ШАҢЫРАҒЫМЫЗ – БИIК, КЕРЕГЕМIЗ – БЕРIК

ШАҢЫРАҒЫМЫЗ – БИIК, КЕРЕГЕМIЗ – БЕРIК

ШАҢЫРАҒЫМЫЗ – БИIК, КЕРЕГЕМIЗ – БЕРIК
ашық дереккөзі

"20 жылда осындай ортақ үй тұрғыздық", – дейдi Елбасы

Қазақстан халқы Ассамблеясы әу баста саяси институт ретiнде құрылмаса да, уақыт өте мемлекеттегi саяси бастамалардың ұйытқысына айналды. Былтыр ҚР Президентiнiң өкiлеттiгiн ұзарту туралы бастаманың Ассамблея сессиясында көтерiлуiнiң бiр сыры осында. Бұған дейiн Ассамблея қазiргi қолданыстағы Конституцияның қабылдануында, 1995 жылы ҚР Президентi Н.Ә.Назарбаевтың өкiлеттiгiн 2000 жылға дейiн ұзартуға байланысты, "Қазақстан-2030" стратегиясы, Ұлт бiрлiгi доктринасына қатысты идеялардың жаршысы болған.

Қазақстан халықтары Ассамблеясының консультативтi-кеңес беру органы ретiнде 1995 жылы құрылуына Президенттiң өзi мұрындық болған едi, бұл еңбектi Ассамблея толықтай ақтады деуге болар. Бұған дейiнгi түрлi саяси оқиғалардың тұсында Президент бастамаларының денi әуелi Ассамблея мiнберiнен айтылып, сүзгiден өтетiн. Түрлi этностардың басын қосқан жиында қолдау тапқан идея одан кейiн барып қоғамдық талқыға салынушы едi.

Кешегi президент сайлауы тұсында Асссамблея мүшелерi идеялық тұрғыда ғана емес, тiкелей Нұрсұлтан Назарбаевты қолдау штабтарында жұмыс iстеп, көзге түстi. Президент Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XVII сессиясында өзiне қолдау бiлдiрген көптеген этнос өкiлдерiне алғысын бiлдiрдi.

Бейбiтшiлiк пен келiсiм сарайында өткен сессияның күн тәртiбi "Тәуелсiз Қазақстан: бейбiтшiлiктiң, келiсiм мен жасампаздықтың 20 жылы" деп аталуы да заңды шығар. Президенттiң сөзiмен айтқанда, "Тәуелсiздiктiң 20 жылдық тарихы – тұрақтылықтың, достықтың, халық арасындағы келiсiмнiң тарихы".

Бұл жолы Ассамблеяда сөйлеген сөзiнде Елбасы елдiң дамуы үшiн өзектi мәселелердiң бәрiн, бала тәрбиесiнен бастап мемлекеттiк тiлдiң елдi бiрiктiрушi ролiне дейiнгi мәселелердi түгел қамтып өттi.

2005 жылы Қазақстан халқына Жолдауында Президент: "Бiз барша қазақстандықтарды бiрiктiрудiң басты факторларының бiрi – елiмiздiң мемлекеттiк тiлiн, барлық қазақтардың ана тiлiн одан әрi дамытуға күш-жiгер жұмсауымыз керек", – деген болатын. Сол кезден берi әртүрлi жиындарда сөйлеген сөзiнде Елбасы ұлтына, нәсiлiне қарамастан барлық азаматтарды мемлекеттiк тiлдi меңгеруге, оны құрметтеуге, ортақ құндылыққа айналдыруға шақырып жүр. Биылғы Жолдауда да "Бүгiнде мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген ересек тұрғындардың үлесi басым көпшiлiктi құрайды. Бұл – Тәуелсiздiктiң орасан зор жетiстiгi. Бiздiң мiндетiмiз – 2017 жылға қарай мемлекеттiк тiлдi бiлетiн қазақстандықтар санын 80 пайызға дейiн жеткiзу. Ал 2020 жылға қарай олар кемiнде 95 пайызды құрауы тиiс. Ендi он жылдан кейiн мектеп бiтiрушiлердiң 100 пайызы мемлекеттiк тiлдi бiлiп шығатын болады. Ол үшiн бiз бәрiн де жасап жатырмыз" делiнген.

Қазақстан халқы Ассамблеясының биiк мiнберiнен де мемлекеттiк тiлдiң ықпалы туралы ой талай мәрте айтылды. Бұған Президенттiң Ассамблеяның ХIII, XIV, XVI т.б. сессияларында айтқан сөздерi дәлел.

Осы жолы да Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттiк тiл мәселесiне арнайы тоқталып өттi.

"Басым бағыттардың бiрi – барлық этностардың мемлекеттiк тiлдi бiлуiн қамтамасыз ету. Бiз 2017 жылы мемлекеттiк тiлдi меңгерген қазақстандықтардың санын 80 пайызға жеткiзiп, ал 2020 жылы одан да арттырамыз деп алдымызға мақсат қойдық. Ендi 10 жылдан соң бiздiң мектеп түлектерiмiздiң 100 пайызы түгел қазақ тiлiнде сөйлей алатын болуы керек. Осылай болатындығына менiң сенiмiм кәмiл", – дедi Президент нық дауыспен.

Оның үстiне, қазақ тiлiн үйрену – ұлтты ұйыстырушы қазақ халқының өткен тарихын бiлудi, мәдениетiн құрметтеудi, баршаға ортақ құндылықтар қалыптастыруды меңзесе керек. Президент бұл жөнiнде таратып былай дедi: "Барлық азаматтардың қазақ тiлiн бiлуi – жәй ғана ұран емес, бұл дегенiңiз тiлдi бiлген адам бiздiң мемлекеттiң тарихын, қазақ халқының тарихын – ерте заманнан бүгiнге дейiн бiледi деген сөз, оның мәдениетiн, дәстүрлерiн үйренедi. Бұл қазақстандықтардың бұдан да күштi бiрiгуiне ықпал етедi, өзара сенiмдi күн сайын, жыл өткен сайын арттырады", – дедi Президент.

Ендi осы абыройлы жұмысты Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясына мықтап тапсырды. "Мiне, Ассамблея жұмысының мақсаты осы", – дедi Президент.

Қазақ тiлi ұлтты қалайша бiрiктiре алады? "Мемлекеттiк тiл – ұлтты ұйыстырушы фактор" деген ойды Елбасы алты жылдан соң одан әрi сабақтай түстi. "Менiң айтып тұрғаным, мысалы Америка Құрама Штаттары өздерiн Америка деп атайды, ал тұрғындары өздерiн – америкалықтар деп санайды, ал ондағы ұлттардың саны бiздегiге қарағанда әлдеқайда көп: оларда әлемнiң әр түкпiрiнен келген мигранттар көп, бiрақ олардың барлығын ағылшын тiлi бiрiктiрiп отыр. Олардың бәрi ағылшын тiлiнде сөйлейдi. Францияда жүздеген этностар өмiр сүредi, оларды француз тiлi бiрiктiрiп отыр. Менiң мақсатым осы. Мен мынаны айтқалы тұрмын: өз тiлiн, мәдениетiн сақтаған бiздiң балаларымыз бен немерелерiмiздi одан әрi мемлекеттiк тiл бiрiктiруi керек", – дедi Елбасы сессия жұмысын қорытындылау сөзiнде.

Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдағы бүгiнгi тыныштықтың орнауында қазақ халқының қомақты үлесi бар екенiн мойындап өттi: "Бұл мемлекет ең әуелi қазақ халқының бойында төзiмдiлiктiң, шыдамдылықтың, жанашырлықтың қоспасын қалыптастырды, содан кейiн барып тарих бәрiмiздi бiрiктiрдi, илiктiрдi".

Дегенмен қазақтың бiрлiгi мәселесi әлi күн тәртiбiнен түсе қойған жоқ. "Ең әуелi, қазақтардың арасында бiрлiк болуы керек. Бiрлiктiң арқасында бiз әрдайым өркендеп, өсiп-өнiп келемiз. Қазақтар бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарғанда, бiз күштi едiк, қай жаудың да бетiн тойтардық. Бiз қазiр көпұлтты мемлекет құрып отырғандықтан – бұл тарихи оқиғалардың салдарынан осылай болды – бiз Қазақстанның көптеген этностары арасында ұйымдастырушы халық болуымыз керек. Бұл бәрiмiзге керек нәрсе", – дедi Президент ағынан жарылып.

Елбасы әдеттегiдей Хакiм Абайдан мысал келтiрдi. "…Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тiлiн, оқуын, ғылымын бiлмек керек". Қазақ мәдениетiне ғана емес, басқа халықтардың мәдениетiне де қатысты. Тiлдi меңгеру арқылы сол халықпен теңесесiң. Қандай терең мағыналы сөздер", – дедi Елбасы.

Президент тағы бiр маңызды мәселеге назар аударды. Тәуелсiздiк алғалы елде дiни бiрлестiктердiң саны күрт өскенi рас. Осы 20 жылда Қазақстандағы дiни бiрлестiктердiң саны 700-ден 4500-ге дейiн артқан екен. Қазақстанның "Дiни наным-сенiм бостандығы туралы" заңына сәйкес берiлген еркiндiктi сырттан келген кейбiр күштердiң терiс мақсатта пайдаланып жүргенi де жасырын емес.

Дiндi ғана емес, елдi бұзатын қоғамдық бiрлестiктер мен түрлi дiни ұйымдардың терiс әрекеттерi туралы бұқаралық ақпарат құралдарында ащы шындық талай рет жарияланды да. Бұл мәселенi мемлекеттiк назарда ұстайтын кез келдi. Елбасы түрлi этнос пен дiн өкiлдерi бас қосқан Ассамблеяның жиынында мемлекеттiк дiни саясат туралы айтып өттi.

"Бiз достықтың мiнсiз моделiн жасадық, ендi оны сыртқы қауiп-қатерден сақтауымыз керек", – дедi Президент. Бұл орайда дiн мамандарына қатысты сын айтылды. "Этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынасты ғылыми тұрғыда зерттеу саласына жiтi назар аудару қажет. Мен дiн iстерi туралы ерекше айтып өткiм келедi. Бұл жерде бiтiрер шаруа шаш-етектен. Мұсылмандар, православ христиандар бiрлестiктерi бiздiң дiни қарым-қатынасымызды қорғап, қазақстандықтарды түрлi секталарға, басқа пиғылдағы ұйымдарға кiруден сақтандыратындай басты ықпалға ие болуы керек", – дедi Елбасы.

Бұдан былай, дәстүрлi, iргелi екi дiнге басымдылық берiлуi тиiс. Конституцияға сәйкес, дiн мемлекеттен бөлек. Бiрақ елдiң қауiпсiздiгi, ұлттың тұтастығы дiн мәселесiнде сергек болуға үндейдi.

Осы орайда, Ассамблея ендi тек концерттер өткiзетiн мерекелiк-сахналық ұйымдастырушы ролiнен арылып, нақты iстер барысында қажырлылық танытуы керек-ақ. Ассамблеяға мемлекеттiк бюджеттен бөлiнетiн қаржы көлемi жылдан-жылға ұлғайып келедi. Соңғы бес-алты жылда этностық бұқаралық ақпарат құралдарын қолдауға және этносаралық қарым-қатынастар мәселесiн баспасөзде қамту мақсаттарына бөлiнетiн қаржы көлемi 4 есе өскен. Ал 2010 жылы этномәдени бiрлестiктердi қолдау мақсатында 100 миллион теңге бөлiнген.

Ендеше, бұл қаржының мемлекеттiк саясат үшiн тиiмдi қайтарымы болуы тиiс.

Тәуелсiздiктiң ең басты жемiсi – қазақстандықтар 20 жылда ортақ үй тұрғызды. "Бiз оның берiк қабырғасын қалап, шаңырағын биiк етiп көтердiк", – дедi Елбасы.

Ендiгi мақсат – осы шаңырақты ұстап қалатын жас ұрпақты мемлекеттiк тiлдi шебер меңгерген, осы елдiң тарихын бiлетiн, халықтың игiлiгi үшiн еңбек ететiн партиот етiп тәрбиелеу.

Гүлбиғаш Омарова