Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Республика күнін мерекелеу аясында ЕҰУ проректоры Думан Айтмағамбетовке Италияның мемлекеттік наградасы – Италия жұлдызы ордені (ЕНDINE della Stella d ' Italia) табыс етілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жоғары марапатты Италия Президенті атынан Қазақстандағы Италия Елшісі, мырза Антонелло Де Риу табыстады.
Бұл орден Италия Президентінің бастамасымен тағайындалған және ол Италия мен басқа елдер арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтудағы ерекше еңбегі үшін, сондай-ақ мәдени, ғылыми, экономикалық және білім беру байланыстарын дамытуға қосқан үлесі үшін беріледі.
Аталған марапат Италияның халықаралық беделін арттыруға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосқан тұлғаларға тапсырылады.
Бұл мәртебелі награданы алу – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Италияның білім және ғылым институттары арасындағы әріптестік қатынастарды дамытуға, сондай-ақ Қазақстан мен Италия арасындағы байланыстарды нығайтуға қосқан жеке үлестің мойындалуы.
Айта кетсек, ЕҰУ-дың италиялық университеттермен және компаниялармен ынтымақтастығы жоғары деңгейде жүзеге асырылып келеді. Университет Тренто, Салерно, Генуя, Милано-Бикокка, Милан, Сиена шетелдіктер университеті, Катания, Турин политехникалық университеті, Габриэле д’Аннунцио университеттерімен академиялық ұтқырлық, қос диплом бағдарламалары, тағылымдамалар, профессорлармен алмасу, бірлескен ғылыми жобалар және басқа да бағыттар бойынша тығыз байланыс орнатқан.
Сондай-ақ ЕҰУ – Silkway университеттер консорциумының мүшесі. Оның аясында италиялық жоғары оқу орындарымен бірлескен түрлі ғылыми және білім беру жобалары жүзеге асырылуда.
2019 жылдан бастап Италия Елшілігі, ЕҰУ және Eni компаниясы арасындағы меморандум негізінде университетте Энрико Маттеи атындағы Италия мәдени орталығы жұмыс істейді. Бүгінде орталықта италиян тілі курстары жүргізілуде.
Бірлескен жобалардың ішінде ерекше атап өтерлігі — Милано-Бикокка университетімен бірлескен «Green Energy Management» (Жасыл энергетиканы басқару) атты жыл сайынғы жазғы мектеп. Бұл мектеп Орталық Азия аймағы мен өзге де өңірлердің сарапшылары мен жас ғалымдарының өзекті мәселелерді талқылайтын дәстүрлі алаңына айналды.
Аталған жоба Eni компаниясымен ынтымақтастықты нығайтуға, Eni ECU корпоративтік университетімен бірлесіп «GREEN ENERGY TECHNOLOGIES» атты жаңа магистратура бағдарламасын енгізуге, Падуа және Турин политехникалық университеттерімен серіктестік орнатуға, сондай-ақ университет қызметінде және мәдениетінде тұрақты даму күн тәртібін ілгерілететін «Жасыл кеңсе» жобасын іске қосуға ықпал етті.
2024 жылдан бастап жазғы мектеп Орталық Азияның әртүрлі елдерінде өткізіле бастады (2017–2023 жылдары - Қазақстанда, 2024 жылы - Қырғызстанда, 2025 жылы - Өзбекстанда).