«БАЯН» АУЫЛ БАСЫНА БҰЛТ ОРАЛДЫ

«БАЯН» АУЫЛ БАСЫНА БҰЛТ ОРАЛДЫ

«БАЯН» АУЫЛ БАСЫНА БҰЛТ ОРАЛДЫ
ашық дереккөзі
411

Бұл ауылды «Архангелкаға» қосудың астарында не бар?

Гүлбиғаш ОМАР

Редакциямызға Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Баян ауылының бір топ азаматынан хат келіп түсті. Бұған дейін облыс басшылығына, жергілікті мәслихат депутаттарына жазған арыз-шағымдарына жауап болмаған ауыл азаматтары араша сұрап, газетімізге үшбу сәлем жолдаған екен. 108 адам қол қойған хаттың мазмұнынан отандастардың жан айқайы анық сезіледі.

Өткен ғасырдың 30-жылдары шаңырақ көтерген бұл ауылдың басына бұлт үйіріліп, елді мекендерді оңтайландыру саясатының нәтижесінде ауылдық округ мәртебесінен айрылғалы тұр.

Осындай шешім шығарғанда аудан, облыс басшылығы жергілікті тұрғындардың мұң-мұқтажын, ой-пікірлерін ескермеген. Ауылды жабу туралы жаңалықты аудан әкімі «жоғарыдан түскен нұсқау» түрінде естірткен. Ал ұзынқұлақтан алынған хабарға қарағанда, ауылды сегіз шақырым қашықтықтағы Архангелка селосына қосу туралы мәселе де шешіліп қойған сияқты. Сонда тұтастай бір ауылдың тағдыры безбенге түскенде, сол жерді атақоныс деп мекендеген 130 шаңырақ иелерінің азаматтық үні, өмірлік ұстанымы, пікірі неге ескерілмейді?

Сексен жылдам астам тарихы бар ауыл сол жерде тамыр жайып, біржола орныққаны түсінікті ғой. Оны «болашағы жоқ» деген желеумен қараусыз, жұртта қалғандай етудің салдары ертең қандай болмақ?

Хат иелерінің жазуынша, Баян ауылы – 184 боздағын 1941-1945 жылдардағы соғыс майданына аттандырған, 50-70-жылдары үш бірдей Социалистік Еңбек Ері шыққан, бір кезде бүкілодақтық деңгейдегі ауылшаруашылық көрмелерінде жеңімпаз атанып, мәртебесі биік болған берекелі де бірлікті ауыл.

Бұдан бөлек, осы ауылды кезінде он жыл басқарған, бүгінде абыз ақсақал, газетіміздің тұрақты оқырманы, ҚР Журналистер одағының мүшесі Тілеген Жетеевтен де хат келіп түсті. Хат емес-ау, ұлттық намысы қоздаған, елдің болашағына алаңдаған ақсақалдың мұң-шері дерсің.

«Құрметті редакция! Мен жасым 73-ке келген, ауылшаруашылығында 10 жыл бөлімше бастығы, 5 жыл үлкен бір іргелі совхоздың партком хатшысы, 14 жыл совхоз, элеватор директоры, жалпы ресми еңбек өтілімі 55 жыл, көпті көрген, көп нәрсені бастан өткерген қартпын.

Мынандай әділетсіздікке, шарасыздыққа іліккен туған елім Баянға да, басқаларына да жаным ашиды. Округтарды оңтайландыру, ауылдарды таратудың астарында ауыл халқын ашық түрде қудалау жатыр. Мен солай түсінемін. Қолдан келер қайран жоқ» деп бас­талатын хатта ақсақал Баян ауылын ауылдық округ мәртебесінен айыру мәселесінің шикі екенін егжей-тегжейлі түсіндіріп өтеді.

«ҚАБЫРҒАСЫ ҚАйысқан,

ҚАЙҒЫ-МҰҢЫнаН майысқан»

…Аяулы ауылымыздың өткен тарихы да, дала төсін дүбірлеткен жерлестеріміздің жанпида еңбектері бүгінгі күні де үлкен құрметке ие болуы керек еді. Оның үстіне, Баян – облыстағы ең үлкен таза қазақ ауы­лы болатын. Бүгінгідей тәуелсіз мемлекет болып, құрып кетуге айналған қазақ халқының ұлттық қадір-қасиетін, тілін, дінін, салт-дәстүрін өзіне қайтарып береміз деп жатқанда, кезінде неше түрлі марапатқа ие болған, үлгілі еңбегімен, қоғамдық белсенділігімен өнеге көрсете білген іргелі ауылдың өткенін елемеу, қолдан келер игілікті жасамау жақсылыққа жатпас еді. Бұл бір жағынан үлкен саяси қателік болар еді. «Ауылдың құлдырап кетуінің басты себебі – елдегі жұмысыздық, жолдың жоқтығы, ауыз судың тапшылығы. Ең басты себеп – елге ес болып, басшылық жасайтын, елге ие боларлық биліктің әлсіздігі. Немесе мүлдем жоқтығы» деген қорытынды жасапты баяндықтар. «Жергілікті жерлердегі билікті күшейтудің орнына, аз да болса арқа сүйер ауылдық округтерді тарату – ауылдарды мүлдем құрту» деген түйін жасаумен де келіспеуге болмайды. Қарап тұрсаң, біз қазір өркениеттіліктен гөрі, алғашқы адамзаттың жабайы тіршілігіне бара жатқандаймыз. Үлкен болсын, кіші болсын, қоғам болғаннан кейін оны басқаратын адам болуы керек. Бір ауылда бір басшы болмаса, қоғам да бассыз адам сияқты. Қазіргі неше түрлі келеңсіздіктердің белең алуы, адамдардың алаяқтыққа барып, бір-біріне әлімжеттік көрсетуі – биліктің әлсіздігінен дегенге мен де қосыламын. Сондықтан Баян ауылдық округын таратуды жөн көрмеймін» деп жазады қария.

Шындығында, бұған дейін тұралап қалса да, соңғы жылдары қабылданған мемлекеттік бағдарламаларға үміт артып, енді-енді бас көтере бастаған, тіршілігін қайта жандандыруға ұмтылған қазақ ауылдарын таратудың астарында не бар? Жергілікті бюджет қаржысын тиімді бөліп, елдің дамуына мемлекеттік көзқарас қалыптастыра алмаған дәрменсіздік бары байқалады. Бұл дәрменсіздік болашақта оқырманның сөзімен айтқанда, «үлкен саяси қателікке» ұрындыруы әбден мүмкін. Өйткені хат иелерінің жазуынша, сол аймақтағы Троицк елдімекенінен қоныс аударушылар қатары сейілмесе де, ол селоға қарай жол төселіп, дәрігерлік амбулатория салынып, халыққа барынша жағдай жасалып жатыр. Осындай қамқорлықты қазақ ауылына неге көрсетпеске?

Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша он әкімшілік-аумақ таратылған. Таратылған 10 ауылдың 7-уі, ал қайта құрылатын 8 елді мекеннің 6-ауы – осы Жамбыл ауданының үлесінде. Таратылған елді мекендер: Муромское, Лапушки, Богатое, Усердное, Жалтырша, Песчанка, Семиозеркінің халқы қайда барарын білмей, сеңдей соғылып жүр.

Бүгінде Баян ауылы – 130-дан астам түтіні, 160 бала оқитын орта мектебі, дәрігерлік пункті бар, таза қазақтар тұратын елді мекен. Осыдан екі жыл бұрын ғана ауыл кәсіпкерлері өз қаражатына 200 адамға арналған жаңа мешіт салыпты. Мешіттің құрылысына 40 млн. теңге жұмсалған көрінеді. Болашағы жоқ, кәсібі жоқ ел осындай тірлік қыла ма?

