АҚШ-тың "әл-Хурра" телеарнасының қызметкерi Акрам ХУЗАМ: ТАЯУ ШЫҒЫСТА МҮДДЕЛЕР СОҒЫСЫ ЖYРIП ЖАТЫР

АҚШ-тың "әл-Хурра" телеарнасының қызметкерi Акрам ХУЗАМ: ТАЯУ ШЫҒЫСТА МҮДДЕЛЕР СОҒЫСЫ ЖYРIП ЖАТЫР

АҚШ-тың "әл-Хурра" телеарнасының қызметкерi Акрам ХУЗАМ: ТАЯУ ШЫҒЫСТА МҮДДЕЛЕР СОҒЫСЫ ЖYРIП ЖАТЫР
ашық дереккөзі
206

Журналист қауымның қайнаған оқиғаның ортасында жүретiнi ақиқат. Журналистердiң iшiнде де әлемдiк маңызы бар оқиғалар ортасында жүретiндерi бар. Өзi – сириялық православ, Ресейде бiлiм алған Акрам Хузам да сондай журналистердiң бiрi. Қазақ жерiнде өткен журналистер жиындарының бiрде-бiрiн Акрам Хузам құр жiберген емес. Жетi жыл қатарынан қазақ жерiнде қонақ болып қайтып жүрген әрiптесiмiзбен тағы бiр рет тiлдесудiң сәтi түстi.

— Осыдан үш жыл бұрын сiз Катардың "әл-Жазира" телеарнасында қызмет iстеп жүргенде, АҚШ-тың мемлекеттiк сыртқы саясатына қатты-қатты сын айтқаныңыз есiмiзде. Ендi америкалық телеарнаға ауысыпсыз. АҚШ-тың гегемондық саясатына деген көзқарасыңыз ендi өзгерiске түскен жоқ па?

— Жоқ, менiң көзқарасым — ол менiң пiкiрiм. Ал мейлi "әл-Жазирада" жұмыс iстесем де, "әл-Хуррада" жүрсем де, репортаждарымды кәсiби түрде, объективтi күйде жасаймын.

— Таяу Шығыстағы қазiргi жағдайға қандай сипаттама бересiз?

— Бұл аймақта өте күрделi процестер жүрiп жатыр. Дағдарыстың шешiмi көрiнбейдi… Қазiр бiз бiрдеңе деп пiкiр айтқанмен, екi сағаттан кейiн-ақ ондағы жағдай күрт өзгерiп кетуi мүмкiн.

— Кикiлжiңдердiң туындау себептерi не?

— Себеп — аймақ мұнай мен газға, энергоқуатқа өте бай. Әлемдiк мүдделер қақтығысының бiтер түрi көрiнбейдi, олардың бiреуi жеңiске жетпейiнше, бұл процесс жалғаса бередi. Шын мәнiнде, қазiр онда мүдделер соғысы жүрiп жатыр.

— Әдетте, Таяу Шығыс туралы айтқанда, әуелi АҚШ мүддесi еске түседi…

— АҚШ мүддесi ғана емес. Францияны алыңыз. Бұл ел Сауд Арабиясына ядролық реакторды сатты. Ал Сауд Арабиясында да бұрын АҚШ мүддесiнiң ықпалы зор болатын. Қазiр француздар өте көп мөлшердегi әскери ұшақтарды Бiрiккен Араб Әмiрлiгiне сатып жатыр. Сондықтан бұл аймақта тек АҚШ мүддесi бар деген тұжырым шындыққа сай емес, онда кiм қару-жарақты көп сатады, кiм саяси шешiм қабылдауға ықпал етедi деген мазмұндағы мүдделер соғысы жүрiп жатыр.

— Сонда осындай жағдайда Таяу Шығыстың қарапайым халқы қалай өмiр сүруi керек?

— Мен бiлмеймiн… мен…

— Халықтың көңiл-күйi қалай?

— Менiң жеке әсерiм – онда өте қасiреттi жағдай қалыптасқан: сауатсыздардың саны өте көп, оларға бiр үзiм нан болса жетедi, басқа ештеңеге қайғырмайды.

— Ал жазықсыз адамдарды көшеде жарып кетiп жатқанда ше?

— Ондай адамдарды дайындайтын арнайы топтар, ұйымдар бар: ол адамдарды өздерi "шаһидтер" деп атайды. Жалдамалылар бар. Соғыс есебiнен ақша жасайтын адамдар бар.

— Бұл соғыс сiздiңше ешқашан бiтпей ме?

— Мен ешқашан бiтпейдi дей алмаймын, бiрақ әзiрше түнектен шығатын жол көрiп тұрғаным жоқ.

— Сонда не iстеу керек?

— Бiлмеймiн… бiлмеймiн… Сiз маған ғаламдық маңызы бар сұрақтарды қойып тұрсыз.

— Оның бәрiне сiз жалғыз жауап бересiз деп тұрған жоқпын ғой. Бiрақ саясаткерлер, қоғамдық қайраткерлер, журналистер әлемдiк деңгейдегi жиындарда бас қосып, осы мәселенi талқылап жатады, одан қандай пайда бар деп сұрап тұрмын?

— Түсiндiм. Менiңше, мұндай жиындар нақ осы мәселенi шешуге көмектесе алмайды. Себебi осы жағдайларға байланысты шешiм қабылдайтын адамдар мұндай жиындарға қатыспайды, олар басқа жерде отырады. Олар былай дейдi: айтса айта берсiн, ал жағдайдың қалай өзгеретiнiн өзiмiз бiлемiз.

— Сарапшылар қаржы дағдарысының салдарынан Америка өзiнiң әлемдiк жетекшi ролiнен айрыла бастады дейдi. Бұл жағдай әлемдiк саясатқа қалай әсер етуi мүмкiн?

— АҚШ қалайша өзiнiң жетекшi ролiнен айрылмақ? Кешiрiңiз, керiсiнше, қазiр АҚШ экспортының көлемi өте көп мөлшерде, өйткенi Еуропа елдерiнде тауар өте қымбат. Екiншiден, инвестиция көлемi бойынша да АҚШ алда. Еуропаға инвестиция салу қымбат.

— Сонда дағдарыс бар дегендi жоққа шығарасыз ба?

— Жоқ. АҚШ-та белгiлi бiр проблемалар бар, ол туралы ашық айтылып жатыр. Ал ол проблемаларды шешуге АҚШ-тың iшкi қоры жетедi.

— Iшкi саяси мәселелер ше? Үндiстер саяси тәуелсiздiктi талап етiп отыр ғой?

— Үндiстер өздерiмен ақ нәсiлдiлермен тең қарым-қатынас жасауды талап етiп отыр. Олардiкi дұрыс деп ойлаймын.

— Бұдан iшкi саяси кикiлжiң туындамай ма?

— Жо-жоқ. Iшкi саяси мәселелердi реттейтiн арнайы заңдар бар ғой.

— Қазақстанға осымен жетiншi рет келiпсiз. Жергiлiктi ақпараттық-саяси жағдайға қандай баға бересiз?

— Әрине, Батыспен салыстырғанда, шешiмiн таппаған мәселелер көп. Ал Ресеймен, Украинамен салыстырсақ, сiздерде алға iлгерушiлiк жетерлiк. Мысалы, кез келген қазақ саяси жағдайды ашық сынай алады екен. Ресейде қазiр мұндай жағдай мүмкiн емес.

— Мәскеу бюросынан сол себептi кеттiңiз бе?

— Бұл басқа мәселе. Ол туралы айтпай-ақ қояйын.

— "әл-Хуррада" цензура бар ма?

— Цензура бiр сипатта ғана бар: дiни, ұлттық азшылықтар туралы терiс материалдарды жiберуге жол жоқ. Ал АҚШ саясатын бiз ашық сынаймыз.

— Әңгiмеңiзге рахмет.

Әңгiмелескен Гүлбиғаш ОМАРОВА

Серіктес жаңалықтары