Ғалым ОМАРХАНОВ: БIЗ МЫҚТЫ ОРТАДА ШЫҢДАЛДЫҚ

Ғалым ОМАРХАНОВ: БIЗ МЫҚТЫ ОРТАДА ШЫҢДАЛДЫҚ

Ғалым ОМАРХАНОВ: БIЗ МЫҚТЫ ОРТАДА ШЫҢДАЛДЫҚ
ашық дереккөзі
357

Есiмi елге таныс осы бiр қарымды журналистiң шабытқа, шығармашылыққа толы отыз жылға жуық уақыты Павлодарда өттi. Қазақ журналистикасында өзiндiк iз қалдырып, қоғамның қайнаған ортасында жүрген Ғалекеңнiң елге келiп, "Қазақстан-Шымкент" телеарнасын басқарғанына бiр жыл толды. Десек те оңтүстiк өңiрiне қарағанда солтүстiктiң жұртшылығына есiмi етене таныс Ғалым Омарханов тың ой, жаңа идеяларды жүзеге асыруды жаны сүйедi.

– Сiз Ордабасыда дүниеге келдiңiз. Мектеп бiтiрген соң жоғары оқу орнына түсiп, уыздай жас күйiңiзде Павлодарға қарай тарттыңыз. Сiздi ол жаққа тартқан тағдыр ма, әлде…

– Өзiңiз де бiлесiз, ол кезде кеңестiк дәуiр едi. Жолдама деген болатын. Солтүстiк жақтарда журналист кадрлар жетiспейтiн. Сонымен 1984 жылы ҚазМУ-дiң журналистика факультетiн бiтiрген екi жiгiт Павлодарға кеттiк. Қазiргi "Айқын" газетiнiң бас директоры, әрi бас редакторы Нұртөре Жүсiп екеумiз Павлодар облыстық "Қызыл ту" газетiне орналастық. Ол газет қазiр "Сарыарқа самалы" деп аталады. Жиырма жыл бойы жас мамандар келмеген газет ұжымы бiздi жылы қарсы алды. Бiз де жұмысқа белсене кiрiстiк. Бес айдан соң екеумiз де бөлiм меңгерушiлiгiне көтерiлдiк. Мақтанғаным емес, тапсырма түнде ме, кешке ме, қай уақытта берiлсе де таңертең бастықтың алдында жататын. Қазiргi жас журналистердiң тапсырманы орындауға асыға қоймайтыны таңқалдырады.

– Әлгiнде газетте жұмыс iстеп жүрiп-ақ радиоға да, теледидарға да хабарлар жасағаныңызды айттыңыз. Сол кездiң журналистерi жанкештi едi ғой. Ал бүгiнгi күннiң журналистерiнде ондай қасиет бар ма?

– Есiме өзiмнiң туған жерiм Ордабасы ауданында қызмет iстеген кезiм түсiп тұр. Ол кезде аудандық газет "Коммунизм таңы" деп аталатын. Қазiр "Ордабасы оттары" деп аталады. Сол газетте бiр жарым жыл жұмыс iстедiм. Корректор болудан бастап, тiлшiлiкке дейiн жеттiм. Бас редактор қазiргi белгiлi қазақ ақыны Нармахан Бегалиев болатын. Сөз киесi болатынын сонда үйрендiк. Бас редактордың алдынан мақаламыз қып-қызыл шимай болып шықпаса екен деп жауапкершiлiкпен жазатынбыз. Алдымен тақырып қоятынбыз. Содан соң осы тақырыпты аша аламыз ба, жоқ па деп ойланып барып қалам ұстайтынбыз. Нарағаның мектебiнен көп нәрсе үйрендiк. Сөз киесiн ойлап, аударма жасағанда да абай болатын едiк. Оның пайдасы Павлодарда тидi. Орыстанып кеткен облыста, оның газетiнде аударманың неше атасын жасадық. Тағы бiр айта кететiн нәрсе, газетте шыңдалған журналист теледидарда да, радиода да жұмыс iстей алады. Ал, тедидардан газетке барған журналистiң жұмыс iстеп кетуi екiталай. Кейде жұмыста ашуланғанда "Микрофон ұстағанның бәрi журналист емес" дегендi айтып қаламын. Бiрақ бұл мамандықтың әбден қадiрiн кетiрiп жүргендер журналистиканы бiтiрмеген, жұмысын жөндеп iстемек түгiлi журналистиканың не екенiн түсiнбейтiндер деп ойлаймын. Көлденең қосылғандар көбейiп тұр. Бәрiнде емес, көптеген жас журналистерде iзденiс, талпыныс жоқ. Бүгiнде есiмi елге танымал Нұртөре Жүсiп екеумiз Павлодарда жұмысты алғаш бастағанда бiр бөлмелi пәтерде тұрдық. Шай-суымызды iшiп, кiшкене балаларымыз ұйықтаған соң таңғы төрт-беске дейiн жазу жазатынбыз. Бас редактордың, оның орынбасарларының тапсырмасынан бөлек өзiмiз iзденетiнбiз. Қазiргi жас буынның көбiсi көрсетiп, бағыттап берген тапсырмаңның өзiн зорға орындайды. Жалқау.

– Интернет пайда болғалы жалқаулық жайлап алған сияқты. Ғаламтордан қалаған ақпаратын алып, дайындап берiп отыратын журналистер көбейдi.

– Дұрыс айтасыз. Ақпаратты алады да сол күйi бере салады. Жедел ақпарат алудың көзi – интернет. Ол бiзге керек. Бiрақ, журналист оны өмiрмен ұштастырып, талдап ара-жiгiн ажырата алса ғана халыққа ұсынғаны абзал.

– Адамды орта тәрбиелейдi. Әсiресе, жоғары оқу орнының жөнi бөлек…

– Иә, бiздiң курста сайдың тасындай жiгiттер оқыды. Марқұм Алтынбек Сәрсенбаев, Президент әкiмшiлiгi iшкi саясат бөлiмнiң меңгерушiсi Дархан Мыңбай, "Айқын" газетiнiң бас редакторы Нұртөре Жүсiп, "Түркiстан" газетiнiң бас редакторы Шәмшидин Паттеев, "Қазақстан" газетiнiң бас редакторы Серғазы Мұхтарбек, "Егемен Қазақстан" газетi АҚ-ның вице-президентi Еркiн Қыдыр, "Жас Өркен" ЖШС Бас директоры Жүсiпбек Қорғасбек сияқты жiгiттермен бiрге оқыдық. Қыздардан ақындар Баян Бекетова, Үмiтхан Алтаева және Қарашаш Тоқсанбай бар. Елiмiздiң бас газетi саналатын "Егемен Қазақстанда" көптеген курстастарымыз жұмыс iстеп отыр. Бейбiт Құсанбек сынды мықты дос дүниеден өттi. Сол кезде қаптаған газет жоқ, ал, шабытпен жазатын мықты журналистер көп едi.

– Сiздердi "ең ұйымшыл, ең бауырмал курстың жiгiттерi" деп жатады. Араласудан, бiр-бiрiңiзге барудан, келуден шаршамайсыздар.

– Ол рас ендi. Достық, шығармашылық байланыс сол бiрiншi курстан басталып, әлi жалғасып келедi. Елудiң төрiне шығып отырғанда жаңа дос, жақсы дос таба алмаймыз. Iздемеймiз де. Жас, жақсы кезде бiр-бiрiмiздi таптық. Ендi Құдай ажыратпасын дегендi кездескенде айтып отырамыз. Аралас-құралас болғандықтан үйдегi келiншектерiмiз де курстастарымыз сияқты болып кеттi.

– Уыздай жас кезде солтүстiкке кеткен оңтүстiк баласының дүниетанымы, көзқарасы өзгере ме? "Қазақстан-Шымкент" телеарнасын басқарғаныңызға бiр жылға жуықтады. Солтүстiк пен оңтүстiк екi бөлек дүние, екi бөлек тiршiлiк дегендей… Үйренiп кеттiңiз бе?

– Ол жақта бiздi барғаннан жылы қарсы алды деп айттым ғой. Онда өзiңдi-өзiң көрсете алсаң бағалайды, бауырындай көредi. Жұмысыңды тап-тұйнақтай iстеп жүрсең сенде ешкiмнiң шаруасы болмайды. Мұндағыдай түртпектеу, бiрiнiң үстiнен бiрi жазу, бөлiну деген мүлде жоқ. Мен онда облыс әкiмiнiң баспасөз хатшысы да, "Хабардың" меншiктi тiлшiсi де болдым. "Осы оңтүстiктiң баласы-ау, бұл жақта неғып жүр?" деген адам болмады. Кейiннен Астанаға қызметке ауысып бара жатқанымда ғана оңтүстiктен екенiмдi бiлгендер бар. Бiз онда тек жұмыс iстеудi ғана бiлетiнбiз. Адамның адамгершiлiгi қазақ даласының бар өңiрiнде бiрдей жоғары бағаланады ғой.

Менi туған жерiмде ең бiрiншi құттықтаған облыс әкiмi Асқар Мырзахметовтiң тiкелей қолдауы мен көмегiнiң арқасында бiраз жетiстiктерге жеттiк. Облыс халқының 97 пайызы телеарнаны көрiп жатыр. Бұл бұған дейiн болмаған. 14 елдi мекенде телехабар таратушы орнатылды. Оған 260 миллион теңгеден артық қаражат бөлiндi. Облыстық телеарна жұмысының бiр саты көтерiлуiне облыс әкiмiнiң тiкелей үлесi, қолдауы бар екенiн талай жерде айтып жүрмiн. Сондай-ақ, бiздiң телеарнада ғарыштық жылжымалы телестанциясы бар. Оның көмегiмен бiз кез келген уақытта әлемнiң барлық түкпiрiне тiкелей телехабар таратуға мүмкiндiгiмiз бар. Бiр ғана мысал, биыл көктемде бiздiң өңiрде облыс әкiмi Асқар Мырзахметовтiң бастамасымен дәстүрге айнала бастаған "Ырыс алды – ынтымақ" атты ауқымды iсшарасы Қазығұрт тауының етегiнде өттi. Бiздiң телехабар таратудағы жеделдiгiмiз анағұрлым өсе түстi. Сондай-ақ, бiздiң осы қондырғылар арқылы Елбасымызбен болатын тiкелей эфирдi де толық қамтамасыз етiп жүрмiз.

– Қазақ журналистикасына сiңiрген еңбегiңiз өте қомақты. Десе де көкiректе идеялар, iске асырсам дейтiн армандар көп болар.

– Облыстық телеарна ғимараты баяғы партия комитетiнiң ордасы. Телевидениеге арналмаған. Қазiргi заманға сай хабарлар, ток-шоу жасауға ыңғайлы емес. Студия өте тар. Келе салысымен-ақ Алматыдағы басшыларға, яғни "Қазақстан" республикалық теле-радио корпорациясы басшыларына студия салу туралы мәселе көтерiп келе жатырмын. Қазiргi заман талабына сай студия салсам деген басты арманым бар. Сонда небiр жаңа тележобалар өмiрге келер едi. Тiкелей эфир хабарларын көбейтсек деген ой бар. Iрi-iрi шенеунiктердiң қабылдауына кiре алмайтын телекөрермен осы эфир арқылы кез келген сұрақтарына жауап ала алады.

– Қос ұлыңыздың бiрi жолыңызды қуатын түрi бар ма?

– Кiм бiледi, өмiр көрсетедi ғой. Кiшi ұлым Еуразия ұлттық университетiнiң дизайн және жарнама факультетiнде оқиды. Сол кейiн журналистикаға келiп жатпаса, үлкен ұлым журналистикаға келмейтiн шығар. Ол Катар мемлекетiнiң Қазақстандағы елшiлiгiнде қызмет iстейдi.

– Бала деп қалдық қой. Шерхан аға елге келiп: "Әй, мына ата-баба қалдырып кеткен иен далаға ертең кiм ие болады? Мынадай табиғатта сары қымызды iшiп, еттi жеп босқа жүре бересiңдер ме? Көбеймейсiң бе, қазақ?" деп Түркiбасы тауына қарап күркiреген дауысымен айғай салған күннен бiр жыл өткен соң бiр досыңыз дүниеге ұл келтiрдi. Бiр жылдан соң екiншi досыңыз сол досыңыздың ерлiгiн қайталады. Сiз достарыңыздан осы жағынан неге қалып кеттiңiз?

– Қалың орыстың ортасында жүргендiктен шығар. Менi тағы да жастық жылдарға, журналистикаға алғаш шындап кiрiскен кездерге жетеледiңiз. Бiрiншi курста жүргенде сол кездегi "Лениншiл жас", қазiргi "Жас Алашта" сатиралық әңгiмем шықты. Соны курс болып талқыладық. Қазiргi қазақтың мықты жазушыларының қатарына қосылған Жаңабек Шағатай әскерде жүрiп те бiзге әңгiмелерiн жiберетiн. Бiз оны талдайтынбыз. Тек өзiмiздiң ғана емес, достарымыздың да шығармасына жанымыз ашып, жақсысын да, жаманын да жасырмайтынбыз. Бiздiң жiгiттердiң көбiнiң мықты болып жүргенi мейiрiм, жанашырлық, адалдық, шығармашылық толық орныққан ортада шыңдалғанымыздан деп бiлемiн. Мен сол кездi сағынамын. Iзiмiзден ерген iнiлер мен қарындастарға да сондай қасиеттер тiлеймiн.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Сұхбаттасқан Анар АСПАН

Серіктес жаңалықтары