Қазақстан ШЫҰ алаңында жасанды интеллект пен «жасыл» технологияларды қолдауды ұсынды

Қазақстан ШЫҰ алаңында жасанды интеллект пен «жасыл» технологияларды қолдауды ұсынды
gov.kz

Қазақстан құрылып жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымының Даму банкі аясында болашақ технологияларды қаржыландырудың басым бағыттарын ілгерілетуде. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер мен серіктес елдердің экономикалары мен инфрақұрылымдық жобалары үшін қосымша қаржыландыру көздері 2026 жылғы 29–30 сәуірде Сиань қаласында (ҚХР) өткен кездесуде талқыланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шараға ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер мен серіктес елдердің қаржы министрлерінің орынбасарлары, сондай-ақ ШЫҰ Хатшылығының өкілдері қатысты. Қазақстан атынан ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил қатысып, ШЫҰ Даму банкін құру жөніндегі екінші консультативтік кездесуге қатысты.

Кездесу барысында болашақ қаржы ұйымының негізгі параметрлері, соның ішінде қаржыландырудың басым бағыттары мен капиталдандыру тетіктері талқыланды.

Өз сөзінде Дәурен Кеңбеил ШЫҰ Даму банкі жаңа буын технологияларын қолдауға бағытталған институт болуы тиіс екенін атап өтті. Басым бағыттар қатарында жасанды интеллект, биотехнология салаларындағы жобалар, сондай-ақ өнеркәсіптік және «жасыл» технологияларды, оның ішінде Қытай Халық Республикасынан трансферттеуді дамыту атап өтілді.

Сондай-ақ егемен емес қаржыландыру мәселелеріне, жергілікті валюталарды және баламалы қаржы құралдарын пайдалана отырып жарғылық капиталды қалыптастыруға ерекше назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жоғары деңгейде консультацияларды жалғастыруға келісті. Келесі кездесу 2026 жылғы 28–29 мамырда Бішкек қаласында (Қырғыз Республикасы) өтеді деп жоспарланған.

Іс-шара аясында ҚХР Қаржы министрінің орынбасары Ляо Миньмен кездесу өтті. Онда Қытай нарығында панда-облигацияларды шығару бойынша соңғы рәсімдер, сондай-ақ Астана қаласында сорғы-сүзгілеу станциясын салу жобасын қаржыландыру мәселелері талқыланды.

Аталған бастамаларды іске асыру:

• Қазақстанның жаңа қаржыландыру көздеріне, соның ішінде ҚХР-дың ірі нарығына және болашақ ШЫҰ Даму банкіне қолжетімділігін кеңейтуге;

• өнеркәсіп, инновациялар және «жасыл» технологиялар салаларындағы жобаларға бизнес үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға;

• капитал көздерін әртараптандыруға және экономиканың технологиялық дамуын жеделдетуге мүмкіндік береді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары