Ахмет АЛЯЗ: АНАДОЛЫДАН АНКАРАҒА ДЕЙІН...
Ұлан-ғайыр аймақты жаулаған Осман империясының негізі қалай қаланды? Даңқы көк тіреген, осыншама кең алапқа табан төсеген османдықтар неден қателесті? Ежелгі Стамбұл түріктерге қалай берілді? Ежелгі Византия қалай жойылды? Бүткіл Еуропаны билеген көк түріктердің құдіреті неде? «Сұлтан Сүлеймен» сериалының шындығы қайсы? Ататүрік аңсаған азаттықтың бастауы не? Белгілі журналист, «Қазақстан-Zaman» газетінің бас директоры Ахмет Аляз мырзамен әңгімемізге сонау Осман империясының тарихы мен бүгінгі Түркияның қалыптасу кезеңі арқау болған еді.
– Кешегі Осман империясынан бүгінгі Түркия мемлекетіне дейінгі кезең қалай қалыптасты? Не өзгерді? Түрік мемлекеті осы уақыт аралығында не жоғалтты?
– Түріктер алғаш рет Анадолы жеріне Сельджук мемлекеті мен Византия мемлекетінің арасындағы «Малазгирт» соғысынан кейін көше бастаған. Сол соғыста Сұлтан Алпарыстан қазіргі Қызылорданың түбіндегі Жент қаласында өзінің әскерін дайындап, Түркияның Мүш деген қаласына келген. Кең аймақты алып жатқан майдан даласында түріктер 30 мың әскерімен 200 мың әскері бар византиялықтармен соғысады. Византиялықтардың сол кездегі басшысы Роман Диоген деген император болған. Осы соғыста түріктер жеңіске жетіп, император қолға түседі. Бұл жеңістен кейін Түркия территориясының тең жартысын беру туралы келісімге қол қойылады. Келісім бойынша, Византия елі жыл сайын түріктерге салық төлейтін болады. Алпарыстан әскері оғыздар мен қыпшақтардан тұрған.– Қанша мөлшерде төлеп отырған?– Жылына 360 мың Византия алтыны. Сұлтан Алпарыстан қолға түскен императордан: «Егер мен сенің қолыңа түскенде, не істер едің?» деп сұрайды. Ол: «Мен сені аямай, басыңды шауып алар едім» дейді. «Саған не істейін?» дегенде, «Сен де менің істегенімді істейтін шығарсың», – дейді. «Жоқ, мен сенің істегеніңді істемеймін» деп, Сұлтан генералды келісімге келтіріп, өз еліне қайтарады. Бірақ Византияда төңкеріс болып билікке Император Дукас келеді. Ол бұл шешімді қабылдамайды. Диогенді елден қуады. «Біз сіздердің келісімдеріңізді қабылдай алмаймыз. Біз өз кегімізді қайтаруға дайынбыз» деген хат жібереді. 1176 жылында, екінші рет соғыс басталады. Бұл соғыста да түріктер жеңіске жетеді. Содан кейін түріктер Анадолы жерінің құжатын нақты қолына тигізген. Анадолы жеріне түріктің он алты тайпасы қоныс тепкен. Ең үлкен тайпаларының орын тепкен жері Кония қаласы болды. Анадолыға келгенге дейін Биік-Сельджук мемлекеті деп аталса, Анадолыны жаулап алғаннан кейін Анадолы-Сельджук мемлекеті болып қайта құрылады. Сол сельджуктердің ең кішкентайы Осман тайпасы болған екен. Тайпа Осман би басшысының есімімен аталған. Бұлар саны жағынан өте аз халық болған. Әрі ең жауынгер халық та осы осман тайпасы болыпты. Осман тайпасы Византия тайпаларымен шайқаса отырып, біртіндеп шайқасқан аймақтарын жаулап алып отырған. Жеңістен жеңіске жетіп, әр жеңістен ғанибет түсіріп байып, байығаннан кейін, өзінің айналасындағы көрші түркі тайпаларын өздеріне қосып отырған. Түркияның бүгінгі Бурса қаласына қарасты Билежик деген кішкентай қала бар. 1299 жылы сол қалада империяның негізі қаланып, Осман империясы мемлекет ретінде алғаш рет құрылады. Оның негізін қалаушы – Осман би. Осман би өлерінің алдында баласына өсиеттеп: «Мен өлмей тұрғанда, жасыл желекке малынған Бурса қаласын сыйға тартасың» деп айтқан екен. Бурса қаласының табиғаты біздің Алматымен сәйкес келеді. Көкпеңбек таулардың ортасында тұр. Ғажайып қаланың әсем келбеті Осман биді де ерекше баураса керек. Византиялық тағы бір шайқаста Осман бидің баласы Бурсаны жаулап алып, әкесінің өсиетін орындайды. Бурса қаласы Осман империясының алғашқы астанасы болып бекітіледі. Империя болып негізін қалаған османдықтар Византияға қарсы шабуылды үдете бастайды. Жақын маңдағы түріктерді жауламай, византиялықтармен күресуінің де өзіндік себебі бар. Түріктер ешқашан бірін-бірі таламаған. Византиялықтар түріктерден Анадолы жерін қайтарып алуды көздеп, қайта-қайта Крест жорығын ұйымдастырып отырған. Түріктердің Византияға шабуыл бастауының сыры осында. Біріншіден, олар Крест жорығын тоқтату болса, екіншіден, оларға қарсы соққы беру. Үшіншіден, Анадолы жерін нағыз түріктердің Отанына айналдыру басты мақсат болғаны анық. Сөйтіп, ХV ғасырға дейін түріктер бүгінгі Балқан түбегіндегі елдердің бәрін түгелімен өзіне бағындырып алады. Арада тек қана Византия елі ғана қалады. Византия мемлекеті Стамбұлда орналасқан. Стамбұл қоршалған жеті қамалдан тұратын. Византияның да өзіндік бір ерекшелігі бар еді. Ол бүкіл христиан архидом севастияндарының орталығы болып есептеледі. Өзінің шекарасы кіші болса да, бүгінгі католиктердің орталығы Ватикан сияқты миссия атқарады. Олар жиі-жиі крест жорықтарын ұйымдастырып, мұсылмандарға өшпенділікті оятуды басты мақсаттарына айналдырады. Оларды тоқтатпай Анадолы жеріне тыныштықтың жоқ екенін түріктің сұлтандары жақсы біледі. Оған үлкен соққыны беретін Сұлтан Баязит болады. Стамбұлды алуға Сұлтан Баязит көп күш жұмсайды. Бірнеше рет шабуыл жасау үшін дайындықтар жүргізеді. Өкінішке қарай, Сұлтан Баязит сол кездері Тимурмен (Ақсақ Темірмен) болмашы нәрсеге бола ренжісіп, содан кейін соғысуы түркілердің Анадолы жерінде тоқырауына алып келеді. Бұл он бесінші ғасырдың алғашқы жылдары болатын. Тимур мен Баязиттің арасында осылайша соғыс басталады.
– Тимур да түркі патшасы. Екі бірдей қандас патшалықтың соғысуының себебі неде?– Екеуі де түркі. Бірі – Анадолы да, бірі – Орта Азия жерінде. Тимурдан екі тайпаның басшысы /Жалайыр сұлтаны Ахмет пен Қарақойындар сұлтаны қара Жүсіп/ қашып, Осман империясының қолтығына тығылады. Тимур Баязитке: Екі тайпаның басшысын қайтарып беруін және өзінің үстемдігін мойындауын сұрайтын хат жібереді. Баязит болса, «біздің заңымызда, елімізге келіп сыйынғандарды қайтарып беру деген жоқ және сенің үстемдігіңді мойындамаймын» деп жауап қайтарады. Осылайша, екі патшаның арасында бір-бірінің намысына тиетін сөздер жазылған хаттар жиілей бастайды. Бұл хаттар екі патшалықтың арасында соғыс өртінің тұтануына әкеліп соқтырады. 1402 – жылы Тимур өзінің әскерімен келеді де, бүгінгі Анкара қаласының маңайында екі армия арасында қиян-кескі ұрыс басталады. Негізінен, Баязиттің да армиясы осал болмаған. Бірақ Тимур соғысқа өзінің пілдерін пайдаланған екен. Бірінші кезекте, жүздеген пілді соғысып жатқан армияның үстіне қарай жібере салады. Пілдер армияны таптап, орындарынан қозғаған кезде, әскерін жіберген. Баязит пілдерге қарсы мыңдаған жылқыны алға салады. Тимурдың айласын осылайша тоқтатады. Өкінішке қарай, ұзаққа созылған соғыстың нәтижесінде Баязит жеңіліске ұшырайды. Жеңілістің себебі, Қара татарлардың және тағы екі тайпаның Тимурдың жағына өтіп кетуі. Баязиттің әскерінің оң жағы әлсіреп қалады. Оң жағы құлаған соң, әскердің әлсіреп қалатыны белгілі. Бұл сәтті Тимур оңды пайдаланып кетеді. Баязит қолға түседі, онымен бірге балалары да қолды болады. Бір баласын патша етіп, Анадолы жерінде қалдырады. Тимур Анадолы жеріндегі бүкіл тайпаларды өзіне бағындырып алады. Осылайша, он жылдай Осман империясы әлсірейді. Түрік елі билік таласынан құтыла алмай қалады. Тимур қайтыс болады. Тимур қайтыс болғаннан кейін Баязиттің балалары қайтып келеді. Баязиттің қолындағы жүзікте у болған екен. Тимурға қолға түскеннен кейін, Баязит сұлтан сол уды ішіп өлді деген дереккөздерде айтылады. Бұл жалпы түркілерге берген Тимурдың ең үлкен зияны десек болады. Түрік тарихшылары, «бұл шайқас Стамбұлды жаулауды елу жылға кешіктірді» деп жазады. Әрі бұл уақыт византиялықтардың, еуропалықтардың ес жинауына мүмкіндік береді. Екіншіден, Тимур Осман патшасының балалары арасында таққа талас деген әңгімені ушықтырды. Бұрын түріктердің салты бойынша, Осман империясында ең үлкен бала мұрагер болып қалатын еді. Оған құрылтай таңдау жасайтын еді. Негізі әкесі қайтыс боларының алдында өз мұрагерін тағайындап кететін. Тимурдың заманында бұл үрдіс бұзылып, таққа талас күшейді. Тақ үшін ағаның ініні, інінің ағаны өлтіруі басталады. Біздің тарихымызда бұл кезең «арақашықтық кезең» деп аталады. Бұл аралық елу жылды қамтиды. Бауырды бауырдың, ініні ағаның, ағаның ініні өлтіруі Бірінші Ахметтің кезеңіне дейін тоқтаған емес. Бұдан кейінгі тарихи кезең – Стамбұлдың азат ету кезеңі. Стамбұл ол кезде византиялықтардың билігінде болған. Византиялықтардың өз халқына деген қатыгездігі, зұлымдығы күшейген кезең еді. Византиялықтардың поптары айтты деген мынадай деректер бар. Түріктерге қарсы соғыста Византия патшасы католиктердің көсемдерінен көмек сұрайды. Сонда католиктер өз мазхабын тастап католик мазхабына өтпесеңдер, сендерге көмектеспейміз дейді. Осы жауапқа ызаланған византиялық поптар «Католиктердің бас киімінен мұсылмандардың сәлдесі артық» деп қатолик мазхабына кіруден бас тартады. Яғни, Стамбұлдағы халық Осман империясына берілуін іштей қалаған.
– Осман империясының діні ислам болды ма?– Османдықтар мұсылман халқы болды. 1453 жылы жұма күні намаздан кейін, соңғы шабуыл жасалады. Византияның үлкен жеті қамалы алынып, сөйтіп Византия мемлекеті қирайды. Осылайша, тарихтан жойылып кетеді.
– Жаулап алған ұлттар түріктерге сіңісіп кетті ме сонда?– Стамбұлды жаулап алған Фатих Сұлтан Мехмет сол күні мынадай үкім шығарады: «Бүгіннен бастап, менің елімде қандай тілде, қандай дінде болмасын, бәріңіз де азатсыздар. Ешқайсыларыңызды да құлдыққа алмаймыз. Және өз тілдеріңізді, өз діндеріңізді сақтауға толық мүмкіншілік бар» деп айтады. Фатих Сұлтан Мехмет кезінде салынған мешіттерге қарасаңыз, әрбір мешіттің жанында бір-бір шіркеу бар. Немесе әрбір шіркеудің жанында бір-бір мешіт бар. Немесе мешітке шіркеу жақын орналасқан. Осылайша, діндердің бірлігі берік болған.
– Тілі, діні, ділі бөлек болу Осман империясының ішкі саясатына кері әсер етпеді ме?– Сол кездегі жағдай бойынша, олар мемлекеттік құрылымға араласа алмайды. Олар халық болып, ұлттың құрамында қала береді. Тиесілі салықтарын төлейді. Мемлекеттің заңына бағынады. Мемлекеттің заңына бағынбайтын болса, онда тиісті шаралар қолданылады. Бір мұсылман мен бір христианның арасында қандай да бір мәселе туындайтын болса, Стамбұл соттарында өздерінің дініндегі адамдарды куәлікке тартатын болды. Ал негізгі құқық мұсылман билігінде болған. Стамбұлды алу туралы аңызға айналған бірнеше оқиғалар бар. Стамбұл стратегиялық аймақта орналасқан. Бұғаздың екі жағына да, жоғарғы және төменгі жағында шынжырмен байлап қойған. Ол шынжырлардан ешқандай кеме өте алмайды. Кеме өтпесе, Қара теңіз жағынан, Ақ теңіз жағынан көмек келіп, оларды алу мүмкін болмай қалады. Сол үшін Фатих Сұлтан Мехмет кемелерді таудың басына қойдырады да, бір түннің ішінде кемені осы шынжырдың ортасына түсіріп жібереді. Бұған византиялықтар таң қалған деседі. Стамбұлды алғаннан кейін Фатих Сұлтан Мехмет арнайы қор құрып, сол қордан түскен ақшаға Айя-София мешітін жерімен қоса толық қорға сатып алады және оны мешітке айналдырады. Айя-София мешіті жайында мынадай өсиет қалдырады. «Бұл мешітті мешіттен басқа нәрсеге пайдалануға рұхсат бермеймін. Кімде-кім мешітті басқа нәрсеге айналдыратын болса, Алланың лағнеті болсын», – дейді. Бірақ бұл мешіт қазір музейге айналып кеткен.– Фатих Сұлтан Мехмет тұралы тарқатып айтсаңыз?
– Фатих Сұлтан Мехмет кезеңі Осман империясының нағыз өрлеу кезеңі болып саналады. Өйткені, Фатих жастайынан патшалыққа бейім, ержүрек азамат болған. Өте білімді, әділ патша болған екен. Сұлтан Мехмет жеті тілді меңгерген патша. Сұлтан Мехмет алғаш рет таққа он екі жасында отырған. Әкесі Мұрат: «Мен енді қартайдым. Қартайған сәтімде өз баламды мұрагер етіп, таққа өз қолыммен отырғызайын» деген ниетпен Құрылтайды жинап, өз шешімін жеткізеді. Патшаның шешіміне уәзірлер қарсы болады. Уәзірлер Еуропа крестке дайындалып жатыр. Он екі жасар баламен жорыққа шыға алмаймыз. «Он екі жасар баланың таққа отырғанын естісе, бірден крест жорығын бастайды. Сондықтан, сіз мұны доғарыңыз» деп айтады. «Жоқ. Менің шешімім осы» деп, патша өз шешімінен айнымайды. Осылайша, крест жорығы басталады. Уәзірлер крест жорығы басталғанын айтып, патшаға қайта келеді. «Армияның басына өзіңіз келмесеңіз, жағдайымыз қиын болады», – дейді. Сол кезде Сұлтан Мұрат көнбей қояды. «Он екі жасар болса да, ол менің балам. Сонымен бірге барасыңдар», – дейді. Әкесін көндіре алмаған соң, уәзірлер баласына барады. Фатих әкесіне келіп: «Әке, сіздердің әскеріңіз осылай деп жатыр» дегенде, әкесі көнбей қояды. Сонда баласы: «Әке, егер мен патша болатын болсам, сізге бұйырамын. Әскермен бірге барасыз. Егер мен патша емес, сіз патша болсаңыз, онда онсызда баруыңыз керек» дейді. Баласының сөзінен жеңілген Сұлтан Мұрат баласын ертіп, жорыққа өзі барады. Бүгінгі Косово деген жерде үлкен шайқас басталады. Сол шайқаста Осман империясы жеңіске жетеді. Сөйтіп, елге жеңіспен оралады. Фатихтың өр мінезі ел арасында аңыз-әңгімеге айнала бастайды. 1451 жылында қайта таққа отырады. Он тоғыз жасына келген кезінде Стамбұлды алуды ойлай бастайды. Жиырма бір жасында Стамбұлды жаулап алады. 1453 – әлем тарихында орта ғасырдың аяқталып, жаңа ғасырдың бастау кезеңі болып есептеледі.
Сұлтан Мехмет византиялықтармен болатын соңғы шайқастың алдында түркі тайпаларының бәрін өзінің қол астына бағындырады. Бірін соғыспен, бірін бейбітшілікпен. Түркі бірлігін ең алғаш бастаған Фатих Сұлтан Мехмет болады. Сұлтан өмірден жас кетеді. Оны қырық тоғыз жасында улап өлтіреді. «Еврей дәрігерлер улап өлтірді» деген деректер бар. Дәрігері еврей болған екен. Себебі, Фатих өлерінің алдында Италияға сапар шегуді жоспарлаған екен. Сол сапарды болдырмау үшін алдын-ала улап өлтіреді. Улап өлтірмегенде, Италия жері Осман империясының билігіне өтер ме еді, кім білсін?! Сұлтан Мехметтен кейін патша тағына баласы екінші Баязит жайғасады. Одан кейін – Явуз Сұлтан Селим. Түріктің патшаларының ішіндегі ең жауызы, ең жауынгері атанған батыр патшалардың бірі болған.
– Не себепті жауыз атанған?– Сұлтан Селимге бұл атты берген сол кездегі Иран шайхы /патшасы/ екен. Себебі, Явуз Сұлтан Селим бүгінгі Тробзон қаласының жастайынан әкімі болады. Сол кезеңде Иран шайхымен бірнеше рет шайқасады. Шайқаста көрсеткен батырлығы үшін, оны «жауыз» деп атайды. Бір деректерде жауыз атаған түріктің әскері десе, енді бір деректерде ирандықтармен соғыста Иран әскерін аямай қырғаны үшін ирандықтар қойған деп жазылады.Оның таққа отыруы да қызық болады. Селим патшаның кіші ұлы болғандықтан, тақ оның үлкен ағасы Ахметке тиесілі болған. Бірақ Ахметті Жаңашары әскерлері мойындамай, патшалыққа Селим лайық деп бас көтереді. Баязит сұлтан бастапқыда Жаңашарылардың ұсынысын ескермей, Ахметті сұлтан деп жариялайды. Мұны естіген Явуз он мың әскерімен әкесіне қарай шабуылға шығады. «Сіз сияқты батыр, ержүрек жан патша болмаса, мемлекетіміз құриды» деп уәзірлер оны әкесіне қарсы шығарады. Әкесінің жүз елу мың әскерін жеңу Селимге оңай болған жоқ. Бірақ біраз жеңіске жетеді. Сол кезде көрсеткен ерлігі үшін әкесі баласына жаза бермейді. Явуз қайтадан Трабзон қаласына барып, өз орнына жайғасады. Әрі әкесінен өз қылығы үшін кешірім сұрайды. Кешірім сұратып, уәзірлерін жібереді. Әкесі баласының бұл қылығын кешіреді. Сөйтіп, әкесі Явуздың батылдығын байқап, оның таққа отыруын қолдайды. Осы арада бауыры Ахмет Кония қаласына қашады. Әскер жинап Явузбен шайқасады. Бұрса қаласындағы соғыста Ахметті жеңіп оны өлтірткізеді. Осылайша таққа Селим отырады. Явуз бар-жоғы сегіз жыл ғана тақта отырды.
1517 жылы мысырлықтармен болған соғыстан кейін, Пайғамбарымыздан қалған аманаттарды Стамбұлға алып келеді. Түріктердің халифат болып мойындалуы осы кісімен басталады. Бұл патшаның ең үлкен істеген ерлігі – ислам бірлігі болды. Сегіз жылдан кейін өзінің омыртқасына шыққан шиқанның кесірінен 49 жасында қайтыс болады. Селим патшаны да улаған деген деректер бар. Явуздан кейін оның жалғыз баласы Сүлеймен таққа отырады. Сұлтан Сүлеймен қырық алты жыл тақта отырады. Ең ұзақ тақта отырған кісі де Сүлеймен патша болады. Сұлтан Сүлейменнің кезінде Осман империясының территориясы он бес миллион шаршы метрге жетеді. Бүгінгі Кавхаз елдері, Иранның тең жартысы, Африканың ортасына дейін, Марокко жерлері түгелімен Осман империясына бағынады. Империяның негізгі мақсаттарының бірі де, Еуропадағы алынбай жатқан есік Зигетвар /Нунгария жері/ қаласын алу еді. Өкінішке қарай, Зигетвар қамалы бұзылатын күн Сүлеймен патша жасы егде болғандықтан, 1566 жылында 71 жасында майдан даласында қайтыс болады. Қайтыс болғаннан кейін бас уәзір Соқуллы Мехмет Паша және патшаның кіші баласы Селим «патшаның өлгенін айтсақ, әскеріміз тарқап кетеді, жеңіліске ұшыраймыз» деп, олай болмас үшін, сұлтанды өзінің шатырына көміп қояды. Осы уақыттарда аянышты бірнеше жағдайлар орын алады. Атақты неміс тарихшысы Хеммердің айтуы бойынша, «Селим өзінің екі бірдей ағасын аямай тұншықтырып өлтірткізеді». Соғысты жеңіспен аяқтайды. Әкесінің өлгенін 41 күндей жасырады. Ақыры таққа мұрагер ретінде жалғыз өзі қалғаннан кейін қайғылы жағдайды жариялайды.– Сүлейменнің өз баласы Мұстафаны өлтірткізгеніне не дейсіз?– Қазір Сұлтан Сүлеймен туралы сериал жүруде. Сол сериалда көріп тұрғандай, Сүлеймен өз баласы Мұстафаны, түрік әйелінен туған баласын сарайда жүрген әртүрлі миссия өкілдерінің арандатуымен өлтірткізеді. Кейін бұл қылығы үшін өкінеді. Өз қателігін кеш түсінеді. Уәзір Рүстем паша Мұстафаның әкесінен кейін таққа отыруын қабылдамай әкесі мен баласын бірін-біріне айдап салады. «Балаңыз көтеріліс жасап билікті қолға алмақшы» дейді. Мұстафаға ызаланған патшаның ызасын кетіру үшін Мұстафаға әкесінен кешірім сұрау керектігін айтады. Мұстафа әкесіне қарсы жаман ойының жоқ екенін түсіндіріп, кешірім сұрау үшін өз әскерімен Нахчиванға сапарға аттанған әкесіне ілеседі. Ойы сыртта жүрген әкесінің кешірімін алу. Алыстан әкесінің армиясын көреді. Сол жерге баласы да өз әскерімен қоныстанады. Арандатушы уәзірлер әкені балаға айдап салады. Мұстафаның негізгі мақсаты – әкесінің кешірімін алу еді. Бірақ оның бұл ойын Сүлеймен сұлтан басқаша түсінеді. Осылайша, әкесінің шатырына кірген баласын әкесі тұншықтырып өлтірткізеді. Әкесінің алдында Мұстафа ақтала алмай қалады.
– Бүгінгі көрсетіліп жатқан сериалдың шындығы қандай?– Бұл сериалдағы шындық әкесінің баласын өлтіруі. Сериалда әке мен баланың арасындағы арандату көрсетілмей қалған. Әкесі мен баласының бірін-бірі өлтіруінің негізгі себебі, Сүлейменнің әкесі Селімнің атасы Баязитқа қарсы шабуында болып тұр. Сүлейменнің әкесі Селим өз әкесіне қарсы шыққан. Тақ үшін. Өзінің әкесі атасына қарсы шыққаннан кейін, «балам да өзіме қарсы шығады» деп ойлайды. Бұл сериалда көрсетілмейді. Хюррем сұлтанның арандатуы болып көрсетілген.
– Сүлеймен патша қайда жерленген?
– Сүлейменнің баласы Селим /Тарихта сары Селім болып аталады./ Зигетвар соғысынан кейін, Венгрия жерінен айрылғанға дейін, әкесінің өлімін айтады. Әкесінің жалғыз мұрагері болған соң, құрылтай оны таққа отырғызады. Әкесінің ішкі ағзаларын өлген жеріне, үлкен бір төбенің басына жерлейді. Венгриялықтар Сүлейменнің кезінде өздеріне жасаған көмегі үшін құтқарушы патша ретінде көреді. Сол үщін сұлтан Сүлейменге үлкен ескерткіш орнатып, құрмет көрсетеді.
Денесін Стамбұлға алып келеді. Бүгінгі өзі салдырған Стамбұлдағы Сүлеймен мешітінің ауласына жерлейді.
– Сериалдағы негізгі рөлдердің бірі – Хюррем сұлтан екені белгілі. Бұл рөл туралы да саналуан пікірлер айтылады. Сіздің көзқарасыңыз қалай?
– Біздің тарихта айтылып жатқан, тарих кітаптарымен үндесіп жатқан екі мәселе бар. Біріншіден, Хюррем Осман патшаларының әйелдерінің ішіндегі ең көп қайырым жасаған және ең көп монша, мешіт, мектеп салған ханшайым ретінде белгілі. Шындығында да солай. Айя-Софияға барсаңыз, соның тура түбіндегі салынған монша бар. Хюррем сұлтанды нағыз патшаға берілген азаматша ретінде білеміз, біріншіден. Екіншіден, Хюррем Сүлейменнен ерте қайтыс болады. Сериалда бірге жүреді. Үшінші мәселе, Хюррем сұлтан сарайға он үш жасында келген. Қырымдық түріктердің Украинамен арадағы шайқасында қолға түседі. Бір поптың қызы болады. Сарайда тәрбие алады. Мұсылмандықты қабылдайды. Гаремде түріктің салт-дәстүрін үйренеді. Бір күні патшаның көзіне ілінеді. Патша ғашық болады, Хюррем де патшаға ғашық болып қалады. Хюррем сұлтанның сарайдағы орын алып жатқан алаяқтық ойындарын түгелдей Сүлеймен патшаның білмеуі немесе білсе де шара қолданбауы, мүмкін емес. Өзінен туған баланы аямай өлтірткен патша анандай әйелге қанша ғашық болса да, елдің, мемлекеттің игілігі үшін шыдауы мүмкін емес еді. Есесіне қаншама патшалықтың ішінде болып жатқан ойындардың бәрін біліп отырды. Хюррем сұлтанды, жалпы, кейінгі кездері тарихты ориенталист көзқарастағы батыстық тарихшылар жазады. Олардың түсінігімен біздегі түсінік мүлдем бөлек. Мәселен, Гарем деген сөз, ол кезде сарайдағы қыздардың оқитын мектебі. Яғни, тәрбиеленетін мектебі. Бұл патшаның кәнизактары емес. Ол кезде сарайда Осман империясы мынадай жүйе қалыптастырған. Өзге ұлт өкілдерінің зейінді балаларын, әке-шешесі жоқ жетім балаларды таңдап, Гаремде оқытады. Еркектерін басқа мектепте, қыздарын гаремде оқытқан. Екі мектепті бітірген балалар бір-бірімен үйленіп отырады. Ер балаларға басшылық қызмет береді. Басшылық қызмет берген адам тоғыз-он жасынан бастап, сарайдың ішінде өседі. Кейін сарайдың тәрбиесінде өскен балаларға сырттан қыз алуларына рұхсат етілмейді. Сырттан қыз көп алмайды. Сырттан алса, ішкі саясатқа араласа бастайды деп ойлайды. Сөйтіп, бір-бірімен үйлендіріп, басшы қызметке жіберіледі. Егер патша ислам дінінің халифасы болса, оның қасында діни ғалымдар болса, патшаның төрт әйелден артық әйел алуға болмайтынын білсе, ол қалайша ондай қадамға бара алады. Исламның шариғаты бойынша бір адамға төрт әйелден артыққа рұхсат берілмейді. Одан қалғанының бәрі зина болып есептеледі. Ол үлкен күнә. Гаремдегі қыздардың бәрі патшаның мүлкі емес. Сырттағы адамдар, сырттан келген елшілер өздерінің еліндегідей ойлайды. Сенің салтыңды, дәстүріңді білмейді. Ол кезде шариғаттың ең күшті кезеңі болатын. Осман империясы шариғат заңына бағынды. Есесіне тарихи деректер Сүлеймен патшаның төрт әйелі барын айтады. Олар: Фүлане/, Хюррем/1558/, Махидеуран /1581/ және Гүлфем /1562/.
– Дін мемлекеттің саясатынан жоғары тұрды ма?– Дін саясаттан жоғары болды. Ол кезде шариғатқа сүйенді. Исламның халифасы – патша. Патша анандай қылық танытса, халқы не істемейді? Екіншіден, сериалдағы болып жатқан оқиғаларға келер болсақ. Сериалдың авторы қазір қайтыс болып кеткен. Өлерінің алдында ғаламтор беттерінде, газет-журналдарға бірнеше сұхбат берді. Ол өз сұхбатында: «Бұл көркем сериал. Мұны тарихи шындық деп қабылдауға болмайды», – деді.
– Түркия мемлекетінде бұл сериалды қабылдамайтындар көп екен. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?– Негізінен, халықтың көпшілігі қарсы. 17-18 пайыз халық көреді. Демек, сериалдың он миллионнан астам көрермені бар деген сөз. Премьер-министр Реджеп Тайип Ердоғаннан бастап, түріктің тарихшылары бұл сериалға бірінші күннен бастап, қарсы шықты. Себебі, тарих бұрмаланған. Осман империясының ең атақты, ең даңқты патшасы Сүлейменді бір әйелдің соңына ертіп қойған деп қабылдамайды. Хюррем сұлтанның басқа ұлттан болғаны рас. Украин қызы. Аты – Роксолана. Ал кейін мұсылмандықты қабылдап, Хюррем деген атты қабылдады. Ол мұсылман болмаса, түріктің салт-дәстүрін қабылдамаса, оны патша да қабылдамас еді. Сериалдағы киім киісіне дейін заманға лайықтап, жасалған. Сериалдың авторы алты айдан кейін, ісік ауруына ұшырап, қайтыс болды. Елдің бәрі Сүлеймен сұлтанның, Хюррем сұлтанның әруағы атты деген пікірлер айтып жүр. Оны бір Құдай біледі. Ол кісінің діни көзқарасы зайырлы болған. Ол кісі өз қабылдауымен түсірген деп ойлаймын.
–– Сүлейменнен кейін Осман империясында қандай жағдайлар орын алды?– Сүлейменнен кейін таққа оның баласы Селим отырды. Одан кейін Осман империясында тоқырау кезеңі басталды. Патшалықты әйелдер басқара бастайды. Оның себебі, Осман империясының таққа отыратын балалары тым кішкентай болды. Он үш жаста, он екі жаста болды. Олардың біразының денсаулығы нашар болғандары да рас. Сол себепті де билікті аналары жүргізді. Бұл 150 жылдай уақытты қамтыды. Осы кезеңдерге қатысты тарихпен дәлелденген мынадай мысалдар бар. Иранмен түріктердің арасында соғыс басталады. Сол соғыста түріктер жеңіске жетеді. Жеңіске жеткенде ғанибет ретінде жүз түйе жібек сұрайды. Әйелдердің үстемдік етіп жатқанын осыдан байқауға болады. «Ер сұлтандары болса, жер сұрайтын еді» дейді тарихшылар. Осындай ел басқарудағы көрсетілген әлсіздіктің арқасында біртіндеп, империя құлдырайды. Территориясын жоғалта бастайды. Экономикалық құлдырау да себеп болады. Түрік тарихында жас Осман деген патша бар. Жас Осман алғаш рет сарайдан тыс қыз алады. Патшаның сырттан қыз алғаны мұның сорына айналады. Бұрын патша қайда барады, қандай саясат ұстанып жатыр, мұның бәрі сарайдан сыртқа шықпайтын еді. Енді сарай ішіндегі әңгімелердің бәрі сыртқа шыға бастайды. Сарайдың ішкі құпияларына дейін, жария бола бастады. Мұның ақыры патшаның дарға асылуымен аяқталды.
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА