МУН МЫРЗАНЫҢ 66 АДАМЫ
МУН МЫРЗАНЫҢ 66 АДАМЫ
«Қанына тартпағанның қары сынсын» дейдi қазақ туысқанына күйiнсе. Мұндай бiржақты, үрейлi нақылдың басқа халықтарда бар екенiн немесе жоқтығын кiм бiлсiн, бiрақ сыбайластықтан кәрiстер де кетәрi емес көрiнедi. Әлбетте, сыбайластық дегенде олардың мұндай жерлесшiлдiгi, туысқаншылдығы Қазақиядағыдай көбiне сыбайлас жемқорлыққа, ұйымдасқан қылмысқа тура бастай жөнелетiн тамыр-таныстық емес, қай жерде, қандай қызметте жүрсе де өз қандастарына жанашырлық танытуы, қолдан келгенше желеп-жебеуi. Рухани қолдауы!
Бiрақ кәрiс азаматтарының мұндай ерекшелiгiн, бiр-бiрiне деген ыстық iлтипаттарын өзгелер онша түсiне қоймайтын болса керек, соңғы кездерi халықаралық беделдi ұйымдардың бiрқатарында дау-дамай өршiп қалып жүр. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекшi, әлгi дау-шарлардың жалыны лаулауына кәрiстердiң тым жерлесшiлдiгi, туысқаншылдығы, бiр сөзбен айтсақ, сыбайластыққа тым жақын екендiгi себеп болуда.
Бiрiккен Ұлттар Ұйымына бас хатшы болып Оңтүстiк Кореяның бұрынғы Сыртқы iстер және сауда министрi Пан Ги Мун мырза сайланғаннан берi мұндай дау аса беделдi осы халықаралық ұйымды да айналып өткен жоқ. Өткен күзде Оңтүстiк Кореяның БҰҰ-ы жанындағы тұрақты өкiлi Чой Ен Жин мырзаның Кот-Д,Ивуарда әрекет етiп жатқан халықаралық күштерге басшылық етуге аттануы көптеген сарапшылар мен мамандарды ерiксiз таңқалдырған. Өйткенi, ол БҰҰ-ның Африкадағы операцияларына басшылық жасауды мойнына алған ең алғашқы кәрiс азаматы едi.
Күмән жоқ, ел өкiлдерiнiң мұндай биiк мансап және халықаралық мәртебеге ие болып жатуы Оңтүстiк Кореяның әлемдiк саясатта жоғары беделге ие бола бастағанын аңғартатын жайт. Стратегиялық қазба байлықтар мен қымбат кен өндiретiн аса iрi ұлттық және қуатты құрылыс компанияларының бiрқатар басшылары кәрiс азаматтары екенiне, сондай-ақ Ақорданың өзiнде кәрiстер белгiлi бiр ықпалға ие екендiгiне адамдардың етi өлiп, әбден үйренiп алған Қазақстандағыдай емес, мұндай жағдай Бiрiккен Ұлттар Ұйымы аппаратындағы кейбiреулердiң қатты алаңдаушылығын туғызып отырса керек.
«Вашингтон пост» газетiнiң саяси шолушысы Колам Линчтiң жазуына сенсек, кәрiстердiң халықаралық ұйымдар қатарында көптеп болуына күдiкпен қарайтындар Пан Ги Мун мырзаның БҰҰ тiзгiнiн ұстауы жолында қаржысын төгiп, бар саяси қажыр-қайратын жұмсаған, бейнелеп айтсақ, бар малын шашқан Оңтүстiк Корея үкiметiнiң мүдделерiн қорғау жолында да аянбаулары мүмкiн-ау деп күдiктенетiн сыңайлы. Бiр сөзбен түйiндегенде, Оңтүстiк Корея осындай өкiлдерiнiң көмегiмен әлемдiк саясатта өз ықпалын одан әрi екпiндете жүргiзiп, күш ала түспек.
«Секретариатта (БҰҰ-ның–«Вашингтон пост») кәрiстер жайғаспаған орын қалмағаны туралы сөз бар, – дейдi ондаған жылдар бойы БҰҰ-да биiк шенге ие болған, қазiр зейнеттегi ливандық Самир Анбар. – Бiрiккен Ұлттар Ұйымында шешiмдi тек кәрiстер ғана қабылдай ма деген әсерде қаласың».
Пан Ги Мун мырза мен оның көмекшiлерi өздерiн жершiлдiк, сыбайластық жөнiнде айыптаушылардың сөздерiнде еш негiз жоқ екенiн тiлге тиек етуде. Тiптi, олардың пiкiрiнше, аса ауыр айып тағушылардың сөздерiнiң астарында нәсiлшiлдiк жатқан сияқты. Үстiрт қарағанда биiк мансапқа тағайындалған кәрiстер, Чой Ен Жин мырза да бұған дейiн бейбiтшiлiк операциялары департаментi және басқа да құрылымдарда кәсiби шеберлiктермен көзге түскен, өздерiне жүктелген мiндеттердi табысты атқарған бiлiктi мамандар көрiнедi. Расында, «таңғы мөлдiр шық» елi – Оңтүстiк Корея азаматтарының барлығы дерлiк өз отанының мүддесiн емес, халықаралық беделдi ұйымдардың атақ-абыройын ғана алдыңғы орынға қоятын арлы азаматтар ғана ма? Оған бiрқатар халықаралық қауымдастық өкiлдерiнiң күмәнмен қарауы да орынды. Өйткенi, осыдан бiрнеше жыл бұрын Оңтүстiк Кореяның бұрынғы президентi, сонымен қатар, бiрқатар жоғары шендi мемлекеттiк қызметкерлер сыбайлас жемқорлық, мемлекет қаржысын талан-таражға салғандары үшiн өмiр бойына түрмеге отырғызылғаны, сонымен қатар әлемдiк деңгейдегi компания басшыларының бiрсыпырасы осындай қылмыспен қолға түскендiгi алаңдатпай қоймайтын фактiлер.
«Бұл әдiл емес, ешқандай әдiл емес, – деп мәлiмдедi Пан Ги Мун мырза қалыптасқан жағдайға байланысты күзде берген сұхбаттарының бiрiнде. – Мен өз ырқыммен, саналы түрде Кореядан бойымды аулақ ұстағым келген. Бұған келiсуге де, келiспеуге де болар… бiрақ менi өз шешiмдерiмде тек кәрiстерге ғана иек артады деген айыптаулар алаңдатады».
Отандастарын жалдау – Бiрiккен Ұлттар Ұйымындағы аса бiр шетiн мәселелердiң бастысы. Аталмыш ұйымның жарғысы бойынша мұндағы қызметкерлерге өз елiнiң үкiметтерiнен қандай да бiр ақыл-кеңес, тапсырма алуға тыйым салынған. Сөйте тұра, БҰҰ-ның қазiргi Бас хатшысы да, сонымен қатар көптеген мәртебелi өкiлдер де жоғары шенге жету жолында өз елiнiң үкiметтерiнiң қолдауы, көмегiне сүйенгендерi рас, тiптi, көпшiлiгi туған отандарындағы саяси өмiрге қазiргi күндерде де белсендi түрде араласып тұрады. Мұндай жағдайда бейтараптықты сақтап қалудың өте қиын екенiн әркiм де түсiнерi сөзсiз.
БҰҰ-ның бұрынғы басшылары – австриялық Курт Вальдхайм, перулiк Ховьер Перес де Куэльяр, мысырлық Бутрос Бутрос-Гали мырзалар халықаралық ұйымға талай сынақтан бiрге өткен санаулы ғана серiктерiн ала келген едi. Қалыптасқан дәстүр кейiнгi жылдары күрт өзгерiп отыр. Ал қазiргi бас хатшы – Пан Ги Мун мырза БҰҰ-ға өз отандастарын тартуды ұлғайтқаны соншама, соңғы айларда халықаралық мәртебелi ұйымның құрамындағы кәрiстердiң саны 20 пайызға ұлғайса керек.
«Перес де Куэльяр жалғыз перуандықты – менi ғана осында қызметке қабылдаған болатын. Мен оның арнайы көмекшiсi едiм», – дейдi бұрынғы перулiк дипломат Бильваро де Сото. Сотоның сөзiне сенсек, ол кездегi Бас хатшы БҰҰ-ның маңайынан жақсы қызмет iздеген перулiктердi маңайлатпауға қатаң тапсырма берген секiлдi.
Не айтары бар, уақыт зымырап өтедi, адамдардың ниетi де өзгерiске ұшырайды.
Оңтүстiк Корея БҰҰ-ға осыдан сәл уақыт бұрын, 1991 жылы ғана мүшелiкке өткен болатын. Ал Пан Ги Мун Оңтүстiк Кореяның беделдi министрi болып тұрғанда өз елiнiң аталмыш халықаралық ұйымға жарналық қарыздарын толық өтеуiне қол жеткiзiп, мұндағылардың көңiлiн аулай бiлдi. Есесiне, ол БҰҰ-ға Бас хатшы болып сайланған сәттен бастап жарты жылда осы ұйымдағы биiк мансапқа ие болған кәрiс азаматтарының саны 66 адамға дейiн күрт өскен көрiнедi. Өз ел өкiлдерiн алаңдататын жайттың бiрi – Ким Вон Судың БҰҰ-дағы екiншi биiк дәрежелi қызметкер болып тағайындалуы. Ол осы ұйымдағы кадрларды тағайындаумен және Ги Мун мырзаның басты саяси iс-әрекеттерiн белгiлеумен шұғылдануда. Ал әлгi Кимнiң кезiнде Пан Ги Мун мырзаның БҰҰ-ға Бас хатшы болып сайлануына көп тер төккен кәрiс шенеунiгi екенiн ескерсек, алаңдаушылардың жайын айтпай ұғуға болады.
Ол ол ма, Ги Мун мырза бұрын өзiнiң тiкелей бастығы болған, Оңтүстiк Корея Сыртқы iстер министрi қызметiн атқарған Хан Сен Суға да климат өзгеруiн бақылау комитетiнiң тiзгiнiн ұстатуы да отқа май құя түскенi сөзсiз. Қалай десек те, кәрiстер бiр-бiрiн қолдауға кәнiгi сияқты.
Әй, әдiлеттiлiк, адалдық туралы әлемде сөз көп болғанымен, «алаған қолым береген» деген принцип те өмiршең-ау.
Жаңабек ШАҒАТАЙ