ҮЙЛЕСТІРУШІ АҚЫН

ҮЙЛЕСТІРУШІ АҚЫН

ҮЙЛЕСТІРУШІ   АҚЫН
ашық дереккөзі
265

Жекелеген адамдардың мiнез-құлқында, әдет-дағдысында кездесiп қалатын келеңсiз жайларды сатираның садағымен көздеп атып, дәл тигiзiп келе жатқан сықақшылардың бiрi – Жұмағали Арғынбаев. Ол 1998-2000 жылдары халықаралық «Түркiстан» газетiнiң Қостанай облысындағы меншiктi тiлшiсi қызметiн үлкен абыроймен атқарып, басылымның мазмұнын байытуға, таралымын арттыруға үлкен үлес қосты. Бүгiнде ол шығармашылық жұмыста. Бiз бүгiн журналист-сатириктiң қаламынан туған тың дүниелердi оқырмандардың назарына ұсынып отырмыз.

«Біз жеңеміз!» атты облыстық газеттің ауыл шаруашылығы бөліміне тілші болып жұмысқа кіргеннен кейін үш жылдың ішінде-ақ «жатыр» деген сөзді күніне жүз рет жазатын қасқаның өзі болып шыға келдім. «Жатыр» деген – әрбір сөйлемнің аяғында келетін жаттанды сөз. Ол сөзді жазуды ұмытып кетсең бас редактордың өзі сөйлемнің аяғына тіркеп жібереді. Өзің ескерту аласың.Атам заманғы жазу машинкасымен «Шошқа басын көбейтіп жатыр» деген тақырыпта мақаланы бастай бергенім сол еді, кабинетімнің есігі шықыр етіп ашылды да, қобалаңдаған біреу ентелеп кіріп келді.

– Мен үйлестіруші ақынмын, – деді бейтаныс жігіт добалдай қолын ұсынып. – Шын атым – Құраубек Сұраубеков. Сен ауылдар туралы бұрқыратып жазып жатырсың. «Қаратөбе» деген өлеңді де қатырдың. Мен де өзімнің туған ауылым жайлы «Дарабатыр» деген өлең жазып жатырмын. Соны сен қарап берсең екен…

«Ақын» деген сөзді мың-миллион рет естігеніммен, «үйлестіруші ақын» де­ген сөзді естісем… е е… бұйырмасын.

– «Үйлестіруші ақын» деген сөзді бірінші рет естіппін, – дедім таңданысымды білдіріп.

– Бұл былай…, – деп ол шалба­ры­ның қалтасынан умаждалған бір қағазды шығарды. – Міне! Басына «Дарабатыр» деп жазып қойдым ба? Жазып қойдым. Одан артық не керек? Сосын біздің Дарабатырдағы жер аттарын, адамдардың аттарын тізіп шықтым. Енді қалғанын сен не қыласың… істейсің… Бұл менің туған ауылым жайлы керемет бір өлең болады. Сосын оған ән жазам!

Міне, қызық! «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің». Бір шумақ өлеңі жоқ сөздер қалай өлең болады? Ол менің құлағыма аузын тақап:

– Сен алдымен мына қағаздағы сөздерге қара. Сосын сұрайтыныңды сұрай бер. Кез-келген сұрағыңа жауап беремін. Өлең-жырым бес ауыздан кем болмауы керек. Бір ауыз өлең үшін бес мың теңге төлеймін. Бес ауызға өзің есептей бер, – деді.

Құраубек Сұраубеков мол ақшаны айтқасын, көңілім автоматты түрде көтеріліп кетті. Миым да сарт-сұрт істей жөнелді. Манадан бері түсінбей отырған жайларды бірден түсіндім. Яғни мен «Дарабатыр» деген өлең жазуым керек, оған мынау автор боп шыға келеді. Мейлі… Бір шумақ өлең үшін бес мың теңге төлейді екен. Бес ауыз өлең үшін жиырма бес мың теңге береді! Бәрінен бұрын соны айт! Бұл – менің бір айда әрең табатын жалақымның көлемі.

Қырық қыртыс болған қағазды жазып, әр сөзін ежіктеп оқи бастадым. Қой­дың құмалағындай әріптермен жазылған сөздердің арасынан өлең құрайтындай ештеңе көзге түспеді. Әбден амалым таусыл­ған соң алдыма таза парақтарды жая­лықтай қылып жайып қойдым да, өлермен «ақынның» аузынан туған жері туралы әр түрлі деректерді суырып ала бастадым. «Дарабатыр» деген сөзге «бара жатыр» деген сөздер әдемі ұйқаса кетеді екен» деп іштей ойлап қоямын. «Жатыры» біздің үйреншікті сөз.

Екеуара әңгіме барысында ол маған өзінің асып-тасқан бай екендігін айтып жеткізді. Енді туған ауылына өлең арнап, елге атын шығармашы…

Кешке таман үйге келіп, шайымды шала-пұла іштім де, мені шала байытатын өлеңді жазуға кірісіп кеттім. Қаламым тез сырғи жөнелді.

Әлемде жер жаннаты Дарабатыр,

Жыл сайын гүлдеп, жайнап

бара жатыр.

Жүз қойдан жүз қозы алған

шопандары,

Жүз елу қозы да алады қара да тұр…

Тап осындай сарынмен бес шумақ өлең жазып шықтым. Екінші шумақты өлеңнің қайырмасы етіп белгіледім.

Ертеңгі күні уәделі уақытта «жаңа­шыл ақын» кабинетіме алқына жетіп келді. Екеуміз өлең жолдарын біраз талқыладық.

– Өлеңді жақсы жазыпсың, – деді ол қолымды алып. – Әлі де күшейту керек! Бүгінде «жүз қойдан жүз қозы алды» деген сөзбен жұртты таң қалдыруға бола ма? «Жүз қойдан жүз елу қозы алды» дегенің дұрыс… Ол ол ма «жүз қойдан екі жүз қозы да ала алады» деп жазу керек!Мен табан астында алғашқы шу­мақтың соңғы екі жолын:

Жүз қойдан жүз елуден қозы алды,

Екі жүз қозы да алады, қара да тұр, – деп түзетіп үлгердім.

Осыдан кейін «қиыннан қиыстыратын ақынмен» саудамыз қызды, сегіз шумақ өлең үшін ақша төлеуі керек. Дәлелім де күшті: Өлең бес шумақ. Қайырмасы бар. Сол қайырма үшінші, төртінші, бесінші шумақтардан соң да қайталанады. Сонда барлығы сегіз шумақ болып шықпай ма? Сегіз шумақты бес мың теңгеге көбейтсең тұп-тура қырық мың теңге болып шыға келеді.

Саудам сәтті аяқталды. «Дарабатыр» жырын «жазған» ол да риза болды, қалтама қырық мың теңгені басқан мен де бір қуанып қалдым.

Содан бері екі айдай уақыт өтті. Демалыс күні үйдегі теледидардан облыс өнерпаздарының концертін көріп отырдым. Бір кезде концертті жүргізуші жігіт: «Үйлестіруші ақын-композитор Құраубек Сұраубековтің әні «Дарабатыр» деп хабарлады. Іле-шала әнші әйел жаңа әнді сыбызғының үніндей сызылтты-ай келіп.

Құраубек Сұраубеков қара дүрсін өлеңді маған жаздыртып алып, әнін жалдамалы бір сазгерге шығартыпты. Содан кейін өзі өлеңге де, әнге де автор боп шыға келген. Сөйтіп ол бәрін үйлестірген екен. Міне, пысық!

10.11.2011

Серіктес жаңалықтары