Батыс Қазақстан облысында екі ауыл тұрғыны есірткі сақтағаны үшін ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Батыс Қазақстан облысында экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен Сырым аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Сырым ауданының ауылдарының бірінде тұратын екі азамат заңсыз қару және есірткі заттарын сақтағаны үшін ұсталды. Күдіктілердің үйлеріне жүргізілген тінту барысында төмендегідей тыйым салынған заттар тәркіленді:
Бірінші күдіктіден: Тіркелмеген, тегіс ұңғылы аңшылық мылтық; Кесілген қаруға арналған 4 дана оқ-дәрі; Тегіс ұңғылы қаруға арналған 2 дана оқ-дәрі; Қорадан табылған, жасыл түсті ұнтақталған өсімдік тектес (есірткіге ұқсас) 500 грамнан астам зат; 6 қолданылған шприц және пластик бөтелке (есірткі тұтынуға арналған болуы мүмкін). Екінші күдіктіден: Үй ішінен табылған газетке оралған өсімдік тектес зат; Ауладан тәркіленген үш пакет өсімдік тектес зат; Өсімдік тектес заты бар үш шприц; Есірткі затын дайындауға және қолдануға арналған арнайы құралдар.
Аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің тиісті баптарымен қылмыстық іс қозғалды. Барлық тәркіленген заттарға сот-химиялық және баллистикалық сараптамалар тағайындалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде, басты назар есірткі заттарының шығу көзін анықтауға бағытталған.