Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы «Жұлдыз» мейрамханасында дәл той кезінде өрт шыққан: ТЖД мейрамхана иесіне айыппұл салды, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Қазығұрт ауданы әкімдігінің редакцияға берген мәліметіне сүйенсек, өрт туралы ақпарат 30 қазан күні кешкі сағат 20:18-де келіп түскен.
«Өрт сөндірушілер ғимараттың сол жақ беткейінде жалпы көлемі 150 шаршы метр болатын банкет залының 30 шаршы метр төбе жабыны жанып жатқанын анықтады. Оның жану себебі: от шашу кезінде электр сымдарынан ақау шыққан», - деп хабарланған әкімдіктің бізге берген ақпаратында.
Дереккөзге сүйенсек, ғимарат иесі ешкімге арыз-шағымы жоқ екенін айтып, өрт ережелері бұзылды деген хаттамамен келіскен.
Видеодан байқағанымыздай, той кезінде тойхананың төбесі қызыл жалынға оранған. Қонақтар мен тойхана қызметкерлері жан-жаққа жапатармағай қашқан.