ТЕГЕУРIНДI ТОЛҚЫННЫҢ ЖҰЛДЫЗЫ

ТЕГЕУРIНДI ТОЛҚЫННЫҢ ЖҰЛДЫЗЫ

ТЕГЕУРIНДI ТОЛҚЫННЫҢ ЖҰЛДЫЗЫ
ашық дереккөзі
275

Сидней олимпиадасынан кейiн спорт мектептерiне балаларын жетектеген ата-ана қаптады-ай келiп. Боксшы болғысы келгендердiң көпшiлiгi соншама, спорт залдарына сыймай жатты. Бапкерлер жетiспедi. Чемпион болғысы келiп, жүрегiнде олимпиада алауы жанған талай бала жанарына жас тұнып керi қайтты. Орын жетпедi. Арман-ай, десейшi! Бәрi де Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбырайымов, Болат Жұмадiлов, Мұхтархан Дiлдәбеков болғысы келдi. Жарнамасыз-ақ, бiр-ақ күнде қалың қарадомалақ боксқа ат басын бұрды. «Бокс» десе бүлдiршiннiң де жұдырығы түйiле бастады…

БАТЫР АТЫНДАҒЫ ТУРНИР

Кеңес Одағының батыры, "Халық қаһарманы" армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов жүлдесi үшiн өткiзiлген ХIII халықаралық турнир бокс жанкүйерлерiн бiр ду еткiздi. Жанкүйер қауымды ерекше назарын аудартқан — Ресей құрамасы. Бұл жолы Алматыға Ресейдiң Пекин олимпиадасына жолдама алған бiрнеше боксшысы жеткен едi. Ресей құрамасының тiзгiнiн ұстаған Олимпиада чемпионы Александр Лебзяктың бұл қадамы қазақ жанкүйерлерiн қуантты да, қобалжытты. Ресейдiң мықты боксшыларының айқасын көргенге не жетсiн! Бiрақ туған топырағыңда бауырларыңды сабап жатқанын көру де қуаныш емес. Қалың жанкүйер арпалысқан сезiммен демдерiн iштерiне тартқан. Қонақтардың iшiнде осалы жоқ. Әлем чемпионы, Еуропа жеңiмпазы, Ресейдiң топжарғаны…

Жарыс жолы қияға беттеген сайын тiстескен азулылар шоғыры көзге түсiп, әлсiздер ығысып қала бердi. Жартылай ақтық айқас кiм-кiмге де оңай тиген жоқ. Рингке Еуропаның үш дүркiн чемпионы Георгий Балакшин шыққанда, талай жанкүйер iштей жеңiстi атақты боксшыға берiп те қойған едi. Қарсыласы түбiт мұрты жаңа тебiндеген тараздық Олжас Сәттiбаев. Бар-жоғы – жиырма ғана жастағы халықаралық дәрежедегi спорт шеберi қаршығадай түйiлiп шықты. Азулы қарсыласынан ықпай, сәттi қорғанып, орайлы тұста қапысыз ұрып жүр. Олжас шапшаң қимылмен дәлдеп ұрып, ұпай санын оздырып жатты. Бауырынан жараған Балакшин қазақтың қайсар Олжасына қайран қыла алмады. 20:9 есебiмен Сәттiбаевқа тiзе бүктi. Ал Еуропа бiрiншiлiгiнiң күмiс жүлдегерi Артем Чеботарев семейлiк Қанат Тәуiрбаевтан бағын асырды.

ДАНИЯР ЖӘНЕ БЕТЕРБИЕВ…

Нағыз айқас Еуропа чемпионы, Ресей жеңiмпазы Артур Бетербиев пен алматылық Данияр Үстембаевтың арасында өттi. Пекинге бет алған Бетербиев Даниярға көз тоқтата қоймады. Мығым. Одан ыққан Данияр жоқ. Қазақстанда топтан озған Үстембаев Артурға ұрғызбады. Қорғанысы мықты, соққылары тегеурiндi. Алдырмады Артурға. Үшiншi раунд аяқталғанда ұпай саны – 16:8 едi. Жеңiстiң сусып бара жатқанын түсiнген Бетербиев тiстенiп жүр. Жаралы арыстандай жалын күдiрейттi. Жаңа ғана бiздiң жанымызда отырып алып: "Артур, Артур, бей!" деп қылқынған жанкүйердiң үнi өшкен. Жүзi күреңiтiп, төңiрекке жақтырмай қарайды. Қолынан келсе түтiп жеуге бар Даниярды. Бетербиевтiң Алматыда тұратын туысқан iнiсi екен. "Сен неге Ресей боксшысына жақтасасың?" деген, еңгезердей бiр жiгiт түйiлiп. "Дәл қазiр Қазақстаннан гөрi бауыр қымбат" дедi, айылын жимай. Көрдiңiз бе, ұлт намысы дауға түскенде, қанға тартып кеткенiн. Қалың қазақтан ықпады да, бұқпады. Мiнездi екен. Ал бiз ше?! Бiзге кейде жетпей жататыны да осы мiнез. Жағымпаз, жалтақ болып бара жатқан жоқпыз ба, бiз осы?!

Бетербиевке бет қаратпады. Даниярдың шоқпар жұдырығы соңғы раундқа 18:9 есебiмен нүкте қойып, Артурды рингтен қуып түстi. Таза айқаста жеңе алмаған Бетербиев гонг соғылған сәтте Даниярды желкеден бiр түйiп қалды. Осы салмақтағы қарағандылық Алмат Серимов Өзбекстанның үш дүркiн жеңiмпазы Тимур Маметовты сабап қоя бердi. Екеуi де бiр жылдың төлi екен. Құрдасын қапы қалдырып, Олимпиада жүлдегерi Руслан Саитовтың шәкiртiн тiзе бүктiрдi.

91 келi салмақтағы Левит Василийдiң сойқан соққылары-ай! Солқ еткiзiп бiр нокдаун бердi. Ел есiн жиғанша сылқ еткiзiп сұлатып салды өзбектi. Азизжон Рахмоновтың секунданты ақ орамал лақтырды…

Ринг арқандары ширатылып, қалың жанкүйер ширығып, ақтық айқасты күттi… Ақтық айқас найзағай жарқылындай жылдам өттi. 48 келi салмақтағы көкшетаулық Әдiлет Қапезов алматылық Ерлiк Әбдiрайымовты 15:5 есебiмен тұқыртты. Келесi салмақтағы тараздық Мұрат Әбiмсәлiмовтiң жас қыраны Олжас Сәттiбаев алматылық Бағдат Әлiмбековтi 12:2 ұпаймен ұтты. 54 келi салмақтағы алматылық Асылан Қабылханов пен семейлiк Мiржан Рақымжанов тiстесiп айқасты. Ақыры тәжiрибелi Мiржан Рақымжанов өзiнен бес жас кiшi Асыланнан айласын асырып кеттi. 57 келiдегi әлем чемпионы Альберт Селимов рингке шықпады. Алдыңғы айқаста жарақат алып қалыпты. Айқассыз алтын тұғырға шыққан — көкшетаулық Тимур Мәдиев. Дәл осындай оқиғаға байланысты 60 келi салмақтағы Берiк Қалиев те алтын медальға қол жеткiздi. 64 келi салмақтағы қарағандылық Дулат Боранқұлов Бақытжан Қожабековтен бағын асырды. Ал 69 келiдегi Асхат Жақыпбеков Данабек Сужановты тiзе бүктiрдi. Артем Чеботаревпен айқасқан Жомарт Бектаев төртiншi раундта рингке шықпады. Күнi кеше ғана Бетербиевтi сабаған Данияр Үстембаев Алмат Серимовке тiзе батырды. Соқыр ұпай ұстатпады — 9:0. Кеше ғана 91 келiдегi өзбектi сұлатып салған Левит Василий Рахим Чахкиевтен айласын асыра алмады. Аса ауыр салмақтағы Пекин жолдамасын қалтаға басқан Руслан Мырсатаев Қанат Алтаевқа айқассыз жолын бердi. Бұл — құрама бапкерлерiнiң шешiмi болуы керек…

ШАПАН ЖАМЫЛҒАН ЛЕБЗЯК

Қалың жанкүйер дүр сiлкiндi. Жүйрiктер солығын басты. Жарқ етiп көзге түскендер елеусiз қалмады. Асқан шеберлiгi үшiн Данияр Үстембаев марапатталды. Жеңiс үшiн айқасқан Артур Бетербиевке де құрмет көрсетiлдi. Ал осы Бетербиев салтанатты марапаттау сәтiнде қола медальға қолын сiлтедi. Келмей қойды. Кесiр деген осы да. Жеңiске деген жiгерi үшiн Артем Чеботарев қошеметке ие болды. Ерекше көзге түскен ең әдiл үш төрешiге құрмет көрсетiлдi. Олар ресейлiк Михаил Леонов, қазақстандық Нұрбек Батыров пен Рахымжан Садықов.

Алматы облыстық бокс федерациясының президентi Мадихан Сауданбеков Ресей құрамасының бас бапкерi даңқты боксшы Александр Лебзякқа қазақы салтымызбен шапан кигiздi. Алматы қаласы бокс федерациясының президентi Михаил Юрченко шоқпардай "алтын" қолғап сыйлады. Олимпиада жеңiмпазы қазақ елiнiң ыстық ықыласына үлкен рақмет айтты.

Жарыс күндерi қазақ боксының ардагерлерi түгелдей сол жерде жүрдi. Әрқайсысы бiр-бiр тарих. Рингтен алыстап кетсе де бауырларына тiлеулес. Бiреулерi қаржылай көмектеседi, екiншiлерi қолдау көрсетедi. Бұл турнир қазақ боксында тегеурiндi толқын тұрғанын дәлелдедi. Қазақ елiнiң негiзгi құрамасының өкшесiн жырта басып жiгерлi, жалынды, шоқ бүрiккен шоғыр тұр. Бұл — қазақ боксының болашағы…

Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары