ЖАСТАР РУХЫН ЖЕҢЕ АЛМАДЫ

ЖАСТАР РУХЫН ЖЕҢЕ АЛМАДЫ

ЖАСТАР РУХЫН ЖЕҢЕ АЛМАДЫ
ашық дереккөзі
221

ТӘУЕЛСІЗДІК – ЖЕЛТОҚСАННЫҢ ЖЕМIСI

Зымырап зулаған уақыт.Әрбір қазақтың жүрегіне жара салған Желтоқсан көтерілісіне – 25 жыл, тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы да таяп қалды. Егер Желтоқсан көтерілісі болмаса,тәуелсіздікке қол жетпес еді.Сол тәуелсіздігіміз желтоқсан көтерілісінің жемісі десек асылық айтқандық болмас. Алаңға шыққандар көзі ашық, көңілі ояу, алпысыншы жылдары дүниеге келген жастар еді. Ол уақытта жиырма, жиырма бестегі қылшылдаған қыз-жігіттер едік. Енді міне, алдымыз елуге де келіп қалыппыз. Ал тарих үшін жиырма бес жыл деген көп уақыт емес.

Біз ол кезде Зооветеринарлық инсти­тут­тың малдәрігерлік факультетінің екінші курсында оқитынбыз. Жатақханамыз Сәтбаев көшесіндегі қазіргі «Қайнар» университетінің корпусы. 1986 жылы 16 желтоқсан күні Қазақстан Компартиясы ОК-нің шешімін радио жаңалықтарынан естіп, кешке біздің бөлмеге жиналған курстастар әрқайсысы өз наразылығын білдіріп, ертеңгі күнге жоспар құра бастадық. Артықбаев Тоқтасын: «Жігіттер, ұран жазайық», – деп ұсыныс жасады. Мен ойлана келіп: «Американың байырғы үндістері өздеріне көсем сайлайды. Біздің де бұрын көшпенді салт-дәстүріміз бойынша ел билеген көсемдеріміз болған. Алаңға «Әр халыққа – өз көсемі» деген ұранмен шығайық», – деп ұсыныс жасадым. Курстастарым бірден құптады. Сол ұранды қызыл гуащьпен төсеніш ақ матаға жазған Артықбаев болатын. Ұранды орыс тіліне Омаров Ерлік Сәлімұлы «Каждому народу – своего вождя!» деп аударды. Көше аралаған шеру кезінде Ауылшаруашылығы институтының бас корпусынан Тоқтасын Лениннің портретін алып шықты.Тоқтасын кейін қудалау кезінде оқудан шығып, ауылына кетіп қалды. Сол кеткеннен мол кетті. Ол Жамбыл облысы Мерке ауданынан болатын.

Ол кезде Ерлік Сәлімұлы жатақ­хана­мыз­дың студенттер кеңесінің төрағасы бола­тын. 17-сі күні таңертең біріміз қалмай алаңға шығамыз деп үгіт жүргізді.Таң алакеуімде біз жиналып астыңғы қабатқа түссек, деканымыз Ерсейіт Бексейітұлы Бегалиев бастаған ұстаздар тобы студенттерді есіктен шығармай тұр екен. Сол сәтте Ерлік Сәлімұлы қасымызға таяп келіп: «Подвалды ашып қойдық, сол жақтан шығыңдар», – деп сыбырлады. Ол көрсеткен жерден мен, Әбдіқаев Беглан, Малдыбаев Саят үшеуміз үлгеріп шықтық. Бізден кейінгілер шыға алмай қалды. Институт комсомол комитетінің секретарi Құсайынов Дәулет есікті жауып үлгерді. Содан үшеуіміз алаңға бет алдық. Біздер келіп тұрған жер бұл күнде алаңдағы желтоқсанның тақта тасы ілінген жер еді. Кешікпей алаңға Артықбаев Тоқтасын, Күшеева Гүлжан, Жаңабаева Ләззәт келді. Тоқтасын ұранды қойнына тығып әкеліпті. Сәлден соң Бәйсейітова көшесі жағынан он шақты баланың қарасы көрінді. Бұл сағат 8 шамасы болатын. Содан бастап алаңға студенттер ағылып келіп жатты. Три­бу­на­ның алдында қатарымыз кәдімгідей көбейіп, жиналып қалған едік. Біздерді трибуна жақтан келген курсанттар қоршап алды. Соның арасында Сәтбаев көшесімен қолдарына «Демократия» деген жазуы бар ұран ұстаған топты көріп рухтандық та, курсанттарға қарсылық көрсетіп, оларды ығыстыра бастадық. Арамызға трибуна жақтан келген орта бойлы жұқа өңді кісі өзін Қазақ ССР-і Жоғарғы Совет Президиумының преседателі Мұқашевпін деп таныстырып, бізге кіші алаңға баруды өтінді. Сол жерде бәрі шешіледі деп үгіттеді. Қасындағы оператор түсіре бастаған кезде біздер теріс айналып тұрдық. Лезде алаң адамға толды.

Біз шерулетіп Фурманов көшесімен Абайға, одан қазіргі Достық даңғылының қиылысына барып, алғаш рет «Менің Қазақстаным» әнін шырқадық. Сол ән айтылған кезде ерекше сезім кернеп, көзге жас оралды. Көшедегі автокөліктер жолдың шетіне ығысты. Ал Комсомол көшесінің бойындағы ғылыми-зерттеу институтының табалдырығында тұрған кісі екі қолын жоғары көтеріп, бізді қолдап тұрғанын көрдім. КазПИ-ге бет алдық (ол кезде бас корпусы Совет көшесінде болатын). Карл Маркс көшесі арқылы Гоголь көшесімен жүргенде дүкен сөрелеріне тас лақтырмаңдар деп бір-бірімізге ескертумен болдық. Гоголь мен Космонавтар көшелері қиылысындағы ЖенПи-дің үлкен қос жатақханасына бардық. Сол жерде тағы да Мұқашев келіп, кіші алаңға баруымызды өтінді. Айтжанов Қуат пен Сапарбаев Бекежан жатақхананың есігінде тұрған орыс милиционерлерін итеріп жіберді. Іштен қыздар шыға бастады. Космонавтар көшесімен жоғары жылжып, жол-жөнекей студенттерді ілестіріп, Сәтбаев көшесімен алаңға қайта оралдық. Бұл кезде сағат 4-5-тің шамасы болатын. Алаңға жиналғандар шамамен бес мыңдай адам. Сәтбаев бойындағы Зооветинститутының 7-ші жатақханасына кіріп, бөлмеме паль­том­ды шешіп, қара күрткемді киіп шықтым.

Алаңда Бейсембаев Ерланды кездестірдім. Екеуміз трибунаның батыс жағында тұрдық.Сол жерде бір ІІМ қызметкері бізге: «Ауылдан келіп құтырдыңдар. Сендерге не жетпейді?» – деді. Тағы бір әскери қызметкер: «Сендер үшін мен Ауғанстанда қан төгіп келдім, ал сендер құтырдыңдар» – деді. Сонда мен: «1985 жылы менің бауырым Сауранбаев Қайрат Ауғанстанда қайтыс болды. Ол кімнің мүддесін қорғап, кім үшін қан төкті»? – деп жауап қайтардым. Сол кезде бір әйел трибунаға шығып, жалынды сөздер айтты. Сол әйелді әлдебіреулер трибунадан алып кетті. Жастар әйелді қайтаруды талап етті.

Трибунаға шыққан басшылар бізге басу айтып, тарауымызды өтінді. Бірақ біз қайта қоймадық. Біраз уақыттан кейін мұздай қаруланған әскерлер ту сыртымыздан лап беріп, резіңке дубинкаларымен қыз-жігіт демей, ұрып соға бастады. Алаң лезде азан-қазан болды да кетті. Бейбіт шеруге шыққан біз осылай аяусыз соққыға ұшырадық. Өрт сөндіретін машиналар қатар-қатар жүріп, су шаша бастады. Біз де қарап тұрмай, мрамор тастарды шағып, сынықтарын кабиналарына лақтырдық. Үстіміз малмандай су болып, күні бойы нәр татпаған біздер сүлдерімізді сүйретіп, түнде жатақханаға қайттық. Ертеңіне, яғни 18 желтоқсан күні Сәтбаев пен Мир көшесінің қиылысындағы үйлердің ауласынан жастарды қуалап келе жатқан орыс милиционері менің алдыма келіп сүрініп құлады. Мен оны ұрмақшы болып, ұмтыла бергенімде, бес-алты милиционер көшенің келесі бетіне сүйретіп шығарып, тепкінің астына алды. Қос қолдап құлақтан, бүйректен ұратын әдістерін қолданды. Өзіммен бірге құжат болмаған соң, аты-жөнімді жалған айтып жаздырдым. Біраздан соң біздерді түрменің машинасына қойша тоғытты. Машинаның іші тас қараңғы. Қасымдағы бір-екі жігітпен сөйлессем біздің институтта сырттай оқиды екен. Қысқы сессияға келіпті. Бізді Қарғалы жаққа алып бара жатып, екі-екіден жолдың бойына түсіріп кетті. Менімен бірге түскен өзіміздің институттың 1-ші курс студентін тастап кетті. Өкінішке қарай, оның атын сұрамаппын. Басы жарылған, өз аяғынан жүре алмайды. Мен оны жаяу сүйемелдеп жүріп, «Орбита» мөлтек ауданына келіп, №34 автобусқа отырдық. Оған жатақханаңа қайта бер деп, өзім Абай мен Жароков көшесінің қиылысында түсіп қалдым. Ондағы ойым осы маңда тұратын танысымды ертіп, алаңға қайта бару. Танысым үйінде жоқ екен. Бір орыс әйелі газет-журнал таратып жүргенін көрдім. Қарасам газеттердің 1-ші бетінде Колбиннің суреті тұр. Әйел келесі подъезге кіріп кеткенде, ашу-ызамен газеттің бірталайын жыртып тастадым. Әйел мені байқап қалса керек, әне-міне дегенше ит жетектеген кинологтар келіп, сол тұстан өтіп бара жатқан жастарды итке талатты. Кештетіп жатақханаға келсем, яғни қазіргі «Қайнар» университетінің жанында Нұрсұлтан Әбішұлы тұр екен. Үстінде көк жағалы пальто, басында көк норкалы тұмақ. Қалың ой үстінде тұр. Мен сол кісіге барып: «Аға, мұның арты енді не болады?» деп сұрағым келді. Сол сәтте 6-шы жатақхана жақтан ит жетектеген әскерлерді көріп қалып, дереу өзіміздің жатақханаға кіріп кеттім. Бөлмедегі достарым мені көріп, қуанып кетті. Олар Ерлік пен Беглан еді. Сол кезде Ерлік Сәлімұлының мына бір айтқан сөзі әлі есімде. «Жігіттер, үш күн шыдаңдар. Біздің шеруімізді «Голос Америка» біледі де, бүкіл дүние жүзіне хабар таратады. Содан кейін қазақ елі бар екенін біледі».

Мен Ерлікпен 18 жылдан кейін та­быс­тым. Ол Қарағанды облысының Приозерск қа­ласының мәслихат депутаты екен.

Желтоқсан көтерілісінен кейін «Целин­ный» кинотеатрынан «Кішкентай Вера» фильмін көрсетті. Біз киноны талқыға салдық. Сонда Тоқтасынның айтқаны: «Ресейдің жастары бұзылып жатыр, ал біздің қазақ жастарының сана-сезімі әлдеқайда жоғары. Ел болуды армандайды», – деді.

Кейін ойласам, бұл кино жастарды саясаттан аластату амалы екен. Өйткені Кеңес Одағы кезінде ондай фильмдерді көрсетпейтін. Керісінше милиция жайлы фильмдерді көп көрсететін. Тоқтасынды 24 жылдан кейін таптым.

Тағы бір айта кетерлік жайт, сол кезде жанашырлық танытқан қаншама ұстаздарымыз болды. Дәленов Шынболат, Төлебаева Ақан, Бегалиев Ерсейіт, Өтенов Әлібек, Қарабаев Қуанышбек, Мақышев Тұрған, Ермаханов Әмірбек т.б. Сол бір дүрбелең кезде Ерлік Сәлімұлы екеуміздің соңымыздан декан Полномочный (марқұм) және курстасымыз Абдуллаев Марат шам алып түскен еді. Бізге араша түсіп, аман алып қалған деканымыз Бегалиев Ерсейіт Бексейітұлының жақсылығын қа­лай ұмытайық. Ерсейіт аға МҚК-нен келгендерге: «Бізде сабақ жүріп жатыр», – депті. Студенттерді аман алып қалудың амалы ғой. Мұны қалай ұмытайық.

Кейінірек ауылға барғанымда көрші-қолаң Алматыда болған оқиғаның жай-жапсарын менен тәптіштеп сұрай бастады. Мен өзім көрген жағдайды айтқан едім. Кешке жұмыстан келген әкем: «Балам, тыныш жүр, өкіметтің құрығы ұзын, егер сені ұстайтын болса соттап, біздерді басқа облыстарға көшіріп тастайды. Содан кейін бір-бірімізді көрмей өтеміз. Қазіргі уақытта шындық жоқ», – деді.

Тағы бір айта кететін жайт. Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісін зерттейтін ғылыми зерттеу орталығы керек. Өкінішке қарай, лап еткен Желтоқсан көтерілісі тарих қойнауына сіңіп, алыстап бара жатса да, зерттеушілер тарапынан әлі де болса жан-жақты сараланбаған. Өйткені сол кезде жазылған «Каждому народу – своего вождя!» ұранын Б.Төлепберген «Біз білмейтін желтоқсан» кітабының 33-бетінде «Әр ұлтқа – өз көсемі!» ұранын, Мейрамғазы Қасенбаевтың жазғанын келтірген. Ал М.Шахановтың «Желтоқсан» эпопеясында (142-бет) Мұратбек Шекербеков мен жаздым депті.

Т.Айтбайұлы құрастырған кітапта Мәлік Қайдаров мен жаздым дейді. Сол кітаптың 470-бетінде Сағира Сарбалаева біз жаздық дейді. Бәрінің айтатыны – ұранды Лениннің шығармаларынан алып жаздық дейді.

Желтоқсан жаңғырығы әлі де санамызда. Ол сол кездегі қазақ жастарының ар-намыс, мұқалмас жігерін айғақтап тұрғандай. Аяз бен суықты елең қылмай мұзды алаңда шырқалған «Менің Қазақстаным» әні бүгінде тәуелсіз мемлекетіміздің Әнұранына айналды. Желтоқсан көтерілісі империяның бұғауын жарып шығып, Тәуелсіздікке жол бастады. Бүгінде елімізді әлем таныды. Желтоқсанның жемісі – Тәуелсіздігіміз. Осы жас Тәуелсіздігімізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай аялап сақтауға біз әлі де мүдделіміз.

Омаров Ерлiк Мұқанұлы,

«Желтоқсан Ақиқаты» ұйымының басқарма мүшесi

ЖЕЛТОҚСАН «ЖАҢҒЫРЫҒЫ»

Серiк БАЙХОНОВ

Мәкеңмен, Мақсұт Әубәкіровпен бірге қазақ теледидарының аппараттық студия комплексі ғимаратында қатарлас кабинетте отырып жұмыс істедік. Екеуміз көбіне-көп темекі шегетін орында жолығысып қалатынбыз. Мен секілді Мәкең де бұрын баспада жұмыс істеген, әңгімеміз негізінен баспа, әдебиет төңірегінде болады. Ол кезде Мәкең Мәскеу үшін арнайы хабарлар дайындайтын орыс редакциясының бас редакторы еді. Сол жылдары қазақы ортада өсіп, қазақ мектебінде оқыса да, шығармашылық жұмыста орыс тілін, орыс тілі болғанда, орыстың әдеби тілін қолданатын жігіттер ұшырасып қалатын. Тұла бойынан тектілік пен зерделілік табы сезіліп тұратын ағамыздың қабілет-қарымының деңгейін осыдан-ақ біле беріңіз.

«Қайта құру» деп аталған саяси науқанның қызып тұрған кезі. «Телерадио комитеті» деп аталған ұжымның заты өзгермегенмен, аты мен құзыры ай сайын болмағанмен, жыл санап өзгереді. Сол сол-ақ екен, билікке келген жаңа құзырлы орган жатпай-тұрмай «қайта құруға» кіріседі. Оның арты – шетсіз-шексіз штат қысқартуға ұласады. Сол кездері біз секілді темекі шегетін орынға үйірсек жігіттер арасында: «Тезірек кабинетіңе бар… Сен темекі шегіп жүргенде орныңа біреу отырып қоймасын…» дейтін әзіл де тараған. Ал менің екінші деңгейдегі басшылық қызметте бес жыл тұрақты жұмыс істегенім үшін, «суға салса батпайтын, отқа салса күймейтін пысықай жігіт» атанып жүрген уақытым.

Сондай кезекті ауыс-түйістің кезінде дирекция отырысына Мәкең де шақыртылды. Бас директорлық қызметке бір жылдық үзілістен кейін қайта оралған Рафаэль Бәйкенұлының қылышынан қан тамып тұрған кез; сыпайы сәлемдесіп есіктің көзіндегі орындыққа отыра берген ағамызға:

– Сізге арызыңызды беріңіз демеп пе едім… Кабинетті… Кабинетті босатыңыз… – деп шүйіле кетті.

Үлкен кісінің әшейінде алақандай көзәйнегінің астынан кісінің бетіне мейірім төге қарайтын аялы көздері ақшаң етті.

– Кімді кімнің босататынын көрерміз… – деді де, орнынан сүйретіле тұрып шығып жүре берді.

Қаншама жыл қызметтес болып жүріп Мәкеңнің ашуланғанын тұңғыш көруіміз, «қайта құру» ісі сеніп тапсырылған бір топ белсенді тіл-жақтан айрылғандай мәңгіріп отырып қалыппыз.

Түс ауа комитет төрағасы шұғыл шақыртты. Төраға шақыртса, тағы бір өзгерістің шеті шығатынын іштей сезіп, тым-тырыс томсырайып отырмыз.

– Жаңа басшылықты таныстыру үшін шақырдым. – деді Сәкең. – Саспай-ақ қойыңдар, жаңа басшы – өздеріңнің адамдарың…

Сол сол-ақ екен… таңертең ғана қысқартуға ұшыраған… Мақсұт ағамыз орнынан тұрып, бәрімізге ізет белгісін білдірді. Демек біздің Мәкең комитет төрағасының орынбасары. Орынбасар болғанда, көп орынбасардың бірі емес, бірінші орынбасардың өзі… Басшылық ауысқан сайын кіржиетін қабақтар бұл жолы күлмең қақты…

Кешкілік Алматы-Мәскеу жүрдек поезына билет алып қойған Рафаэль Бәйкенұлын шығарып салу үшін вокзалға бардым. Әшейінде өзін бабында ұстайтын спортшы ағамыз шала мас. «Ыңғайсыз болды-ау, ә?.. Біздің Сағат та қызық… Осылай боларын ертерек ескертіп қойса болмай ма…» деді Рахаң қоштасарда.

Мәкеңмен де, мен Рахаңмен де а­ра­сы жақсы бірінші басшы ыңғайсыз жағдайда қалды-ау деп қауіптенгенім бекер болды. Мінезі қызық Сағаттың бойында дипломаттық қасиет те жетіп-артылатын еді ғой, көп ұзамай екі басшымыздың арасы жарасып кеткенін көріп қуандық.

…«Желтоқсан оқиғасының» атаулы күні жақындап қалған. «Атаулы күн» дегенде «желтоқсан көтерілісінің» тұңғыш рет аталып өтетін күнін айтқым келіп еді. Осынау мәселеге орай Рафаэль Бәйкенұлы екеумізді бірінші орынбасар шақыртып алды. «Желтоқсан оқиғаларын» эфирден көрсету керек екен. Ең жоғарыдан келген жауапты тапсырма мен басқаратын «Мұрагер» шығармашылық бірлестігіне тапсырылады.

– Түсінесің ғой… Күрмеуі қиын мәселе болып тұр… Оның үстіне хабар екі тілде өтуі тиіс… – деді Мәкең уайымын жасырмай. – Өмір көрген, оның үстіне партия мектебін бітірген жігіт деп сенім артып отырмыз, ұятқа қалдырмайтын шығарсың…

Сол күні ұйықтай алсам-шы. Ертеңіне жас­тар редакциясының қазақ-орыс ұжымын түгел шақырып, жиналыс өткіздім. Хабардың қазақша сценариін орынбасарым Серік Жанболат екеуміз, орысшасын Гүлжан Ерғалиева жазатын болды. Сценарий мәселесі оңай еді, мәселе эфирден беретін деректі құжаттарға келіп тіреле берген. Жастар редакциясында жұмыс істейтін Ләззәт Сапақованың қолындағы кассетаны қоспағанда, қолымызда іліп алар дерек жоқ. Салып-ұрып «Қазақтелефильмге» барайын. «Желтоқсан желі» атты өлеңнен басқа материал жоқ» деп, ауыздарын қу шөппен сүртеді. Ендігі үміт – Сәкеңде. «Желтоқсан оқиғасы» кезінде біздің жастар редакциясы түсірген кассетаны комитет төрағасының орынбасары болып істеген басшымыздың сарымайдай сақтап жүргенінен хабарым бар. «Материалдарды беріңіз… «Сағат Әшімбаевтың жеке жәдігері» деп, субтитр береміз» деймін ғой баяғы.

Атаулы күнге санаулы ғана уақыт қалған. Монтаждау жұмыстарына сол күні-ақ кірісіп кеттік. Бірлестіктің қолынан іс келеді-ау деген режиссерлерін монтаждау бөлмесіне жинағанбыз. Әрбір монтаждалған материалдың хронометражы белгілі болысымен Серік екеуміз кезек-кезек жазуға отырамыз. Ол кезде өрімдей жас жігіт Болат Әбділмановтың ашынған ащы даусына құлақты түріп қойып… «… Сол бір аязды күні… Желтоқсан желі… тоңдырды мені… тоңдырды сені ызғары…» Бір қызығы, хабар жазылып біткенде байқасам, жаңа ғана жазылып біткен сценарий мәтіні жадымда жатталып қалыпты. «… Сол бір аязды күні… ақ ниетін арқалап, алаңға келген інішек… Сол бір аязды күні… табанынан сыз өтіп, қалтырап тоңған қарындас… «Жалғасын сен айт, бұл асқақ әннің, жабылып кетсем, егер мен… ғұлама жылдар судырлатқанда парағын…»

– Төлегеннің өлеңі ғой… Жабылып кетсем деп жамандық шақырғаныңыз не, аға? – дейді Серігім.

– Мен өзімді емес, Төлегеннің аузымен алаңдағы оқиғадан кейін жабылып кеткен жігіттерді айтып отырмын… Ал мына хабардан кейін айдалып кетсем, өздерің барсыңдар ғой…

Эфирге айдалып кететіндей материа­л дайындай алмағанымыз өзіме аян. Түн ортасы ауа бітірген материалды таң атпай Мәкеңе апардым. Әдетте маңызды материалды көркемдік кеңес мүшелері бірігіп көретін дәстүр бар-тын. Бұл жолы Мәкеңнің кассетаны үн-түнсіз алып қалғанына қарап, жоғары жаққа көрсеткісі келгенін сезіп тұрмын. Түс ауа қайта шақыртты. Өңінен әлденеге ыңғайсызданып, қысылып-қипақтап отырғаны білінеді. Басын көтермеген күйі ескертпелерін айта бастады.

– Ана жоғарыдағы сот, прокурор ағаларыңа тиіспей-ақ қойыңдар… Жақсы болсын, жаман болсын, арамызда жүр ғой… – деді сөзінің соңында.

Демек дайын материалды қайта монтаждауымыз керек. Жұмысқа келдім де, монтаждау бөлмесін босатуға шұғыл тапсырма бердім. Кешке қарай ойлаған ісімді енді бастағалы жатқанымда, бөлмеге Ләззат бастаған бірнеше қыздың кіріп келгені.

– Егер ана үлкен кісілердің аты-жөнін қысқартатын болсаңыз, менің материалымды да біржола алып тастаңыз… – деді қарындасымыз үзілді-кесілді түрде.

– Көкем-ау, сенің материалыңды алып тастасам, өзі азғантай дүниенің арт жағы шұнтиып қалмай ма?..

– Биыл өтпесе, келесі жылы өтеді, Секе… Желтоқсанды тарихтан ешкім де сызып тас­тай алмайтынын білесіз ғой…

Аң-таң аңтарылып қалыппын. Алып тас­та­сам, түнімен ұйықтамай хабар дайындаған қыз-жігіттерден ұят… Бәлкім болашақ ұрпақтың алдында… Алып тастамасам… Мәкең… Мәкеңнің алдында кінәлі болам… Сценарлық папканы алып, тәуекел деп қолды қойдым да жібердім.

Хабар эфирден өткен күннің ертеңіне Мәкеңнің алдында отырдым. Ағамыздың қатты қиналыс үстінде екенін сезіп, бетіне қарай алмай төменшіктей берем. Сүт пісірім үнсіздіктен соң, ағамызға тіл бітті.

– Болары болды, бояуы сіңді… Таңертеңнен бері бес-алтауы боқтады… Ал Орталық комитеттің не дейтінін кім білсін…

– Кешіріңіз… Қысқартуға дәтім бармады… – деймін өтірік батылданып. Қыз-жігіттердің қаһарынан қорыққанымды айтпай жасырып қалдым, әрине.

– «Келешек ұрпақтан қорықтым» дегің келеді ғой… Мен сені түсінем… Ал мені түсінетін кім бар?.. – деді Мәкең көкірек жара күрсініп – Егер сені ұстап берсем, «қарамағындағы қызметкеріне сөзі өтпеді» деген аты өзіме жаман… Одан да өз мойныммен көтергенім жеңіл болар…

Мен Мәкеңді түсіндім, әрине. Оның үстіне ағамыздың артында эфирдің негізгі иесі, мойны жуан Сағат Әшімбаевтың өзі тұр еді.

Эфир иесі… Сексен алтыдағы «жел­тоқ­сан» сұрағы… Сексен тоғыздағы «төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеттің» ылаңы… Тоқсан бірдегі – тәуелсіздік ұраны. Ол кезде қазіргідей алпыс екі каналда көрсететін шарайна, болса – болмаса, жоқ. Тұтас ұрпақтың «үміт дүниесі» болған социалистік идеологияның жаназасын шығарған да біз, біздің қазақ теледидары. Көпшілік «саяси сатқын» екеніне сеніп келген Мұстафа Шоқайға саяси баға берілер тұста Сәкең мен Мәкеңнің қаншалық ауыр күйде болғанын көзбен көрдік. Мұның бәрі қазақ халқы капитализм атты беймәлім дүниенің есігін қаққан кезде ел тұтқасын ұстаған атпал азаматтардың жүрегіне түскен зілмауыр салмақ еді.

Ана бір жылы Қазақстан Жазушылар одағы Алматыдағы Республика сарайында «Тағзым» атты кеш өткізді. Осы кеште қалың жұртшылық жазушылардың екі құрылтайы аралығында өмірден озған арыстарын еске түсіріп, жоқтау айтты. Небәрі бес жыл ішінде жүзге жуық қаламгерден көз жазған екенбіз. Көпшілігі ашаршылықты, отыз жетінің «нәубетін», қырық бірдің «қырғынын» көр­ген көкелеріміз емес, қырық пен елудің ара­лы­ғындағы көкөрім жастар. Кеңес дәуірі ке­зінде елінің еркесі мен серкесі болған арыстар «өтпелі кезеңнің» ауыртпалығын көтере алмаған болды. Жағалап келіп жардан жығылған жасы үлкеннің артын өткізсем деп, ағалап келіп бауырға тығылған жасы кішінің алдын жеткізсем деп алды-артына жалтақтаумен өткен жаутаңкөз ұрпақ. Қырық пен елу… Алдыңғы толқынға деген қарызын, кейінгі толқынға деген парызын өтеуге мұршасы жетпей, уақыт шыңырауына шым батып жоғалған ұрпақ…

… Бүгінде Мақсұт аға да, менің Рафаэль жездем де, тіптен өзіміз ізін басып жүрген Сағат та ортамызда жоқ. Шығыстағы көршілер өз дұшпанын: «Қайта құру кезеңінде өмір сүр» деп қарғайды деп естігенім бар. Әңгімеге тиек еткен үш арыстың қандай кезеңде, қалай өмір сүргенін бір сәт ой таразысына салып көрсек қайтеді?..

17.11.2011

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары