ЖЫРЫМЫЗ ДА, СЫРЫМЫЗ ДА КӨП БОЛСЫН!

ЖЫРЫМЫЗ ДА, СЫРЫМЫЗ ДА КӨП БОЛСЫН!

ЖЫРЫМЫЗ ДА, СЫРЫМЫЗ ДА КӨП БОЛСЫН!
ашық дереккөзі
280

Осыдан отыз екi жыл бұрын, яғни жетпiс алтыншы жылы Қазақ мемлекеттiк университетi журналистика факультетiнiң табалдырығын аттаған қыз – жiгiттер осы бiр бiрiнен бiрi өткен төрт жiгiттiң қарым қатынасынан ұлы достық туарын сол кезде – ақ байқаған. Олар – Қали, Дәуiтәлi, Уәли, Азат… Студенттiк шақтың алғашқы жылдарынан ақ қалыптасқан бұл жiгiттердiң қатарына алғаш қосылған мен едiм. Қазiр қызметте де, өмiрде де ысылған осынау азаматтарға қарап отырып, бұларды нағыз дос етiп Жаратқанның таңдап қосқанына таң қаламын да, тәубә деймiн. Төртеуiнiң де iшкi рухани байлықтары, тiптi қуанышқа да, кез келген жағдайдағы ұстамдылықтары, қаламгерлiгiне қарамай эмоцияға салқынқандылық танытып, әманда бiр қалыпты ұстайтын, достықтың адал туын үнемi өздерiнiң ар ождандарынан биiк қоятынына дейiн аумайды – ау, аумайды!

Уәли – шығыста, ал Азат – Үшаралда, жылына бiр – ақ рет бас қосып тұрғанымыз болмаса, қарым – қатынас, достығымыз сол баяғы қалпында. Олар туралы айтар сыр да, жыр да аз емес. Әсiресе, Дәуке өзiң туралы…

Уақыт деген қандай зымыран, жылдам, күнi кеше ғана сияқты едi, сенiң елуiңнiң отыз екi жылын бiрге өткiзген күндер шын мәнiнде артта қалыпты. Екi отбасындағы қаншама қуаныш… Сенiң бес балапаның (қазақ бала санын айтпайды дейдi, тiл – көзден сақтасын) Қалекеңнiң төрт құлыншағының өмiрге келгенi, балабақшаға барғаны, мектеп табалдырығын аттаған сәттерi… Төл басылар Мөлдiр мен Гүлнұрдың бойжетiп, өз теңдерiн тапқаны… Олардың бiздердi ата-әже атандырып, рахат күй кешкен кешегi күнi уақыт дегеннiң ырқына бағынбай, өзiмiздi сергек ұстап, ата сақалдарын ауызға түссе де бiр бiрiмiздi көргендегi есiмiз шыға мәз болып жүрiп, СЕН де елуге келiп қалыпсыз… Артына бұрылып қарасаң, сонау сексенiншi жылдардағы пәтер мәселесi болмаса, әжептәуiр бақытты ғұмыр кештiң. Өз курстастарыңның iшiнде билiкке араласып, жақсы қызмет те саған бiрiншi бұйырды. Бiрақ сенiң қызметтегi емес, жәй ғана отағасы, қамқор әке, адал дос екенiңдi айтсам ба деймiн. Мөлдiрдi қырқынан шығарған күнi сен шет тiлдер институтының түлегi Паршаны қолтықтап келгенсiң. Өте биязы, иманы жүзiне шығып, көзiлдiрiгiнiң ар жағынан мейiрiмге толы оның үлкен жанарына қарап өте жақсы қабылдап едiк. Бiздi сол пиғылымыз алдамады, таңдауың өзiнiң қандай жерден шыққанын, әке-шешеден алған тәлiмнiң қандай екенiн осы күнге дейiн сабырлы аппақ жүзiнен аңғартып, сенiң қылығына езу тартады да қояды…

Төртеумiз бас қосқанда дүниенi ұмытып, бар қызығымыз балаларымыздың қылықтарын әңгiмелеп, одан қала берсе күлкi етер тiрлiктiң бәрiн ашына, жарыла қызықтап, төрт құбыламыз тең керемет күй кешемiз. Жаңағы айтқанымдай, бiз тұстастардың тағдырына мықтап жазылған сексенiншi жылдардың пәтер қиындығы да бiздiң осы бiр жайдары қалпымызды тия алмаушы едi ғой. Балабақшаның бiр тобы сияқты тоғыз перзенттерiмiздi тәттi ұйқыға бөлеп қойып, таңды таңға ұрып, ұйқысыз өткiзген түндер ше? Сонда белгiлi ғалым, профессор Намазалы ағамыз “Дәуiтәлiнiң қонағы Қали, Қалидың қонағы Дәуiтәлi, бұл төртеуiнiң басы қосылса қырық кiсi жиналғандай…” деп күлетiн – дi. Шынында да солай едi-ау. Ешкiмдi керек қылмай, басымыз қосылмайтын күн не түн болсашы…

Сендей қосағы бар Паршекең, мейiрiмдi әкесi бар ұрпағыңмен қоса, сендей адал досымыз бар бiз де бүгiн сондай бақыттымыз.

Қызметiң бар, отбасын аман, дос – жолдастарың қасында ер жасы елуге әдемi жеттiң. Бiрде менiң туған күнiмде “ Осы ғұмырында өте бақытты, ақылды, сұлу әйел болдың, ендiгi өмiрiңде де дәл солай ғұмыр кешуге тиiссiң…” дегенсiң. Отыз жылдан астам бiрге қол ұстасып келе жатқан достық ғұмырымызға қарап, мен де саған дәл осы тiлектi қайталағым келедi.

Әрине, бұдан былайғы ғұмырымыз тiптi сәндi, бақытты болуға тиiс қой. Өйткенi,бiз ата – әжемiз, бiз құда – құдағимыз! Үлкен бiр әулеттi сүйреп келе жатқан азаматсың. Әлi Парша екеуiң арттарыңдағы ауыр арбаны орын – орнына жеткiзу үшiн Жаратқаннан денсаулық қана сұрайық.

Айналайын, ДӘУКЕ, сен бiздiң отбасының үлкен досы ғана емессiң, Сен өмiрден өтiп кеткен менiң асыл әке-шешемнiң, ардақты ағаларымның көзiн көрген,дәмдес болған бойтұмарымсың десем артық айтқандық емес. Қалекең екеуiңнен басталған үлкен ұлы достық адал жарың Парша екеумiздi апалы – сiңiлдей, тату – тәттi абысындай дәрежеге жеткiзiп қана қоймай, ұрпағымыздың да бiр үйдiң балаларындай болып өсуi… бiздi бiлетiндерге үлгi өнеге дер едiм. Әрине, ұрпақ тәрбиесi, от басының береке бiрлiгi, шаңырақтың шаттығы әйелдiң қолында десек, бұл жағынан сен тiптi бақытты еркесiң. Сенiң жарыңның бойынан қазақ әйелiне тән кез келген жақсы қасиеттi көп iздемей – ақ оңай тауып алуға болады. Ол туралы әңгiме, әрине,тiптi бөлек.

Таңсұлу Алдабергенқызы

Серіктес жаңалықтары