Ақмола облысында Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігіне тағзым етілді

Ақмола облысында Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігіне тағзым етілді
gov.kz

Тайтөбе ауылында аты аңызға айналған батыр Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін ұлықтауға арналған салтанатты гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

1945 жылдың дәл осы 30 сәуірі күні Рақымжан Қошқарбаев сұрапыл шабуыл кезінде Рейхстаг ғимаратына алғашқылардың бірі болып Жеңіс туын тіккен болатын.

Осындай маңызды іс-шараға ҚР Қорғаныс министрлігі мен Қосшы қалалық ішкі саясат бөлімінің өкілдері, еңбек және соғыс ардагерлері мен мектеп оқушылары қатысты. Ал, 102 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Нұрқасым Әжітаевтың келуі ұрпақтар сабақтастығы мен Отан қорғаушылардың ерлігіне деген шексіз құрметтің айқын көрінісі болды.

– Абырой мен міндетті, парыз бен әскери антты, сондай-ақ әділдікті мансап пен атақтан биік қойған тұлғалармен бір сапта тұру біз үшін үлкен мәртебе. Өнегелі өмір жолы мен майдандағы ерлігі жастарға үлгі болған жерлесіміз Рақымжан Қошқарбаевтың батырлығына басымызды иеміз, – деді Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің ардагерлермен жұмыс басқармасының бастығы полковник Қайрат Ыдырышев.

Жиынға қатысушылар батырдың есімін бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Көпті көрген ақсақалдар жас буынға ақ батасын беріп, өсиет айтса, мектеп оқушылары соғыс тақырыбы мен патриоттық рухтағы жыр шумақтарын оқып берді. Елордадағы Рақымжан Қошқарбаев ескерткішінен басталып, Тайтөбе ауылына дейін жалғасқан 30 шақырымдық велошеру шараның маңызын арттыра түсті. Төрт ардагер вело-шабандоз бұл бастамаларын даңқты батырдың ерен ерлігіне арнады.

Осыдан екі жыл бұрын ашылған бұл ескерткіш бүгінде әскери-патриоттық шаралардың орталығына айналғанын айта кеткен жөн. Мұндай іс-шара батыр баба ерлігінің ұрпақтар сабақтастығы арқылы мәңгі жасай беретінін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар