ПАРТИЯЛАР: АЛАҚАН ЫСҚЫЛАУ БАСТАЛДЫ
ПАРТИЯЛАР: АЛАҚАН ЫСҚЫЛАУ БАСТАЛДЫ
Сонымен «Нұр-Отан» бастап берген саяси партиялардың бiр-бiрiмен бас бiрiктiруi сәнге айналды. Егер жұрттың есiнде болса, осыдан сәл ертеректе Әлихан Бәйменов басқаратын «Ақ жол» партиясы мен Мақсұт Нәрiкбаевтың «Әдiлет» партиясы қоңсы қонуға әзiр екендiктерiн танытқан едi. Көп ұзамады, екi «К», яғни коммунистiк партиялар бас қосты. Дәл Мәжiлiс сайлауының алдында, анығырақ айтсақ, 2004 жылы, бәлкiм билiктiң араласуымен (өз сөздерi солай), бәлкiм өзара келiспей, әйтеуiр бiрi «коммунистiк» атауын бермей, екiншiсi «коммунист» сөзiне «Халықтық» дегендi жалғап, қақ жарылған партия алдағы мәслихат сайлауына дайындық ретiнде қайта бас қосты. Сондай-ақ, былайғы жұртқа позициясы белгiсiздеу, өздерi «центристiк» көзқарастамыз дейтiн, Ғани Қасымовтың «Патриот» партиясы мен Ғани Қалиевтiң «Ауыл» партиясы да арқаларын тiрестi. Сөйтiп, қос Ғани, қос Коммунистiк деген жаңа сөз тiркестерi саяси аренада пайда бола бастады. Бiрақ, олардың саяси тегеуiрiнi қандай болатындығы әзiрге жұмбақ. Кейбiр сарапшылардың пiкiрiне қарасақ, алдағы Мәслихат сайлауында билiк қос Ғанидың «Бiрлiк» блогын пайдалануды көздейдi-мыс.
Қалай дегенмен де, 2005 жылғы президент сайлауынан кейiн өлi тыныштық орнаған Қазақстанның саяси аренасы биылғы жылдың басынан бастап қайта жандана бастады. Былайғы жұртқа Қазақстанның саяси партиялар жүйесi әркелкiлiктен бiркелкiлiкке ауыса бастағандай. «Нұр-Отанның» тегеуiрiнi баяғы Кеңестiк жүйедегi Коммунистiк партияның тегеуiрiнiн елестетедi. Шын мәнiсiнде, «Нұр-Отан» билiк атын жамылған, партиялық бет-бейнесi айқын емес, жаңа бiр әкiмшiлiк жүйе секiлдi. Қараңыз, билiктегi, мемлекеттiк қызметтегi және мұғалiм мен дәрiгердiң «Нұр-Отанға» мүше емесiн тауып көру мүмкiн емес болар. Сондай-ақ, партияның облыстық, қалалық филиалдарын сол облыстың, қаланың бiрiншi немесе екiншi басшысы басқарады. Бұл төменнен емес жоғарыдан құрылған бюрократиялық құрылым. Сондықтан болар, сарапшылар оның ғұмырының тым ұзақ болмайтындығын айтады. «Нұр-Отанға» өздiгiнен, өз еркiмен мүше болатындар тым аз шығар. Керiсiнше, әкiмшiлiк жүйе арқылы оның мүшесi де, басқа да ресурстары да бай болайын деп тұр. Не десек те, «Нұр-Отан» елдегi iрi саяси күш. Оған әзiрге төтеп беретiн, қарсы тұру былай тұрсын, салыстыратын саяси құрылым жоқтың қасы.
Сен тимесең, мен тимен деп, бейтарап жолды ұстанатын центристiк бағыттағы партиялардың бар-жоғын бүгiнде былайғы жұрт ұмытып та кеттi. Тiптi, олардың үнi аннан-мұннан, анда-санда құмығып естiледi. Тек, күштi ұйымдастырудың арқасында Мәжiлiс сайлауына аса бiр дайындықпен келген «Ақ жол» партиясының бiр жыл бойы бос тұрған депутаттық орынтағына жайғасқан Әлихан Бәйменов қана осы центристiк партиялардың iшiнде өз партиясының бар екендiгiн Парламент мiнберiнен бiлдiрiп қояды. Мәжiлiс сайлауы қарсаңында да жарытып елдiң есiнде қалмаған бұл партиялардың қайта жандана бастауы, әлденеден үмiттi екендiгiн танытса керек. Кiм бiледi, қатысқанша қызыл жiнiк болып, қатысқаннан кейiн «қатысқанымыздың өзi – жеңiс» (Мақсұт Нәрiкбаевтың Мәжiлiс сайлауынан кейiнгi мәлiмдемесi) деп отырмасына кiм кепiл?!
Ал, оппозиция билiктiң саяси технологияларының құрбаны болды. Өзара iрiдi, ыдырады. Олар әуелi оппозицияның серкесiн таңдай алмай әуре. Демек, Қазақстанда бiрiккен iрi оппозициялық күш жоқ. Халық соңынан ерейiн десе де, ертiп әкететiн iрi партия жасақталмай отыр. Жақында Жармахан Тұяқбай бастаған Жалпыұлттық социал-демократиялық партия дүниеге келдi. Ресми тiркеуден өтiп, заңды түрде қимылдай бастады. Бiрақ, апырып-жапырып жасаған ештеңесi байқалмайды. Президент сайлауы кезiнде «Ақ жол» партиясының арасындағы iрiткiден кейiн оппозицияға кәдiмгiдей өкпелеген әлеумет, оппозицияның бiрыңғай үмiткерi болған Жармахан Тұяқбайды онша алқалап, қолдай қоймады. Соңғы кездерi қарапайым халықтың қарсылығы көбейiп, аннан-мұннан бас көтерулер жиiлегенiмен, бұқара әлi де билiктен күдер үзе қойған жоқ.
Ендеше келер жылы болатын мәслихат, арғы жылы болатын мәжiлiс сайлаулары бұның алдындағы сценарий бойынша өтедi деген болжам айтуға толық негiз бар. 2004 жылы оппозицияны Парламенттен түре қуып шыққан билiк ендi оның Парламент қабырғасына қайта келмеуiн қадағалайтын болады. Сөйтiп, тура бүгiнгiдей 2008 жылғы мәслихаттардың құрамының 80%-ын, 2009 жылы Парламенттiң 90%-ын «Нұр-Отан» партиясы иеленбек. Әрi қарай президент ұсынған саяси реформалар бойынша, Үкiмет басшысын, облыс және қала әкiмдерiн Парламенттегi басым дауысқа ие партия сайлайды. Демек, бұл сценарийлердiң барлығы 2012 жылғы президент сайлауына деген дайындықтың басы. Ал, 2012 жылы саяси билiктiң ауыса қоюы да неғайбыл.
Саяси реформалар туралы әңгiмелер жиi айтылғанымен, оған да нүкте қойылды. Қазақстан әзiрге президенттiк басқару жүйесiнен бас тартпайды. Дегенмен, алдағы күзде Конституцияның жекелеген баптарына өзгерiстер енгiзiледi деп күтiлген. Қазiр осы өзгерiстер төңiрегiнде жұмыс жасалып жатыр. Парламент Сенатының спикерi Қасымжомарт Тоқаев Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласында болғанында Конституцияға енгiзiлетiн өзгерiстер 2008 жылы жүзеге асатындығын мәлiм еттi. Конституцияға енгiзiлетiн өзгерiстер негiзiнен Парламент өкiлеттiгiне қатысты. Яғни Парламент атқарушы билiктi бақылау мүмкiндiгiне ие бола алады, сондай-ақ, депутаттардың саны қазiргiден екi есеге артып, партиялық тiзiммен сайланатын депутаттар молаймақ. Ал, Үкiмет мүшелерiн сайлауда көп дауысқа ие болған билiк партиясы сайлайтын болады.
Сондай-ақ, кейбiр алыпқашты әңгiмелерге қарағанда, қазiргi президенттiң басқару мерзiмi де созылуы бек мүмкiн. «Независимая газетаның» жазғанына қарағанда, Конституцияға енгiзiлетiн өзгерiстiң ең бастысы – қазiргi президент Назарбаевтың президенттiк өкiлеттiгiн өмiр-бақилық ету-мыс. Дегенмен, бұл әңгiмелердiң шындыққа қаншалықты жақын екенi белгiсiз. Қалай десек те, көздi ашып-жұмғанша президент сайлауының кезектi додасы қыр астында. Саяси билiк оған дайындыққа қызу кiрiсiп кеттi. Ал, оппозиция белiн қашан бекем буар екен?!
Есенгүл Кәпқызы