Тілеген Жетеев өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып қазақ ауылын тарату туралы былай дейді: «….Өкінішке орай, әлдеқандай «өркениетті» елдердің қазақтың болмысына жат әдет-ғұрыптарынан, салт-дәстүрлерінен үлгі алып, қазақты өзгертуге әуестену, бүтін бір қалыптасқан бұқара елді жолдан тайдыру, ақыл-ойдан шатастырып, тамырына балта шабу болып табылады. Кеше ғана күні өткен КСРО-ның кезінде компартияның «интернационализмді» халықтар достығы деп түсіндіріп, қазақ сияқты шағын халықтарды түгелінен орыстандыруға бағыттаған сұрқия саясатын бастан кешіріп едік. Енді ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігіміз қолға тиген уақытта, мемлекеттің негізін қалаушы жергілікті ел иесі халықты маңдайынан шертіп шеттете беру тіпті де түсініксіз. Көне тарихқа қарасаңыздар, хан мінезді дана халқымыз басқа халықтың жеріне немесе байлығына көз алартпаған, табағына қол жүгіртпеген. Бірақ өмірі ат үстінен түспеген батыр бабаларымыз қазақтың табандай жерін жатжұрттықтарға бермей, осы күнгі жарты әлемдей Қазақстанды ұрпақтарына мұра етіп қалдырған. Жер көлемі жөнінен дүние жүзінде тоғызыншы орында тұрған тәуелсіз еліміздің небары 17 миллионға жетер-жетпес халқын байлыққа кенелтуге мүмкіндігі толығынан жетер еді. Бірақ Алла берген табиғи байлығымызды ұқсатып, пұлдап сата алмай, әлемнің алпауыт елдерінен қарыз сұрап алақан жаюға әдеттеніп алғанбыз, әрі соны мақтаныш көруді тоқтатар емеспіз. Неше түрлі келеңсіздіктердің ең бастыларының бірі – Қазақстанда адам капиталымен дұрыс жұмыс істеу, адамдарды қабілеттеріне қарай орынды пайдалану, бойларында іскерлік қасиеті барларын танып, олардың жауапты қызмет істеулеріне жол ашу, олардың білімін көтеріп, тәжірибе мен теориялық біліктіліктерін арттыру, кадр мәселелерін шешу, шынын айтқанда, жоғары деңгейде емес. Ауылдық жерлерде жұмыссыздық басым. Жазды күні маусымдық жұмыстар біткеннен кейін ауылдықтарда мүлдем жұмыс жоқ. Жем-шөптің тапшылығынан, қымбатшылығынан шаруа адамы қорасындағы екі-үш қарасын әрең асырайды. Соңғы жылдары «өзін-өзі жұмыспен қамтушы» деген атау шықты. Бұл елді мекендердегі, тіпті жалпы республикалық жұмыссыздықты жасыру үшін жасалып жатқан көзбояушылық. Күн өткен сайын шындық пен елге, қарапайым халыққа деген қамқоршылық көкжиегі алыстап барады. Тұрмыстық жағдайдың қиындығынан ауыл халқы басы ауған жаққа көшіп кетуін тоқтатар емес. Бұған мысал толып жатыр: біздің Жамбыл ауданының аумағында 90-жылдарға дейін 50 мыңнан аса адам тұрушы еді. Соның қазіргі кезде 23 мыңдайы ғана қалды. Оның да көпшілігі әртүрлі себептермен көшке ере алмай қалғандар» деп ашына жазған ақсақал ел ішіндегі көптеген түйткілдің бетін ашады.

Ащы жазады, бірақ халықтың басындағы анық жағдай екені даусыз.

Ауылдың өз жайын оқырман былай суреттеген: «Ал, адал еңбекпен атағы бүкіл КСРО-ға кеткен Баян сықылды қазақ ауылдарына жасалып жатқан «қамқорлықты» қаскүнемдік деу­ге болады. Аудан орталығынан 40 шақырым жердегі орыс селосы Архангелкаға дейін миллиондаған теңге қаражат шығарылып, тас жол салынды. Ал әрі қарайғы Пресновка-Сергеевка күре жолының бойында орналасқан 8 шақырым жердегі Баян ауылына «қаржы» жетпей қалды. Енді батпақта қалған қасиетті Баян ауылына не арғы Сергеевка жағынан, не Пресновка жағынан жүретін жол жоқ. Ал Архангелка селосынан 15 шақырым жердегі Троицк селосына дейінгі жолды жөндеуге қаржы табылды. Троицк селосына деген басшылардың көзқарасы ерекше: бұдан 4-5 жыл бұрын бұл селода шамамен 30 млн. теңгеге дәрігерлік амбулатория салынды. Мұндай көркіне көз тоятын, барлық жағдайы жасалған амбулатория аудан орталығында да жоқ. Жергілікті билік қанша өбектегенімен, Троицкіден де көшіп кетушілер аз емес. Адам санының аздығынан сәулетті амбулаторияның керегі болмай қалған аумағы ат шаптырымдай емханада бір-ақ дәрігер жұмыс істейді. Мектептегі оқушылардың саны да жыл өткен сайын азая түсуде.

Ал Баян ауылындағы орта мектепте бір кездегі бүкіл Пресновка ауданындағы қазақ ауылдарының балалары білім нәрімен сусындап еді. Мұнда оқушылардың саны 700-ге жеткен жылдары болған. Мектептің өз интернаты бар еді. Бүгінгі күні осының бәрі көрген түс сияқты» деген сөздер жергілікті жердегі біраз жайттан хабар бергендей. Шындығында, жол салуға қаржы жетпей қалған қазақ ауылына қолдау көрсетудің орнына оны «оңтайландыру» оңай болып тұрғаны ма?

Қазір ел «Баян ауылдық округын Архангелка селосына қосады екен» деп дүрлігіп жүр. Газет қатталып жатқанда біз Тілеген ақсақалға хабарласып, Баян ауылын тарату туралы облыс әкімінің шешімі шыққанын естідік. Бірақ ауылдың бас көтерер азаматтары «Ауылды таратуға жол бермейміз» деп тастүйін бекініп отыр. ҚР Үкіметіне, ҚР Парламентіне хат жолдаған. Егер «олардан қайран болмаса, елдегі ең үлкен лауа­зым иесі ҚР Президентіне хат жазамыз» деп отыр.

Азаматтар қазақ ауылына араша сұрайды…

Депутаттар пікірі

Редакцияға келген хаттарды алып, «Қазақ ауылын қалай сақтап қалуға

болады?» деген сұрақпен біз

ҚР Парламент Мәжілісінің

депутаттарынан пікір сұрадық.

Нұртай САБИЛЬЯНОВ, ҚР Парламент Мәжілісі депутаты:

ҚАЗАҚ АУЫЛЫН ТАРАТУ – ҰЛТҚА ЖАСАЛҒАН ҚИЯНАТ

– Менің ойымша, 160 баланы оқытып отырған орта мектебі бар, кәсібі бар, егін егіп, мал өсіріп, өз тіршілігін қамтамасыз етіп отырған ауылдарды таратпауға, керісінше, сақтап қалуға тырысуымыз керек. Өйткені күні ертең ол ауылды қалпына келтіру немесе оның мектебін қайта ашу бюджеттен екі-үш есе көп қаражатты қажет ететін болады. Бұл жерде атқарушы орган ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлеріне құлақ асып, ал жергілікті мәслихат депутаттары бұл мәселені өз бақылауында ұстауы тиіс еді. Қазіргі таңда «ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп жатыр, бұған қатысты заң жобасын Парламент Мәжілісі екі оқылымда қабылдады. Онда ауылдарда жергілікті қоғамдастық жиынын құру деген ұғымдар бар, ауылдың болашақта даму мәселелері осы жиналыста талқыланып барып, барша тұрғындардың атынан ұсыныс ретінде атқарушы билікке немесе мәслихат депутаттарына жолдануы тиіс. Сондықтан бұл заң толығымен өз күшіне еніп, оны жүзеге асыруға байланысты Үкімет қаулылары қабылданбайынша, елді мекендерді оңтайландыруды, сөйтіп халықты шулатуды тоқтату керек.

Оның үстіне, ауылдық кәсіпкерлікті қолдауға арналған «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиелер беріледі. Ауылдардағы дәрігерлік пункттерді салуға арнайы қаржы бөлініп отыр. Жергілікті атқарушы орган осы қаражаттарды Баян сияқты ауылдарға бөлуді жүзеге асыруы тиіс. Ауыл халқы жергілікті атқару органынан басы артық ештеңе сұрап отырған жоқ: бала оқытатын мектебі, таза ауыз суы, сапалы жолдары, сапалы медициналық қызмет көрсету деңгейі болса және жұмыс істеуге, кәсіп қылуға қажетті жағдай жасалса, соның өзі жеткілікті. Сондықтан да шаруа қожалығымен айналысып, мал өсіріп, балаларын оқытып отырған, айрандай ұйыған ауылды тарату дұрыс емес деп санаймын. Керек болса, мен мұндай әрекетті қоғамға, ұлтқа қарсы жасалып отырған әрекет деп ойлаймын.

Қазақ ауылын жабуды қазақ ұлтына қарсы жасалған іс деп қарап, оған жол бермеуі­міз керек. Ал осы мәселеге қатысты ауыл тұрғындары хат жазып, хабарласамын десе, олардың арыз-шағымдарын Үкіметке, Солтүстік Қазақстан облысының атқарушы органына, мәслихат депутаттарына жеткізуге, қолдан келгенше көмектесуге дайынмын.

– Өзіңізге де белгілі, қазақтың басым көпшілігі ауылдық аймақтарда тұрады. Мұндай дау келешекте елдің басқа аймақтарында туындамайтынына кепіл жоқ. Ауылдарды оңтайландыру, көшіру мәселесіне байланысты шешім қабылданғанда сол жердегі тұрғындардың ой-пікірі ескеріле ме?

– «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» туралы Заңға сәйкес, жергілікті қоғамдастық жиыны – ауыл тұрғындарының пікір-ұсыныстары айтылып, бір тоқтамға келіп, баршаға ортақ ұстаным қабылдайтын орын. Олар осы жиналыста ойласып-кеңескеннен кейін, атқарушы органға немесе мәслихат депутаттарына өз ұсыныстарын жеткізеді.

Тағы бір ескеретін мәселе, биыл аймақтарда селолық аймақтар, кенттер мен аудандық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауы өткізілмек. Ауыл, село әкімдерінің сайлаулары өткізілмей тұрып, ауылды тарату мәселесін тоқтата тұру керек. Бұл мәселе асығыстық жасаудың қажеті жоқ.

– Аудан әкімінің айтуынша, Баян ауылын Архангелка деген орыс селосына апарып қосу мәселесі көтеріліп жатқан көрінеді. Түптің түбінде, қазақ ауылының жұтылып кету қаупі бар. Онсыз да солтүстік өңірлерде демографиялық жағдайдың мәз еместігі белгілі.

– Меніңше, ауылдық округ мәртебесінен айы­ру мәселесінде сол жердегі тұрғын халықтың ой-пікірі ескерілуі қажет. Өйткені ол ауылда қазір қазақ мектебі болса, ертең ауылды селоға апарып қосқан кезде, мектептің мәртебесі күрт өзгеріп шыға келуі мүмкін.

Ауылға қиянат жасамауымыз керек. Керісінше, сол ауыл тұрғындарының кәсіп етіп, сол жерді игеріп, тіпті сол жерде тұрып жатқандары үшін, сол аймақтың тұрақтылығы, береке-бірлігін сақтап отырғандары үшін оларды қолдауымыз керек. Оларды біз қолдамағанда кім қолдайды?

Жергілікті өзін-өзі басқару және даму мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі Заң жобасы да Парламент Мәжілі­сінде екі оқылымда қабылданып, Сенатқа жіберілді. Бұл құжатқа сәйкес, ҚР Бюджет кодексіне, «ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына т.б. заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отыр. Бұдан былай ауыл әкімдері жергілікті дербес бюджет қалыптастыруға мүмкіндік алады. Оның табыс көздерін ретінде: ауылдық округ, қала, кент басқаруындағы мемлекеттік мүлікті жалға беруден түсетін кіріс, жеке азаматтардан, заңды тұлғаларады ерікті түрде түсетін ақша аударымдары, ауылдық округке қарасты аумақтағы республикалық маңызы бар жол бойына орнатылатын сыртқы жарнамадан түсетін табыс, сонымен қатар қылмыстық әкімшілік құқық бұзушылықтарға байланысты салынған айыппұлдар көрсетілген. Осындай табыс көздері арқылы ауыл әкімдері бұдан былай ауылдың әлеуметтік-экономикалық қиындықтарын өз күшімен шешуге мүмкіндік алады.

