдіңіз бе? Барлық елдердің Шыңғыс хан туралы киноға жабыса беретіні – сол. Өйткені ол материал бай және күшті ғой. Сондықтан біз төл туындыларымызға келуіміз керек. Батырлар жыры, лиро-эпостық жырлар «Қыз Жібектен» кейін тоқтап қалды. Ал негізгі өнер тарихта жатыр.

***

Жарыссыз өнер болмайды, Абай айтқандай, «біреуді неге озасың деп кінәлама, өзіңді өзің қамшыла», мен неге біреуден кем қалуым керек деп алға ұмтылып, мақсат қою керек қой. «Өнер жарысында әділ бол» дегенді есте ұстау керек. Өнердегі жарыс бар, ол социалистік жарыс немесе Моцарт пен Сальеридің де жарысы емес.  

Әйел жалаңаштанса, ұлттың жаны жалаңаштанады

 Біз төрт жасымыздан бастап еңбекке араластық. Қырманда жүріп есейдік. Шынында да, адам сәулетшісі – Ана ғой. Ойлап қараңызшы, дүниеге жаңа келген тіршілік иесіне нұрын шашып, келешекке ақ жол, адал ниет нұсқаушы да сол ана емес пе?!

***

Егер әйел адам жалаңаштана бастаса, ұлттың жаны жалаңаштана бастайды екен. Тіпті, сонау ашаршылық кездерінде де, соғыс тұсындағы аласапыран, алмағайып күндерде де аналарымыз жаулығын тастаған емес. Ал қазір ше? Айдың, күннің аманында аналар түгел жалаңбас қалды. Бастағы орамалдың мәнісі де жат жұрттық болып, ана атану еді. Қазір қызы да бір, анасы да бір. Баяғыда үлкендер шашта қасиет бар, ол жуып, күтілмесе, ұзатылғасын көзден жаулық арқылы көлегейленбесе, қасиет қайтады деп айтатын. Кейде оңашада осыны ойлағанда қорқамын, қазақ бар қасиетінен айырылып қалатындай.

Өмірдің бір қызығы бала деген...

«Өлмектің артынан өлмек жоқ» деген рас екен. Төпелеп келген қазалардан кейін де аман қалдық қой. Сол жылдары бір әңгіме естідім. Бір кісінің алты баласы соғысқа кетіп, алтауы да өлген екен. Сол шал-кемпірдің көршілерінде балалары болмапты. Бір күні жаңағылардың бақшасына бұлардың сиыры түсіп кетіпті. Сонда көрші әйел, өзінің тілі ащы екен, алты баланы еске салып, қарғапты. Кемпірі егіле жылайды, қорланады. Шал дана адам екен, кемпіріне айтыпты: «Сен жылама, қорланба. Балаларымыз өмірге келді – қуандық. Шілдехана жасадық – қуандық. Кәмелетке толды – қуандық. Балаларымыз өмірден кетті – қайғырдық. Қуаныш сезімі де, қайғы сезімі де оянды бізде. Бұл дүниеде не баласы туып қуанбаған, не баласы өліп қайғырмаған адамнан құдай сақтасын», – деп. Осы әңгіме де маған үлкен басу болды. Қайтесің, өмір осылай. Өнер адамына мұның бәрі әрі жүрекке салмақ, әрі жаныңа азық. Жасым жетпіске жақындағанда маған тағдыр Бағдат сияқты асыл жар жолықтырды. Өмірімді жалғастыратын перзент сыйлады. Осы жайлар мені он жылғы үзілістен кейін сахнаға қайта оралтты. «Ымырттағы махаббатта» жасы егде тартқанда жас қызға ғашық болған Маттиас Клаузен бейнесінде мен өзімді-өзім ойнадым десем де артықтығы жоқ.

***

Өмірдің қызығы – бала. Өмірдің қызығы – дала. Әрқайсысынан ала берсең, саған да қызық. Ал ала білу үшін, іштей үлкен білім, ішкі үлкен сезім керек. Адамның өзінің жан-жақты сезімі оянуы керек.

***

Кемшілік те көп, бақыт та жетеді. Бірақ, екі бақытым – Бағдат пен кішкентай Асанәлім болып тұр. Ұлым бірде менің орамалымды тауып алып, аузымды сүрткенімді айнытпай қайталап, қыран-күлкі қылған. Соны байқағанын айтсаңшы. Сосын философиялық ойы бар. Мен ауруханада болғанымда, ол шешесінің қасында ұйықтар алдында аспанға қарап жатыпты. «Әкемді сағындым», – депті. Шешесі: «Ертең барамыз», – депті. Біраз жатқаннан кейін тағы да: «Ана, әкем – аспан ғой», – депті. Төрт жасар баланың ойын қара. Тағы біраз жатып: «Ана, сен – айсың, мен – кішкентай ғана күнмін», – депті. Шешесі тағы не айтар екен деп: «Иә, анау жұлдыздар немене сонда?» – деп сұрапты. «Олар біздің туысқандарымыз ғой», – деп жауап беріпті. Үлкен адам айтпайтын ой ғой!  width=

***

Кішкентай баламның тағдыры не болады деп күйзелем. Біреуге құл болып жүре ме? Жүрегім шыңылдайды соған. Сол болашақта біреудің құлы болмасын, біреу боқтап, сабамасын деймін. Құдай сақтасын, сондай жағдай келмесе екен, – деп жалбарынамын. Бірақ, «Сақтанғанды ғана сақтайды» ғой. Кетпей тұрып балаларға жол сілтеуіміз керек. Рушылдық, жікшілдік қазақ елін жарға жығатынын түсіндіру керек. Өзім шама-шарқымша жиындарда осыны айтып жүрмін. Біздің жасымызға келгенде қателесуге болмайды. Жастар қателессе бір сүрініп, бір тұрар. Ал қарттар қателессе, ұлтқа ауыр тиюі мүмкін.  

Баянды байлық деген не?

Ұрпағың үшін қорқасың. Бәрі бай болуды армандайды. Адал еңбекпен тапса жөн еді. Бұрын мал ақылдыға жиналатын. Қазір дүние ақылсызға жиналады. Бірі бар ақшамызды сыпырып алып шетелге қашып жатыр, енді бірі заңға сыйғызып кейуаналардың баспаналарын тартып алады. Бұрын сантехник болған бір маскүнемді білемін. Қазір оның бармаған жері, отырмаған төрі қалмады. Бүкіл облыс орталықтарында үлкен-үлкен қонақ үйі мен мейрамханалары бар. Сұрау жоқ, сот жоқ. Жоғарыда ең құдіретті Төреші барын ұмытқан бәрі. Бұл дегенің иттік, ақылсыздық. Ақылсыздыққа барған байлық баянды болмайды. Олар елді орға жықпай ма?

***

Менің ақша сияқты жинаған байлығым жоқ. Халық ұнатқан образдарым арқылы баймын, себебі осы арқылы менімен дос болған, маған материалдық тұрғыдан көмек беретін адамдар көп, осы жағынан баймын деп айта аламын. Мысалы, менің ескі үйімнің орнына жолдастарым жаңа үй салып берді, бұл да байлық, бірақ біреулер сияқты гектарлап алған жерім, қонақүйім, дүкен, базарларым жоқ.

***

Мені алаңдататын көп жайдың бірі халқымыздың мінез-құлқының өзгеріңкіреп бара жатқаны. Сөз көтермейтін, әзіл-қалжыңды ұқпайтын болуға айналғандаймыз. Бұрын жігіттердің арасындағы қарым-қатынас қандай ғажап еді?! Не айтса да, не істесе де көтеретінбіз. Әкім Таразидің өз фамилиясы Әкім Әшімов қой. Қағаз атаулының бәрі орысша жазылатын (әй, қазір де содан алыс кеткеніміз шамалы) кешегі заманда фамилиямыз да, инициалымыз да бірдей болатын: А.Ашимов. Әкім соны пайдаланып, менің киностудияға келген талай ақшамды алып, жігіттерге жуып жіберген. Ондай отырыстарға өзімді қатыстырып қоятынын қайтерсің? Бір жолы Әкімді мен де қатырдым. Мәскеуге, кинематографистер пленумына барғанымызда екеуміз бір нөмірде тұрдық. Бір күні төменге түссем, Әкімнің атына келген 500 сом ақшаның извещениесі жатыр. Енді оның ақшасын мен алып алдым. Кешке бір топ киношникті ресторанға шақырып, ағыл-тегіл дастарқан жайып, соңында Әкімнің қолына 300 сом ұстаттым. 200 сомын ішіп-жеп қойдық қой. «Саған қарызымды қайтара алмай жүр едім, соның сәті Мәскеуде түсті», – дедім. Жұрт қыран-топан күліп жатыр. Әкім ағам тіпті риза болды. Қазір сондайды жасап көрші, жеке тұлғаның қаражатына қол сұқты деп сотқа сүйреуден тайынбас кейбіреу.

***

Айналама қараймын. Қараймын да қамығамын. Бүгін мүлдем жат ұрпақ өсіп келе жатқандай. Ертең кешегі қазақ пен бүгінгі қазақтың арасы жер мен көктей алшақ тартып, ежелден ұлы құнд ылыққа бай біз ұлт ретінде өзімізді жоғалтып аламыз ба деп алаңдаймын.

***

Қазіргі туған балалардың иммунитетін біздермен салыстыруға болмайды. Мен жалаң аяқ қар кештім. Аязға тоңып, ашықтым. Соның барлығымен күрестім және иммунитетім жоғарылады. Қазіргі жастар дәрігерге барып дәрі алып, жатып ем қабылдамаса, айықпайды. Міне, осыдан салыстыра бер адамдарды. Жаңағы аштық-жалаңаштық, тағдыр, өмірдің қатыгездігі адамды шыңдайды. Қазір жағдай жақсы. Балалардың бітімі керемет. Иықты, бойлары ұзын. Ең жақсысы көбі арақ ішпейді. Намаз оқитындары көп. Бірақ, іші бос. Ұлттық болмыс әлсіреп, жоғалып бара жатыр. Дінге сенсін, таза, адал жүрсін. Оған еш қарсылығым жоқ. Бірақ, дін де, басқа да білім, ілім арқылы келуі керек. Шаласауаттылар «діндармын» деп шауып жүр. Ұлттық бояу оңа бастаған кезеңде бұл – қоғамға қауіпті.

***

Адамдардың пейілі, түсінігі, ішкі мәдениеті, туа біткен, ананың ақ сүтімен келген мейірімі азайып барады. Осыдан қауіптенем. Шын мәнінде солай. Мысалы, мен театрда жалғызбын. 60 пайыз актерлерін танымаймын. Бұрын премьерадан кейін той болатын. Қойылымның тұсауын кескен әртістер, пьеса авторы бірігіп, дастарқан жаятын. Елдің барлығы соны тосатын. Тамақ ішу, арақ ішу үшін емес, пікірлесіп, ой бөлісу үшін. Күлкілі болған жерлері, сыни көзқарастар ашық айтылады. Үлкендер жөн сілтейтін. Қазір ол дәстүр жойылды. Бірікпейді. Спектакль біте салысымен барлығы жан-жаққа тұра қашады. Бір жиналыста: «Жігіттер, үйкүшік болмай бар кезімізде ақылымызды алып қалыңдар», – дедім.  

Өмір мен өлім туралы  толғанғанда...

Адамның жасы ұлғайған сайын қорқыныш билей бастайды екен. Бүгін-ертең келіп қалатын сияқты болып көрінеді ғой. Мынау жарық дүниені тастап кету кімге оңай дейсің? Мен өзімнің көптеген сұхбаттарымда, киномда айттым, «Қорықпаймын!» –дедім. Өйткені менен де мықты адамдар кетті. Көріп отырмыз. Солардан артықпын ба? «Енді ескі достарыммен қауышамын, балаларым қарсы алады» деп өзімді-өзім жұбатып қоямын. Кім білсін? Ислам дінінің бір жақсы жері оптимизм басым. "Тіршілік бар арғы дүниеде", – дейді. Жұмақ пен тозақты айтады. Адамның тәні өлгенімен рухы өлмейді. Біреулер сол рух басқа адамға қонады, – дейді. Сандырақ. Өмірге келгеннен кейін, кететінің белгілі ғой.

***

Имандылық жүректен басталуы керек. Мен атама арнап мешіт салдым. Өзімді қарыздар сезініп жүруші едім. Сондықтан, барымды жинап, беделімді жинап, мешіт салдым. Атам риза болған шығар. Өзім де іштей жеңілдеп қалдым. Қолыңнан келсе, күніне бір кішкентай болса да жақсылық жаса. Ең құрығанда жүре алмай келе жатқан қарттарды көрсең, демеп жолдан өткізіп жібер. Маған мынау жетім-жесір, орыстың әйелдері көп келеді. Қолымнан келгенше барымды беріп жіберем. Құр қайтарған кезім жоқ. Бір орыс бала бар, он жылдай болды келіп жәрдем сұрап тұрады. Келген сайын қолына ақша ұстатып жіберемін. Ол қатты қуанады. Ал мен одан бетер қуанамын.

***

Бір сөзімде «Кінәм көп, күнәм жоқ» дегенім бар. Жұрттың бәрі танып, құрметтеп, құрақ ұшып жүргенде асып-тасып кеткен шақтарым, әріптестерімді ренжітіп алған кездерім болмады демеймін. Адам деген пенде ғой. Менің өмірімде бәрі де болды. Небір қиын түйіндерді ақылмен тарқатқан тұстарым да, қатты қателескен кездерім де болды. Сол қателіктерді жібермесем мен өз беті бар, өз бейнесі бар Асанәлі Әшімов деген адам ретінде де, ел білетін актер ретінде де қалыптаспас едім. Басымнан кешкен қиын жайлардың өзі кейін ойнаған рөлдерімде, қойған спектакль, түсірген фильмдерімде, жазған кітап­тарымда жаңаша жаңғырып, жанымды байыта түсті. Жастау көрінейін деп жасымды да жасырып-жауып жатпаймын. Вахтанг Кикабидзе досым айтатындай, «Мои года – мое богатство». Қалай өмір сүру керек екенін білу үшін кейде қалай өмір сүрмеу керек екенін білудің өзі жетіп жатыр.  

Дайындаған Анар ЛЕПЕСОВА

 

Серіктес жаңалықтары