Қоңыр ауылдағы қайнаған тірлік

Қоңыр ауылдағы қайнаған тірлік

Қоңыр ауылдағы қайнаған тірлік
ашық дереккөзі

 

Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданында Тұрбат деген көрікті мекен бар. Тарихы тереңде жатқан ауданның іргесінен қоныс тепкен елді мекендер де ерекше бір сырға тұнып жатыр. Табиғатының сұлулығы мен ауасының тұнықтығы да жергілікті халықтың туған жерге деген махаббатын еселей түскендей. Тұрбат – қаймағы бұзылмаған, іргесі сөгілмеген ауыл. Бұл елді мекен демографиялық өсім жағынан да алда келеді. Қазіргі есеп бойынша, мұнда 9800-дей халық өмір сүруде. Бала туу саны жағынан да бұл ауыл көштің басында. Орташа есеппен жылына 300 сәби жарық дүние есігін ашады. Содан да болар, ауылда «Алтын алқа», «Күміс алқа» тағынған батыр аналардың саны басым. Демек, елді мекен халқы оңтүстік өңірдің демографиялық сая­сатына айтарлықтай серпіліс жасап жатқаны сөзсіз.

Нарық заманына бейімделген ауыл халқы нәпақасын әр түрлі саладан тауып жүр. Мұндағы жұрт кәсіпкерліктің де көзін табуға пейілді. Бүгінде 200-дей отбасы ауылшаруашылығы, мал шаруашылығы, диқаншылық кәсіппен айналысып, біреуден кейін, біреуден ілгері өмір сүруде. Әсіресе, көзін ашқалы тек еңбекті серік еткен шаруалар жылыжайға қызанақ пен қияр егіп, көктемде халықтың аузын дәрумендерге ерте жеткізеді. Бұл әрі кәсіп, әрі табыс. 14,5 гектар жерде жайқалып жататын көкөніс және гүл өнімдерін өсіретін жылыжайлар қаншама пайда әкелуде. Тіпті, жылыжайдағы түрлі жеміс көшеттерін жан-жақтан келіп, әп-сәтте саудаласып, тиеп жатқандарды көзіңіз шалады. «Еңбек етсең, емерсің» деген нақылды өн бойына сіңірген тұрғындар бір сәт қам-қарекетсіз отырмайды. Бірі егін ексе, енді бірі мал бордақылаумен айналысады. Жылқы ұстап, оны сойып сататын шаруалар оңтүстік өңірді, тіпті еліміздің басқа да қалаларын сапалы етпен қамтамасыз етуде. Міне, осы секілді ауылдың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға байланысты жүзеге асырылып жатқан шаралардың бәрі Тұрбат ауылдық округі бойынша 2010-2015 жылдарға арналған даму бағдарламасында кеңінен көрініс тапқан.

Ауылдағы жұрт «Сен қазақсың, сен өзбексің» деп бір-біріне тәйт демейді. Өзбекстанмен шекарасы іргелес жатқандықтан да, көрші халықпен ауы­лы аралас, қойы қоралас болып кеткен. Оларды бірлікке талпындыратын бір нәрсе бар. Ол – еңбек. Тұрбат ауылдық тұтыну кооперативінің төрағасы Мұхиддин Жамаловтың ұлты өзбек болса да, өзін қалың қазақтың бірі санайды. Жергілікті халықтың өмір сүру салтына бейімделіп кеткен ол: «Кіндігім Қазақстанда кесілді. Отыз жылдан астам уақыт қазақ жерінде, дәлірегінде Оңтүстік Қазақстанның ауылшаруашылық саласында еңбек етіп келемін. 4 балам, 12 немерем бар. Осы мемлекеттің суын ішіп, ауасын жұтып жүргенімді бақыт санаймын. Жер бетінде халқы тату-тәтті, ауызбірлікте тұратын Қазақстандай мемлекет жоқ десем, артық айтпағаным болар. Себебі, еліміз тыныш, тұрмысымыз жақсы. Тұрақты түрде жұмыс істейтін Өзбек ұлттық мәдениет орталығы да ата-бабамыздан мирас боп сақталып қалған салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты сақтауға септігін тигізуде», – деп ағынан жарылды.

Ал Тұрбат ауылдық округінің әкі­мі Есімхан Исақұлов: «Жергілікті тұр­ғын­дардың 53 пайызы өзбек халқы болса да, олардың жүрегі қазақ деп соғады. Дініміз бен діліміз бір болғандықтан, қасиетті жұма күні мешітке құлшылық жасауға келеді. Тіпті, қасиетті мекен Тұрбатқа әулие бабамыздың арқасында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп, зиярат етушілер көп», – дегенді айтады. Халық арасында әулие атамыз төрт жерді аса таяғымен шұқылаған кезде төрт жерден бұлақ көздері ашылып, үлкен өзенге айналған деген әфсана бар. Қазір сол өзен «Шарбұлақ» өзені, ал сол елді мекен «Шарбұлақ» деп аталады. Қазығұрттың маңайындағы Ысмайыл атадан тараған жеті әулие-әмбиелердің кесенесінің орналасуы да тегіннен тегін емес.

Тұрбат ауылындағы Ысм­айыл­ ата мешітінің наиб-имамы Ақан Пірімқұловтың пікірінше, Ысмайыл ата ХІІ ғасырда өмір сүрген. Ол Орта Азияның құрметті шейхы атанған өте білімдар, әулие кісі болыпты. Кейбір деректер Ысмайыл атаны Қожа Ахмет Яссауидің шәкірттерінің бірі екенін растайды. Хақ дініміз – Ислам дінінің ел аумағында кеңінен насихаттауға үлкен еңбек сіңірген әулиенің есімін Әмір-Темір де білген екен. Ысмайыл ата өмірден өткеннен кейін Ақсақ Темірдің өзі кесенені әулиенің құрметіне арнап салдырған деседі. Ал бір пікірде Ақсақ Темірдің немересі Бабыр шаһ Ысмайыл атаның басына қонып, зиярат жасаған делінген. Одан бері сан ғасыр өтсе де, кесенеге келіп, Құран бағыштайтындардың саны көбеймесе, азайған емес.

Ал Тұрбат ауылдық округі әкімінің орынбасары Бекен Базарбеков: «Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиялық жоспары қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағытын айқындап берді. Жолдау Тұрбат ауылдық елді мекендері халқының арасында кең көлемде насихатталып, ерекше қолдауға ие болуда. Әсіресе, Елбасының білім мен ғылым, халықаралық достық пен бірлікке деген үндеуі бір-бірін сабақтастырады. Сондай-ақ, 2025 жылы Қазақстан халқының 95 пайызының жаппай мемлекеттік тілге көшу туралы ұсынысы мен латын әліпбиіне көшу әлемдік деңгейге жол ашады деп кесіп айтуы ауыл халқының да көңілінен шықты. Әлемдік деңгейдегі озық технологияларды игеру, табиғи байлықтарымызды сақтап қалып, күннің, желдің энергиясын пайдаланылып жарықтандыру, электрлендіру жобалары да бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Әсіресе ауыл қарияларын Елбасының жолдауындағы зейнет­керлердің зейнетақысын 9 пайызға көбейеді дегені қуантуда», – дейді.

Иә, біз білетін Тұрбат ауылы осындай мекен. Жалпы, оңтүстіктің халқы еңбек десе, ішкен асын жерге қояды. Оны сөзбен емес, іспен дәлелдеп жүр де. Кезінде Қалтай Мұхамеджанов: «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік», – деген мақаласында Атырау мен Алтай, Арқа мен Алатау арасындағы қандай табиғаттың да – даланың да, таудың да, шөлейттің де, шөлдің де, орманның да, құмның да түгел көрінісі осы оңтүстіктен тұтас табылатынын те­бірене жазған екен. Себебі, қазақ ауылы­ның Қазақстанның қай түкпіріне де тән түрлерін осы өңірден табасыз. Біз тілге тиек еткен Тұрбат ауылы – тарихтың тереңінен елес беретін тұнық мекен. Белгілі жазушы Мархабат Байғұт аты аңызға айналған мекен жайында: «Нешеме жылдар жасап келе жатқан шынар мен емен, ақ терек пен көк терек тізбелері; өрік пен шабдалы, алқоры мен жүзім бақтары, ақшаңқан, қызылды-жасылды, т.т. шатырлы әдемі үйлер, суреттегіден бетер сұлу, тақта-тақта телімдер. Айналада құж-құж құзарлы жарлауыттар, көкірегінде қозы-лақ ойнақтаған қыземшек қыраттар… Ал, төменде сылдыр-сылдыр, сыңғыр-сыңғыр үн таратып, сылаңдай мөлдіреп ағатын, марал кешер машат-бұлақ. Қақпақ пен Шарбұлақ, сәл әрігеректегі Қаржан мен Алтынтөбе ауылдары; Жаңабазар, Ұялысу да бірінен-бірі өтеді. Бір жағы нұр ойнаған қыр мен көсілген дала, бір жағы бау, төр жағы тау, сай табаны саз, шың басы қыс, баурайы жаз. Ал енді, елді мекендер – классикалық ауылдар…» деп сөзбен тамаша суреттепті. Шынында да, киелі Қазығұрт, Тұрбат елді мекеніне бұдан асқан теңеудің де керегі жоқ сияқты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