Селолық аймақтар, кенттер мен аудандық маңызы бар қалалар әкімдері сайланғаннан кейін ауыл бюджетіндегі қаражатты ауылды дамыттуға, сол жердегі түйткілді мәселелерді шешуге жұмсауға бағыттау керек. Ал ауыл тұрғындары жергілікті қоғамдастық жиыны арқылы бұл есеп-шотқа қанша қаржы түсіп, оны қайда бағыттауды, оның жұмсалу барысын қадағалап отырады. Басқаша айтқанда, ауыл тұрғындарына ауылды өз күшімен көтеруге, дамытуға берілген мүмкіндік деп қарастыру керек. Облыс басшылығы бір ауылдық округты екіншісіне қосу туралы шешімді қандай себептерге сүйеніп шығарып отыр? Оның себептерін жіліктеп, ауыл тұрғындарына түсіндіру керек. Егер бар мәселе тек қаражатқа келіп тірелер болса, онда қолданыстағы заңға өзгертулер енгізіліп жатыр, ауыл, село әкімдері болашақта ауылды дамытуға қажетті қаражатты жинауға мүмкіндік алып отыр.

Баян ауылының тұрғындарына да осы мүмкіндіктер берілуі тиіс. Бұл Заң өз күшіне енгізілмей, ауылдық округтық мәртебесінен айыруды тоқтата тұру керек дейтінім сондықтан.

Қалай болғанда да, қазақ ауылын сақтап қалуға, сол ауылда жас ұрпаққа білім беріп жатқан қазақ мектебін сақтап қалуға күш салуымыз керек. Бұл жерде ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажы, ұсыныс-пікірлері ескеріліп, Баян ауылы ауылдық округ болып қалуы тиіс деп ойлаймын.

Айгүл СОЛОВЬЕВА,

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУҒА БЕЛСЕНЕ

АТСАЛЫСУЫ ТИІС

– Мен бұл мәселені айтып, министрге (Өңірлік даму министрі – ред.) хат жазамын. Бірақ ол ауылдың маңындағы орыс селоларында қанша адам тұратынын анықтап білу керек, Аймақтарды дамыту тұжырымдамасына сәйкес, өңірлерде іргелі (опорный) округтар құрылып, аймақты дамытуға арналған негізгі қаржы солай қарай бағытталатын болады. Яғни, ол жерде аурухана, мектеп салудың, су тарту станциясын орнатудың экономикалық тиімділігі дәлелденуі тиіс. 130 отбасы тұратын ауылдың келешегі бар ма, жоқ па, одан әрі дамуы қандай болмақ? Бұл мәселені егжей-тегжейлі зерттеу керек.

Екінші жағынан, қазір жергілікті өзін-өзі басқару туралы тұжырымдама қабылданып жатыр. Ол екі саты бойынша жүзеге аспақ. Бірінші сатыда қазіргі жүйенің құзірет аясы кеңейтіліп, осы жазда селолық аймақтар, кенттер мен аудандық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлаулары өткізіледі. Олардың дербес бюджеті болады. Сондықтан бұл ауылдың тұрғындары осы сайлауға белсене қатысып, болашақ бюджеттің кірісі қаншалықты болатынын ойласып, жергілікті қоғамдастық құрып, жергілікті өзін-өзі басқаруға белсене атсалысуға кеңес беремін.

– Қазақ ауылын көшіріп, сегіз шақырым қашықтықтағы орыс селосына апарып қосу­дың болашақтағы салдары қандай болмақ?

– Заң бойынша күштеп ешкім ештеңені жаба алмайды, зорлықпен ешкімді де қоныс аудартқыза алмайды. Бар болғаны белгілі бір округке дамудың неғұрлым көбірек мүмкіндігі жасалады. Сол жерде адамдардың тұруына жақсырақ жағдай туғыза алады. Мен Троицкіде немее Архангелкаде қанша адамның тұрып жатқанын білмеймін. Ол елді мекендердің даму болашағы қандай, жұмыс орындары бар ма деген мәселелерді анықтау керек. Сондықтан министрден тиісті жауап алмайынша, бұл туралы кесіп айту қиын.

Астана

Серіктес жаңалықтары