ЖАҢА ЖАСТАР САЙТЫ ҚҰРЫЛДЫ

ЖАҢА ЖАСТАР САЙТЫ ҚҰРЫЛДЫ

ЖАҢА ЖАСТАР САЙТЫ ҚҰРЫЛДЫ
ашық дереккөзі
211

“Қазақстанның болашағы — жастардың қолында” деген сөздi жиi естимiз. Ендеше бүгiнде сол жастардың қоғамдағы белсендiлiгi қандай? Оларды елiмiздiң ертеңi толғандыра ма? Осы iспеттес сұрақтарға жуырда “Жастар саясаты: жастарды әлеуметтендiру мәселелерi және оның келешегi” тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференция барысында жауап iздедiк.

Бүгiнде елiмiз жастар саясатын жүзеге асыру барысында жастарды әлеуметтендiру мен олардың келешегiн қарастыруды қолға алып отыр. Себебi, барлық дамыған мемлекеттерде жастардың саяси әлеуметтенуi олардың саяси қатынастар жүйесiне енуi мен саясатқа қатысуы арқылы жүргiзiледi. Бұл жастардың қоғамның саяси жүйесiне саяси мәдениеттiң негiзгi элементтерiн меңгеру арқылы бiрiгуiн көрсетедi. Қазақстандағы саяси институттар мен жастардың өзара қарым-қатынастарының қазiргi жағдайы, олардың қоғамдық-саяси процестерге қатысуы күрделi феномен болып табылады. Конференцияда осы мәселелер талқыланды. Сондай-ақ конференцияға қатысушылар бүгiнгi заманның жастары және олардың жастар саясатына араласуы арқылы әлеуметтенуi жайында ұзақ сөз қозғады. Дөңгелек үстелге Бiлiм және ғылым министрiнiң кеңесшiсi Венера Жексенбекова қатысты. Бүгiнде елiмiзде жастар ұйымдары 1000-нан асып жығылады екен. Қазiргi техника мен технологияның шарықтап тұрған заманда қазақ жастары арасында Интернет қолданысы барынша қарыштап жатқаны анық. Ал жастар ұйымдарының қолдауымен өмiрге келген сайттардың жұмысы сын көтермей тұрғаны аян.

Сол себептi де “Жiгер” одағы мемлекеттiк жастар саясатының iске асырылу барысында ақпараттық қамтамасыз етiлуiн түбегейлi қолға алуды көздеп отыр. Осы мақсатта Астана қаласының Iшкi саясат басқармасының “Мемлекеттiк жастар саясатын ақпараттық қолдау”, “Балалар мен жасөспiрiмдердi патриоттыққа, iзгiлiкке, адамгершiлiкке тәрбиелеу бойынша материалдар жариялау”, “Салауатты өмiр салтын насихаттау”, “Жастар мәселелерi бойынша әлеуметтiк-мәндi жобаларды ақпараттық қолдау” мақсатында қазақ-орыс-ағылшын тiлiндегi “Жастар. орг” сайты құрылған болатын. Конференция шеңберiнде осы сайттың тұсаукесер салтанаты болып өттi.

Әйгерiм ДОСЫМ

Серіктес жаңалықтары