ЕЛIМIЗДЕ ЕТ НЕГЕ ҚЫМБАТ?

ЕЛIМIЗДЕ ЕТ НЕГЕ ҚЫМБАТ?

ЕЛIМIЗДЕ ЕТ НЕГЕ ҚЫМБАТ?
ашық дереккөзі
280

Жиырма жыл бұрынғы көрсеткiштермен салыстырсақ, Қазақстандағы ет өндiру саласы ондаған есеге күрт қысқарған. Iрi қараның аздығы, мал басының жылдан жылға кемуi, жайылымдық жерлердiң талан-таражға түсуi, жемқорлықтың дендеуi мен импорттық үлестiң артуы отандық нарықтағы ет пен ет өнiмдерi бағасының өсуiне әкеп соқты.

ҚР Статистика жөнiндегi агенттiктiң хабарлауынша, үстiмiздегi жылдың шiлдесiндегi азық-түлiк бағасы өткен жылғы көрсеткiштермен салыстырғанда, 5,3 пайызға көтерiлген. Оның iшiнде, қант – 23,1%, кофе, шай мен какао – 12,9%, кондитерлiк өнiмдер – 8,5%, май мен май өнiмдерi – 8,3 пайызға өскен. Қымбатшылықтан сүт пен сүт өнiмдерi (6,8%), арақ-шарап (5,6%) пен ұн және ұн өнiмдерi (4,4%) шет қалмаған. Ал жемiс-жидекке тиесiлi көрсеткiш – 0,4%. Агенттiктiң деректерiне сенсек, елiмiздегi ет пен ет өнiмдерi 9,7 пайызға көтерiлген. Ал базардағы баға бұдан сәл жоғары. Қымбатшылықтың басты себебi, тапшылықтан. Өйткенi, iрi қараны қажеттi деңгейде, яғни, барынша көптеп өсiру әзiр қолымыздан келмей отыр. Дүкендер мен базарлар сөрелерiндегi еттiң басым бөлiгi шекара сыртынан тасымалданады. Бүгiнде Қазақстанда сатылатын еттiң әрбiр бесiншi тоннасы – импорттық өнiм. Соңғы 10-20 жылда тек Қазақстанда ғана емес, бүкiл дүниежүзiнде мал басы, әсiресе, қой күрт кемiген. Атап айтқанда, Ресейде – 66 пайыз, Австралияда – 50 пайыз, Аргентинада 55 пайыз т.б. Қой саны жағынан Жер шары бойынша алда тұрған елдер қатарында бүгiнде Қытай, Үндiстан, Судан мен Нигерия тұр. Негiзi бiздiң Үкiмет елдi етпен қамтамасыз етуге арналған мемлекеттiк бағдарламалардан кенде емес. Отандық мал шаруашылығын дамытуға қатысты саналуан шаралар атқарылып, миллиардтаған теңге шығындалды. Бiрақ шыққан нәтиже шамалы: Үкiмет қалады екен деп, жайлауларымыз – малға, сөрелерiмiз етке тола қойған жоқ. Керiсiнше, 2009 жылдың соңына қарай елдегi iрi қара саны күрт азайды. Салыстыру үшiн айтар болсақ, 1990-жылдары 9,7 миллионға жеткен сиыр, бұқа мен бұзау саны қазiргi кезде 6,09 миллионға бiр-ақ кемiген. Басты себептердiң бiрi – жемқорлық. Мысалы, осыдан екi жыл бұрын "ҚазАгро" өзiнiң еншiлес компанияларының бiрi – "Мал өнiмдерi корпорациясына" республикадағы 6 облыстан 2-2,5 мың малға арналған 15 бордақылау алаңын ұйымдастыруды қолға алған. Осы мақсатта бюджеттен 11,5 миллиард теңге бөлiнiптi. Алайда, араға жыл салып, арнайы тексерулер өткiзген Есеп комитетi "ҚазАгроға" тиесiлi осы жобаның нақты жоспарсыз, бағыт-бағдарсыз қолға алынғанын, осының кесiрiнен 10,9 миллиард теңге желге ұшқанын анықтады. Сорақысы сол, бюджет қаражатының қомақты бөлiгi шығындалып үлгерген жобада жем-шөп түгiлi, тiгерге тұяқ табылмаған… Жуырда Астанада өткiзiлген "Kazmeat & Milk – 2010" халықаралық форумында қозылардың етiн өндiру туралы мәселе көтерiлдi. Себебi, халықаралық нарықта қозы етiнiң 1 келiсi 30 АҚШ долларына теңгерiледi екен. Ал Қазақстандағы 1 қозыны өсiрiп, етiн алу үшiн бар болғаны 3000 теңге қажет. Пайдасы шаш-етектен деп табылған осы жобаға тағы да бiлегiн сыбана кiрiскен "Мал өнiмдерi" корпорациясы" АҚ 200 млн. теңге бөлуге шешiм қабылдапты. Бiрақ 200 млн. теңгенiң де 10,9 млрд. теңге сияқты жемқорларға жем болмайтынына кiм кепiл?

Ет нарығына қатысты келеңсiздiктер салдарынан, нәпақаларын мал шаруашылығынан тауып отырған фермерлер қауымы жас төлдi бордақылайтын базаларға малдарын уақытылы жеткiзе алмай әлек. Фермерлер одағының төрағасы Әуезхан Дарынов отарлы мал шаруашылығының әбден тұралағанын, өйткенi, талан-таражға түскен жайылымдық жерлердiң әлдеқашан сатылымға шығарылғанын айтады. Ол елiмiздегi ет тапшылығын жою үшiн фермерлерге арнайы жеңiлдiкке ие несиелер қарастыру қажеттiгiн көлденең тартып отыр. Есесiне, қаржыға қол жеткiзген малшылар отандық нарықты етпен қамтамасыз етедi.

"Kazmeat & Milk – 2010" халықаралық форумында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң жауапты хатшысы Евгений Аман 1990 жылмен салыстырғанда, ҚР-дағы мал басы екi есеге қысқарғанын мәлiмдедi: "Экономикалық құлдырау барысында мал шаруашылығы саласы ауыр кезеңдердi бастан өткердi. Соның салдарынан мал басы негiзiнен жеке және үй шаруашылықтарында шоғырланды. Мал шаруашылығы мен құс фабрикаларының ыдырауы есебiнен мал басының және құстардың барлық түрлерiнiң саны күрт төмендей түстi. 1990 жылмен салыстырғанда, 2000 жылға қарай мал басының саны екi есе қысқарды. Осыған сәйкес, мал шаруашылығы өнiмдерi өндiрiсiнiң көлемi де азайды. Бұл сала өзiнiң экспорттық әлеуетiнен айырылды, сондай-ақ iшкi қажеттiлiктi қамтамасыз етумен шектелдi. Ал құс етi бойынша елiмiз экспортқа тәуелдi болды". Ал ҚР Ауыл шаруашылығы министрi Ақылбек Күрiшбаев жуырдағы ресми кездесулердiң бiрiнде ресейлiк әрiптесiне жыл сайын 60 мың тонна ет сатуды жоспарлап отырғандықтарын айтты. Өнiм ас та төк болған 2009 жылы Ресейге Қазақстан тарапынан 54 тонна ет сатылыпты. Ал биыл жағдайдың ушыға түскенiн ескерсек, "Ауыл шаруашылығы министрлiгi сонша еттi қайдан алмақ?" деген сауалдың туындауы – заңдылық. Жығылғанға жұдырық, бiздегi саусақпен санарлықтай ет комбинаттары елiмiзде өндiрiлетiн еттiң үштен бiр бөлiгiн ғана өңдеуге қауқарлы.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары