Nike компаниясы 10 жылдан астам уақыт бойы жүргізген зерттеуінің нәтижесін таныстырды. Компанияның жаңалығы – ми мен дене арасындағы байланысқа әсер ететін ерекше аяқ киім. Mind 001 және Mind 002 деп аталатын бұл модельдер спортшылардың психологиялық күйін тұрақтандырып, бір нәрсеге ден қоюына көмектеседі, деп хабарлайды turkystan.kz nike.com-ға сілтеме жасап.
Nike мәліметінше, аяқ киімнің табанындағы 22 кішкене шар қозғалыс кезінде микроимпульс туындатып, табан рецепторларының жұмысын белсендірек етеді. Бұл сигналдар жүйке жүйесі арқылы миға әсер етіп, адамның көңіл-күйін тыныштандырады, алаңдаушылықты азайтады. Компания өкілдерінің айтуынша, бұл технология спортшыларға жарыс алдындағы толқу мен стресс кезінде ішкі тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі.
Mind жобасы Nike-тың ғылыми зерттеу зертханасындағы Mind Science бөлімінің көпжылдық еңбегінің нәтижесі. Ғалымдар мен инженерлер қозғалыс кезінде атлеттердің ми белсенділігін, қан айналымын және дене реакциясын заманауи сканерлер арқылы зерттеп, алынған деректерді аяқ киім дизайнында қолданған. Жаңа модельдер тек жайлылық үшін емес, адамның денесі мен ортасын сезіну қабілетін арттыру үшін жасалған.
Nike-тың инновация жөніндегі вице-президенті Эрик Авар бұл өнімді «дене мен ақыл-ойдың жаңа парадигмасы» деп атады.
«45 жыл бойы біз бұлшықет пен буынның қозғалысын зерттедік. Енді біз ми мен қабылдауға назар аударамыз. Бұл тек жылдам жүгіру емес, өзіңді толық сезіну», – дейді компанияның ғылыми директоры доктор Мэттью Нерс.
Жаңа Mind 001 және Mind 002 үлгілері 2026 жылдың қаңтар айынан бастап nike.com сайтында және таңдаулы дүкендерде сатыла бастайды.