“БТА БАНКI” ЕШ ҚИЫНДЫҚҚА ҚАРАМАЙДЫ, ЖҰМЫСЫН ӘРI ҚАРАЙ ЖАЛҒАЙДЫ

“БТА БАНКI” ЕШ ҚИЫНДЫҚҚА ҚАРАМАЙДЫ, ЖҰМЫСЫН ӘРI ҚАРАЙ ЖАЛҒАЙДЫ

“БТА БАНКI” ЕШ ҚИЫНДЫҚҚА ҚАРАМАЙДЫ, ЖҰМЫСЫН ӘРI ҚАРАЙ ЖАЛҒАЙДЫ
ашық дереккөзі
230

Үкiмет соңғы кезде тығырыққа тiрелген банктердi өзiнiң қамқорлығына ала бастады. Естерiңiзде болса, “БТА”-ның 78,14 пайызына иелiк еткен Үкiмет “Самұрық-Қазына” әл-ауқат қоры арқылы 251 млрд. теңге қосымша қаржы бөлудi көздедi. Себебi, ТМД-дағы көшбасшы банктердiң бiрi саналатын “БТА” үкiметке қаржылай көмек көрсетуге былтырғы жылдың қазан айында ұсыныс жасаған. Бұдан кейiн қаржы нарығын қадағалау мен реттеу агенттiгi үш ай бойы банктiң жұмысын жiтi зерттеп, осындай шешiмге келдi.

Кеше “БТА Банкi” Директорлар кеңесiнiң төрағасы Арман Дунаев бастаған банк атқамiнерлерi баспасөз мәслихатын өткiзiп, “БТА Банкi”-нiң бүгiнгi таңдағы жағдайы туралы кеңiнен әңгiме қозғады. Жалпақ жұртқа мәлiм болғандай, дәл қазiр “БТА Банкi” төңiрегiнде алып-қашпа әңгiме көп. Ол банктiң ақшасын сүлiкше сорған кешегi басшылардың заңсыз әрекеттерi хақында. “БТА Банкi” Директорлар кеңесi төрағасы Арман Ғалиасқарұлының айтуынша, банк қазiргi қиын жағдайға қарамастан өз бағытынан таймақ емес. Айталық, бүгiнде шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдауға байланысты “БТА Банкi” өзiнiң тұрақты клиенттерiне несие берудi бастаған. 25-ақпанда ипотекалық несиелендiруге 40 млрд. теңге бөлiнген. Банктiң 19 бөлiмшелерiнде мобильдi база жасақталған. Клиенттер жөнiнде құжаттық ақпарат бiр арнаға жинақталған. Банкоматтар жұмыс iстеп тұр. Жалақыларын бiздiң банк арқылы алатын халық ешқандай кертартпа жағдайға тiрелген жоқ.

— Бөлшек бизнесте банк 6 323 кәсiпорынның қызметкерлерiне қызмет көрсетедi. Оның iшiнде 620 мың жеке тұлға қамтылған. Наурыз айында бiздiң тұрақты клиенттерiмiзге еңбекақы жобасы бойынша банктен жалақыға 17, 2 млрд. теңге берiлдi. Қазiр жеке тұлғалардың төлемдерi тұрақтанды.

Ақпан айында оның 21 пайызға төмендеуi байқалған болса, наурызда бұған дейiнгi кезеңдегi 8, 5 млрд. теңге көлемiнде айлық орташа көрсеткiшке қайта қол жеткiзгелi отыр, — дейдi Директорлар кеңесiнiң төрағасы. Оның айтуынша, наурыздың 19-ында банктiң реттеушi жеке капиталы 496 млрд. теңгенi құраған. “Бiз сондай-ақ, реттеушiнiң провизия құру туралы талабына байланысты өзiмiздiң жоспарлы шығынымызды тiркедiк. Ол 259 млрд. теңге болып отыр” деп толықтырған Арман Дунаев қаңтардың аяғында банктiң капиталына мемлекеттiң кiруi туралы шешiм қабылданғаннан кейiнгi кезеңде оның өтiмдiлiгi бiршама төмендегенiн айтты. Бұл халықтың депозиттiк қаражатын қайтарып алуына байланысты туындаған болатын. Халықтың керi қайтарып алған депозиттерi 36 млн. долларды құрады. Дегенмен, қазiргi кезде бұл жағдай тұрақтанып, халықтың банкке қайта салып жатқан депозиттерi қайтарылып жатқандардан асып түсе бастады” дегендi бiлдiрдi.

“Самұрық-Қазына” әл-ауқат қоры мен “Даму” қоры және “БТА Банкi” арасында 14 ақпанда келiсiм-шартқа қол қойылған болатын. Нәтижесiнде 22 млрд. теңге қаржы бөлiндi. Мұның денi шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдауға бағытталған. Арман Дунаевтың сөзiне қарағанда, бұл қаржы банкке тек 25 ақпанда ғана түскен. Мұның пайыздық мөлшерi 7 пайыз, 7 жылға берiледi. Ол: “бiздiң банк осы уақытқа дейiн клиенттер көңiлiнен шығып келедi. Өйткенi, бiз берiлген мiндеттемелердiң бәрiн орындауға тырысып жатырмыз” дейдi сенiмдiлiк танытып. Сол сияқты “БТА Банкi” кезiнде бастаған екi нысанды — “Тау самал” мен “Гранд Астана” құрылыс кешенiн де ағымдағы жылдың соңына дейiн бiтiрiп, тапсыруды жоспарға енгiзiп отыр.

“БТА Банкi” АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Әбiлаким Жұмахметов: “Несие талабынан шығатын кез келген шағын және орта кәсiпкерлiк несие ала алады. “Самұрық-Қазына” әл-ауқат қорынан бөлiнген 20 млрд, 42 млрд. теңге банкке ақпан айының соңында түсiп, Қазiр 5 млрд. 300 млн. теңге берiлдi. Негiзi төртiншi транш бойынша бағдарламаны толықтай маусым айында бiтiремiз деп отырмыз” дегендi айтты. “Самұрық-Қазына” әл-ауқат қоры шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдауға, ипотекалық құрылыс нысандарына қан жүгiртуге байланысты ақша бөлгенi белгiлi. Оның үстiне алда егiн егу науқаны басталады.

Арман Дунаев “БТА Банкiнiң” бұрынғы топ-менеджерлерiнiң бiрi Роман Солодченконың отбасын тастап қашып кетуiне байланысты журналистер тарапынан қойылған сұраққа да мейлiнше қысқа да нұсқа жауап берiп көрдi. Ол өз сөзiнде: “Роман Солодченко мырза Мәскеудегi анама барып келемiн деп екi күнге сұранған. Алайда, ол екi аптадан соң Әнуар Сәйденов мырзаға телефон соғып, “мен қайтпаймын” деген сарында уәж айтқан. Солодченко ұсақтыққа салынып, нағыз оңбағандық әрекет жасады. Әрбiрден соң бұл өз Отанына, жеп отырған нанына, банкке деген жауапкершiлiктен басын алып қашу дегендi бiлдiредi. Соның салдарынан соңғы екi жылдың iшiнде банктiң қаржысы ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында кетiп, талан-таражға түскен. Тiптi, мен банктiң аумағында Солодченконың атын атауға тыйым салдым” деп кесiмдi ойын бiлдiрдi. Ал жаңа төраға өзi жайлы: “Мен кiшкентай ғана адаммын. Ешкiмге оңды-солды несие ақшасын шашқан да емеспiн. Тiптi, соншалықты ақшамен ойнайтын маңызды шешiмдерге де қол қойған жоқпын” дегендi айта кеттi.

Сонымен, “БТА Банк” өз клиенттерiне бұрынғысынша қызмет көрсете бермек. Бүгiннiң өзiнде жеке тұлғалар 15 млрд. теңге шамасында аударым жасаған. Мұндағы өсiм өткен жылдың осы мерзiмiмен салыстырғанда 44 пайызды құрапты. “БТА Банк” Директорлар төрағасы Арман Дунаев: “Дағдарыс — банктiң талай уақыттан бергi ушыққан жағдайын жарыққа шығарды. Ендi бұдан былай тек таза, шынайы түрде жұмыс iстеуге уәде беремiз” деп қорытындылады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары