"Ойланбай жарияладым": Алматы полицейлері Қытайда пранк түсірген блогер қызбен түсіндірме жұмыс жүргізді

"Ойланбай жарияладым": Алматы полицейлері Қытайда пранк түсірген блогер қызбен түсіндірме жұмыс жүргізді
Алматы қаласының полиция басқармасы

Алматылық полицейлер Қытайдан жақында оралған блогер қызбен профилактикалық және түсіндіру әңгімесін өткізді.

Бұған оның қатысуымен әлеуметтік желілерде кеңінен таралған бейнероликтер себеп болды.

Интернетте таралған бейнелердің бірінде ол серігінің қалтасынан ұялы телефонды алып, оны өтіп бара жатқан Қытай азаматтарына береді. Содан кейін телефонды ұрлап кеткенін айтып, сол адамға нұсқайды.

Сонымен қатар, ол көшеде және метро станцияларында бейтаныс ер адамдарға жақындап, қолдарынан немесе аяқтарынан ұстап, айналасындағылардың үрейі мен түсінбеушілігін тудырған.

Әңгіме барысында қыз болған жағдайға өкінетінін білдірді.

«Менің видеом ешкімді ренжіту мақсатында түсірілмеген. Бұл ойланбай жарияланған материал болды. Видеом біреуге жағымсыз әсер етсе, кешірім сұраймын. Енді контентті жариялау мәселесіне мұқият қараймын», – деді ол.

Полиция әлеуметтік желілерде материал жариялау кезінде отандастарға да, басқа ел азаматтарына да құрметпен қарау маңызды екенін ескертеді. Мұндай әрекеттер арандатушылық ретінде қабылданып, қоғамда теріс реакция туғызуы мүмкін.

Сондай-ақ, шетелде жүрген әрбір азамат жергілікті дәстүрлерді, қоғамдық тәртіп ережелері мен сол елде қолданылатын заңдар мен мінез-құлық нормаларын құрметтеуге міндетті екенін есте ұстаған жөн. Бұл нормаларды бұзу қабылдаушы ел тарапынан құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары