"Айгүл" ансамблінің негізін қалаған белгілі әнші 81 жасында өмірден өтті

/
"Айгүл" ансамблінің негізін қалаған белгілі әнші 81 жасында өмірден өтті
ашық дереккөзден

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, әнші-композитор Ағайша Исағұлова өмірден өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ағайша Шермұхамбетқызы Исағұлова 1945 жылғы 12 ақпанда Талдықорған өңіріндегі Ескелді ауданында дүниеге келген. 1967 жылы қазіргі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін тәмамдап, кейін осы оқу орнында ұстаздық қызмет атқарды.

Кәсіби музыкант, баяншы әрі колоратуралық сопрано иесі Ағайша Исағұлова 1968 жылы "Айгүл" вокалды-аспаптық ансамблін құрды. Ұжым кейін Кеңес Одағы көлемінде және шетелдерде танымал болды.

1978–1979 жылдары ол "Шаттық жыры" ансамблін ұйымдастырды. Ал 1992 жылы Галина Карамолдаевамен бірге "Өнер – жастан" студенттік опера театрын ашты.

Ағайша Исағұлова 2001 және 2003 жылдары Майра Уәлиқызы Шамсутдинова атындағы халықаралық байқауларды ұйымдастыруға атсалысты. Ол республикалық және халықаралық өнер бәйгелерінің лауреаты атанып, екі рет "Үздік музыка мұғалімі" атағына ие болған.

Дінмұхаммед Қонаев та оның өнеріне жоғары баға берген.

"Мен қазақтың екі-ақ қызын білемін. Біріншісі – Хафиза Әбуғалиева аккордеонмен ән салушы еді, екіншісі қарындасым Ағайша – баянда ойнап ән айтады. Бұл қыздар елімізге келген біртуар таланттар ғой", – деген ол.

Композитор ретінде Ағайша Исағұлова 2001 жылы Ж. Жақыпбаевтың сөзіне жазылған "Көкпар" әнімен "Жаңа ғасырға – жаңа ән" республикалық байқауында Гран-при иеленді. Бұл шығарма кейін оның шығармашылық визиттік картасына айналды.

Өнер иесі Қазақстаннан бөлек Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Германия, Польша, Түркия және басқа да елдерде өнер көрсетті. Сондай-ақ Ескелді және Кербұлақ аудандарының құрметті азаматы атанды.

2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ағайша Исағұловаға "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағын берді.

Марқұммен қоштасу рәсімі 10 қыркүйекте Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде өтеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары