Республика күні қарсаңында Қазмедиа орталығында «Хабар» агенттігінің 30 жылдық мерейтойына арналған іс-шара өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Салтанатты жиынға ҚР Президентінің ішкі саясат және коммуникациялар мәселелері жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, сондай-ақ Парламент депутаттары, телевизия ардагерлері мен медиахолдинг қызметкерлері қатысты.
Ақпарат кеңістігінде айрықша орны бар агенттікті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтойымен құттықтады. Президенттің құттықтау хатын Арман Қырықбаев оқып берді.
«Хабарда» телевизия саласы қызметкерлерінің тұтас шоғыры қалыптасты. Көптеген журналистер осында жемісті жұмыс істеп, шеберлік мектебінен өтті. Агенттік әрдайым сабақтастық дәстүрін сақтап, мықты мамандардың ұстаханасы ретінде танылды.
Ақпарат майталмандары ұжымы еліміздегі және әлемдегі оқиғалар құралы шынайы хабар таратып, халыққа мемлекеттік саясаттын мән-маңызын түсіндіруге зор үлес қосып келеді. Сіздер болашақта да қоғамдағы өзекті мәселелерді батыл көтеріп, ел игілігін еселеу жолында аянбай еңбек етерсіздер деп білемін», – делінген құттықтау хатта.
Сонымен қатар, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов «Хабар» ұжымына бейнеқұттықтау жолдады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да жылы лебізін білдіріп, «Хабар» агенттігі тәуелсіз Қазақстанның тарихын таспалаған іргелі медиаұйым екенін атап өтті.
«Қазіргі кезде «Хабар» телеарнасы Ел Президентінің жолдауларын, реформалары мен бастамаларын халыққа кеңінен түсіндіріп, олардың мән-маңызын жеткізуде ерекше рөл атқарып келеді. «Заң және тәртіп», «Адал азамат», «Әділетті Қазақстан», «Таза Қазақстан» секілді елдің болашағына бағытталған тұжырымдамаларды ақпараттық кеңістікте жүйелі түрде насихаттап, қоғамда жауапкершілік пен әділдік қағидаттарын орнықтыруға зор үлес қосуда», – деді министр.
Іс-шара барысында Сергей Пономарёв, Бибігүл Жексенбай, Қымбат Досжан, Ерлан Бекхожин, Қымбат Хангелдина, Зейін Әліпбек, Марат Мұхамедсалиев және Светлана Коковинец секілді отандық телевизия майталмандары өздері түлеп ұшқан «қара шаңыраққа» ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ «Қазмедиа орталығының» фойесінде Хабардың 30 жылдығына арналған фото-көрме ұйымдастырылды. Тәжірибелі журналистер еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының студенттеріне дәріс беріп, шеберлік сабақтарын өткізді.
«Хабар» агенттігі 1995 жылғы 23 қазанда құрылды. Қазіргі кезде агенттік құрамында қазақ және орыс тілдерінде хабар тарататын екі телеарна бар. Бірі – агенттіктің басты арнасы –«Хабар» және тәулік бойы хабар тарататын «24KZ» ақпараттық арнасы.
Аталған телеарналар елдегі барлық аймақ көрермендеріне қолжетімді. Эфирде өзекті жаңалықтар, көркем және деректі фильмдер, телесериалдар мен түрлі бағдарламалар көрсетіледі. Тәуліктік эфир уақытының кемінде 60 пайызы мемлекеттік тілде таратылады.
Қазақстанның барлық өңірлерінде және шетелдерде «Хабар» агенттігінің тілшілер желісі бар. Агенттіктің өкілдіктері АҚШ-та, БАӘ-де, Ресейде, Бельгияда, Ұлыбританияда, Оңтүстік Кореяда, Қытайда, Германияда, Өзбекстанда, Қырғызстанда, Францияда, Түркияда, Грузияда, Испанияда және Малайзияда жұмыс істейді.