КИЕЛI КЕСЕНЕНIҢ ҚАЙТАЛАНБАС КЕҢIСТIГI
КИЕЛI КЕСЕНЕНIҢ ҚАЙТАЛАНБАС КЕҢIСТIГI
Көптеген жылдардан берi әлем халықтары 18-мамырды халықаралық мұражай күнi ретiнде кеңiнен атап өтедi. Әрине, зайырлы мемлекет ретiнде тәуелсiз Қазақстан да осы айтулы мерекеден тыс қалуды жөн санаған емес.
Дегенмен, елiмiздегi көптеген мұражайлардың материалдық-техникалық базасы да, кадрлардың потенциалы да, ғылыми-зерттеу жұмыстарының ұйымдастырылуы да әзiрге кенжелеп тұрғандығын мамандар мен сарапшылар бiрауыздан айтып жүр. Бұған субъективтi де, объективтi себептер де жетерлiк. Әсiресе, бүгiнгi таңдағы ең өзектi деген мәселелердiң бiрi — көне жәдiгерлер мен құндылықтардың қаз-қалпында сақталуына қатысты түйткiлдер. Мұражайлар — ұлттық мәдениетiмiздiң алтын қақпасы, қарашаңырағы болып табылатындықтан елiмiздегi мұражайлар қазiргi кездегi ең биiк халықаралық стандарттарға неғұрлым сай болуға тиiс, өкiнiшке қарай, оның ауылы алыс.
ЮНЕСКО-ның бүкiләлемдiк мұралар тiзiмiне енген елiмiздегi бiрден бiр тарихи ескерткiш ретiнде Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнiң қазiргi жай-күйi көңiл көншiтерлiк десек те, “Әзiрет Сұлтан” мемлекеттiк тарихи-мәдени қорық мұражайында да көп жылдардан берi елемеуге болмайтын бiрқатар күрделi мәселелер қордаланып отыр. Ең бастысы, бұл түйткiлдердi шешу мемлекеттiк аса жоғары деңгейде ғана жүзеге аса алады.
Түркiстан қаласы соңғы алты жүз жыл ауқымында қазақ халқының мәртебесiн асқақтатқан қасиеттi жерұйығы, ұлттың рухын биiктеткен киелi шаһар ғана емес, ақыл-ойы, бiлiм мен санасының да алтын бесiгi болып келедi. ХV ғасырдан берi қазақтың сандаған айтулы хандары, билерi мен батырлары, бағландары өздерiнiң мәйiттерiн қасиеттi Түркiстанға, қасиеттi Қожа Ахмет Ясауи кесенесiне әкелiп жерлеудi аманат етiп отырған.
Қолдағы бар деректерге қарағанда, көне Түркiстанда қазақтың әр кезеңге әйгiлi Есiм хан (1628 ж.), Жәнiбек хан (1643 ж.), Жәңгiр хан (1680 ж.), Тұрсын хан (1717 ж.), Тәуке хан (1718 ж.) Қайып хан (1718 ж.), Болат хан (1723 ж.), Сәмеке хан (1738 ж.) Жолбарыс хан (1740 ж.), Сейiт хан (1745 ж.), Барақ хан (1750 ж.), Сығай хан (1750 ж.) Әбiлмәмбет хан (1771 ж.), Абылай хан (1780 ж.), Әбiлфейiз хан (1783 ж.) Бөкей хан (1819 ж.), Тоғай хан (1826 ж.), Есiм хан (ХIХ ғ.басы), Болат хан (ХIХ ғ.басы), Тәуке хан (ХIХ ғ.басы), Әликен хан (1859 ж.) сынды тарихи тұлғалардың сүйегi арулап жерленген.
Бiлiктi мамандардың пiкiрiнше, бұл тiзiм әлi де толыға түсуi ықтимал. Өйткенi, Жәңгiр ханның, Болат ханның, сондай-ақ Бөкей ханның осы қасиеттi мекенде жерленгенi соңғы жылдары ғана нақтыланды. Ал қазақтың тарихында осыған дейiн сәуле түспеген ақтаңдар әлi де тым көп екенiн және аталмыш хандардан басқа мұнда 110-дай аузы дуалы билер мен батырларымыздың сүйектерi де жатқанын ескерсек, алда да тың жаңалықтар күтiп тұрғаны сөзсiз. “Әзiрет Сұлтан” қорық мұражайында атқарылып жатқан ауқымды iстер, тарихи зерттеулер қазiргi таңда ұлтымыздың алдына жиi қойылып жүрген “Бiз кiмбiз? Қайдан шықтық, қайда барамыз?” деген қиын да күрделi сұраққа нақты жауап беруге әкелетiн бiлiм бұлағының бастауы. Тарихқа қысқа көз жүгiртсек, “Әзiрет Сұлтан” мемлекеттiк тарихи-мәдени қорық мұражайы 1978 жылдың 30 қыркүйегiнде Қазақ ССР Министрлер кеңесiнiң қаулысы бойынша Қожа Ахмет кесенесi негiзiнде “Республикалық Ахмет Ясауи сәулет кешенi мұражайы” болып ашылып, 1989 жылдың 28 тамызындағы Қазақ ССР Министрлер Кеңесiнiң №265 қаулысы бойынша “Әзiрет Сұлтан” мемлекеттiк тарихи-мәдени қорық мұражайы болып қайта құрылғанын айта кету ләзiм.
18-мамыр күнi Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубында елiмiздегi белдi бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерiмен жүздескен аталмыш қорық мұражайының директоры Альберт Сафуллин, филология ғылымдарының докторы, бiлiктi ұстаз Мекемтас Мырзахметов, қоғам, мемлекет қайраткерi марқұм Өзбекәлi Жәнiбеков ағамыздың жан жары Қалихан Жәнiбекова апай осы қорық мұражайдың ашылу тарихы, оны қалпына келтiру жолында жүргiзiлген қиын жұмыстар жөнiнде кеңiнен сыр бөлiстi.
— Әлем қайта өзгеруде, бiздiң де дүниетанымымыз өзгеру үстiнде. Батыстың техникасы, оның жетiстiктерiн сырт теппеуiмiз қажет дегенмен, мақтаулы Батыс рухани тұрғыдан айтарлықтай ештеңе бере алмай пұшайман болуда. Адамзат тарихы кемеңгерлер iлiмi арқылы дамиды, — дедi жиналғандармен ой бөлiскен айтулы ғалым Мекемтас Мырзахметов ағамыз терең тебiренiспен.
Турасын айтсақ, XIV ғасырдың аяғы, XV ғасырдың басында бой көтерген Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнiң сақталып қалуының өзi таңданарлық жайт. (Әлемде содан берi бiржола жойылып кеткен айтулы ғимараттар аз ба?) Ал ХIХ ғасырдан берi мұнда 12 рет әртүрлi жөндеулер жүргiзiлуi, тiптi, Ресей патшасының өзi отар елдегi қасиеттi кесененi қалпына келтiруге сол кезде-ақ арнайы ақша бөлдiруi де кiсi сенбес керемет. Қазақтың бiртуар азаматы, кезiнде қазақ жастарының оқу-бiлiмге, ғылымға деген құлшынысын мейлiнше қолдап өткен Өзбекәлi Жәнiбеков ағамыз кесененiң мәңгiлiк болып қалуы үшiн орасан зор еңбек сiңiргенiн ешқашан ұмытпауымыз керек. Тiптi, ол кiсiнiң кесене басында апталап, айлап жатып, зембiлмен топырақ тасығанын, жалаң аяқ балшық илегенiн Түркiстан өңiрiнiң жұртшылығы әлi күнге аңыз қылып айтады.
Қазақ халқының қазiргi таңда әлемде теңдесi жоқ рухани, тарихи-мәдени жәдiгерi — “Әзiрет Сұлтан” қорық мұражайына, әсiресе, Қожа Ахмет Ясауи кесенесiне жылына 600 мыңға жуық зиярат етушiлердiң келiп отыруының өзi осынау киелi кесененiң қазақ ұлтының тағдырында қаншалықты маңызы бар екендiгiн көрсетсе керек. Бiр қынжыларлығы, 1988 жылы Шымкент облыстық атқару комитетiнiң 22 қарашадағы №628 шешiмi бойынша “Түркiстан қаласының ортағасырлық орталығының Қорғау аймағы” небары 88,7 гектар көлемiнде ғана анықталып бекiтiлдi. Қорғау аймағының шекарасын анықтау үшiн патша үкiметiнiң Түркiстан гарнизонында қызмет еткен әскери картографтардың 1875 жылы түсiрген план-схемасы ғана негiзге алынған. Бiр сөзбен айтсақ, патша офицерлерi сол кездегi әскери гарнизон және соған таяу жерлердi ғана аса маңызды нысандар ретiнде санағаны айтпаса да түсiнiктi. Баяғы картографтар да, аса маңызды шешiм қабылдаған комиссия да талассыз бiр тарихи жағдайды есепке алмаған: ортағасырлық қалалардың қамал-қорғандарының сыртын қоршай орналасатын және қала халқының басым бөлiгi орналасатын “рабад” деп аталатын бөлiгiн қорғау аймағына енгiзбегендiгi қазiр түрлi қиындықтар туғызуда. Аталмыш комиссияның шешiмiмен оңтүстiк және оңтүстiк-шығыс беттегi 140 гектарлық бөлiгi “Қорғауға алынған табиғи ландшафт” категориясына ғана жатқызылғаны осы жерлердiң басым бөлiгiне жаңа ғимараттар салынуына әкелiп соғып отыр. Киелi кесене қасиеттi кеңiстiгiнен бiржола айрылудың аз-ақ алдында тұр. Аман қалғаны небары 40 гектардай жер ғана. Ал 2003 жылдан бастап әлгi 40 гектар жерге де қауiп төне бастады. Осылайша ортағасырлық Яссы-Түркiстан қаласы рабадының ең соңғы бөлiгi де жер бетiнен жойылғалы тұр.
Яғни, жоғарыда аталған 40 гектар жердi Қазақстан Республикасының “Ескерткiштердi қорғау және пайдалану” Заңының құзырымен Түркiстан қаласының қорық аймағына енгiзу кезек күттiрмейтiн жайт.
Екiншiден, “Әзiрет Сұлтан” мемлекеттiк тарихи қорық мұражайындағы жинақталған 20 мыңнан астам тарихи жәдiгерлердiң 2 мыңдайы ғана жұртшылық назарына ұсынылып келедi. Ал тарихи қордағы 18 мыңдай құндылықтарды сақтайтын арнайы орын болмағандықтан бiр ғана тар бөлмеде сақтауға мәжбүр. Мұражай өзiнiң табиғи функциясын шын мәнiнде атқаруы үшiн құндылықтардың түпнұсқасы қаз-қалпында сақталуы қажет екендiгi айдан анық. Өкiнiшке қарай, қалыптасқан жағдайда бұл талапты орындау мүлдем мүмкiн емес.
Уақыт тоқтаусыз зулайды. Жылдар өтер, замана да өз кезегiмен ауысып жатады. Келер ұрпаққа қасиеттi Қожа Ахмет Ясауи кесенесiн барша ұлы қалпында, тарихи кескiн-келбетiн бұзбай жеткiзу бүгiнгi замандастарымызға аманат. Кемеңгер тарих алдында күйелi бет болып қалудан сақтасын, Құдайым!..
Жаңабек ШАҒАТАЙ