ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
ашық дереккөзі
228

СЕРБИЯ КОСОВАНЫҢ ТӘУЕЛСIЗДIГIН МОЙЫНДАМАЙДЫ

Сербия парламентi Гаагадағы халықаралық соттың шешiмiне қарамастан, Косованың тәуелсiздiгiн мойындамай отыр. 11 сағаттық жиыннан соң, Белград Приштинаға қатысты жаңа резолюция қабылдады. Оған 192 депутат қолдау көрсетiп, 26-сы қарсылық бiлдiрген. Құжатта Сербия Республикасының Косово егемендiгiн ешқашан мойындамайтыныдығы көрсетiлген. Сондай-ақ, бейбiт келiссөздер жүргiзу үшiн талаптар Сербия конституциясына сай келу мәселесi де қамтылған. Еске сала кетейiк, БҰҰ-ның шешiмi бойынша, шiлденiң 22-де Косоваға тәуелсiздiк берiлдi. Бүгiнгi күнi оны жеке мемлекет ретiнде 69 ел мойындап отыр.

ФРАНЦИЯ ЗЕЙНЕТКЕРЛIККЕ ШЫҒУ ЖАСЫН ҰЛҒАЙТТЫ

Кейiнгi кезде зейнеткерлiкке шығу жасын өсiрiп жатқан мемлекеттерде наразылық шаралары өтiп жатыр. Таяуда ғана Грекияның бюджеттiк сала қызметкерлерi мен зейнет жасына жетiп қалған қарттары мұндай реформаға қарсы екендiктерiн ашық бiлдiрген едi. Iле-шала Франция билiгi де бұл меженi 60-тан 62 жасқа дейiн жоғарылатты. Бiрақ Үкiметтiң бұл ұсынысын әлеуметтiк саясат жөнiндегi комитет құп көрдi. Бұдан былай елдiң парламентi Саркозидiң зейнеткерлiк реформасын жабық түрде талқылайтын болмақ. Ал сарапшылар енгiзiлiп отырған реформаны билiктiң адамгершiлiк мiндеттiк тұрғысынан жасалып отыр дегендi айтады. Франция еңбек министрлiгiнiң айтуынша, бұл шараның бәрi мемлекеттiң зейнетақы жүйесiн құтқаруға бағытталып отыр. Айта кету керек, 2009 жылы Францияның бюджет тапшылығы ЖIӨ-нiң 7,5 пайызын құраса, ал 2013 жылы үкiмет бұл көрсеткiштi Еуроодақ белгiлеген ЖIӨ-нiң 3 пайызына дейiн төмендету керек.

ТIГIНШIЛЕР ДЕ ЕРЕУIЛГЕ ШЫҚТЫ

Камбоджада қарсылық шеруi. "Пума", "Адидас", "Кэп" және "Бенеттон" секiлдi халықаралық брендтер үшiн киiм тiгетiн фабриканың қызметкерлерi ереуiлге шықты. Ел астанасы Пномпеньде өткен демонстрацияға 3 мыңдай тiгiншi қатысты. Олар жұмыстан шығарылған кәсiподақ көшбасшысын қайта жұмысқа алуды талап еттi. Жағдайды бақылауға алу үшiн тәртiп сақшылары жеттi. Ал, наразы халық оларға бағынбай, бөтелке мен тас лақтырған. Қақтығыс кезiнде зауыттың 9 жұмысшысы жарақат алды. Негiзi Камбоджада мұндай наразылық акциясы алғаш рет өтiп жатқан жоқ. Бұл мемлекетте тiгiн және тоқыма өнеркәсiбi туризм мен ауыл шаруашылығынан кейiн үшiншi орында тұр. Жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсартып, жалақыны арттыруды талап етулерi сондықтан.

ЭСТОНИЯ ЕУРОҒА КӨШТI

Эстонияда жаңа валюта қолданысқа енедi. Еуроаймаққа мүше елдердiң құрамына ену үшiн эстондықтар Брюссельдiң талаптарын бұлжытпай орындауға ниеттi. 1млн. 300 мың тұрғыны бар Эстония дағдарыстан экономикасы төмендеген елдердiң қатарында. Үкiмет қаржы тапшылығымен күресемiз деп, салықты да өсiрiп көрдi. Олардың бұл әрекетiнен елдi жұмыссыздық жайлады. Халықтың 20 пайызға жуығы күнделiктi кәсiбiнен айрылды. Экономика ғылымдарының докторы Владимир Вайнгорт: "Жаһандық дағдарыстан әсiресе Балтық елдерiнiң экономикасы әлсiреп кеттi. Ел үкiметi мемлекет бюджетiн қысқартып, салықты өсiрдi. Сол мемлекеттердiң қатарында Эстония да бар" дейдi.

Еуропа эстондықтардың ұсынысын қабылдағанымен, осы елдiң кейбiр сарапшылары одаққа кiруге әзiрге ерте деп қарсылық танытып отыр. Олардың пiкiрiнше, еуро қазiр күннен күнге әлсiреп бара жатыр. Ал, үкiмет болса еуроға сұраныс артса, Эстонияның мүшкiл халi оңтайлана бастайды деп отыр.

Демек, бұдан былай эстондықтар өздерiнiң бұрынғы ұлттық ақшасындағы композиторлардың, саясаткерлердiң, шахматшылардың бейнелерiн көре алмайды. Айналымға оның орнына темiрден жасалған еуропаның валютасы келедi.

НЕМIС БИЗНЕСI ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛЕДI

Астанада өткен қазақ-немiс экономикалық форумы барысында екiжақты келiсiмдерге қол қойылды. Қазақстанның индустриалды-инновациялық дамуы мен өркендеуiне Германия да үлес қоспақшы. Германия канцлерi Ангела Меркельдiң ресми сапары онша сәтсiз бола қойған жоқ. Ақордадағы кездесу нәтижесiнде жалпы сомасы 2,394 млрд. еуро тұратын 35 инвестициялық келiссөздерге қол қойылды.

Дайындаған Динара ДҮРМӘН

Серіктес жаңалықтары