Ақтауда жүргізуші мен жас жігіттің арасында болған төбелес видеоға түсіп қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Lada.kz жазуынша, оқиға 9 қыркүйек күні кешкі уақытта 26-шағынаудандағы №31 үйдің артындағы жолда болған.
Бейнежазбадан ер адамның жас жігітке жақындап, оны ұра бастағаны, кейін жерге құлатқаны көрінеді. Осы сәтте өзге жүргізушілер араша түсіп, жанжалдасушыларды ажыратуға тырысқан.
Кейін жас жігіт күртесін алып, көлікке отырған. Кадрларға қарағанда, ол осы көліктің жолаушысы болуы мүмкін. Жүргізуші жолаушылар есігіне барып, оны көліктен шығаруға әрекет жасаған. Біраз уақыттан соң оған тағы бір ер адам көмектескен.
Осыдан кейін жас жігіт жүргізушінің басынан ұрған. Куәгерлер оларды қайта ажыратқанымен, жанжал мұнымен аяқталмаған.
Бірнеше минуттан кейін екеуінің арасында тағы да төбелес басталып, бірнеше адам оларды әрең ажыратқан. Жүргізуші кейін көлікке отырып, кетер алдында жас жігіттің сырт киімін көліктен лақтырып жіберген.
Алайда жас жігіт көлікті жол қиылысында қуып жетіп, есігін қағып, тұтқасын тартқан. Жүргізуші тағы да көліктен шыққан. Сол сәтте куәгерлердің бірі жігітті шетке алып кетіп, жүргізушіге кетуге белгі берген.
Lada.kz редакциясына хабарласқан куәгерлердің айтуынша, оқиғадан кейін жас жігітті полиция алып кеткен. Ал жанжалға қатысқан жүргізуші көлігімен кетіп қалған.
Полиция департаменті оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын хабарлады. Қазіргі уақытта жәбірленуші арыз жазып жатыр.