«МӘҢГIЛIК САРЫН» ТЕРБЕГЕН ҚАЛА КYНI

«МӘҢГIЛIК САРЫН» ТЕРБЕГЕН ҚАЛА КYНI

«МӘҢГIЛIК САРЫН» ТЕРБЕГЕН ҚАЛА КYНI
ашық дереккөзі
375

Жыл сайын сарыала күздiң тамылжыған күндерiнiң бiрiнде Алматы жұртшылығы қала күнiн тойлайды. Биыл да сол дәстүрiнен ауытқымаған оңтүстiк астаналықтар 7-қазан күнi сүйiктi қаласының туған күнiн атап өттi.

Алматының мерейтойы биылғы жылы қасиеттi Рамазан айымен сәйкес келiптi. Қасиеттi ай, қасиеттi күн… Сап-сары сағынышқа толы сарыала күз биыл алабөтен алабұртып тұр. Қыстың ызғарлы, қаһарлы суығы болмаса да, қабағы қатау, қытымырлау. Жаздың жаймашуақ күндерi келмеске кеткен. Соған қарамастан, алматылықтар сүйiктi қаланы тойлауға тайлы-таяғы қалмай жиналыпты. Биылғы жылы қала күнiн мерекелеу бiр күндiк салтанатты шерумен шектелген жоқ. Күз басталғалы берi қала аудандарының бәрi бiр кiсiдей жұмылып, әсем қала Алматының сұлулығы үшiн тырбаңдап, тiрлiк етуде. Сүйiктi Алматыға не қажет дейсiз? Таза ауа мен тазалық қаланың көркiн асыра түспесе кемiтпейтiнi тағы белгiлi. Осы тұрғыдан келгенде қалалықтар өз ауласының тазалығы үшiн күресiп келедi. Бұрынғыдай емес, жыл құсындай жылына бiр келетiн сенбiлiктердiң қатары көбейiп, әр ауданның халқы тазалыққа шындап ден бұра бастады. Сондықтан болар, қала жұртшылығы, ару қала Алматыны тойлауға ең алдымен тазалықпен келгенi. Одан өзге түрлi байқаулар, тiл мерекелерi, дәстүрлi жыр кештерi де, қала күнiне орайластырып өткiзiлдi.

36 БАЛАҒА 36 СЫЙЛЫҚ

Қала әкiмi Иманғали Нұрғалиұлының Қала күнiнде жасаған iстерiнiң бiрi – қала перзентханаларында Қала күнi дүниеге келген сәбилерге сый-сияпат жасауы болды. Әкiмнiң орнына перзентхана есiгiн ашқан қала әкiмiнiң орынбасары Серiк Сейдуманов мырза сыйға тартқан бiр шоқ гүл мен кiшкентай сәбидiң итжейдесiн құшағына қысқан аналардың да жүзiнен шат-шадыман шаттықты байқадық. Өмiрге арпалыспен әкелген сәбиi бiр қуаныш болса, перiштесi өмiрге келген күнi қала әкiмiнен сый алу – екiншi бiр қуаныш.

– Осының барлығына уақыт тауып көңiл бөлгенi үшiн қала әкiмi Иманғали Нұрғалиұлына деген алғысымыз шексiз. Жақсының жақсы iсi туралы айту — адамгершiлiк парызымыз емес пе, қала тұрғындарына, оның iшiнде, ана мен балаға деген құрметi үшiн Иманғали ағаға өз отбасымның және өмiрге келген кiшкентай сәбиiмнiң атынан үлкен алғыс айтамын,–дейдi жас аналардың бiрi. Дүниеге келген әрбiр сәби үшiн қала көшелерiне «Сәби тал» отырғызу дәстүрi де қала әкiмiнiң идеясымен жүзеге асқан игi бастама. Әрбiр нәрестемен бiрге жайқала жетiлетiн жас желек қала көркiн арттыра түспесе, кемiтпейтiнi тағы белгiлi. Ана үшiн де сәбиiнiң атынан егiлген жас шыбықтың да орны ерекше болары сөзсiз. Сәбиiн қалай күтiп баптайтын болса, жас шыбықтың да жайқала өсiп жетiлуiне тiлекшi болады. Сонымен, осы күнi қала бойынша – 23 қыз, 13 ұл бала дүние есiгiн ашты.

ДӘСТҮРЛI ӘН МЕН ЖЫРДЫҢ КЕШI

Қала күнi аудан-ауданның барлығы жаппай той-тойласып жатты. Мерекеден бала шығармашылығынан бастап, үлкендер де шет қалмады. Биылғы мерекенiң тағы бiр ерекшелiгi, «Мәңгiлiк сарын» фестивалiнiң қала күнiне орайластырып келуi. Үш күнге созылған фестиваль, атынан көрiнiп тұрғанындай, дәстүрлi музыканы, ұлттық өнердi насихаттауға арналды.

«Мәңгiлiк сарын» – қазақтың ұлттық музыкасы. Бабалардың үнi. Рухы. Ұрпағына қалдырған аманаты. Қазақта қара қобыз бен қоңыр домбыраның ғана орны ерекше ме?! Үрмелi аспаптардың да қазақ үшiн орны бөлек емес пе! Сыбызғы, жетiген, шертер, шаңқобыз, адырна… Әрқайсысында өзгеше бiр үн, өзгеше бiр әлем бар. Сыбызғының сыңсыған дауысы, қыл қобыздың жүрегiңдi ұйытар зарлы үнi, жетiгеннiң сазды дыбысын естiп, бiлiп, көрiп өстiк пе?! Бұл аспаптарды көзбен көру бiр басқа да, оның үнiн, оның үнiмен халықтың музыкасын есту бiр бөлек.. «Қазақтың ешкiм өңгерiп, тартып әкете алмайтын жалғыз қасиетi болса, ол – оның мәдениетi, ежелгi жыры, ежелгi музыкасы», деп «Мәңгiлiк сарын» жобасының авторы Ғалым Доскен ағамыз айтқандай, қазақтың музыкасынан қасиеттi ешнәрсе жоқ. Онда қазақтың ұлы даласының мұң-зары, көл-көсiр қуанышы, арпалысы мен азабы жатыр. Күй мен жырдың құдiретi де сол емес пе, қазаққа қазақтың мықты қасиетiн, намысын, рухын бойға дарыту. Бiз осы тұрғыдан келгенде, көп дүниемiздi жоғалтып, көп нәрсемiзден айрылып қалғандаймыз. Мәңгүрттiк деген не?! Батыспен уланған бүгiнгi жастардың ой-санасы жеңiл-желпi попсадан аса алмай жатқанда, ол қазақтың көне аспаптарын, көне сарынын қайдан бiлсiн?! Оған күннен-күнге дендеп енiп келе жатқан электроника әлемiн қосыңыз. Атыс-шабыс фильмдер мен даңғыр-дұңғыр музыка сыбызғының сыңсыған үнiн де, домбыраның күмбiрлеген дауысын да жоғалтты. Ел жадынан шығып бара жатқан көне аспаптар мен ұлттың жадыгер дүниесiн қайта тiрiлту, жандандыру мақсатында дүниеге келген «Мәңгiлiк сарынның» бұл фестивалiнiң жөнi де, жолы да бөлек. Жөнi бөлек болатын себебi, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында дүниеге келген бұл жобаның фестиваль ретiнде өтуi тұңғыш рет болғанымен, аталмыш жоба бойынша концерттiк бағдарламалар өткiзiлдi де. Тiптi, 9 дисктен тұратын күйлер мен жырлар антологиясы жарық көргенiнен көзiқарақты оқырман құлағдар. Бұл жолы да фествиальдi ұйымдастырушылар көне аспаптарда орындалатын музыкалық мифтер алты күй табаққа бiрiктiрiлiп, антологиялық жинақ шығарыпты.

Үш күн бойы қала жұртшылығын дәстүрлi музыкаға бөлеген фестивальге биылғы жылы жасөспiрiмдердiң қатысуы қуантарлық-ақ жайт. Бұрындары республиканың түкпiр-түкпiрiнен дәстүрлi өнердiң маңайында жүрген бес-алты адамды ғана бiлушi едiк. Ал, жастардың арасында ықылас бiлдiрiп, фестивальге қатысамын деп талап-тiлек бiлдiргендердiң санының артқанына сүйсiнiп қалдық. Демек, жастардың бәрiне бiрдей күйе жағуға болмайды екен. Ұлттық рухы бар, ұлттық дәстүрдi насихаттап жүрген өрендер әлi де бар деген сөз. Мұндай ұрпақ тұрғанда, ұлттың музыкасы жоғалмақ емес, жоғалмайды да. Әрине, оны жинақтап, оны дәрiптеп отыратын «Мәңгiлiк сарын» сияқты фестивальдер болмаса, олардың да дәстүрлi өнерден шеттеп қалмасына кiм кепiлдiк бере алады. Дәстүрлi муызканы қажет етпейтiн қоғамда, қобызшыны, күйшiнi, термешiнi iздеудiң өзi мұң емес пе? Қайта ұлтжанды, ұлттық музыканы iздеп, ұлттың көне дүниесiн жинақтаған «Ел» продюсерлiк орталығы бұл игi бастаманы қолға алмағанда, көне музыкалық мифтердiң жаңғыруы да неғайбыл едi. Әрi бұл игiлiктi бастаманың өтуiне мұрындық болушы ең алдымен, Алматы қаласының әкiмдiгi.

«Қазақтың көл-көсiр музыкасы әлi де жинақталуды, зерттелудi қажет етедi. Бiз бiлмейтiн әлi талай көне муызкалық мифтерiмiз бар. Ол бiр жылмен, тiптi белгiлi бiр уақытпен өлшенбеуi де мүмкiн. Мүмкiн, ол бiрнеше жылдарды қажет ететiн де шығар. Көшелерде, радио-телеарналарда берiлетiн, жастарымыздың көп тыңдайтын музыкаларын дәстүрлi музыкамыз деп айта аламыз ба?! Тыңдаушысы жоқ музыка, оқырманы жоқ әдебиет – тұл. «Мәңгiлiк сарынды» жастарымыздың санасына төл дәстүрiмiздi, ата-бабамыз бүгiнге жеткiзген төл музыкамызды сiңiру, жеткiзу жолындағы үлкен жұмыстың басы деп қабылдауларыңызды өтiнемiн»,–дейдi Ғалым ағамыз. «Мәңгiлiк сарында» жеңiп, бәйге алу басты мәселе емес, ең бастысы, халықтың өзiне өзiнiң рухани дүниесiн қайтару. Биылғы жылы қазанның алғашқы жексенбiсiнде басталған дәстүрлi той, мерекенiң басы ғана. Бұдан былай бұл фестиваль дәстүрге айналмақ. Жыл сайын қазан айында елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен ғана емес, алыс-жақын шет елдерден қазақтың көне аспабын арқалаған өнерпаздар Алматының төрiне асығатын болады. Ресейдiң белгiлi өнер зерттеушiсi Игорь Мациевский қазақтың төрiнде отырып: «Сарыарқа» күйiн шығарған халықтың ұлы болмауы мүмкiн емес» деген аталы сөз айтты. Қазақтың ұлылығын мәңгiлiк сарыны арқылы өзгелер мойындап жатқанда, өзiмiздiң мойындамауымыз мүмкiн емес. Ұлылықты мойындау, оны қанға сiңiру, бүгiнгi ұрпақтың басты борышы.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары